Көңілді сергітіп, достықты дәріптеген Спартакиада

Среда, 21 Июнь 2017 09:27 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5477 раз

«Биыл да журналистер арасындағы сайыста басымыз қосылып, арқа-жарқа болып жатырмыз. Спорттық сайыстар көңілді сергітті. Кейбір өңірлер спорттың 2-3 түрінен жарыс өткенін мақтан тұтады. Ал бізде Спартакиада дәрежесіне жетті. Бұл не деген сөз? Журналистердің талғамы жоғарылады деген сөз. «Бұл – Оңтүстіктің мәртебесі, мақтанышы ғой. Оңтүстікте журналистер арасында бәйге қызып жатса, басқа өңірдегілердің «бізде әлі тым-тырыс» дегенін естіп жатамын». Облыстағы дәстүрлі спорттық ойындар барысын тамашалап жүрген ардагер журналист Қалыбек Атжан ағамыз осылай дейді. Бильярд бәекесінде қаламгерлермен қалжыңдасып жүр. Ағамыз спорттық ойындар жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтады.

DSC 0395

Жасыл алаңда «Ернияз» командасы ерледі

28 маусым Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай БАҚ өкілдері арасында өткен Спартакиада бір аптаға созылды. Расында, қалам ұстаған журналистер қауымы, баспа саласының қызметкерлері бір жасап қалды. Бұқаралық спорттың дамуына өздері де шама-шарқынша атсалысты. 

Бұл – облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен тағылымды іс-шара. Сайыстың басты мақсаты – достықты дәріптеу. 

Спартакиада ойындарының соңғы күнінде шағын футболдан күш сынастық. Әріптестердің спорттағы әлеуетіне куә болдық. Допты тәуір меңгергендері жетерлік. 

Он екі команда екі топқа бөлінген. Іріктеу кезеңінде тамаша ойын-өрнегімен көзге түскен төрт команда жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде де ұпай жоғалтпаған «Ернияз» медиа тобы мен «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас жүлдені сарапқа салды. Ербол Дайрашұлы бастаған жігіттер биыл да бабында екен. Соңғы сәтте де сыр бермей, ернияздықтар биылғы Спартакиаданың алтын жүлдесін жеңіп алды.

DSC 0335

«Блогерлер» командасы мен «Ернұр» корпорациясының қызметкерлері үшінші орынға таласты. Тартысты ойын баспа саласындағы жігіттердің жеңісімен аяқталды. 

Әйелдер сайысында «ТВК» арнасының арулары қарымдылығын байқатты. Екінші орын «Южный Казахстан», үшінші орын «Шымкент келбеті» газетінің ойыншыларына бұйырды.

 

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасы озды

DSC 0364

Футбол бәсекесінен кейін ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Спартакиаданың жабылу рәсімі өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас директоры Уәли Қыдыр, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Жарылқасынқызы, бiрқатар БАҚ басшылары барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жеңімпаз спортшыларды марапаттады. 

– Облысымыздың журналистері арасындағы тамаша қарым-қатынастың куәсі болдық. Жарыс өте ұйымшылдықпен өтті. Бас редакторлар да атсалысып жатыр. Бұл жарыс әуелі сыйластықты арттырса, екіншіден, спортты насихаттауға үлкен септігін тигізеді. Бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз деп білемін. Алда келе жатқан мереке құтты болсын. Жеңімпаздарға сәттілік тілеймін, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген құттықтау сөзінде. 

Жалпы айтқанда, бұл сайыста достық жеңді. Командалардың ұйымшылдығы керемет. Жеңіске деген жігерін байқадық. Командалардың жұдырықтай жұмыла, дәстүрлік жарыста белсенділік танытуы – бұл басты жеңіс. Спартакиаданың көздеген мақсатының орындалғаны. 

DSC 0763

Салауаттылықты ұран еткен биылғы Спартакиданың жалпы командалық есебінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының командасы биыл да үздік шықты. Екінші орынға – «Ернұр» корпорациясы командасы орнықты. «ТВК» арнасының өкілдері үздік үшінші орынға ие болды.

 

Әріптестеріміз – «Үздік ойыншы»

«Шымкент келбеті» және Панорама Шымкента» газеттерінің командасының жеңісті дәстүрі бар. Біздің әріптестер әр жылы жүлделі орындарға иеленіп келеді. Бұған дейін төрт қола жүлде иеленгенімізді жазған едік. Жарыстың соңғы күні, шағын футболдан газетіміздің әйелдер командасы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, бірқатар әріптестеріміз номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, газетіміздің тілшісі Сапарғали Қанат пен хатшы-референт Құндыз Жақсылық «үздік ойыншы», жарнама және маркетинг бөлімінің меңгерушісі Ақжібек Мұстафина «үздік қақпашы» арнайы сыйлығын иеленді. 

DSC 0824

Сонымен, көптен күткен бәсеке де мәресіне жетті. Облыста БАҚ өкілдері арасындағы спорттық сайыстың өткізіле бастағанына биыл – 22 жыл. Ширек ғасырға жуықтаған уақыт ішінде Спартакиада жоғары сатыға көтерілді. Жылдан-жылға ауқымы ұлғайып келеді. Жыл сайын облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау тауып, жергілікті БАҚ басшылары, кәсіпкер азаматтар демеушілік етіп жүргенін де айта кеткен жөн. Бұқаралық спортты дамыту – баршамыздың міндетіміз. 

Ендеше, осындай қолдаудың арқасында дәстүрлі спорттық ойындардың көкжиегі кеңейе түсетініне сеніміміз мол. Келесі жылы да спорт бәсекесінде кездескенше, әріптес!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Жүлдеге талас қызып тұр Қанат ұшса қатаяды »