Топ жарған Тоғжан!

Среда, 06 Март 2019 04:56 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1996 раз

Соңғы жылдары елімізде көркем гимнастикамен шұғылданатын қаракөздеріміздің қатары артып келеді. Оның ішінде шымкенттік гимнастшылардың үлесі басым. 16 жасар Тоғжан Молдаханова – жақсы нәтижелер көрсетіп, болашағынан үміт күттіріп жүрген жастардың бірі. Осы кезге дейін көптеген жарыстан жүлделі оралып, жаңа белестерді бағындыруға тер төгіп жүр.

IMG-20190304-WA0016

Спорт шебері Тоғжан Молдаханова көркем гимнастикаға 4 жасында келген. 12 жыл бойы осы спортты серік етіп келеді. Спорттың нәзік те сұлу түрі - көркем гимнастика.

– Әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ептілік, ырғақпен қозғалу. Өзгеге нәзік көрінгенмен, гимнастшы шымыр болу керек», - дейді ол. – Төрт жасымнан бастап ата-анамның қалауымен көркем гимнастика үйірмесіне бардым. Балалықтан болар, бастапқыда қиын көрінді. Ал кейін үйреніп кеттім.

Он екі жылдан бері кәсіби түрде осы спортпен айналысып келемін. Қазір аптасына алты күн жаттығу жасап, халықаралық жарыстарға дайындалып жүрміз. Жақында ғана Астанада өткен ҚР чемпионатында 2-орын алып келдім. Бұл – нағыз қыздарға арналған спорт түрі. Әуеннің ырғағымен түрлі қимыл-қозғалыс жасау маған ұнайды.

Қазақ көркем гимнастикасының қаһарман қызы Әлия Юсупова атындағы спорт мектебінен тәлім алып шыққан жас спортшының бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері де аз емес. Ол 2016 жылдан бастап халықаралық сайыстарда бақ сынап, байрақты бәсекелерде жүлделі орындармен оралып жүр.

Түркия, Ресей, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб әмірліктері мен елімізде өткен біріншіліктерде алдыңғы үштіктен көрінген ол енді Грекияда өтетін жарысқа дайындалуда.

– Ол турнирге қаламыздан 7 қыз барғалы жатыр. Мені Ольга Екатерина жаттықтырып жүрсе, хореографиядан Светлана Виторовна көмектесуде. Қазір барлық күш-жігерімді дайындыққа жұмсап жатырмын. Өйткені әзірлеп жатқан биіміз күрделірек. Үмітті ақтап, жүлделі ораламыз деп сенемін, - дейді жас спортшы.

Болашақта универсиада мен Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатуды көздеген Тоғжанның спорттағы жетістігін оқу орны да лайықты бағалап жүр. Бүгінде ол академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бірінші курста тегін оқиды.

Жас спортшы көктемнің мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен барша нәзік жандыларды құттықтауды ұмытпады.
– Қаламыздың барлық арулары мен апа-әпкелерімді шын жүректен төл мерекелерімен құттықтаймын.

Шаңырақтың ұйытқысы бола білетін әйел затының қоғамда алар орны ерекше екенін ескеріп, барша ханымдардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін! Бейбіт заманда берекелі жанұялар көбейсін!