Ержас БОЛТАЕВ: «Шымкенттің базасы шетелден кем емес»

Среда, 12 Апрель 2017 06:31 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3390 раз

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы ақпан айында Шымкенттегі «БИІК» базасында жаттығу жиындарын өткізді. Әр жаңа жылдың басында зілтеміршілер дайындықты осы өңірден бастайды. Мінекей, жаңа Олимпиадалық цикл де Оңтүстіктен бастау алды. Қаланың іргесінде орналасқан әлеуетті базада жігіттерді баптап жүрген маман, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Ержас Болтаевпен әңгімелестік. Алдағы жоспарларын сұрадық. 

Арыстың толағай қызы Жазира Жаппарқұлдың Олимпиадада күміс жүлде иеленуі көп жастың үмітін оятты. Ендігі кезекте атқарылар жұмыс та жүйелі түрде жүруі тиіс. Облыста бұл спорттың дамуы, мәселелері жөнінде белгілі бапкер ақтарыла әңгімеледі. Бұдан бөлек, бүгінде зілтеміршілердің басына үйірілген допинг мәселесі де көпшілікті алаңдатып отырған жайт. Белгілі маман бұл тұрғыда да біраз жайды қаузады.
– Мұнда келуіміздің бірнеше себебі бар. Негізінен дайындық мамандандырылған орталық базада өтуі тиіс. Бұл базаның тиісті аккредитациясы бар. Еш алаңсыз дайындалуға мүмкіндік жасап берді: жатын орны, ыстық тамағы бәрі көңілдегідей. Қаланың шеті, тыныш. Шәкірттерім Шымкентке келетін болдық десе қуанады. Елімізде мұндай мамандандырылған базалар өте аз, – дейді маман. Биыл өтетін Азия чемпионаты, Универсиада және әлем чемпионаты сынды бәсекелер – спортшыларымыз үшін үлкен сын. Ұлттық құрама спортшылары негізінен осы үш жарысқа қатысады. Азия чемпионаты Түркіменстанда, Универсиада Тайпейде, әлем чемпионаты АҚШ-тың Анахейм қаласында өтеді.

d4a3efe77395882e9bceb7bb1f9af947

«94 пен 105 келі қызықсыз өтті»

– Ержас аға, алдымен төртжылдықтың басты бәсекесін қорытындыласаңыз. Нәтижеге көңіліңіз толды ма?

– Ұлттық құрама туралы айтсақ, бір спорт түрінен бес жүлде олжалау жақсы нәтиже: алтын, күміс, қола алдық. Менің екі спортшым барып, екеуі де жүлдеге ілінді. Бұл да бір жақсы нәтиже деп ойлаймын. Әрине, іште қыжыл да бар. Денис Уланов бір немесе екінші орынға таласады деген жоспармен бардық. Дайындығы жақсы еді. Денис қоссайыста 390 келіні еңсерді. Біз бұл нәтижемен алтынға таласамыз деп ойладық. Бірақ 85 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасында бәсекелестік өте жоғары болды. Бұған дейінгі 4-5 Жазғы ойындардағы нәтижелермен салыстырсаңыз, бұл нәтижемен кемі екінші орын алатын еді. Менің ойымша, 94 келіде мүлдем нәтиже болмады. 105 келі де Илья қатыспағандықтан аса қызықсыз өтті. Біздің батырлар қатысқанда жағдай мүлдем басқаша болар еді...

– Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш жүлде алған Жазира жөнінде пікіріңізді білсек...

– Жазира – батыр қыз. Оның әлеуеті зор. Менің маман ретіндегі ойым: техникасында алып бара жатқан қателік жоқ, бірақ жаттығу барысында бір қайнауы кем болған сияқты. Егер дайындығы жүйелі түрде өткізілгенде алтын алуға толық мүмкіндігі бар еді. Жазира ештеңеден қорықпайды. Одан кейін намысқойлығы бар. Оны көрген сайын өзіне де айтамын. «Сен қытай, кәріс спортшысы болсын, бәрін де ұтуға дайынсың. Көбірек жұмыс істе, көбірек еңбек ет» деймін. Өйткені, әлгі қарсыластарды озу үшін тағы бір саты жоғары көтерілу керек. Нәтиже бойынша бірнеше жыл бойы бір деңгейде тұр. Орын алып жатыр. Бірақ алтынға жетуі үшін дайындықты күшейту керек. Негізгі қарсыластары белгілі. Артында жас спортшылар өсіп қалды. Бұрынғы әлем чемпионаттарында қытай қызы мүлдем бой бермейтін. Бұл Олимпиадада ол қызбен тайталасуға болатыны байқалды. Енді өзі де ойланып, қорытынды жасайды ғой.

«Илья аңыз болып қалды»

– Риода 105 келідегі бәсеке аса қызықсыз өтті дедіңіз. Әрине, шәкіртіңіз Ильяның Олимпиададан тыс қалуы жанкүйерлеріне де оңай тиген жоқ. Оның халқына қуаныш сыйлаған сәттері көп. Жоспарлары одан да көп еді ғой...

– Рас айтасыз, жалпы Илья аңыз болып қалады деп ойлаймын. Ондай спортшының жақын күндері бой көрсетуі екіталай. Илья мүлдем басқа. Оның басындағы жағдайдан кейін әлемдік ауыр атлетика спорты көп нәрсе жоғалтты. Олимпиадаға барсақ, екінің бірі Ильяны сұрайды. Қаншама халық келіп қолдап жатты. Біреуі «мен бір жыл бұрын Ильяның қатысатын жарысына билет алып қойып едім» дейді. Риоға шәкіртімнің өнерін көруге бола барғандар көп. Өйткені, Илья қай жарысқа қатысса да, жанкүйерлерге керемет көңіл күй сыйлады.
Жоспарлары көп еді. Илья болашақты ойлайтын. «Неге ауыр атлетика теннис, футбол сияқты танымал бола алмайды?» деп айтады. Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде ауыр атлетиканы беделді спортқа, шоуға айналдыру керек дейтін. Илья бәрін қорытындылай келе бір сөз айтқанын білесіздер. «Мені тұғырдан ешкім жеңе алмағандықтан жолымды осылай байлады» деді. Айтылған сөзі сол. Бұл Олимпиаданы ешқандай күмәнсіз жеңер еді. Келесі Олимпиадаға қатысуға толық мүмкіндігі бар-тын.
Тап осы күні оған жететін спортшы ұлттық құрамада да, әлемдік деңгейде де жоқ деп айта аламын. Мүмкін ертең шығар. Оған тілектеспіз. Ал қазір ешбір құрамада жоқ екенін байқап жүрмін. Мәселен, 77 келіде қытайлық Олимпиада чемпионы бұл жолы есе жіберді. Өте мықты жігіт әйтпесе. Қаншама әлем рекордын жаңартты. Ал Илья ешкімнен жеңілген емес. Тіпті, үш дүркін Олимпиада чемпионы болған төрт спортшыдан да Ильяны жоғары санаймын. Олардың қайсысы болса да, кезінде нәтижесі төмендеген. Арасында үзілістер болған. Ал Илья әлемдік додаларда алтынсыз қайтқан емес.

rgMby5gbrmw

– Ендігі кезекте елде спорттық медицинаны жетілдіру керек шығар...

– Әрине, бұл туралы көп айтылып жатыр. Меніңше, ең алдымен халықаралық заңдарды жетілдіру керек. «ВАДА»-ның өзін қайта құру керек сияқты. ХОК-тың өзінің антидопингке қарсы күрес бөлімі бар. Одан кейін «ВАДА», ұлттық антидопингтік ұйымдарды тағы қосыңыз. Жалпы, жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бір зертхана таза дейді. Екінші зертхана басқаша қорытынды береді. Ұйымдардың да мәлімдемесі осылай. Яғни, бұл жерде әсіресе «ВАДА» мен «ХОК»-тың арасында түсініспеушілік болып жатқандай әсер қалдырады.
Қазіргі күні спортшылардың допинг мәселесіне қатысты көптеген жиналыстар, отырыстар болып жатыр ғой. Бірақ 2008, 2012 жылғы Олимпиада бойынша қайта тексеру жұмыстары толық аяқталған жоқ. Ауыр атлетикаға қатысты әлем бойынша барлық спортшының тағдыры беймәлім болып тұр. Бұл істің қалай аяқталатыны да белгісіз. Жүлделерін алып қойды. Алайда неше жыл спорттан шеттетілетіні, жүлделер қалай бөліске түсетіні туралы жүйелі іс жоқ. Бұл тексеріс қазір ортасына келді. Жүлдегерлердің орнын анықтау өте күрделі. Жауаптан гөрі сұрақ көп. Сол күйі жауапсыз қалып қоюы да мүмкін. Алда халықаралық ауыр атлетика федерациясы шешім қабылдайды. Соның шешімін күтіп жүрміз.

– Дегенмен, Жасұлан Қыдырбаев қазақ ұландары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болып тарихта қалды. Бұл жағдай көңілге демеу болып тұрғандай...

– Рас, Жасұланның бұл атағын ешкім тартып ала алмайды. Жасұлан жастардың кумиріне айналып үлгерді. Ол – ақиқат. Әсіресе, бүгінде «Жасұлан Қыдырбаев сияқты болғым келеді» деп залға беттейтін қазақ балалары көп.

«Аудандарда спорт залдары ашылып жатыр»

2aFULvA6V6o– Ұлттық құраманың жаттығу жиындарын Шымкенттен бастап отырсыздар. Бізде жаттығу базалары жеткілікті. Жалпы, облыстағы ауыр атлетиканың дамуына қандай баға бересіз?

– Мұның бәрі қолдауға байланысты. Оңтүстікте халық көп. Облыстық басқарма басшысы Әлібек Нұртаев жақсы қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн. Біздің командамыздың осында келуіне себепкер де осы кісі. Бір жүздескенімде ол кісі аудандарда ауыр атлетиканы дамытсам деген ойын айтқан еді. Қазір сол жоспары іске асып жатыр. Мен білетін алты ауданда жаңадан бөлім, зал ашылыпты. Сол өңірдегі жастармен жұмыс істелініп жатыр деп естідім. Мысалы, Сарыағаш ауданында өзімнің шәкіртім Ескендір Момынбеков жұмысты бастап кетті. Қалталы азаматтар да көмектесіп жатқанға ұқсайды. Оған қуандық. Сол сияқты Түркістанда бөлім ашылды. Екі, үш жылдан кейін ол нәтижесін береді. Бұл – дұрыс бағыт. Мен өзім мүмкіндік болса Абайдан, Жетісайдан зал ашар едім. Шымкент қаласының өзінен залдар ашылса, ол да оң іс болмақ. Одан кейін, Әлібек Нұрбайұлы бізге қатысты мәселеде де өз ойын айтады. Екі жыл бұрын «Бапкерлердің біліктілігін арттыру бойынша Шымкентте семинар, тренингтер өткізсек. Оған кімдерді шақыруды ұсынар едіңіз?» деп пікір сұраған. Бұл құптарлық іс әрине. Мен екі-үш азаматты ұсындым.

Қазақстанда толық ауыр атлетикаға маманданған база жоқ деп айтуға болады. Соңғы жылдары «БИІК» базасы бізге жақсы жағдай жасап келеді. Мұнда қыс мезгілі өте жұмсақ. Бұл балаларға өте қолайлы. Базаның басшылары алдағы уақытта бізге арнайы бір залды толық жабдықтап бермекші. Бұл өте керемет жағдай. Одан кейін Шымкенттің тамағы өте дәмді. Біз негізінен, жылына үш-төрт айға дейін шетелде жаттығып жүрміз. Өйткені, жағдай жақсы. Қазір мұнда да жағдай шетелден кем емес. Енді жаттығудан кейін спортшыны қалпына келтіру бөлім болса, керемет болар еді. Келешекте оны да жасайды деп ойлаймын. 

Ал нәтижесі туралы айтсақ, Оңтүстік спортшылары ішкі жарыстарда командалық есепте үштікке ілініп жүр. Кейде ілінбей қалады. Негізінен, осындай жағдаймен үштіктен түспеу керек. Дегенмен Жазирадай дарынды спортшылар Оңтүстіктен шыға береді деп үміттенемін.

– Жазираның Олимпиада алтынын алуға мүмкіндігі бар ма?

– Әлі де әлеуеті бар. Енді алдына 2018 жылғы Азия ойындарында ең мықты қарсыласын ұтамын деп мақсат қою керек. Ерінбей, еңбек ете білсе түбінде оған жетеді. Қазір Жазираға нәтиже қоса беру маңызды. Жұлқи көтеруде 120, серпе жаттығуда 150 келіге дейін жеткізу қажет. Қытай спортшылары қатты бәсекелестікке тап болса, олар да сүрінеді. Токио ойындары Жазираныкі болуы керек деп ойлаймын. Биыл әлем чемпионатына қатысатын жоспары бар.

«Бапкер деген осындай болса...»

photo 55198

– «Бапкерлік деген де бір ғылым» ғой. Өзіңіздің бапкерлік кәсіпті бастағаныңызға көп бола қойған жоқ. Сіздіңше бапкер деген қандай болуы керек?

– Мен ең мықты бапкер деп спортшыны бірінші күннен бастап, Олимпиаданың шыңына шығарған маманды айтар едім. Ондайлар өте аз. Атақты Кахи Кахиашвилиді дайындаған Иван Грекуров осындай маман. Мен ол кісіні көптен бері танимын. Өзі Грузияның азаматы. Ұлты – осетин. Өте атақты жаттықтырушы. Польшаның ерлер командасын баптады. Польшада дайындық кезінде мен демалыс күні арнайы сол кісіні ауылына іздеп бардым, Бір күн қасында болдым. Кахи Кахиашвилиді дайындаған дәптерлерін көрдім де таңғалдым. Әр күнгі жаттығуы жазылған. Әр жаттығуында көңіл күйі қалай болғанына дейін бәрі тұр. Менде де Ильяны дайындаған дәптерім бар. Бірақ ол кісінікі қолжазбада. Әрі бірнеше күнделік. Семинар өткізуге Қазақстанға осындай бапкерлерді шақырғым келеді. Шетелден спортшылар әкелуге қарсы екенімді әрдайым айтып жүрмін. Ал мықты жаттықтырушыларды әкелгеннен, біз ұтпасақ, ұтылмаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Четверг, 13 Апрель 2017 09:05
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Сұрмерген қыз Жастарды жігерлендірген жарыс »