Жаңа жылда жетістіктер көп болмақ

Пятница, 11 Январь 2019 05:19 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4727 раз

Шымкентте дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. «Тұмар» спорт кешенінде қалалық №18 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігі аяқталып, аталған ұжым жылды жемісті қорытындылады.

DSC 4055-1

Жарыста 80-нен астам спортшы бақ сынады. Бұл – алда өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы. Мектеп басшысы
Дүйсенбай Мергенбаевтың айтуынша, өткен жыл толағай табыстар мен көптеген жаңалықтарға толы жыл болған. Оның алғашқысы –бұрынғы облыстық №3 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандандырылған спорт мектебі Шымкент қаласының дербес қала статусын алуына байланысты қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағына қосылуы.

DSC 4064

– Ауыз толтырып айтар жетістігіміздің бірі – қол күресінен Нұрдәулет Айдархан есімді шәкіртіміз ересектер арасында қатарынан үш рет әлем чемпионы атанды. Сол спортшымызға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілсе, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 18-і спорт шебері нормативін орындады. Биылдан бастап грек рим күресінен шәкірттер тәрбиелеуді қолға алдық, – дейді Д.Мергенбаев.
Бұл мектепте бүгінде спорттың 11 түрінен 911 саңлақ спортпен кәсіби деңгейде айналысуда. Оларды 67 жаттықтырушы дайындайды. Болашағынан көп үміт күттіретін жастардың арасында халықаралық жарыстардың жеңімпазы Шерзат Давлатов та бар. Ал боз кілемде шеберлігімен талай жеңіске жеткен Еркебұлан Абдулла бұған дейін ауыр салмақта Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. Сонымен қатар Қазақстан чемпионы Гүлида Көбей – қалалық №18 олимпиадалық спорт мектебінің талантты шәкірті.
Спорт мектебі ұжымының тағы бір қуанышты жаңалығы – 50 спортшы ҚР ұлттық құрамасына кірді. Талай дарынды спортшыларды әлемдік додаға қосқан мектеп ұжымының алдағы басты мақсаты – Олимпиадаға жолдама алу. Бұл ретте жаттықтырушылар мектептің мақтанышы, каратэ-додан әлем чемпионы Софья Берульцоваға сенім артып отыр.