Өзінен озар шәкірт баулымақ

Пятница, 16 Июнь 2017 06:18 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3647 раз

Таяуда жас кикбоксшыларымыз Ақтөбеден олжалы оралды. Кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігінде Бабур Артықбаевтың шәкірттері жақсы нәтижеге қол жеткізді: қоржында – 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлде. Өзі талай белестерді бағындырған Артықбаев енді шәкірт баулуға кіріскен.

index87459877Он төрт жасқа дейінгілер арасындағы ел біріншілігіне 7 шәкіртін үкілеп қосқан еді. Оның бесеуі жүлдегер. Акрам Ахмедов (70 келі) бас жүлдені иеленді. Рахымжан Серікұлы (27 келі) мен Қайырхан Пазылов (36 келі) күмісті иеленсе, Сердалы Есенбек (27 келі) пен Нұрасыл Нұрғазы (66 келі) қола жүлдемен қуантты. 

Жалпы, ОҚО командасы 6 алтын, 7 күміс және 8 қола медальге ие болып, командалық есепте де бірінші орын алды. Өңірімізден 35 спортшы аттанған еді.

Әйгілі кикбокс шебері өзінің алғашқы қарлығаштарынан алда талай жеңістер күтеді.

– Әр облыстың мықтылары қатысқандықтан, бұл жақсы нәтиже деп ойлаймын. Ахмедов үш кездесудің бәрінде айқын басымдықпен жеңді. Қайырхан 5 жекпе-жек өткізіп, төртеуін жеңді. Кадеттер арасындағы ел чемпионымен теңдей бәсекелесіп бақты. Өзім жаттықтырушылық жолымды 2016 жылы бастадым. Бар мақсатым – осы шәкірттерімнің арасынан әлем чемпионын даярлап шығару. Әрбірінен үміт күтемін. Осылар келесі жылы кадеттер арасында да жақсы нәтиже көрсетуі тиіс, – дейді Б. Артықбаевтың өзі. 

Жеңімпаз спортшылар тамыз айында қайта жаттығуға кіріспек. Келесі жылы өтетін кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігі – шәкірттер үшін үлкен сын. 

Бабур Артықбаев – ОҚО №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы. 2 дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, 5 дүркін Азия чемпионы. Мінекей, жаттықтырушылық қызметін де жеңіспен бастап отыр. Биыл кадеттер арасында Қазақстан чемпионатында 4 шәкірті күміс жүлде алған еді. Оған қоса, өзі ҚР чемпионатында үздік төреші атанып қайтты. 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.