Ойынға да ой керек

Пятница, 12 Январь 2018 10:59 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 431 раз

Оңтүсік Кореялық 14 жасар Ким Сун Джин веб-камера алдында кешкі ас ішіп 1500 доллар табыс табады. Бұған әрине таңғаларсыз... Ол интернет арқылы нақтырақ айтсақ Afreeca TV платформасы арқылы күн сайын тікелей эфирге шығып тамақ ішеді. Оның осылай ас ішіп отыруы өзге көрермендердің де тәбетін ашуға септігін тигізеді екен. Бұл Корей халықтарының басым бөлігі жалғыздықта өмір сүретіндігімен байланысты. Өйткені, жалғыз өзі тамаққа зауқы соқпай отырған тұрғын онлайн арқылы Ким Сун Джиннің арнасына тіркеліп, әңгімелесіп отырып ас ішуге мүмкіндік алады.

0 42c983 3f38b0e2 XL 

Ал 6 жасар Америкалық Райан есімді балақай YouTube (Ryan ToysReview) арнасы арқылы мультимиллионер атанды. Ата-анасы оның ойыншық ойнаған видеоларын үш жасынан бастап интернетке салып отырған. Нәтижесінде 2016 жылы миллиард көрілім жинаған. Бір жылдық (2016-2017) қаржысы 11 миллион долларға жеткен. 

Дәл қазір бұл балақайлардың тапқырлығына таңдай қағып отырған боларсыз. Осындайда ХХІ ғасыр – Технология заманы дегенді еріксіз мойындайсың. Бүгінгі таңда мұндай мысалдар өзге елдерде жетіп артылады. Осы арада жоғарыдағы «Бай балалар» қарапайым ғана ойын ойнап, компьютер алдында отырып-ақ табысқа жетіп жатқанына мән бердіңіз бе? Ойындар, ойыншықтар балаларды ойнатады, ойлантады. Келісесіз бе? Ал қазақтың «Аз ойна, көп ойла», «Ойынға ойсыз құмар», «Ойнамасаң ойын бақ, Қойшыбайдың қойын бақ», ойын ойнаған азады, тозады деген мақал сөздерін қайда қоясыз? 

shymkala 3-12

БАҚ беттерінде, интернетте компьютер ойындарының зияндығы туралы жиі жазылады. Әрине оны жоққа шығара алмаймыз. Денсаулықты нашарлататынына, уақыттың көп бөлігін алатынына күмән жоқ. Атыс-шабыс ойындардың балалар психикасына қауіп төндіретіні де аз жазылмайды. Ал ата-аналар мен мұғалімдер оқушылардың компьютер алдында көп отыруы, сабақ үлгеріміне де теріс әсерін тигізетінін айтады. Дегенмен, компьютерлік ойындардың пайдалы жақтары да бар екенін естен шығармаған жөн.

First Monday басылымында америкалық зерттеушілер компьютерлік ойын ойнайтын адамдардың тұрмыстық жағдайда, жаһандық қаржы дағдарысы, климаттың өзгеруі кезінде және тағы басқа күрделі мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жазған. 

Ресейлік зерттеуші Евгения Петрова «Балалар және компьютер» атты еңбегінде компьютерлік ойындар балалардың кейбір дағдыларын дамытуға көмектесетінін жазған. Нақтырақ айтсақ тіл үйренуге, есте сақтау қабілетін жақсартуға, төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға, байқампаз болуға септігін тигізген. 

Сондай-ақ, ойыншылардың ұйқысы тыныш болады және түрлі ойындар балалардың қиялына қанат бітіріп, ой-өресін дамытады. 

IMG 9406

Пәкістандық Саид Самаил Хассан (лақап аты-SumaiL) бүгінде «Dota 2» ойыны арқылы бүкіл әлемге танымал болды. Оның ойын ойнап ұтқан табысы – 2 419 513 доллар. 17 жасар Самаил Хассан TIME журналының ең танымал 30 жасөспірм тізіміне енген. Бүгінгі таңда америкалық «Evil Geniuses» командасында ойнайды. 

 

Киберспорт – арнайы дайындықты қажет ететін, басқарушысы бар, ережесі белгіленген, жеке адамдармен немесе топпен ойналатын ойын түрі. Кейде компьютерлік спорт, электронды спорт деп те аталады. 2001 жылы 25 шілдеде Ресей киберспортты ресми спорт түрі ретінде қабылдаған. 1997 жылы АҚШ-та киберспортшылардың Cyberathlete Professional League деп аталатын алғашқы лигасы пайда болды. Жыл сайын әлем бойынша түрлі компьютерлік ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Қаржылық сыйақылары қомақты. Мәселен, «Dota 2» ойынының «The International» турниріндегі ақшалай сыйақы мөлшері 2017 жылы — 24,79 млн долларға жеткен. Аталған ойындар интернетте тікелей эфирден көрсетіліп, миллиондаған аудитория жинайды. 2015 жылы дүниежүзілік финалды 4,6 млн адам көрген.

 

Қазақстанда да киберспортқа қызығушылар саны артып келеді. Жетістікке жеткендер де аз емес. Мәселен, еліміздегі танымал киберспортшылардың бірі – Дәурен Қыстаубаев. Ол CSGO ойыны бойынша әлемдік рейтинге 39 орында. Қоржынында 11 – алтын, 5 – күміс, 9 – қола бар. Халықаралық UNiTED, Virtus.pro командаларында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда ресейлік Gambit-тің намысын қорғайды. Жеке табысы – 197 335 АҚШ долллары. 

IMG 9405

Шымкенттік Наурыз Әбдікерім де бір уақыттары әлемдік деңгейге көтерілген киберспортшы. 11 сыныпта Украинаға шақырту алған жасөспірім ұлттық бірңғай тест тапсырамын деп қалып қойған. Одан кейін ЖОО-ға түсіп, бірқатар уақыт қол үзіп алды. Қазір IT-маманы. Шымкенттегі бірқатар ауқымды турнирлерді ұйымдастырды. Оның айтуынша, елімізде киберспорт қарынды болмаса да, дамып келеді. 

– Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатысатын 2-3 команда бар. Бірақ, еліміздегі интернет нашар. Пинкте айырмашылық болады. Мәселен, Қазақстанда компьютерлік ойындарды халықаралық дәрежеде ойнау үшін 80 пинкпен кірсе, ресейліктер 15 пинкпен кіреді. Бұл бізде ғаламтор әлсіздеу деген сөз. Сол үшін Мұрат Жұматұлы (Арбалет) деген меценат компьютер ойнайтын жақсы ойыншыларды Киевке алып барып, үй жалдап, өте жылдам интернетпен қамтамасыз етіп, ақшасын төлеп жағдай жасауда. Олардың да кәдімгі спортшылар секілді жаттығу уақыты, жалақысы бар, – дейді Наурыз Әбдікерім. 

Енді олар сайт ашып, ойындарды тікелей эфирден көрсетіп, комментаторлық жасамақ. Бұл коммерциялық жағынан өте тиімді көрінеді. Мәселен, «Реал Мадрид» пен «Барселона» секілді командалардың ойыны, ұлттық баскетбол лигасы 80-90 миллион халық жинаса, ал Dota ойынының финалын 120 миллион көрермен тамашалаған екен. 

Компьютердің алдында отырудан қорқудың қажеті жоқ. Онымен жақсы дос болуға болады. Жақсы игерсеңіз түрлі бағдарламалар жасап, жылдам ақпараттар алып, тіпті ойын ойнап та ақша табуға болады. Тек, қолданған кезде санитарлық-гигиеналық және жалпы ережелерді сақтасаңыз болғаны.

 

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.