Олимпиадаға бір жыл: дайындығымыз қалай? Избранное

Среда, 21 Август 2019 08:35 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 908 раз

Ақпан айында Шымкентте ҚР V-ші Жазғы Спартакиадасының ашылу салтанаты өткен еді. Шымкент қаласы спортшылары командалық есепте 2 орын алды: қоржында – 78 алтын, 68 күміс және 74 қола жүлде. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, қала спортшылары Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізуде.

370

 

Басты мақсат – Олимпиада жеңімпазын дайындау

Төрт жылда бір келетін Спартакиада ойындары спортшылардың әлеуетін анықтап берердей. Еліміздің барлық өңірінен, 7000-ға жуық спортшы бақ сынайтын додада екінші орыннан көріну аз нәтиже емес. Оның үстіне қала спортшылары алғаш рет өз алдына дербес команда ретінде қатысты. Алдымызда – тек Алматы қаласы. Алматы облысы үздік үштікті түйіндейді. Спартакиада 40-қа жуық спорт түрінен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының басталуына тұп-тура бір жыл қалды. Яғни, төртжылдықтың басты додасының ауылы алыс емес. Оған өрендеріміз дайын ба? Қанша жолдама аламыз? Міне, бұл көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Шымкент қаласында да бұл мақсатта жоспар түзіліп, жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев таяуда ғана БАҚ өкілдеріне арналған брифингте дайындық барысынан хабардар еткен-ді. Оның мәлімдеуінше, спортшыларымыз Олимпиада ойындарына жүйелі дайындалуда.

371

 

– Мегаполис атанғаннан кейінгі спорттағы бөлісу мәселелерінің бәрі шешілді. Жоспарлы түрде екі өңір де өз жұмысын атқаруда. Әрдайым жоғары спорт шеберлері мен резерв даярлауға көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде спортшыларымыз іріктеліп, ұлттық құрама сапында тер төгуде. Жоспар – Олимпиада жолдамасын мейлінше көп алу. Бокс, күрес түрлері, байдарка және каноэде есу, таэквондо, каратэ, оқ ату және қабырғаға оқ атудан лицензияға үміткер спортшыларымыз бар. Жазғы Спартакиаданың қорытындысы бойынша сараптама жасаймыз. Барлық спорт түрінен жүлдегерлер шығып отыр. Алдағы басты мақсат – Шымкенттен Олимпиаданың жеңімпазын дайындау. Біз осы бағытта жұмыс істейміз, – деді басқарма басшысы.
Қалада резерв қалыптасып келеді. Барлық спорт түрлерінен жақсы нәтижелер бар. Таяуда ғана таэквондошы Смайыл Дүйсебай дүниежүзілік Жазғы Универсиада ойындарынан күміс жүлдемен оралды. Ал каратэден Дархан Асадәліов Олимпиадалық рейтингтің бірінші сатысында тұр.
Үміт жоқ емес. Боксшылар мен балуан, мергендеріміздің де көрсеткіштері тәп-тәуір. Жеңісті дәстүрді жалғастыру – басты талап.

Халықтың спортпен қамтылу көрсеткіші – 27,8 пайыз

2019 жылдың 6 айында қала аумағында жалпы 222 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 41 мыңнан астам адам қатысқан. Қала аумағында спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны – 281 235 адам. Барлық жастағы халықтың спортпен қамтылу көрсеткіші – 27,8 пайыз.
Бүгінде қала көлемінде 67 спорт түрі (37 Олимпиадалық, 24 Олимпиадалық емес) жұмыс істейді. 2019 жылдың 6 айында қала спортшылары ҚР чемпионаттары, Кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 272 алтын, 256 күміс, 278 қола медальға ие болды. Азия чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 32 алтын, 14 күміс және 17 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 12 алтын, 6 күміс және 8 қола медальге ие болды. 18-25 мамыр аралығында Токиода өткен пауэрлифтингтен әлем чемпионатында Ксения Хан жеңімпаз атанды. Фиджи аралдарында өткен ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатынан Дарья Ахмерова жеңімпаз болып оралды.

Қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы бірқатар спорт нысандары жұмысын бастаған. Бұл жобалардың халықты дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамытуда игілігі мол. Қазір қалада Жиделі және Қазығұрт шағынауданында (дзюдо, каратэ-до, кикбоксинг, еркін күрес, грек-рим күресі, альпинизм және футбол) жаттығу үрдісін ұйымдастыру және сервистік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жұмыс істейді.

Елдің қуаты саламаттылығымен өлшенеді

Әлібек Нұрбайұлы «Шымкент-арена» спорт кешенінің құрылыс жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Нысанның техникалық-экономикалық негіздемелері жасалған. Қалада жалпы 848 спорт нысаны тіркелген. Оның ішінде: 3 стадион, 1 спорт сарайы, 6 спортттық құрылғылар кешені, 12 спорт кешені, 32 спорттық манеж, 1 есу базасы, 434 жазықтықты құрылғылар, 23 теннис корты, 249 спорт зал, т.б. Мемлекеттік меншіктегі 30 спорт мекемесі мен кәсіпорындары және 1 акционерлік қоғам жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, 2 жоғары спорт шеберлер мектебі, 18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, олимпиада резервін даярлау орталығы, 3 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, 5 спорт клубы, «Ордабасы» кәсіби футбол клубы және дәрігерлік-денешынықтыру диспансері жұмыс істейді. Міне, мұның бәрі де Олимпиадалық және бұқаралық спортты дамытудағы жүйелі жұмыстар. Бүгінде елдің қуаты саламаттылығымен өлшенбек.

Жыл басынан бері әлем спортшылары Олимпиада лицензиясына таласты бастады. Қала спортшылары да бұл додадан шет қалмайды. Оған барлық жағдай жасалған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.