×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Бәсі жоғары бәйге Избранное

Пятница, 06 Январь 2017 05:19 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4550 раз

Оңтүстіктен Қысқы Универсиадаға бес спортшы қатысады

Қазақ елі тағы бір үлкен сынның алдында тұр. Алатау баурайында өтетін XXVIII Қысқы Дүниежүзілік универсиаданың алауы тұтануына тұп-тура 23 күн қалды. Соған сәйкес дайындық жұмыстары да аяқталып келеді. Қазірдің өзінде әлемдік бәсекеге 60-қа жуық елдің 2000 спортшысы қатысуға ниет білдірген. Оған қоса, 3000 ерікті жұмылдырылса, 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер келмек. Ал Оңтүстік өңірінен бұл сынға 5 спортшы аттанғалы отыр.

44 800x500 a82

Спорттың 12 түрінен сайысқа түседі

Мұндай әлемдік сайысты өткізуде өз тәжірибеміз бар. 2011 жылы 7-ші Қысқы Азия ойындарын Астана мен Алматыда қабылдап, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып едік. Міне, араға алты жыл салып, қысқы спорт мерекесі қазаққа тағы да есік ашып тұр. 

Атауы айқындап тұрғандай, халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) аясында өтетін бәсекеде негізінен 17-28 жас аралығындағы студенттер, магистранттар мен түлектер сайыс көрігін қыздырады. 

Бағдарламаға сәйкес, қысқы спорттың 12 түрінен (биатлон, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, коньки, мәнерлеп сырғанау, керлинг, сноуборд, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек) жүлделер сарапқа салынады. Бәсекелер 8 спорт нысанында – «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Табаған» ойын-сауық кешені, «Алматы – Арена» және «Халық Арена» мұз сарайларында өтеді. 

Таяуда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов ауқымды спорттық шараның соңғы дайындығын тексеріп, бірқатар тапсырмалар жүктеген-ді. Вице-премьердің айтуына қарағанда, универсиадаға дайындық жұмыстары аяқталуға таяған. 

15697557 1166395103476827 639202675802081189 n

– Көлік логистикасын ұйымдастыруға келсек, онда біздің ЕҚЫҰ Самиитіне және 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықты жүргізуде тәжірибеміз бар. Мұны делегаттарға, спорттық командаларға қызмет көрсетуде қолдануға болады. Бұған қарамастан, алау эстафетасын өткізу кезінде көлік қозғалысының артуына байланысты басқа да мәселелер туындайды. Бұл орайда, еліміздегі қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қолайсыздықтар тудырмау мақсатында көлік қозғалысын реттеуге қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді Иманғали Нұрғалиұы. 

И. Тасмағамбетов спорттық ғимараттардың дайындығына қатысты негізгі нысандардағы жұмыстардың аяқталғанын ескере отырып, оларды белгіленген талаптар мен стандарттарға және пайдалануға беру қауіпсіздігіне сәйкес толық жабдықтау қажеттігін де ескертті.

 

Талай додада шыңдалған...

15697557 1166395103476827 639202675802081189 n

Күнгей өңірде де дүниежүзілік бәсеке алдындағы дайындық қыза түскен. Қарсыз өлкеде де қысқы спорт қарыштап даму үстінде. Әлемді таңырқатар талапты ұл-қыздарымыз баршылық. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жуырда Шымкентте «Алау эстафетасын» ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік штабтың әзірлігін тыңдады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, спорттық додаға өңірімізден 5 спортшы аттанады. 

Әуелі, «Алау эстафетасы» жөнінде айтайық. Универсиада алауы 28 қаңтарда Шымкенттің Әл-Фараби алаңында жағылып, оны 60 алаугер қаланың орталық көшелерімен алып жүріп, «Наурыз» алаңына жеткізеді. Облыс басшысының атап өткеніндей, аталған спорттық шараның жоғары дәрежеде өткізілуіне баршамыздың атсалуымыз қажет-ақ. Бұл орайда қала әкімінің орынбасары мен тиісті облыстық басқармалар басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. 

 

Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Ақмаржан Қалмұрзаева, Дархан Мұхамеджанов, Бағлан Іңкәрбек... қай-қайсысы да олжа салар саңлақтар. Бәрі де фристайлдың акробатика түрінен бәсекеге түседі. Талай сында қайралып, шеберлігін шыңдаған жерлестеріміз өз үйіндегі аламанда бас бәйгені олжалаудан үміттеніп отыр. 

Рас, бүгінде қазақтың өрімдей ұл-қыздары қысқы спорт түрлерінде де ерлік көрсетуге бар. Бұған жетінші Қысқы Азия ойындарында көз жеткен. Фристайлдың акробатика түрінен Олимпиада ойындарына үш қаракөзіміз қатысса, үшеуі де қарсыз өлкенің түлектері. Жалпы айтқанда, фристайлдың акробатика түрі Оңтүстік өңіріне бақ боп қонғандай емес пе?!

Бес спортшы да Шымкент қалалық №8 қысқы спорт мектебінің шәкірттері. Жібек Арапбаева Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі Олимпиаданың қатысушысы болса, Жанбота Алдабергенова Сочи ойындарының 6-ы орын иегері, бойжеткендер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Еуропа кубоктарында қол жеткізген жүлделері де жетерлік. Ақмаржан Қалмұрзаева, Бағлан Іңкәрбек, Дархан Мұхамеджановтың да тәуір жетістіктері аз емес. 

Шымкент қалалық спорт бөлімі мектеп шәкірттерінің ас-суынан бөлек, шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына дейін қаржыны молынан бөледі. 

Сол себепті тәжірибелі спортшылар алдарына тек үлкен мақсат қойып отыр. Яғни, бақтары жанса, жүлдесіз қайтпас...

Последнее изменение Вторник, 24 Январь 2017 08:39
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.