Мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

Среда, 24 Май 2017 06:26 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5234 раз

Шымкент қаласының әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметкерлердің достықты дәріптейтін тамаша дәстүрі бар. Ол – спорттың сегіз түрін қамтитын Спартакиада ойындары. Жасыл алаңда доп теуіп, білектің күшін, ақыл-ойдың зеректігін көрсететін сәт. Биыл да дәстүрлі жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болдық. Мемлекеттік қызметкерлер спорт жарыстарында ширыға түскен.

index1245

Сайысқа Шымкент қаласы әкімінің аппараты, қалалық мәслихат, Шымкент қаласының аудан әкімдіктері мен құрылымдық бөлімдерден құралған 11 команда қатысты. Абай («Достық»), Еңбекші («Еңбекші»), Әл-Фараби («Әл-Фараби»), Қаратау ауданының («Қаратау»), мәдениет, ішкі саясат, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің («Арлан»), ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің («Қыран»), қаржы және экономика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің («Барыс») командалары жыл сайын белсенділік танытып жүр. Мәслихат депутаттары да «Бірлік» командасын жасақтаған. 

index

Әуелі «Биік» футбол орталығында спартакиаданың ашылу рәсімі және жасыл алаңда тартысты ойындар өтті. Әрі қарай үстел теннисі, дойбы, шахмат, арқан тарту, жеңіл атлетика, қол күресі және волейболдан тартысты бәсекелер өтті. 

Жаңадан құрылған Қаратау ауданының жігіттері жарап тұр. Олар екі жылдан бері жүлделі орындардан көрінік келеді. Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев та допты әуеде шиіре ұрудың шебері. Биыл жігіттерге қолдау көрсетіп, команданы өзі бастап келген. 

index11

– Мұнда тек мықтылар жеңіске жетіп жатыр. Әріптестер арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыруымен ерекше. Бәрімізге зор күш-жігер береді. Бірлігіміз арқасында арқан тартуда біз бірінші орын алдық. Әйтпегенде ауданның құрылғанына көп бола қойған жоқ. Ендігі жылы да осы сатыдан түспейміз, – дейді ол. 

Екі күнге созылған жарыстың жеңімпаздары анықталды. Шағын футболда – «Достық», үстел теннисінен – «Бірлік», дойбыдан – «Еңбекші», шахматтан – «Еңбекші», қол күресінен – «Достық», арқан тартудан – «Қаратау», волейболдан – «Бірлік», жеңіл атлетикадан – «Достық» командасы озды. Жалпы есепте Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері басым түсті. Екінші орында – Қаратау ауданы. 

index3

Өткен жылы «Арлан» командасы топ жарып еді. Биыл олар төртінші орыннан көрінді. Ал Абай ауданы әкімдігінің қыз-жігіттері үшінші орынға тұрақтаған. 

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов бәсекелестік қайнап тұрғанын айтады. 

– Барлық командада өсу бар. Бұл – өте қуанышты жағдай. Негізгі мақсат – әріптестерге мерекелік көңіл күй сыйлау. Әрі бұқаралық спортты дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындаймыз. Дәстүрлі жарысымыз «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің қарсаңында өтіп жатыр. Мұның да әсері керемет, – дейді Намазбай Андақұлұлы.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.