11 алтын, 7 күміс, 13 қола

Среда, 08 Февраль 2017 08:17 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4897 раз

Үміт пен сенім жеңіске жетелейді. Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындарында ел спортшылары мерейімізді тасытып, жеңістен тау тұрғызды. Он күнге созылған дүниежүзілік бәсеке біз үшін жарқын жеңістермен есте қалмақ. Қаракөздеріміз алтын, күміс, қола жүлделерді иеленіп, қуаныш қуанышқа ұласып жатыр. Универсиада тарихындағы рекордымызды жаңарттық: әзірге 11 алтын, 7 күміс, 13 қола – бұл тарихи жетістік. Дегенмен, хоккейден Қазақстан ерлер командасы кеше Чехия құрамасымен жартылай финалда күш сынасқанын хабарлай кетейік. Бұдан бөлек, бүгін, шаңғы жарысы мен хоккейден финалдық сындар өтеді.

univer

 

ҮЗДІК ҮШТІК ӨЗГЕРЕ МЕ?

Бүгін Алатау баурайын дүбірге бөлеген әлемдік сын ресми түрде аяқталады. Шүкір дейік, отандастарымыздың осынау ерлігі ұлтқа – ұран, елге – мұра. Ең басты жеңіс – Алматы дүниежүзілік ойындарды абыроймен өткізді.
Басым спорт түрлерінде жүлдеге қолымыз жетті Сонымен, 28-ші Қысқы Универсиаданың бүгінге дейінгі жеңімпаздарын атай кетейік. Олар: Алина Райкова, Галина Вишневская, Анна Шевченко (шаңғышылар), могулшылар Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышева, шаңғышы Иван Люфт және фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.
Биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы Жібек Арапбаева сынды сайыпқырандарымыз күмісті мойнына ілсе, шаңғышылар Анна Стоян мен Анна Шевченко, биатлоншы Роман Еремин, конькиші Екатерина Айдова, фристайлшы Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова, т.б. қола жүлдені қоржынға салды.
Жалпы командалық есепте Ресейден кейін екінші сатыға жайғастық. 27 алтын, 25 күміс, 15 қола жүлденің иесі атанған ресейліктер бәрін басып озды. Оңтүстік Корея бізді өкшелеп, үшінші орынды қорытындылады. Жапония төртінші, Польша бесінші орынға тұрақтады. Бажайлап қарасақ, сары құрлық өкілдері үстемдік танытқанын аңғарамыз.
Бұдан бұрын 2015 жылы Гранадада өткен Универсиада ойындарында ел спортшылары ең үздік нәтижеге қол жеткізген еді. Испания жерінде қазақ спортшылары бес алтын және алты күміс медаль алған болатын. Жалпы есепте, Ресей (20 алтын, 18 күміс, 18 қола) мен Оңтүстік Кореяны (5 алтын, 9 күміс, 2 қола) алға жібергенбіз.

 

ӨЗ ҮЙІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ОЛЖА

Оннан аса алтын жүлде иелену – расында ғаламат жеңіс. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қоржынға оныншы алтынды сыйлады. Бір айта кететіні, Тен бұған дейін өзінің туған қаласында тұңғыш рет ресми жарыста бақ сынады. Мұны баспасөз мәжілісінде де ақтарыла айтты. 

– Универсиаданың алдында қатты қобалжыдым. Бұл алтын жүлдені спорттық карьерамдағы кезекті белес деп білемін. Алда бірнеше жарыс бар. Әр белестен өткен сайын өз-өзімді шыңдап отырамын. Енді Олимпиада ойындарына дайындаламын, – деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Денис қоссайыстың қорытындысы бойынша 266,97 ұпай жинап, чемпион атанса, жапониялық Кэйдзи Танаке (252,09) екінші, швециялық Александр Майоров (246,56) үшінші орын алды.
Биылғы Универсиадада Алина Райкова (биатлон), Юлия Галышева (фристайл-могул) екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталады. Ал Дмитрий Рейхерд (фристайл-могул) пен Галина Вишневская (аралас командалық сында) күміс жүлдесін бұл жолы алтынға айырбастады.
Шаңғышы Анна Шевченконың жалғыз өзі 5 жүлде олжалауы да зор жетістік. Оның еншісінде – 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде. Сондай-ақ, биатлоншы Галина Вишневская, Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева – 2 дүркін жеңімпаз.
Қазақ спортшылары арасында шорт-тректен Абзал Әжіғалиев күміс, Нұрберген Жұмағазиев қола жүлде иегері атанғанын да айта кеткен жөн.

 

КОРЕЯҒА АТТАНДЫ...

2017 жылғы Қысқы Универсиада Оңтүстік спортшылары үшін де олжалы болды. Шымкент қалалық №8 Қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековтың бұл нәтижеге көңілі тоқ. Оның пайымдауынша, мектеп шәкірттерінің жылдан жылға тәжірибесі артып келеді. Қазіргі жұмыстардың бәрі де 2018 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі.
Көп мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі емес пе ?!. Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі мектеп шәкірттерінің ас-суынан бөлек, шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына дейін қажетті қаржыны бөледі. Ж. Алдабергенова, Ж. Арапбаева, Б. Іңкәрбек, А. Қалмұрзаева Швейцария, Финляндия, Беларуссиядағы оқу-жаттығу жиындарында әбден тәжірибесі толысып, бүгінгідей жетістікке жетіп отыр.
Мінекей, Алматыдан олжалы оралған жерлестеріміз 6-шы ақпан күні Кореяға жол тартты. Алда – әлем кубогы. Келесі жылғы Олимпиада ойындарына дайындықты қазірден күшейту керек.

Последнее изменение Пятница, 10 Февраль 2017 06:51
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Жеңіс. Қуаныш. Марапат Шаттыққа айналған шара »