«Ордабасы» командасына жаңа бапкер тағайындалды

Среда, 17 Январь 2018 10:01 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 493 раз

Клубтың бас бапкері болып болгариялық Георги Дерменджиев келді. Ол бұған дейін Болгарияның «Лудогорец» командасын жаттықтырған. 3 рет чемпион атандырып, 2 рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан.

shymkala kz-9

– Ел біріншілігінде үшінші орын алған және Европа лигасында өнер көрсететін «Ордабасы» клубының тізгінін ұстағаныма қуаныштымын. Шымкент сенімді жанкүйерлері бар, шырайлы шаһар екенін білемін. Жаңа маусымда жоғары нәтижеге жету үшін кейбір ойыншылармен қош айтыстық. Жаңа футболшылар алатын боламыз. Ең бастысы - команданы жаңа маусымға дайындау – дейді «Ордабасы» клубының бас бапкері Георги Дерменджиев.

«Ордабасы» 10 қаңтар күні Анталия қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанды. Тізімге 18 ойыншы еніпті. Олар Мардан Төлебек, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ұлар Жақсыбаев, Сағадат Тұрсынбай, Темірлан Ерланов, Қасымхан Таласбаев, Алтынбек Төлеев, Виталий Ли, Рамиль Нұрмұхаметов, Мұхит Жақсылық, Бекжан Абрахман, Әбілқайыр Зұлпыхаров, Пабло Фонтанелло, Кирилл Ковальчук, Никита Бочаров, Бекхан Шайзада, Самат Шәмші. Сондай-ақ, жақын күндері қатарға Абдулай Диакате де қосылады деп күтілуде.

– Жаттығу екі мезгілде өтіп жатыр. Таңертең аэробиканы, түстен кейін доппен және тактикамен машықтанамыз. Жеңіл жарақат алғаныммен, алғашқы жолдастық ойынға дейін жазылып кетемін деген үміттемін. Бас бапкер жаттығуларға өте жауапкершілікпен қарайды. Алдағы уақытта да дайындық жұмыстары қыза түседі деп ойлаймын – дейді Мардан Төлебек.

shymkala kz-11

Ал Самат Смақов, Азат Нұрғалиев, Таңат Нөсербаев, Александр Гейнрих, Оливер Петрак, Преслав Иорданов, Сергей Бойченко секілді белді ойыншылар командамен қош айтысыпты. Сонымен қатар Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан қалып қойған Қайрат Әшірбеков, Алмат Бекбаев, Бекзат Бейсенов, Бақдәулет Қожабаев, Мұхтар Мұхтаров, Фархадбек Ирисметов, Срджан Вуяклия секілді футболшылар да «Ордабасымен» қош айтысуы мүмкін.

Команда құрамына қосылуға ниетті ойыншылар да жоқ емес. Павлодарлық «Ертіс» клубының қорғаушысы Дамир Даутов сынақтан өтуде. 27 жастағы футболшы «Ақтөбе», «Қайсар», «Жетісу» командаларының сапында да өнер көрсеткен.

Сынақта жүрген тағы бір ойыншы - украиналық Игорь Сикорский. 1988 жылғы жартылай қорғаушы бұған дейін «Стали», «Николаев» клубында тер төккен.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.