Азия чемпионаты-2017: Ташкенттен бұйырғаны – тоғыз жолдама

Пятница, 12 Май 2017 06:11 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3466 раз

Әуесқой бокс Азия құрлығында қарқынды дамып келеді. Рио ойындарында сары құрлық өрендерінің 4 алтын, 5 күміс және 7 қола жүлдеге ие болуы сөзімізге дәлел. Токио Олимпиадасына да дайындық басталып кетті. Алғашқы сын – тамыз айында Гамбургте (Германия) өтетін әлем чемпионаты. Осынау әлемдік додаға жолдама үлестіретін Азия чемпионаты Өзбекстанның бас шаһарында өтті. Чемпонаттың дуы әлі басылар емес. Жарыс қожайындары ретінде қоңсы ел боксшылары бұл жолы да үстем шықты. Қазақ боксшылары жалпы 8 жүлдемен оралды. Ташкенттен түйгеніміз көп. Тарқатып айтайық.

 

Алтын жұдырықты Левит

Ташкент төріндегі шаршы алаңда 29 елдің 200-ден астам боксшысы қолғап түйістірді. Жауапты сәтте бәрі де жұдырығының қуатын танытты-ақ. Қарт құрлықтағы аламанға бару үшін үздік алты боксшының тізіміне іліну керек. Тұп-тура бір аптаға созылған бәсеке өзбек өрендерінің жарқын жеңісімен аяқталды. 

04d97d0e2f399795cc6fedffa161e64a

Қазақ елінің қайратты ұлдары жалпы есепте екінші орынға тұрақтады: 8 жүлде және әлем чемпионатының 9 жолдамасын жеңіп алдық. 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлдені қанағат етуге мәжбүрміз. Бір қуанышты жайт – Василий Левит (91 келі) Азияның үш дүркін чемпионы атанды. Рио ойындарының күміс жүлдегеріне бұл жолы да лайықты қарсылас табылмады. Сондай-ақ, Азамат Исақұлов (52 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ерік Әлжанов (81 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (аса ауыр салмақ) алғаш рет құрлықтық чемпионатта жүлде алды. Қайрат Ерәлиев екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталаса, Жомарт Ержан (49 келі) мен Әділет Құрметов (60 келі) жүлдесіз қалды. 

Жалпы Ташкент шаршы алаңында 13 елдің спортшылары жүлдегер атанды: Үндістан, Моңғолия құрамаларынан – 4, Қытай, Оңтүстік Кореядан – 3, Филиппин мен Сирияның 2, ал Иран, Қырғызстан, Иордания, Тәжікстан, Түрікменстанның бір боксшысы жүлдеге жетті. Сонымен қоса, Германияға жол тартатын 60 боксшының есімі анықталды.

 

Үзілмеген үміт...

21761ea6cТашкентке жол түсіп, тартысты жекпе-жектерді трибунадан тамашалап қайттық. Бұл жолы да «қазақ-өзбек дербиі» ширек финалдан бастап қыза түсті. Ширек финалға он оғланымыз шыққан. Жартылай финалға оның сегізі ғана өтті. Ең жеңіл салмақтағы Жомарт Ержан Дусматовтай дүлей боксшыға тап келіп, жарыстан шығып қалды. Жарыс қожайыны, әрі Олимпиада чемпионы оңайлықпен иіле салмасы белгілі еді. Бұл жігіт өзбек боксының жұлдызды спортшысы қазір. Василий Левит қана өзбек боксшысынан айласын асырды. Тұрсыновты екпіндете соққылап, өзбек жанкүйерлерінің құтын қашырғандай. 19 жасар Тұрсыновтың да жаны сірі екен. Үш раунд бойы Левиттей сақаға шыдап берді сабаз. Жарақат деген бір сәтте. Әттеген-айы, ел чемпионы Әділет Құрметов сәтсіздікке тап болды. Рио ойындарының қола жүлдегері, моңғолиялық қарсыласы баспен соғып жіберіп, жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды. Әйтпегенде, Құрметов жарысты ширақ бастаған-тұғын. Абырой болғанда жолдама үшін таласта қарсыласынан жеңісті жұлып алды.

Ширек финалда қазақ-өзбек текетіресі 1:1 есебімен тең тұрған. Жартылай финалда қатарымыз біршама селдіреді. Исақұлов, Ибрагимов, Аманқұл қарсыластарына жол беріп қойды. Тіпті, финалдық сында да Абылайхан Жүсіпов, Ерік Әлжанов пен Қамшыбек Қоңқабаев «өзбек синдромынан» өте алған жоқ. Бұл жағдай сабақ болса игі енді. Алда қорытынды шығару ғана қалып тұр.

 

«Қазақ салмағының» жүгі ауыр

2153acbf6

Азия біріншілігінде көзге түскен жастың бірі – тараздық Әбілхан Аманқұл (75 келі). Бокстасу мәнеріне, ерік-жігеріне риза болғанымызды несіне жасырайық. Соққысы сойылдай, қаймығу деген жоқ. Бокс мамандарының көзқарасы оң бұл жігітке. Бапкері Нұрлан Сәкенұлына ризашылығын білдіріп жатқандар аз емес.

Жас дарын Абылайхан Жүсіпов те әлем чемпионатының қола жүлдегері қытайлық қарсыласын жолдан ығыстырып тастағаны тәнті етті. «Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келінің жүгі ауыр екенін өзі де түсінеді. Абылайхан шешуші сында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіріп, оған лайықты қарсылық көрсете білді. 

Азия чемпионаты араға он сегіз жыл салып Ташкентке қайта оралғанынан хабардарсыздар. Он сегіз жыл бұрын 12 салмақтың он бірінде жүлде алғанбыз: екі алтын, бес күміс, төрт қола. Қоңсы ағайындар жеті алтын, екі қоламен көш бастаған. Мұның бәрі естен кетпес тарих. Бұл жолы Өзбекстан құрамасы 9 алтын жүлдеге ие болып, рекордты жаңартты. Қазір қоңсы елдің боксшылары өрлеу кезеңін бастан кешуде. 

Байқағанымыз, өзбек жанкүйерлерінің қазақстандық спортшыларға деген құрметі зор. Кім мықты соған жанкүйер. Жігіттерге қолдау көрсетуге қоңсы елге біздің елден де біршама жанкүйер барыпты. Жанкүйерлік етудің де өз мәдениеті болатынын бағамдайсыз. Оған да айла, еп керек. Маңғыстаулық Әбу Жолдас, Шымкенттен Әбдімәжит Сыздықбеков те арнайы келіп, қолдау көрсетті. Әбу ағамыз қолында дауылпазымен ұрандатады. Жанындағы серігіне туды ұстатып қойған. Оған «Қазақстан, Қазақстан» деген ұран қосылады. Екі жыл бұрын Бангкокқа, Катардағы әлем чемпионатына да барып қайтқан. Әбдімәжит Саттарұлы да бокс десе, делебесі қозып, өз жерлестеріне әрдайым қолдау көрсетіп қайтатынын көпшілік біледі. Ташкентте де осындай азаматтардың жанашырлығына куә болдық.

Последнее изменение Понедельник, 22 Май 2017 11:27
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.