«Жаңа Талап» жарап тұр...

Среда, 02 Август 2017 06:16 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3746 раз

IMG 9406-01-08-17-02-51

ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне орай «Жаңа-Талап» спорттық-туристік агенттігінің ұйымдастыруымен Сайрам-су шатқалында тауға жүгіруден (Skyrunning) жарыс өтті. Оған ОҚО альпинизм федерациясы, каноэ мен байдарка, желкенді қайық пен академиялық ескек есу спортшылары, велошабандоздар және қала тұрғындары қатысты.

IMG 9402-01-08-17-02-51

Жарыс ережісіне сәйкес атлеттер жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінді. Олар жалпы ұзақтығы 5 шақырым, биіктігі 1300 метрлік «Альтус» тауына жүгіріп шығуы керек. Шыңды бағындару қиындығы жағынан 1Б альпенистік категориясына сәйкес келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спортшылар «Альтус» тауына ең соңғы рет 15 жыл бұрын шыққан екен. 

– Басты мақсатымыз белсенді демалысты дамыту. Қала тұрғындарына Оңтүстік өңірінің әсем табиғатын көрсетіп, тауға жүгіру спортын насихаттау. «Жаңа Талап» тур-операторы ішкі туризмді дамытуға барынша атсалысып келеді. Аты айтып тұрғандай әрқашан жаңа дүниелерді енгізуге, ұйымдастыруға ұйытқы болып жүр. Алдағы уақытта да осы жарысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Жаңа Талап» туроператорының директоры Денис Жарменов. 

IMG 9417-01-08-17-02-56

Шара қорытындысы бойынша Мәлік Абду-Әсет «Альтус» тауын 1 сағат 5 минутта бағындырып, абсолютті чемпион атанды. Ол бұл спорт түрімен 1 жылдан бері айналысып келеді. Және өзі қатысқан барлық жарыстарда топ жарып жүр. Айтуынша, бала кезінен тауда ойнап өскендіктен, қыр-ойпаттарда жүгіру қатты қиындық тудырмайды. 

IMG 9394-01-08-17-02-51

– Өзім осы тауда ара бағумен айналысамын. Ұйымдастырушылар жарысқа 1-2 апта қалғанда хабар береді. Кішкене дайындалып аламын. Жақында Алматыдағы «Нұрсұлтан шыңын» бағындырып, бірінші орын иелендім. 8 шақырымды 1 сағат 55 минутта басып өттім. Алда тағы да Алматы мен Шымкентте өтетін сайысқа қатысамын, – дейді жарыс жеңімпазы Мәлік Абду-Әсет.

Шара соңында қатысушыларға сертификаттар, жеңімпаздарға бағалы және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.