Версия для печати

Street workout – Шымқала стилі

Среда, 04 Апрель 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4989 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1. Жаттығудан басталған қозғалыс
2. 13-легион
3. Қозғалысқа қолдау көрсеткен әкім
4. Басқа жол

shymkala-26-4

 

Шымкентке воркаут қалай келді?

– Барлығы қарапайым жаттығулардан басталды. Ол кезде қолымыз бос еді. Жазғы каникулда мектепте бірге оқитын достар жиналып, турникте және брусияда жаттығып жүрдік, – деп бастады өздері туралы сөзін Шымкенттегі белгілі воркаутшы Александр Водолацкий. – Содан 2-3 ай өткен соң интернеттен жастар арасында кең тараған «Воркаут» қозғалысы туралы оқып-білдік. Шетел жастарының жаттығуларының видеоларын көрдік. Оған біз де қызығып, солардың ойын элементтерін жаттығуға енгіздік.

Бір топ жастың қызығушылығы жазғы демалыстан соң тоқтап қалмады. Саша бастаған жеткіншектер интернетті одан әрі қаузай түсіп, АҚШ, Украина мен Ресейде жастардың осы воркаут қозғалысы бойынша топ құрып, бірге жүргендерін көреді. Біздің жастар да топтасып, сол кездегі танымал әлеуметтік желі «Майл.руда» алғашқы хабарландыруларын жаза бастайды. Онда бозбалалар Шымкенттің өзге де жастарын бірге жаттығуға шақырып, кездесетін орындары туралы белгілейді. Осылайша алғашқы кезде әр үйдің ауласынан 10 бала жиналыпты.

– Бәріміз бірге жаттығып, аз да болса тәжірибелерімізбен бөлістік. Содан кейін ай сайын кездесуге уәделестік, – дейді Александр. – Осылайша қатарымыз көбейе берді. Жиналатын орнымыз – сол баяғы үйлердің ауласы. Бір қызықты айта кетейік, санымыз 30-40 балаға жеткенде үй төрайымдары бізді бұзақылар деп ойлап, полиция шақырған кездері болды. Содан кейін проблема туындамас үшін жиналатын басқа оңтайлы жер іздей бастадық. Осылайша қаладағы «Динамо» стадионына келдік. Ағалар бізді қолдап, алғашқы шағын турниріміз де сонда өтті.

IMG 5349

«13-легион» қозғалысы

Осылайша Шымкенттегі воркаут қозғалысы біртіндеп дами бастайды. Бұл 2013-2014 жылдар болатын. Біраз уақыт өткен соң жігіттер өздерінің командаларын құруға шешім қабылдайды.
– Әлемде танымал бірнеше команда бар. Неліктен бізге де сондай команда құрмасқа деп ойланып, бізді жақсы қолдаған Жандос Қалтаевпен бірге (ол сол кезде депутат Бахарам Әбдікаримовтың көмекшісі болатын) команда құрдық, – дейді Саша. – Айтқандай, бізге «13 легион» деген атауды тапқан да сол Жандос болатын. Команданың басында 4 жігіт бірге жүрдік – Любомир Богацкий, Дмитрий Подебида, Расул Ядаров және мен. Чемпионаттарға да бірге қатысып жүрдік.

 

Спорттан – жаппай іс-шараларға

Осыдан кейін бұл жігіттер тек спортпен жаттығып қана қоймай, халық арасына шығып, жастармен кездесе бастайды. Түрлі флэш-мобтар ұйымдастырып, спорт жарыстарына мұрындық болады. Бұл бастама қала тұрғындарына да ұнап, жастардың құр сандалып жүрмей, спортпен шұғылданғанын қолдайды.

iYpidesE80g

– Ол кезде жеткіншектердің интернеттен шықпай отыру проблемасы аса қатты білінбейтін еді. Жастар жиі жиналатын. Денелері сымдай тартылған жігіттерді көріп, біздің қатарымызға қыздар да қосыла бастады, – деп күлді Саша. – Кейіннен жастар арасында біршама танымал бола бастаған кезімізде түрлі іс-шаралардың ұйымдастырушылары бізді шақыра бастады. Біз де түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, мектептерде, университеттерде шеберлік-сабақтарын өткізе бастадық. Қала күні сияқты мерекелердегі жаппай серуендерге қатыса бастадық.

Осылайша воркаут қозғалысы дамып, жігіттерге енді осындай іс-шаралар үшін қолайлы әрі жиналмалы турниктер қажет бола бастады. «Сол кезде «13 легион» командасын «Алтын дән» компаниясының директоры Бахарам Әбдікаримов жақсы қолдады» дейді Александр. Қайырымды ағалары жастардың алғашқы жарыстарын өткізуге көмектеседі. Воркаутшылар алдымен орталық саябақтан алаңша құрып, белтемір жасайды. Ондағы ойлары – тек анда-санда қолданатын ғана емес, үнемі дайын белтемір алаңын жасау болатын. Осы уақыттарда 11 адамнан тұратын команда алғаш рет Астанада өткен әлем чемпионатына барып келеді. Саша сол кезде қолдау көрсеткен ағаларымен әлі байланысып тұратынын айтты.

 

Биліктің қолдауы

Жастар уақыт өткен сайын алдарына биік мақсаттар қойып, соған жетуге тырыса бастайды. Қалада спорт алаңшаларын көбейтіп, воркаутты халыққа қолжетімді етуді мақсат тұтады. Бақтарына орай Шымкентке әкім болып Ғабидолла Әбдірахымов келген соң воркаутшыларды қолдау күшейе түсті.

– Алдымен бір, содан кейін келесі спорт алаңшасын салдық. Ал қазір қаламызда 7 спорт алаңшасы бар, – дейді Александр. – Бұл тек біздің ғана емес, қарапайым, 17-18 жасар бозбалалардың жетістігі дер едім. Командамыздағы жастар қаладағы бұқаралық спорт деңгейін арттыруға өз үлестерін қосты.

brMGz6isZ0U

Енді воркаутшылар тек жастардың спорт қозғалысы ғана емес, қоғамдық ұйым, салауатты өмір салтын қалыптастыруда өзіндік орны бар қозғалыс ретінде дами бастайды.

– Іске шындап кірістік. Содан кейін 2015 жылы өзіміздің арнайы залымызды аштық, – дейді Саша. – Оны әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес-жоба ретінде қолға алдық. Абономенттер өте арзан болды. Ал жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер залда тегін жаттыға алатын. Бізге бұл зал өзіміздің сүйікті ісімізден қаржы таба алатын жоба ретінде ұнады. Ал залды «Нұр Отан» партиясы ғимаратының төменгі қабатынан аштық. Онда бір кездері айына 150 адам жаттығып жүрді.

 

#Басқажолға қадам басу

Арада біраз жыл өткен соң «13 легион» командасы бөлінді. Дегенмен, арада ешқандай дүрдараздық болмады дейді жігіттер.

IMG 2944

– Арамыздағы бәсекелестікті дамыту үшін мен бұрынғы топтан шығып, жаңа командамды құрдым. Оны өзіміздің жігіттермен ақылдасып, #Басқажол деп атадық, – деп жалғады сөзін Александр. – Яғни, болашаққа қадам басар жол деп ұғынамыз. «Басқа жол» командасымен бірге көптеген жарыс ұйымдастырдық. Тек спорттық іс-шаралар ғана емес, мемлекеттік бағдарламаларды да қолдаймыз. Яғни, мемлекет, қоғам және бизнес үштігінің бір ортаға тоғысуы деуге болады. Және бұл біздің қолымыздан келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік жобаларымыз бар, бизнес-жобаларымыз бар. Біз жастар саясаты бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жоспарымыз сәтті жүзеге асуда дей аламын. Жақында Шымкенттегі воркаут клубтары арасында жарыс өткіздік. Ондағы мақсат – бізде жаттығатын оқушыларға серпін беру. Нәтижесінде біз жеңіске жеттік. Дегенмен, жеңіс біз үшін басты мақсат емес. Ең алдымен ішкі тұрақтылық пен тәртіп, жастардың бір-біріне деген қолдауын дамыту болатын. Ал спортшы жастарымыз қалаішілік жарыстардың әрқайсысында дерлік жүлдегер атанып келеді.

 

Жоспар – клубтар желісін құру

– Біз алдымызға әрқашан биік мақсат қоямыз. Биыл қаламызда клубтар желісін ашуды ойластырып отырмыз. Жуырда ғана кәсіпкер Болатбек Алиев ағамызбен кездестік. Бизнесмен енді бізге көмектеспек. Әкімдік пен кәсіпкерлердің алдында бізді таныстыруды өз мойнына алды. Енді алдағы 2-3 айда қалада тағы бір клуб ашуды жоспарлап отырмыз. Сөз соңында айта кетейік, қандай да бір жетістіктеріміздің барлығы тек бір адамның емес, бүкіл команданың еңбегі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.