Ер кезегі үшке дейін... Избранное

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:29 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 444 раз

«Дүние алма кезек» деген. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өткен кәсіпқой бокс кеші осыны ұқтырғандай. Орта салмақта әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) қарымта кездесуде мексикалық қарсыласынан ұпай айырмасы бойынша жеңілді. Рас, жанкүйерлердің пікірі әрқилы. Дегенмен, екі боксшы да төзімділіктің нағыз үлгісін көрсетіп, гонгтың соңғы үні естілгенге дейін жұдырықтасты.

1113

Белдікті қайтаруға бекініп отыр

Жекпе-жек толық 12 раунд өтіп, төрешілер шешімі бойынша Сауль Альварес жеңіске жетті (115-113, 115-113, 114-114). Әлемдік бокс мамандары, отандастарымыз да бәсекенің нағыз драмалық шоу болғанын айтады.
Рас, бұл кездесу жылдың басты жекпе-жегіне баланған. Алғашқы раундтан-ақ отандасымыз қарсыласын жойқын соққылардың астына алды. Соңғы раундқа дейін мексикалықты тықсырып, бар күшін сарқыды-ақ. Дегенмен, төрешілердің шешімі басқаша болды.
Кәсіпқой бокс – бизнес. Санамызда бұрыннан солай сіңісіп кеткен пікір бұл. Бұған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе жекте көз жеткізіп отырмыз. Көпшілік үлкен бокс кешінің құйтырқы әрекеттері, қыры мен сырына енді қаныға бастағандай. Түптеп келгенде, кәсіпқой бокс елдің абыройы, үлкен қаржы айналымы жүрген қайнаған орта.
Қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр. Айтылуы заңдылық та. Кәсіпқой боксқа даңғыл жол салған Геннадий Головкиннің ғажайып жеңістеріне үйренгенбіз. Бұған дейін жеңілістің не екенін білмей келген. Әттеген-айы, «Ти Мобайл» аренасы отандасымыз үшін сәтсіздік әкелді.
Жалпы, Геннадий Головкинің елімізге сыйлаған жеңісі көп. Бүгінде қазақ жігіттері де АҚШ-қа кетіп жатқаны мәлім. Бәрінің де арман-мақсаты – Головкин сияқты майталман боксшы болу. Отандастарымыз да бұл есені қайтармаққа бекініп отыр.
Таяуда кәсіпқой боксқа ауысқан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы: «Канело», қуанышың ұзаққа созыла қоймас. Саған қазақ боксының стилі қандай екенін көрсетемін. Жекпе-жекке дайынмын!» деді әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жас дарынды боксшы Садриддин Ахмедов те қарап қалған жоқ. «Әзірге, сабыр етейік. Әлі уақыт келеді. Алла нәсіп етсе, бұл белдіктер өз еліне міндетті түрде қайтады!» дейді ол.
Бұл жігіттер дәл осы орта салмақта бокстасып жүр. Мейірім Нұрсұлтанов, Данияр Елеусінов те кәсіпқой бокстың дәмін татып үлгерді. Әлі-ақ, есе қайтатындай көрінеді-ақ.
– Қазақтың атын күллі әлемге танытқан тарланның тұяғы тасқа тиді. Әділетті айқаста арыстанша алысып, жолбарысша жұлқысып барып, қамшысын қолдан түсіріп алғаны, әттегене...Шеберлігі шырқау шыңына жеткен, тәжірибесі әбден толысқан саңлаққа өйтпедің-бүйтпедің деп сөз айтудың өзі ақылға сыймайтын шаруа. Бұл – тағдыр. Мұндай кепті атағы жер жарған чемпион атаулының бәрі де киген. Тек, мұны кәтепті қара нардай көтере білу керек. Халықтың осынша махаббатына ие болудың өзі пенде баласына бұйыра бермейтін бақ қой. Мәселе – мықты болсаң, теңселіп кеткеніңде де осы бақты тепе-тең қалыпта ұстап тұруда.
Шаршы алаңда талай мықтыны тізерлетіп, шаттықтың тұғырында мейманаң тасып тұрғаныңда, қазағым да «Батырым!» деп сенімен қоса талай мәрте мағмұрланған. Ендігі тұғырдан түскеніңде де өзекті өртеген өкінішіне қарамастан, сенің еңсеңнің түспеуін тілеп жатыр. Міне, балам дейтін ел!, – деді қарағандылық журналист Қайрат Абдолла әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Лондон немесе Абу Дабиде ұйымдастырсыншы» 

Кәсіпқой бокс бизнес екенін айттық. Сонымен қоса, шаршы алаңдағы бәсекелерге кейде саясаттың салқыны да тиіп жатады. Жалпы, АҚШ-та 35 млн-ға жуық мексикалықтар тұрады. Бұл – үлкен әлеует екені рас. Онымен қоса, бұл күні Мексика елі өз Тәуелсіздігін тойлап жатты. Мұндайда спорт жарыстарының да саясиланып кететіні бар емес пе?!
Әлемдік кәсіпқой бокс майталмандары да негізінен Головкиннің жеңгенін айтады. Мәселен, аса ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Леннокс Люис бұл жекпе жекте Головкин жеңгенін мәлімдеді. Одан бөлек, америкалық Теренс Кроуфорд, бұрынғы қарсыласы Дэниель Джейкобс та Головкин жеңді деген пікірде.
Әлемдік бокс майталмандары үшінші бәсекені көргісі келетіндерін айтуда.
Бұл ретте біз де бірқатар батыс басылымдарын шолып шықтық. Британиялық «Telegraph» басылымының бокс сарапшысы Роб Крилли де мұны айтып өткен.
– Мен бұл шешіммен келіспеймін. Бұл бәсеке Мексиканың Тәуелсіздігі күніне тұспа-тұс келіп тұр. Не айтуға болады?! Трилогия одан әрі жалғасатын шығар, – дейді ол.
Сондай-ақ, британдық бокс жанкүйерлері осы сыңайда пікірлер білдірген. «GGG үшін Лас-Вегаста жұдырықтасуы тиімсіз болды», «Еш күмәнсіз букмекерлер өз мақсаттарына жетті», «Меніңше, үшінші бәсеке Лондонда немесе Абу Дабиде өтсе, дұрыс шешімі шығар еді. Екеуі де ұлы боксшылар!», «Келесі бәсекені Лондонда ұйымдастырсыншы» «Головкин екі жекпе жекте де жеңді. Бұл жерде ақшаның рөлі ойнап кетті» деген британдық жанкүйерлердің пікірлерін көзіміз шалды.
Үшінші бәсекенің өтуі мүмкін бе? Оны да тамашалауымыз әбден мүмкін. Екі боксшы да үшінші жекпе жекке шығуға дайынмын деген сыңайда пікір білдірді. «Дұрыс шарттар жасалса, әрине келісім беруге дайынмын», – дейді Головкиннің өзі.
«Ер кезегі үшке дейін». Атақты кәсіпқой боксшылар Джордж Форман мен Рой Джонс та үшінші қарымта кездесуді көргісі келетіндерін жасырған жоқ. Әрине, бәріне уақыт төреші. Үшінші жекпе-жекте кеткен есеміз қайтар, бәлкім?!.

Последнее изменение Четверг, 20 Сентябрь 2018 05:38
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.