Версия для печати

Балақайдың таңдауы – спорт Избранное

Пятница, 26 Январь 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3289 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы! Өскелең ұрпақты шымырлық пен ептілікке тәрбиелеу – әрбір ата-ананың перзент алдындағы борышы. Ал ұйымшылдыққа баулып, қимыл-қозғалысты арттыру салауатты жастардың жарқын болашағын қалыптастырмақ. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында спортқа ерекше көңіл бөлуді қолдау атты қадамы бүгінде қаламызда өз нәтижесін беруде.

 IMG 8110

Мұздағы кішкентай бүлдіршін

Мәнерлеп сырғанау спорт түрімен Айсұлу Жалдыбай екі жылға жуық шұғылданып келеді. Ол мұзда конькимен сырғанап, музыка сазына сәйкес әсем қимыл жасауға әуес. Мәнерлеп сырғанауда қозғалыс жылдам не баяу, әр түрлі бағытта айналып, секіріп, тағы да басқа орындалуы тиіс. Сондықтан спорттың бұл түріне баланы 7-8 жастан баули бастайды. Алайда Айсұлу одан ертерек, яғни 4 жасынан кіріскен.

– Маған сырғанау ұнайды. Әпкем мен ағам биге барады. Мені болса анам конькиге берді. Аптасына үш рет келемін. Достарым да көп, – дейді жас спортшы. 

Мәнерлеп сырғанаудың жекелей, жұптасып, топтасып сырғанау және мұздағы би түрлері бар. Жекелей сырғанауда міндетті және еркін жаттығудан спортшы өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетеді. Бұл ретте жас спортшыға ұнайтыны секіріп өнер көрсету. Яғни, музыкаға ілесе билеген спортшы қимыл-қозғалыстарына секіруді қосады. Әрине, буыны қатпаған бүлдіршін әлі шеберлігін шыңдап жүр. Балалар мұзда емін-еркін сырғанауға жылдар бойы жаттығады. Сол үшін мұздың сырын түсіну, меңгеру өте күрделі. Шалт қимылда мүлт кетсең қиынның-қиыны. Есіл еңбек желге ұшпақ. Ал Айсұлудың талпынысы жоғары екен. Қалалық жарыстарда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінген. Оқуда озат. Орысша сайрап, ағылшын тілінен сабақ алып келеді. Сондай-ақ, ол шаһарымыздың ең жас спортшыларының қатарында.

 

Мәнерлеп сырғанағың келсе...

Мәнерлеп сырғанау – өнер әрі спорт. Өнер атаулының дарыннан бөлек қажымас қайрат пен тынымсыз еңбекті талап ететіндігі секілді мәнерлеп сырғанауда да табысқа жетемін деген адамға үлкен төзімділік қажет. Сонымен қатар, мұздың үстінде өнер көрсету үшін қысқы спорт мектебіне қабылдаудың балаларға қойылар қатаң талабы бар. 

– Мәнерлеп сырғанаумен кәсіби тұрғыда айналысу қымбатқа түседі. Балалар қатаң тәртіппен жаттығады. Бірақ үзбей жаттығуға көп баланың шамасы жетпейді. Себебі, шығыны көп, қымбат спорт түрі болғандықтан, екінің бірінің мүмкіндігі бола бермейді. Бізге келетін ұл-қыздарды бойындағы бірнеше қасиеттерін бағалай отырып қабылдаймыз. Бірінші, балалар оң-солын тануы керек. Кейінгі кезекте ол балақайлардың физикалық пропорционалдығы маңызды. Секіре білуі, буындардың икемділігі және жылжымалығына да қараймыз. Баланың музыкалық зейіні мен вестибулярлық аппаратына да аса мән береміз, – дейді ОҚО қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Диляфруз Худайшукурова.

Елбасымыз айтқандай, спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Егер балаларыңыз жоғарыда келтірілген қасиеттерге ие болса, облысымыздағы қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік беретін жалғыз орын – «Мұз сарайында» тегін жаттығуына жағдай қарастырылған. 

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы «өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» екенін атап өткен еді. Айсұлудай жастайынан білім мен спортты қатар алып жүрген өрендер ОҚО қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер даярлайтын спорт мектебі оқушыларының қатарында аз емес. Олай дейтініміз, 15-19 қаңтар аралығында Алматыда өткен «Ice Tiger» атты жасөспірімдер турнирінде 10 жерлесіміз жүлделі орындармен оралды. Олардың талпынысы Елбасы айтқан қоғамымыздың идеалына жеткізері сөзсіз.

Последнее изменение Пятница, 26 Январь 2018 06:01