«Римді қаздар құтқарса», халықты жаяу жүру құтқарады

Пятница, 08 Февраль 2019 05:01 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 157 раз

Қазақстанда жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы құрылуда. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков жетекшілік етеді. Федерацияның арнайы сайты құрылып, қазір Қазақстанның барлық аймақтарында филиалдарын ашу жұмыстары қолға алынған. Осыған орай федерация президенті Қазақстан азаматтарына арнап үндеу жариялап отыр.

Ahmetbekof

Қадірлі достар!

Біздер, бір топ белсенді азаматтар, Отанымыздың патриоттары, халқымыздың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу үшін Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерацияны құрып отырмыз.
Осыған орай салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы Біз «Күн сайын 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпы ұлттық бағдарламамызды ұсынып отырмыз.

ходьба-3

Біздің бүкіл бағдарламамыз бір ғана сөйлемнен тұрса да, оның көтерер жүгі мен мән-мағынасы ұшан-теңіз. Яғни, федерацияның әр мүшесі күн сайын 10 000 қадам жүріп өтуге міндеттенеді. Федерация әрбір адамның осы мақсатты орындауына көмектеседі, яғни, федерация мүшелерін оқытамыз, үйретеміз, көмектесеміз, тиісті шаралар ұйымдастырамыз және қажет болса, арнайы дайындаймыз. Біз алдымызға осындай өте қарапайым да қолжетімді, бірақ халық үшін пайдасы аса зор мақсат қойып отырмыз.

Шын мәнінде жаяу жүру адамның денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сүйенетін болсақ, соңғы кезде қатерлі ісі, жүрек-қан тамырлары аурулары, простатит, қант диабеті, пневмония, бүйрек және бауыр ауруларына шалдыққандар саны бүкіл әлем бойынша өсіп келеді, біздің еліміз де одан шет қалған жоқ.

Қаншама бауырларымыздың өмірін жалмап жатқан осы ауруларды болдырмай, оның алдын алудың ең тиімді жалғыз жолы жаяу жүру екені қазіргі медицинада дәлелденген. Сондықтан осы қауіпті дерттерден халқымызды құтқарудың тиімді жолы – күн сайын 10 000 қадам жаяу жүру. Яғни, әркімнің белсенді қимыл қозғалысы, дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануы, денеге пайдалы жүктеме беру, яғни жаяу жүру бұл зауалды тоқтата алады.

Біз кеңесімізді 1000 адамға тыңдата алсақ, яғни біз 1000 адамды осы зауалдардан құтқардық деп есептейміз. Егер біздің қатарымызға 1 000 000 адам кіретін болса, қоғамдағы миллион жанның дені сау болып, бақытты болуына өз үлесімізді қосқанымыз. Біздің Федерациямыз ауруханалар салмайды, адам емдеумен де айналыспайды, бірақ шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін құтқаруға атсалысады.

Біздің елімізде жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру спорт түрінде жеткілікті дамымаған, яғни республикалық спорттық тізбеде спорт түрі ретінде тіркелмеген. Сондықтан, біздің алдымызда осы спорт түрлерін заңды түрде тіркетіп, ресми мойындалуы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Скандинавияша жаяу жүру спорты түрі бойынша Финяндиядағы халықаралық скандинавияша жаяу жүру федерациясының стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойынша өзіміздің нормативтеріміз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ережелерімізді жасап шығарамыз.

Федерациямыз респубикалық және халықаралық деңгейдегі тиісті аккредиттеу және мойындалу рәсімдерінен өткеннен кейін еліміздегі басқа да белгілі спорттық федерациялар секілді заңдық негізде өз спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызға тиісті спорттық разрядтар мен атақтар береміз. Мамандар дайындап, тиісінше өзіміздің жаттықтырушыларымыз бен спортшылар құрамын жасақтаймыз.

Әрқайсыңызды және баршаңызды біздің федерацияға мүше болып кіруге шақырамыз. Жаныңа жақын жандардың дені сау болсын десеңіз, туыс-бауырларыңызды, достарыңыз бен жолдастарыңызды біздің федерацияға шақырыңыз! «Дені саудың жаны сау» дегендей, бақытты да салауатты өмір жолына түсуге кеңес бер.

Жамбыл Ахметбеков,
Қазақстанның жаяу жүру
жәнескандинавияша
жаяу жүру федерациясының
президенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.