Айсұлу ТЫНЫБЕКОВА, әлем чемпионы: Арманым шындыққа айналды Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:26 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4195 раз

Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты жаңа есімдерді танытып, тарихтың жаңа беттерін ашты. Әлемдік бәсеке қоңсы Қырғыз елі спортшы үшін тарихи жетістікпен есте қалды. Әйелдер күресінен Айсұлу Тыныбекова (62 келі) әлем чемпионы атанып, олимпиадалық спорт түрінен тарихтағы алғашқы алтынын сыйға тартты.
Тыныбекованы 2018 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында көрдік. Азия чемпионаты өз елінде өтіп жатса да жарақаты себепті белдескен жоқ. Енді міне...

3A33384A-089D-4075-890C-6D7A52DAF2B4 w1597 n st

Тағдырыма айналған 1 минут...

Нұр-Сұлтан. 20 қыркүйек. Қырғыз журналистері алып-ұшып жүр. Сағат кешкі 18:00-де өз отандастары алтын үшін күреседі. Не болар екен дескен. Сәтін салып, Айсұлу Тыныбекова болгариялық әлем чемпионына қарсы белдесуде соңғы секундтарда жеңісті жұлып алды. Сол сәтте Қырғыз елінен келген жанкүйерлер, отандастарымыз да зор қолдау-қошемет көрсетті. Жеңімпаз балуан қырғыздың байрағын жамылып кілемді айнала жүгірді. Бәрі тамаша.

Журналистер жеңімпаз аруды белдесуден шыға сала, ентігіп тұрған күйде сұқбатқа тартты. «Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген.
«Жеңісімді өз отаныма арнаймын. Бұл Қырғызстан командасының ортақ жеңісі. Барлық жанкүйерлерге алғыс. Біз бұл сәтке ұзақ жеттік. Нұр-Сұлтан кілеміндегі осы жеңісім үшін Қазақ еліне де айтар алғысым шексіз» деді көңілі толқыған күйде.

Жеңімпаз аруды әлем журналистері қаумалай қалып, алдағы жоспарларын сұрайды. Бұл қуаныштың бағасы қандай екенін білгісі келеді. Тарихи жеңістің сыры неде? Бұл сұрақтарға жауапты өз аузынан естідік.

– Ең бастысы, өзіңе деген сенім. Біз осы мақсат жолында он жыл дайындалдық. Түбінде әлем чемпионы атанатынымды білдім. Бірақ, бұл оңай болмайтынын да ұғындық. Сол себепті жаттығуға барымды салып, өзімді аяған жоқпын. Тіпті, жанымды қиып жіберуге де дайын болдым десем, сенбессіздер. Мұның бәрі жарыста жеңіл болу үшін ғой. Іріктеу сындарындағы белдесулерім өте қиын өтті. Бірақ менің жеңілуге хақым жоқ еді. Ал финалдық кезеңде бапкерлерім белдесуді соңына дейін бақылап күресу қажеттігін айтты. Ешқандай эмоцияға берілмей, босаңсымай күресуге тапсырма алдым.

Есеп 3:3 болып теңескенде, бар жоғы 1 минут қана қалған. Қарсыласыма да жеңіс қажет. Ол өткен жылғы атағын қайталасам дейді. Бірақ маған жеңіс одан да ауадай қажет еді. Алдымда бүкіл Қырғыз елінің намысы тұр. Қолда тұрған алтын жүлде уыстан шығып кетсе, өзегім өртенер еді. Тарихи жеңіс қол бұлғап тұрған сәтте қосымша ұпай ала алатындығыма іштей сендім. Түйсігім алдаған жоқ.
Әрине, жанкүйерлердің қолдауын сездім. Отандастарымнан бөлек, керемет қала Нұр-Сұлтанның тұрғындары да қолдады. Бәріне де рақметімді айтамын, – деді ол сұхбат барысында.

Ендігі мақсат – Олимпиада алтыны

Айсұлу күресті 16 жасында бастаған. Қазір тура 10 жыл артта қалыпты. Әкесі қандай да бір спорт түрімен шұғылдануын қалаған екен. Бұла күші бойына сыймаған қыз көп ойланған. Ақыры таңдауы күреске түскен. Тағдырдың бозкілемнің соқпағына салғанына бек қуанышты. Ауылда өскен қыз қатарластарынан озуға әрекеттеніп, Бішкекке келді. Өйткені, ауылда күрестен әйелдер секциясы болмапты.

...Мен күресті бастаған кезде бұл жетістіктер арман болатын. Бірақ ол арман қазір шындыққа айналды. Біз бұл жетістікке ұзақ жеттік. Көп қиындықтарды бастан өткердік. Бәріне де төзе білдім.
Бұл жолы Олимпиада жолдамасын алатыныма сенімді болдым. Бірақ маған чемпиондық атақ қажет.

Бапкерлеріммен бірге осы мақсат жолында еңбектендік. Тарихқа атымды жазғым келді. Қырғыз елі спортшылары тәуелсіздік алғалы бері әлем чемпионатында жеңіске жектен жоқ. Финалға шыққан, қола жүлдені де алған. Қол жетпестей көрінген биік шыңға Қазақ елінде жетіп отырмын. Ендігі басты мақсатым – Токио ойындары. Әрине, алтын медаль үшін ғана барамын.

Жеңімпаз ару осылай ақтарылды. Өткен жылы жарақаты кесірінен әлем чемпионатына қатыса алмаған еді. 6 ай жаттығудан қол үзген. Кілемді сағынып қалғанын жасырған жоқ. 2019 жылы чемпион боларын да ішкі түйсігі сезіпті.

Балуандарыңызбен тонның ішкі бауындай сыйласамыз

Әлем чемпионы Айсұлу Тыныбекова Қазақстан құрамасының балуандарының барлығын жақсы танитынын айтады. Бәрімен де тонның ішкі бауындай достық қарым-қатынаста.
«Қазақ елі балуандарымен жаттығу барысында, одан тыс уақытта да сөйлесіп тұрамыз. Эльмира Сыздықова, Гүлмарал Еркебаева, Зарина Құнанғараева...Бәрімен де сәлемім түзу.

Қазақстан әйелдер құрамасы Риода 3 медаль олжалады. Бұл – зор жетістік. Әлемдік деңгейде жетістікке жетіп жүрген спортшыларыңыз көп-ақ». Тыныбекова бізбен әңгімесінде осылай деді.
Міне, елімізде дүбірлеп өткен әлем чемпионаты қоңсы ел үшін де құт болды. Айсұлудың жеңісі – түркі әлемінің ортақ жеңісі!

Последнее изменение Среда, 16 Октябрь 2019 05:05
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.