Сұрмерген қыз

Пятница, 07 Апрель 2017 10:10 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4232 раз

Луиза Сайдиева. Бұл есім спортқұмар қауымға жақсы таныс. Садақ ату спортынан қыздар арасында 9 рет Қазақстан чемпионы атанған. Азия біріншілігінде үздік үштікке ал, әлем чемпионатында үздік ондыққа енген. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға садақ атудан Қазақстаннан тек екі ғана спортшымыз барса, соның бірі осы – Cайдиева. Жазғы және қысқы маусымдарда алыс және жақын қашықтықтан тек қана «Әп, бәрекелді» дегізіп келеді. Кенже қалып қойған садақ ату спортынан дүниежүзілік бәсекелерде міне осы жерлесіміз ел намысын абыроймен қорғап жүр.

surmergen 27-2

Спортшыны Шымкент қаласындағы садақ ату кешенінен таптық. Бір мезетте 60 спортшының дайындалуына мүмкіндік беретін бұл мекен жас «Робин Гудтардың» сүйікті жеріне айналып үлгеріпті. Сонымен, Луизаны тапқанымызбен біраз уақыт оның қасына жақындай алмадық. Неге дейсіз ғой? Өйткені, садақ суық қару ретіндегі қызметін әлі де жоймаған. Сондықтан да садақ ату кезінде алаңға адамдардың шығуына тыйым салынады. Луизаның жаттығуын алыстан бақылап, қырағы қимылдарына сүйсініп тұрдық. Қарапайым кісілерге таңсық көрінетін құралдармен таныса бастадық. Бір қызығы, қазіргі садақтар бұрынғыдан мүлдем басқаша. Біз білетін садақ тек ағаш пен жіптен жасалмаушы ма еді? Ал қазір оқтары да өзгеше. Темірден. Әйтеуір, спортшылар саусақтары мен білектеріне қолғап секілді затты орап, атқан оқтарын «зымырандай зулатып» жатыр. 

Міне, спортшы қыз да көп күттірмей келді. Луизаның айтуынша, бір садақтың жалпы құны 4-5 мың доллар шамасында тұрады екен. Иә, шынында да мемлекет осындай спорт кешендерін салып, құрал-жабдықтарын алып бермесе бұған жеке адамның қалтасы көтере бермейді.

surmergen 27-3Луиза Сайдиеваның кіндік қаны тамған жері – Шымкент. Өзбек аруы Қазақ елінде туып-өскенін мақтаныш етеді. Қаладағы 46 жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан Луиза Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтындағы спорт факультетін 2016 жылы тәмамдаған. Міне, содан бері садақ атумен тыңғылықты айналысып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. 

Садақшы қыз бұл спортқа ағасы арқылы келген. Ағасы да осы спорт түрімен айналысыпты. Бірақ ол қарындасының өзімен бірге барғанын қаламаған. Өйткені, кішкентай болған соң оған әрқашан бас-көз болып қарау керек. Ал ағасы қарындасына қарай ма, әлде садақ ата ма? Сөйтіп жүргенде ағасы бірде жарысқа кетеді. Луиза енді садақ атуға әкесімен келе бастайды. Алғашқы күннен жаттығу алаңына барып жерде жатқан резеңке ширақты (жгут) тартып, ағасынан көрген жаттығуларды жасайды. Оның келген бойда жаттығуларды ептілікпен, дұрыс істеп жатқаны жаттықтырушыларды қызықтырады. Сөйтіп, бапкерлердің назарына ілігіп, садақ ату үйірмесіне қабылданады. Осы орайда, садақ ату спортына келмегеніңде қандай маман иесі болатын едің деген сұрақ қойдық: 

– Мен адвокат болғым келген. Атам екеуіміз осы тақырып төңірегінде көп әңгімелесетін едік. Ол да осы маман иесі болды. Сондықтан менің де сол салаға аңсарым ауып тұратын. Бірақ, мен садақ атқаннан кейін бастапқы қалауымды ұмыттым. Волейбол, баскетбол, жүзу, гимнастика деген сияқты спорт түрлері де қызықтыра бастады. Осылайша спортты жаныма жақын тартып кеттім,-деп жауап берді Луиза Сайдиева.

Спортқа келу бір бөлек, жетістікке жету бір бөлек. Әсіресе, садақ ату спортынан. Бұлай деуіміздің де себебі бар. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша осы спорт түрі елімізде айтарлықтай дамымаған. Олимпиадаға жиырма жылдан бері ала алмай жүрген жолдамамызды енді ғана алған екенбіз. Нақтырағы, Шымкент қаласынан. Садақшыларымыз қатысқан алғашқы Олимпиадада, әлем чемпионатында жеңіс тұғырларынан көріне алмаса да, бұл ізбасар спортшыларға ерекше серпін берері анық. Әлемде бұл спорт түрінен әзірге Малайзия, Түркия, Корея, Моңғолия, Венгрия сияқты мемлекеттер көш бастап тұр. 

Кейде «Садақ атудың несі спорт? Тұрасың да ата саласың. Жүгірмейсің, секірмейсің, ұрмайсың» деген пікірлерді естіп қалып жатамыз. Бірақ олай емес. Садақ атудың әрбір қимылын жасау үшін де дайындық керек екеніне Луизаның жаттығуына куә болғанымызда көзіміз әбден жетті. Мысалы, иықтың қатып қалмай, садақты еркін тарту үшін, оған біраз уақыт бойы түрлі жаттығу жасау керек. Сондай-ақ, садақты тартып, көздегенде атылған оқ қисайып кетпеуі үшін тыныс алуды реттеу керек. Тыныс алуды бір қалыпқа келтіру үшін жүгіріп, өкпені дайындайды. Ал, алдыңғы және артқы аяқтар нық тұруы үшін аяққа күш беретін жаттығулар жасалады. Секіреді. Жүгіреді. Бұдан бөлек дене алға немесе артқа қимылдап кетпеуі үшін арнайы жаттығулар бар. Сондай-ақ, оқты қысып, садақты тік ұстауға арналған машықтардың да түрлері өте көп. Кейде тіпті, далада өтетін турнирлерде жел тұрып яки басқа да қолайсыз жағдайлар туындаса, оның алдын алуға арналған дайындықтар бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. 

surmergen 27-1

Мергендікті меңгеріп, қазақтың ұлттық спортын ұлықтап жүрген өзбек аруының болашақтағы жоспарын да сұрадық. 

– Қаламызда садақ ату спортына қызығушы жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Жаңадан салынған кешенде де ұл-қыздар көп. Келешекте шәкірттер дайындап, оларды жақсы жетістіктерге жеткізетін жаттықтырушы болып, бүкіл өмірімді спортқа арнасам деймін. Ең үлкен арманым – Риода алған тәжірибемді алдағы додаларда паш етіп, Олимпиада чемпионы атанғым келеді, – дейді Луиза.

Иә, садақ ату – тарихымыздың тереңіне тамыр жайған көне ұлттық спорт түрлерінің бірі. Оған тасқа салынған суреттер мен ескі ескерткіштер дәлел. Білсеңіз, «Көз мерген», «Қол мерген» деген ұғымдар қазақта бұрыннан бар. Әлемдік додаларда ел мерейін өсіріп жүрген мерген қызбен жылы қоштасып, армандарының орындалуына тілектестігімізді білдірдік.

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 11:00
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.