Версия для печати

«Ордабасы»: басты міндет – үздік үштікке ену Избранное

Пятница, 17 Август 2018 04:37 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3806 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Біздің қазақтың «Доп ойнаған тозар...» дейтұғын мақалын бүгінгі заманның ыңғайына салып, «Доп ойнаған озар...» деп өзгертсек, әсте артық айтқанымыз емес. Сөз жоқ, қазір доп қуғандар озып тұр. Керемет ойынымен, әдемі дриблингтерімен жанкүйерлердің жанарын жаулаған Роналду мен Месси, Модрич пен Мбаппені былай қойғанда қарапайым ортаңқол футболшылардың өзі осы ала доп арқылы дәулетін еселеп, табысын арттырып жүр. Әлемдегі нөмірі бірінші спортқа баланатын футбол ойынымен кәсіби түрде шұғылданатын спортшылардың саны өте көп, ал бұл спортқа құмартқан жанкүйерлердің қарасы тіпті қалың. Осыған қарап-ақ бұл футболдың шын мәнінде бұқаралық сипат алып, көптің қызығушылығына ие болғанын әрі аса табысты сала екенін аңғару қиын емес.

aff9b7b0a06c7e04dd62c03a2def6c54

Клубтың бар мәселесі шешіледі

Айтпағымыз, қазіргі қазақ футболы туралы еді. Құдайға шүкір, футболға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес. Жыл сайын жаңа стадиондар салынып жатыр, бапкерлерге де зор көңіл бөлінуде. Жуырда ғана облыстан «еншісін» алған Шымкент шаһарында да футбол мектептері де ашылып, олардың саны көбейіп келеді.
Ел біріншілігінде облыс намысын қорғап келген «Ордабасы» клубы таяуда Шымкенттің балансына өтіп, қаланың төл командасы атанды. Қала әкімдігінде өткен мәжілісте шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов жоғарыдағы жаңалықты БАҚ өкілдерімен бөлісіп, клубтың жаңа президенті етіп Нұржан Қатаевты тағайындады.

DSC 6064

– Алдағы кезде команданың мықты ойын өрнегін көрсетуі үшін әкімдік тарапынан жоғары деңгейде қолдау көрсететін боламыз, – деді сол жиында қала әкімі Ғ. Әбдірахымов. – Дәл қазір шымкенттік клуб ел біріншілігінің турнир кестесінде 4 орында келе жатыр. Бұл да жаман нәтиже емес. Дегенмен, одан жоғары көтерілуге команданың мүмкіндігі бар. Бәріңіз білесіздер, командада талантты, тәжірибелі ойыншылар аз емес. Олар жанкүйерлердің үмітін ақтап, жеңіс сыйлап, қуантады деп ойлаймын. Бұған дейін, әрине, командада біраз қаржылық мәселелер туындаған болатын. Алда ол мәселені шешеміз. Клубтың жаңа президенті болып тағайындалған Нұржан Қатаевқа да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол талай қызметте ысылған білікті маман, өзі де ел намысын абыроймен қорғаған белгілі спортшы. Енді команданы көтеріп, жаңа жетістікке жетуіне өз үлесін қосады деп сенемін.

Қазақстандағы үшінші үлкен стадион

Шырайлы өлке Шымкенттің атынан сынға түсетін «Ордабасы» клубының жаттығу жасайтын алаңының бүгінгі күйі қандай? Ойыншылардың әлеуеті қай деңгейде? Команданың тарихы, жетістігі туралы не білеміз? Клубтың алдағы межесі қандай болмақ? Осы сауалдарға жауап іздеп әрі өткенді бір саралап көрсек.
«Ордабасының» жаттығу базасы ол, әрине, қаламыздағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион.
Қазақ күресін барша жұртшылыққа мойындатқан Қажымұқан атамыздың атындағы стадионның негізі 1967 жылы қаланған болатын. Шымшаһардағы бұл алаң бір уақытта 20 000 жанкүйерді қабылдай алады. Аталған алаңның көлемі - 105х68, сыйымдылығы – 24 000, алғашында 32 мың көрерменге лайықталған стадионға қайта жөндеу жұмыстарынан кейін ағаш орындықтардың орнына пластикалық орындықтар қойылып, сыйымдылығы біршамаға қысқарды. Көлемі жағынан Қазақстанда 3-орынды алатын осы стадионда «Ордабасы» өз ойындарын өткізеді.
1988 жылы құрылған «Ордабасы» кәсіби футбол клубы бүгінде Қазақстан Премьер-Лигасында ойнайды. Қазақстан Кубогының және Суперкубогының жеңімпазы. Аталмыш клуб 1998 жылы «Жігер» мен «Томирис» клубтарының қосылуымен пайда болды. Қазақстан чемпионатының құрылуынан кейін, 11 маусымды жоғарғы дивизионда (1992 жылдан бастап 2001 жылға дейін «Жоғарғы Лига» деп аталды, 2002 жылдан 2007 жылға дейін «Суперлига» деген атпен белгілі болды, 2008 жылдан бастап «Премьер-Лига» деп аталады) өткізді. Клубтың негізгі формасы ақ, сырт алаңда көк жейдемен өнер көрсетеді.
Футбол клубы 1998 жылы – «Томирис», 1999 жылы – «Синтез», 2000 жылы «Томирис», 2000-2002 жылдары – «Достық», ал 2003 жылдан бастап «Ордабасы» футбол клубы болып аталып келеді.

Өшкеніміз жанып... Жанкүйерлер қуанып жатыр

Естеріңізде болса, былтыр стадионның шамдары жанып, прожекторлары (жарықшамдары) жаңартылды. Осылайша «Ордабасы» клубы өз алаңындағы ойындарын аталған стадионда кешкі уақытта да өткізіп жүр.
Жасырары жоқ, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жарық мәселесі жергілікті командалардың өз алаңындағы ойындарын өткізуге көп кедергі жасағаны белгілі. Қазақстанның футбол лигасы орталық стадионда ойындар өткізуге тыйым салған соң «Ордабасы» өз кездесулерін «БИІК» алаңқайында және ЕУРО лига аясындағы ойындарды Алматының Орталық стадионында өткізуге мәжбүр болды. Былтыр мемлекеттік бюджеттен бөлінген 204 млн теңгеге сапалы жарықшамдар орнатылды.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі үшінші ірі стадионның жарық қондырғылары 50-жылдан бері алмастырылмаған екен. Мұнда жарықшамдар ЕУРО талаптарына сай, яғни италиялық заманауи электр қондырғыларымен жабдықталды. Шамдардың жарық беру қабілеті де бірнеше атқарымды (функциялы). Атап айтқанда, жаттығу жұмыстарына, ресми ойындарға және телетрансляциялы ойындарға арналған.

«Ордабасының» қазіргі әлеуеті қандай?

Дәл қазір «Ордабасы» клубы 30 ұпаймен турнир кестесінде 4-орында нық тұр. Үздік үштікте – «Астана» (54 ұпай), «Қайрат» (51 ұпай) және «Тобыл» (38 ұпай).
Маусым айында «Ордабасы» футбол клубына жаңадан бас бапкер тағайындалғаны белгілі. Қазір ордабасылықтарды грузин маманы Кахабер Джумберович Цхададзе жаттықтаруда. Ол Грузияның ұлттық құрамасын, Бакудың «Интер» клубын баптаған. Одан кейін Алматының «Қайрат» футбол клубын жаттықтырғанын да жұртшылық жақсы біледі.
– Жаңа бапкер біздің команданы жоғары көтеретініне күмәніміз жоқ. Өйткені, ол кезінде жақсы футболшы да болған. Келісімшартымыздың алғашқы мерзімі жыл аяғына дейін жасалды. Ол бізге, біз оған ұнауымыз керек. Команданы көруі керек. Кахабер Цхададзе жаттықтыратын командамыз жақсы ойын көрсетсе, онда содан кейін тағы 1-2 жылға келісімшарт жасай береміз. Ал жаңа бас бапкерге биылғы маусымға қойып отырған басты тапсырмамыз – үшінші орынға шығуымыз керек. Біз үшінші орынға ұмтыламыз. Бар күшімізді соған жұмсаймыз, – дейді клубтың қаржылық жөніндегі директоры Б. Байсейітов.
Еске салсақ, «Ордабасы» футбол клубын бұған дейін болгар маманы Георги Дерменджиев жаттықтырған болатын. Ол жаттықтырған тұста ордабасылықтар Премьер-лигада 13 кездесу өткізді. Оның алтауында жеңді. Биылғы маусымның алғашқы төрт ойынында қатарынан жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Әйткенмен, кейін алты ойында жеңіліп, біреуінде тең түсті. Жеңілістер сериясы бірнеше ойынға дейін жалғасты. Барлығы 15 доп соғып, 19 гол жіберіп алды. Осылайша, былтырғы маусымның қола жүлдегері атанған команда биылғы маусымның бел ортасында 19 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орынға түсіп қалды. Қазір «Ордабасының» қоржынында – 30 ұпай.
Ойыншыларға келсек, «Ордабасыны» өрге сүйреп жүрген облыс футбол мектебінің түлектері Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев «Тобылға» кетті. Бұл екі ойыншы ел біріншілігіне әбден төселген көшбасшылар-тұғын. Есесіне, биылғы маусымда команда құрамына Тимур Досмағамбетов, Әлішер Сүлей, Сергей Хижниченко, Виталий Ли, Дамир Даутов, Жасур Нарзикулов сынды ойыншылар қосылды. Ардагер ойыншы атанған қақпашы Давид Лорияға да командадан орын табылды. Шетелден Хрвое Спахия (Хорватия), Джамбул Джигаури (Грузия) және Факундо Бертольо (Аргентина) шақырылды. Дегенмен, шетелдік ойыншылардан Фонтанелло, Ковальчук, Бочаров пен Диакате ғана сенімді ақтап жүр. Олардың ішінде сенегалдық Диакатеге көпшілік дән риза. Қайсар мінезді азамат 7 доппен командадағы мергендер көшін бастап тұр. Егер өзге футболшылар да осы жігіт сияқты тер төксе, «Ордабасы» бұдан да жоғары орында тұратыны анық.
Былтыр өз тарихында «Ордабасы» тұңғыш рет қола жүлде алғаннан кейін Еуропа лигасына жолдама алған болатын. Бірақ, клуб сәуір айында УЕФА-ның клубтық турнирлерінен шеттетілді. Дәлірегі, Еуропа Лигасына қатыспайтын болды. Бұған клубтың әлеуметтік қорлар мен салықтық органдар алдында кредиторлық қарыздарын белгілі бір мерзімге дейін өтемей, кешіктіруі себеп болған. Биыл мұндай келеңсіздер болмайды деп ойлаймыз.
«Ордабасы» клубы баспасөз қызметінің өкілі И.Кадыровтың мәліметінше, шымкенттік команданың үшінші орын алуына мүмкіндігі мол. Трансфер маусымы жабылғанымен, команда сапында көшбасшы ойыншылар жетерлік. Таяуда «Ордабасы» сырт алаңда «Шахтермен» кездесіп (есеп 0:0), ұпай алып қайтты. Енді «Ордабасы» 19 тамыз күні Қызылордада жергілікті «Қайсар» командасымен күш сынасады.

 

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ, Шымкент қаласының әкімі:

33-696x405

– «Ордабасы» клубы қазір қаланың балансына өтті. Алдағы кезде команданың мықты ойын өрнегін көрсетуі үшін әкімдік тарапынан жоғары деңгейде қолдау көрсететін боламыз. Дәл қазір шымкенттік клуб ел біріншілігінің турнир кестесінде 4 орында келе жатыр. Бұл да жаман нәтиже емес. Дегенмен, одан жоғары көтерілуге команданың мүмкіндігі бар. Бәріңіз білесіздер, командада талантты, тәжірибелі ойыншылар аз емес. Олар жанкүйерлердің үмітін ақтап, жеңіс сыйлап, қуантады деп ойлаймын. Рас, бұған дейін командада біраз қаржылық мәселелер туындаған болатын. Алда ол мәселені шешеміз. Клубтың жаңа президенті болып тағайындалған Нұржан Қатаевқа да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол талай қызметте ысылған білікті маман, өзі де ел намысын абыроймен қорғаған белгілі спортшы. Енді команданы көтеріп, жаңа жетістікке жетуіне өз үлесін қосады деп сенемін.

Намазбай ӘБДІҚҰЛОВ, Шымкент қаласының
денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

намазбай

– «Ордабасының» үздік үздік үштікке енуіне әлеуеті толық жетеді деп ойлаймын. Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың талабы да осы – жүлделі орынға ілігу. Былтыр команда жақсы ойын көрсетіп, қола жүлдегер болды. Қазіргі құрамы да осал емес. Тек тактика дұрыс болса болғаны. Мен «Ордабасының» барлық ойынын стадионға келіп тамашалап жүрмін. Соңғы 4-5 турдың ойыны ала-құла болып кетті. Ойыншыларда тәжірибе бар, бірақ жігер жетіспей жатты. Жалпы біздің жанкүйерлер өте белсенді, командаға адал. Тіпті, футболшылардың қателігін де кешіре біледі. Десе де, біздің футболсүйер қауым жігерсіздік пен намыссыздықты кешіре алмайды. Сондықтан ойыншылар жеңіс үшін жанын салуы тиіс. Өткенде қала әкімі «Ордабасының» «Қайсармен» болған ойынын тамашалады. Ойыннан соң әкім футболшылармен, бапкерлермен кездесті. Сонымен қатар, стадионның директоры Құралбек Өкшебаевпен бірге жаттығу алаңын да аралаған болатын. Жан-жақты қолдау көрсететін айтты. Сол кездесуде шаһар басшысы Қажымұқан атындағы Орталық стадионға алдағы уақытта күрделі жөндеу жүргізілетінін мәлім етті. Сол жерде жауапты мамандарға тапсырма да берді. Ол жоспар бойынша стадионның жанкүйерлер отыратын бөлігінің үсті жабылуы тиіс. Халықаралық стандартқа сәйкес солай болуы қажет. Көп ұзамай бұл жоспар да жүзеге асып қалады.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.