Оңтүстік өрендерінің жеңісі

Среда, 01 Февраль 2017 05:08 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3522 раз

Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындары жарқын жеңіспен басталды. Алғашқы жүлделерді қоржынға салған – өз қаракөздеріміз. Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Бағлан Іңкәрбек барша отандастарының сенімін  ақтап, әлемдік бәсекенің жүлдегерлері атанды: Қоржында сыңғырлаған алтын, күміс, қола жүлделер... Рас, фристайл акробатикадан толайым жеңіс күттік. Алғашқы күннен-ақ Қазақ елінің көк туы көкке көтерілгенін жақсылыққа балаймыз. Жеңіс жеңіске ұласса, шіркін...

01111111111

57 елден – 2 мыңнан аса спортшы

Сонымен, XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада басталып кетті. Бұл – елдігімізді танытар, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттайтын спорттық мереке. «Алматы-Арена» мұз сарайында өткен сайыстың ашылу рәсімінде де дәстүріміз әлем назарына ұсынылды. Салтанатты іс-шараға Мемлекет басшысы қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. 
– Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды. Аты аңызға айналған және бәріміз жақсы көретін «Медеу» мұз айдыны бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қайтадан ауқымды жарыстардың атмосферасын сезіндіретін болады. Универсиада саламатты өмір салтының рәмізіне айналады. Оның нәтижесін ұлтымыздың денсаулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен салыстыруға болады, – деді ҚР Президенті ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде. 
Алатау баурайында әлемнің 57 елінен келген, жалпы 2 мыңнан аса спортшы бақ сынап жатыр. Сайыс әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Жалпы, аудиториясы бір миллиардтан астам адамды қамтиды.

16387104 615317388661007 4986873956248227472 n

Алтын, күміс және қола...

Енді бәсекелердің барысына келейік. Фристайл акробатикадан бәсекеге түскен бес спортшының бәрі де Оңтүстіктің өкілдері. Жекелей сындағы әйелдер бәсекесінде үш бұрымдымыз бақ сынады. Жалпы, бұл спорт түрінде қытайлықтардан көпшілік іш тартады. Дегенмен, үш жерлесімізден де үміт күткенбіз. Жібектің жарақаты алаңдатқандай еді. 
Жанбота 77,14 ұпаймен соңғы финалдық сынға бірінші орынмен шықты. Жібек қарындасымыз 69,89 ұпаймен соңғы төртінші орынға тұрақтаған. Әттеген-айы, Ақмаржан Қалмұрзаева 5-ші орында қалып қойды. Өз үйіңде өтіп жатқан аламан доданың жауапкершілігі екі есе ауыр. Соңғы шешуші сында қытайлық спортшының айы оңынан туды: Юнгжинг Жу 64,09 ұпаймен, яғни сәл ғана басымдықпен алтынды қағып түсірді. Қуанышымызға орай, Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері Жібек Арапбаева Универсиада аламанында да күміс жүлдені иеленді. Нәтижесі – 60,84 ұпай. Ал Жанбота 60,48 нәтижемен үздік үшінші орынды түйіндеді. Кеше командалық сында жерлестеріміз алтын жүлдені иеленіп, көпшілікті қуантты. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек (Қазақстан 2 командасы) өз қателіктерінен сабақ алып, бұл жолы қара үзіп шықты. Жалпы қорытындыда 167,05 ұпай жинап, екі қытайлық командадан көш ілгері озып кетті. Сөйтіп, Оңтүстіктің спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді. 

2665.aacb6a18d2cb57f5b860aef8394ec8b1

Бұл – бүкіл еліміздің қуанышы. Осы қуанышты хабардан кейін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жерлестерімізбен телефон арқылы сөйлесіп, жеңістерімен құттықтағанын да айта кеткен жөн. 
– Бәрің де сенімнен шықтыңдар. Оңтүстіктің ғана емес, Қазақстанның атын аспандатып, намысын қорғай білдіңдер. Ел сендердің жеңістеріңе шын жүректен қуанып жатыр. Барлық командаластарыңа сәлемдемемізді жеткізіп, тағы да жеңіс күтіп отырғанымызды айтыңыздар. Оңтүстік сендерді зор қуанышпен қарсы алғалы отыр, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 
Бұдан бөлек, жерлестерімізді қолдауға бір топ жанкүйер барған. ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябеков, тағы басқа жерлестеріміз спортшыларға дем беріп, жандарында жүр. 
Қазақстан құрамасы әзірге 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен үздік үштікте келеді. Биатлоннан Алина Раикова да саф алтынды сыйға тартқан-ды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.