Версия для печати

Cупервайзер

Пятница, 06 Сентябрь 2019 04:50 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5884 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Лондон Олимпиадасында күрес түрлерінен төреші болған Бақытжан Жақсықұловтың спорттағы орны бөлек. Халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Ержанұлы Сербияның Белград қаласында өткен Еуропа чемпионаты кезінде Олимпиадаға баратын төрешілердің қатарына қосылып, Қазақ жерінен Ұлыбританияда әділдік еткен бірегей маман болды.

Kures 3

Бұған дейін 2004 жылы күрес түрлерінен алғаш рет отандасымыз Сейітхан Тілешов Афина Олимпиадасында төрелік еткен болатын. Ал 2008 жылғы ойындарда елімізден ешкім болмады. Араға сегіз жыл салып, осындай мүмкіндік жерлесімізге бұйырып отыр. Бақытжан Жақсықұлов, Шымкент қалалық №4 спорт мектебінің директоры. Мектепке есімі берілген еліміздегі тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Ләззат Тәжиева осы мектептің түлегі.

Тарихта алғаш рет қазақстандық төреші «Біріккен күрес әлемі» ұйымының (UWW) супервайзері қызметіне тағайындалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен төрелік ететін Бақытжан Жақсықұлов Франкфурт (Германия) қаласында өткен төрешілердің іріктеу-семинарына қатысып, арнайы емтиханнан өтіп, үздік нәтижеге ие болған еді.

Айта кетейік, Бақытжан Жақсықұлов Қазақстаннан ғана емес, бүкіл Азия аумағының алғашқы супервайзері атанып отыр. Сол кезде дүние жүзінде тек сегіз супервайзер болды. Сөйтіп, ағылшын және француз тілінде еркін сөйлейтін жерлесіміз Рио-де-Жанейро төрінде супервайзер болды. Олимпиадалық дәрежедегі төрешінің тығыз жұмыс кестесінен уақыт тауып, бірер сауалымызға жауап алдық.

– Бақытжан Ержанұлы, халықаралық кілемде қара қылды қақ жарған төреші болу үлкен жауапкершілік әрі қиындығы бар міндет секілді...

– Жалпы, төреші болу оңай емес. Айта кетейін, төрешілердің барлығы дерлік – жаттықтырушы. Мен де бапкерліктен бастағанмын. Төреші болудың басты маңызы - өзгелерден бұрын барлық жаңалықтарды білуге тиістісің. Яғни білім, білігің артық болмаса, басқалардан қалай ерекшеленесің. Күрестің ережелері ауысқан кезінде жаттығу процесінде өзгерістер енгізуге жақсы мүмкіндік. 2006 жылы халықаралық дәрежедегі төреші болдым. Ал 2011 жылы олимпиадалық дәрежеге қол жеткіздім. Сол уақыттан бастап жас төрешілерді тәрбиелеуді қолға алу қажеттігін түсіндім.

Бүгінде Қазақстанда көптеген шәкірттерім әділдік етіп жүр деп ауыз толтырып айта аламын. Оның үстіне біз ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарына арнайы қатысып, балуандарға жекпе-жек барысында қалай күрессе ұпай алуына болатынын және ескерту алмаудың жолдарын түсіндіреміз. Өйткені, олардың әрқайсысы кілемге шыққанда ережелерді 100 пайызға білуі тиіс. Дұрыс күресе білудің өзі – ғылым.

– Олимпиада кезінде өз еліңнен болған төреші жеңіске бір қадам жасағанмен тең дейді. Осы рас па?

– Бірден айтайын, көмегі жоқ. Дегенмен, төрешісі бар елдің балуаны күресіп жатқан жекпе-жек барынша әділ өтеді деуге болады. Өйткені, бұл дүние алма-кезек қой. Күрес кезінде төреші көп ысқырып, белдесуді тоқтатып, берекесін қашырса, келесі жолы оның келген елінен балуанға да солай жасалуы мүмкін. Сондықтан, қазақстандық спортшының әр жекпе-жегі әділ өтуі үшін мүмкіндігінше біздің елден ірі халықаралық жарыстарда төреші болуы тиіс.

– Токио-2020 Олимпиадасына дейін аз қалды. Шымкенттен жолдама жеңіп ала алмай қаламыз ба деген қауіп бар сияқты…

– Оңтүстіктің күрес спортының өз тарихы бар. Ол тереңде жатыр. Мәселен, Елена Шалыгина, Ермек Байдуашев, Геннадий Лалиев сынды мақтаныштарымыз талай байрақты додаларда ел намысын қорғай білді. Қазіргі таңда біздің жаттықтырушылар ұлттық құрамада спортшыларды ірі жарыстарға дайындауда. Мұның өзі жақсы көрсеткіш. Әрине, Шымкент және Түркістан облысы болып екіге бөлінгелі балуандарымыз екі ортада жүріп қалды.

Бірде қалада қалып, болмаса облысқа кетіп. Бұл уақыттың әзірге аз болып жатқанынан деп ойлаймын. Бұл жағдай Олимпиада өткеннен кейін тұрақтайды. Шымкент те өз құрама командасын толық жасақтап, өз чемпиондарымен толығады. Оның үстіне қалада күрес түрлерінен жеке мектеп бар. Тарихымыз да бар.

Әрине, спорттық база әзірге ақсап тұр. Мәселен, мен Махачкалаға жиі барып тұрамын. Ол жақта күрес – ел бойынша №1 спорт. Зәулім сарайлар салынған. Бір мезгілде 3-4 кілемде қатар белдесулер өткізуге болады. Содан болар, ата-аналары балаларын күрес түрлеріне жетектеп алып келеді. Күнделікті келіп жатады.

Күрес түрлері ол жақта дамымағанда қайда дамиды дейсіз? Бізде де спорт сарайын салу қажет. Өйткені, қазіргі таңда қазақ балалары арасында күреске деген қызығушылық артқан. Сондықтан заманауи жаттығу залдары қажет. Сонда ғана Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге болады. Халықаралық турнирлерде топ жару үшін әлемдік стандарттарға негізделген спорттық база керек. Бізде қалай?..
Әрине, барлығы алдағы уақыттың еншісінде.

– Олимпиада чемпионы болатынына біз де тілеулеспіз. Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.