«Жетісу» кубогы ОҚО командасына бұйырды Избранное

Среда, 02 Май 2018 03:53 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 449 раз

Талдықорғанда өткен облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдығына арналған мини футболдан республикалық турнир тарихи жеңіспен есте қалды. ОҚО Журналистер Одағы командасы Жетісу өңірінен жарқын жеңіспен оралды.

Іс-шараны Алматы облыстық әкімдігі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жастар спорт сарайында еліміздің ең үздік 9 командасы бақ сынады. Бәрі де республикалық бәсекелерде көзге түсіп жүрген командалар. Бір-бірінің әлеуеттерін жақсы біледі. Сол себепті де, доп додасы тартысты өтті. 

ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қаласының әкімдігі, ОҚО Журналистер Одағы әріптестерімізге қолдау көрсеткен-тін. Турнирге алаңсыз қатысып қайтуларына бар жағдайды жасаған. Осынау жауапкершілікті сезінген жігіттер де сенімді ақтады. 

Жерлестеріміз топтық кезеңде «Жетісу» командасын 7:0, Sport 59 командасын 5:0 және Алматы құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Азулы «Хабар» командасының ойыншыларына 5:6 есебімен жол берсе де, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда жігіттердің аздап жүйкелері сыр бере бастағандай еді. Бірақ жігерлі футболшылар қиындықтан жол тауып кетті. Қорытынды есепте Тараз командасынан 2:1 есебімен басым түсті.

ОҚО жігіттері соңғы финалдық ойында Қызылорданың «Ақмешіт» командасын 4:0 есебімен тізерлетіп, кубокты жеңіп алды. 

Жеңімпаз командаға 700 мың, екінші орын иегеріне 500 мың, үшінші орын иегеріне 300 мың теңге қаржылай сыйақы берілгенін де айта кеткен жөн.

Облыс журналистерінің командасы С. Бердіқұлов турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Соңғы 4 жыл бойы жартылай финалдан қайтып жүрген. Биыл республикалық бәсекеде алғаш рет жеңімпаз атанып отыр. 

– Тараз командасына қарсы ойын психологиялық тұрғыда өте ауыр болғаны рас. Намысқа тырысып, психологиялық бөгеттен өте білдік. Талдықорған жұртшылығы зор ықыласпен күтіп алды. Сайысты ұйымдастырушы Алматы облысының әкімдігіне алғыс айтамыз. Жігіттер С. Бердіқұлов бәйгесінде де жүлделі орындарға ілігуді мақсат етіп отыр, – дейді ОҚО командасының капитаны Арай Есенбек. 

Бұл турнирдің жөні бөлек расында. Әріптестердің арасында достықты нығайту, бұқаралық спортты насихаттауды мақсат еткен жарыстың берері мол.

Алда – Бердіқұлов бәйгесі. Облыс журналистерінен жасақталған команда ол сында да жеңіспен қуантатынына сенеміз.

Последнее изменение Среда, 02 Май 2018 04:48
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « «Қыран» қайта түлеуде «Сенің жаңа қырың!» »