Версия для печати

Шымкенттік спортшылар 12 жүлде олжалады Избранное

Среда, 05 Сентябрь 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4466 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Екі аптаға созылған Жазғы Азия ойындары мәресіне жетті. Үміт пен күдік арпалысқан додада ел спортшылары да жарыс көрігін қыздырды. Жалпы, еліміздің атынан 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынады. Дүбірлі додада отандастарымыз аянып қалған жоқ. Дегенмен, әттеген-ай дейтін жағдайлар да болды. Жалпы командалық есепте бізге бұйырғаны - 9-орын.

40172288 1921865714528358 4628077709572964352 n

Байрақты бәсекеде Қытай спортшылары 132 алтын, 92 күміс, 65 қола (жалпы 289 медаль) жүлдемен талассыз озды. Екінші орынға 75 алтын, 56 күміс, 74 қола жүлдесі бар Жапония елі жайғасты. Үздік үшінші орынды түйіндеген Корея құрамасы 49 алтын, 58 күміс, 70 қола жүлде жеңіп алды. Жарысты ұйымдастырушы Индонезия спортшылары төртінші орынға тұрақтады: қоржында 31 алтын, 24 күміс, 43 қоласы бар.
Ал Қазақ елінің спортшылары 15 алтын, 17 күміс, 44 қола, жалпы 76 медаль еншілеп, 9-орынға қанағат еттік. Джакартада негізінен велоспорт (2 алтын), джиу джитсу (2 алтын), көркем гимнастика (2 алтын), самбо (2 алтын) шеберлері үздік нәтижеге жетті.

Қала спортшыларының қоржынында – 12 жүлде

40355664 2134891983393610 2741229676574801920 n1

Төрт жылда бір келетін додаға Шымкент қаласынан 36 спортшы аттанған еді. Өрендеріміз 12 жүлдемен оралды: 3 алтын, 3 күміс, 6 қола жүлде. Әсіресе, көркем гимнасшылар 2 алтынмен бүкіл елді қуантты. Құрама сапындағы Даяна Әбдірбекова мен Алина Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің шәкірттері.
Ескек есуден Инна Клинова да алтын жүлдені қоржынға салды. Сондай-ақ, Севара Нышанбаева (дзюдо), Эльмир Әлімжанов (семсерлесу), Данияр Юлдашев (каратэ), Мария Дмитриенко (стенд ату), Пирмаммад Алиев (батутта секіру), Дмитрий Коблов (жеңіл атлетика), Ерсұлтан Мұзаппаров (белбеу күресі) сынды спортшылар қола жүлде жеңіп алды.
Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің ұжымы жеңімпаз спортшыларды Шымкент әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды.
Азия ойындарында ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттеріне зор сенім артқан еді. Сенім ақталды - Қазақ қыздары Азия ойындарының жеңімпазы! Жекелей сында да, командалық сайыста да.
Тіл-көзіміз тасқа, отандық көркем гимнасшыларымыздың өнері әзірге қуантады. Өзгелерге есеміз кете қойған жоқ. Гуанжоуда да өз биігімізден түскен жоқпыз. Бейжің ойындарынан кейін спорттық ғұмырын аяқтаған Әлия Юсупованың лайықты ізбасарлары бар екеніне көңіл тоғайды, әрине.
Юсупованың орнын жоқтатпаған Анна Алябьева Гуанжоу додасын жеңіспен аяқтады. Жекелей сында өзбекстандық Ульяна Трофимова, кореялық Сонг Ен Жаені де соңында қалдырып, мәреге бірінші болып келді. Мұнан бөлек командалық сайыста да біздің бағымыз жанды. Мадина Мұқанова, Анна Алябьева, Мизана Исмайлова, Марина Петракова өкшелей қуған өзбек, жапон қыздарын да артта қалдырды. Сөйтіп, Дохадағы жеңісімізді қайталап, тағы да жалпы есепте бірінші орынға шықтық.
Рас, жеңісті жолымыз үзілмек емес. Мұны көркем гимнасшыларымыз Джакарта төрінде дәлелдеп берді. Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова, Адиля Тілекенова командалық сайыста жеңімпаз атанды. Ал Алина Әділханова жекелей көпсайыста да чемпион болды. Осылайша екі алтын жүлде де біздің еншімізге тиді. Командалық сайыста Өзбекстан – 2, Оңтүстік Корея үшінші орыннан көрінді. Жапония, Қытай, КХДР арулары артта қалды. Жекелей сайыста Алина Әділханова 66.800 ұпайға ие болды. Өзбекстандық Сәбина Ташкенбаева 65.850, Қытай елінің спортшысы Жао Яитинг 65.550 ұпай жинады.
Жалпы есепте де Қазақстан құрамасы үздік шықты. Жеңіс жеңіске ұласа бергей! Ендігі мақсат – 2020 жылғы Токио ойындары. Ал біз аруларымызға сәттілік тілейміз!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.