200-ден астам бала футбол ойнайтын алаң Избранное

Пятница, 10 Август 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 395 раз

Шымқалада жастарды бұқаралық спортқа баулитын жаңа нысан тұрғындар игілігіне берілді.

DSC 5246

Абай ауданындағы Жиделі шағынауданынан бой көтерген футбол кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылып отыр.
Мұнда жергілікті 5 жастан 18 жасқа дейінгі жастардың жыл он екі ай доп тебуіне мүмкіндік бар. Жаңа нысанның тез арада пайдалануға берілгеніне шағынауданның жасөспірімдері де, ақсақалдары да дән риза.
Бүгінде қала жастарының футболға деген қызығушылығы арта түскен. Әсіресе, шағынаудандарда мұндай жаңа нысандар көптеп қажет. Кәсіпкерлер осы жағдайды терең зерделеп, жақсы істі қолға алыпты. Шағынауданда 5000-ға жуық адам тұрады. Жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытында бір сәт тәжірибелі маманнан футбол әліппесін үйреніп, өз-өздерін дамытуға барлық жағдай жасалды.
«Шалқар Бастау» ЖШС футбол кешенінің құрылысын үш айдың ішін-ақ аяқтады. Құрылысқа жалпы 84 566 400 теңге жұмсалған.
Серіктестік құрылтайшысы Бек Айдосов нысанды салудағы басты мақсаты шағынауданның жастары мен жасөпірімдерінің бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтына баулу екенін айтады. Алдағы уақытта осы спорт нысаннан кәсіпқой футболшылар шығатынына сенім зор.
– Негізінен құрылыс жұмыстарын ерте аяқтағанбыз. Құжаттарын реттеуге біршама уақыт кетті. Негізгі мақсатымыз – жастарды спортқа тартып, олардың ішінен әйгілі спортшыларды баптап шығару. Жоспарымызды жүзеге асыруда мемлекеттен де көптеген жәрдем берілді, – дейді кәсіпкер.
240 балаға арналған кешенде барлық жағдай бар. Киім ауыстыру, жуынатын бөлмелері, тынығатын орындар қарастырылған. Мұнда 4 бапкер балаларды футболдың қыр-сырына үйретпек. Жаңа нысанның ашылу рәсімінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та жабық кешендегі спорт нысанынан көптеген дарынды жастар шығатынынына сенім білдірді.
– Шағынаудан жастарының спортпен айналысуға толық жағдай жасалды. Кәсіпкерлер бүгінде әлеуметтік нысандарды салып, елдің дамуына үлес қосып жатыр. Осындай ізгілікті істерді басқа да азаматтар жалғастыра берсе дейміз. Әрине, шалғайдағы елдімекендерден осындай заманауи кешеннің соғылғаны ерекше оқиға. Осы жерден ел чемпиондары шыға берсін, – деді аудан әкімі нысанның ашылуында.
Жаңа кешеннің ашылу рәсіміне Шымкент қаласының денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов, спорт ардагерлері Ақжол Асқаров, Махамбет Сапарбаев қатысып, өз құттықтау лебізін білдірді. Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы қазір кәсіпкерлерге қол болып тұр. 15 жылға жасалған келісім-шарт бойынша енді екі тарап қаладағы бұқаралық спортты дамыту жұмысын бірлесе атқарады.
Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қазығұрт шағынауданынан да тағы бір спорт кешенін пайдалануға беру жоспарда. Осылайша қаламыздағы бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатындағы жобалар жалғасын таппақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.