Темірдей тәртіп жеңіске жетелейді

Среда, 30 Ноябрь 2016 11:21 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4536 раз

Спорт ғылымсыз дамымайды. Шәкірт тәрбиелеуде өзге елдің тәжірибелерін енгізіп көрудің де мүмкіндігі зор. Әсіресе, жасөспірім, жастарды ересектер командасына дайындау үлкен мәселе. Біріккен күрес әлемінің (UWW) төрешілер комиссиясының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі төреші Осаму Саито Шымкент қаласының күрес саласының дамуымен танысып, өз ойларымен бөлісті.

IMG 1849О. Саито – Бейжің, Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазылық еткен. Рио ойындарының қорытындысында Жапония балуандары жалпы есепте екінші орынға жайғасқан-ды. Олар – күрестің үш түрінен де әлемдегі үздік командалардың бірі. Сондықтан, мұндай әлемдік күрес державасы мамандарымен тәжірибе алмасудың берері мол. 

Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Қатаевпен және БАҚ өкілдерімен кездескен білікті маман өз еліндегі оқу-жаттығу әдістерін, техникалық-тактикалық дайындықтарын әңгімелеп берді. 

Бүгінде қаланың спорт саласын дамыту басты назарда тұр. Білекті балуандарды дайындауда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны мәлім. Мәселен, қаланың 4 спорт мектебінде күрес бөлімі бар. 40-тан аса жаттықтырушы 300-ден аса жасты осы өнерге баулып жүр. 

– Біз негізінен жастарға көңіл бөлеміз. Олимпиададан жүлделі оралғандар да құрамадағы ең жас жігіттер. Әр Олимпиадалық цикл сайын жаттығу әдісін де өзгертеміз. Одан бөлек, бапкерлер құрамын да ауыстырып тұру керек. Федерация басшылары Риодағы нәтижелерге көңілі толмайтын сыңай танытып отыр. Сондықтан, Токио ойындарында бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге ұмтыламыз, – дейді О. Саито.

Жапонияда күреске балаларды 10 жастан бастап қабылдайды.  Жаттығу күн сайын үш мезгіл өтеді. Негізінен, жапон тренерлері спортшыдан темірдей тәртіп пен төзімділікті талап етеді. 
Мәртебелі мейман Қазақстанға 5-ші рет келсе, Шымкентке алғаш рет табаны тиіп отыр екен. Нұржан Жолымбекұлы қонаққа құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыс етті.

Последнее изменение Среда, 30 Ноябрь 2016 12:57
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.