Версия для печати

Қытайды мойындатқан қайсар қазақ Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2019 03:46 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4090 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Халықаралық турнирлерде шетелдің атынан түскен қазақ спортшыларын жиі кездестіретін болдық. Қанат Ислам бокстан дүйім жұртты таңдандырып, Олимпиада және әлем чемпионатында олжа салғанын білеміз. Қытайда дүниеге келген бауырымыз сол кездің өзінде қазақ ұланы екенін айтып жүрді. Бүгінде Моңғолия, Қытай, Өзбекстанның туын көтеріп жүрген боксшы, балуан қандастарымыз көп. Соның бірі – Уәлихан Серікұлы.

3-ivo-angelov01

Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан) та қоңсы елдің туын көтеріп жүр. Одан өзге боксшы, балуан қандастарымызды тізе берсек, жеткілікті.

Нұр-Сұлтан. 16 қыркүйек. Әлем чемпионатының грек-рим күресінен үшінші күнгі бәсекелерін тамашалап отырмыз. Жеребеге үңіліп едік, 60 келіде төрт қазақ жігіті күреседі екен. Елмұрат Тасмұратов Өзбекстаннан, Уәлихан Серікұлы – Қытай, ал Марат Гарипов – Бразилия атынан күш сынаспақ. Және төртіншісі – отандасымыз Мейрамбек Айнағұлов. Бәрі де Токио ойындарының жолдамасынан үмітті.

Бұл да бір мерейлі сәт қой. Желпініп отырмыз. Қайсысының бағы жанады екен деседі жанкүйерлер де. Қызық болғанда, жеребе бойынша Марат Гарипов пен Мейрамбек Айнағұлов екеуі бірінші айналымда-ақ белдесті. Бұл бәсекеде бұған дейін әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Айнағұлов айқын жеңіп кетті.

Әрі қарай Уәлихан Серікұлы бауырымыз норвегиялық Стиг Андре Бергенің жауырынын жер иіскетті. Одан әрі қоңсы елдің балуаны Қаныбек Жолчыбековпен (Қырғызстан) белдесті. Жолчыбеков – өте тәжірибелі балуан. Аса тартысты белдесуде ұпай айырмасымен қандасымыз басым түсті.

Залдағы судья-информатор «Уәлихан бауырымызға да қолдау көрсетіп отырыңыздар» дегені сол-ақ еді, зал іші жаңғырып кетті. Жан-жақтан айқайлаған, рухты шақыратын дауыстар күшейе түсті. Уәлихан 1/8 кезеңде әлем чемпионы, болгариялық Иво Ангеловқа қарсы кілемге шықты. Әттеген-айы, бұл сында есе жіберіп алды.

Жолдамаға жетуге екі кезең қалған...Өкініш өзекті өртейді.

Уәлихан Серікұлы былтыр Будапешттегі әлем чемпионатында қола жүлдені мойнына ілген. Отандасымыз Айдос Сұлтанғалимен бір тұғырда тұрған. Бұл жолы сәтсіздікке тап болды.
Жарыстың ертеңіне Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласты. Қытай құрамасы балуандарымен бірге жүрген Уәлихан інімізді залдағы жанкүйерлердің арасынан іздеп таптық.

Залдағы жанкүйерлердің арасында өз бауыры Мейрамбекке қолдау көрсетпек. Өзі томаға тұйық, сөзге сараң жігіт екен. Бауырымызбен жақыннан танысып, алдағы жоспарларын сұрадық.
– 2010 жылдан бастап грек-рим күресімен шұғылданамын. Әуелі Қытайдағы белгілі күрес маманы Әлнұр Төргеұлының қоластында жаттықтым. Қазір ұлттық құрамадағы бапкерлердің тәрбиесіндемін. Өзім 1992 жылы Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының Дүрбежін ауылында туып-өстім. Әкем Серік ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Анам үй шаруашылығында. Өзім екі ағайындымын. Руым – Керей.

Қазақ балуаны осылай ақтарылды. Әлем чемпионатының ұйымдастырылуы көңілден шығатынын айтады. Тамақ, жатын орыннан мәселе жоқ. Жарыстың атмосферасы да керемет әсер еткен сыңайлы. Алдағы жоспарларын қолқалап сұраймыз.

– Олимпиада ойындарының жолдамасы үшін келіп едім. Бағым жанбай, жолдамадан қол созым жерден қағылдық. Әрине, жарыс болғандықтан, кейде сәтсіздікке тап боласың. Бәріне төземіз ғой. Алла қаласа, алда Азия чемпионаты, Азия ойындары бар. Олимпиада жолдамасын келесі іріктеу турнирінде алуға әрекеттенемін. Ол сайыс Қытайда өтеді. Амандық болса, енді сол бәсекеге дайындаламыз, – дейді өзі.

Бір салмақта төрт бірдей қазақ жігітінің әлем чемпионатында белдесуі таңыртқатпай қоймайды. Ол жағдай бір жағынан мақтаныш әрі бір-бірін қолдап жүру емес пе?! Бұл жөнінде сұрағанымда Уәлихан інім тосылмай, былай деді: – Әлемде бәсекелестікті қыздырып жүрген қазақ жігіттерінің көптігі – біз үшін зор мақтаныш. Бәріміз де төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарына дайындалып жатырмыз. Бұл әлемнің әр қиырында жүрген қазақ жігіттерінің қайраттылығын аңғартса керек.

-e1568706600868

Қазақстан құрамасындағы жігіттерді жарыста көріп тұрамыз. Өз салмағымдағы Мейрамбек Айнағұлов, Айдос Сұлтанғалиды жақыннан танимын. Айдос екеуміз өткен әлем чемпионатында үшінші орын алдық. Одан бөлек, Елмұрат, Маратпен де сәлемім түзу. Мейрамбек пен Елмұрат жолдама мәселесін шешіп қойды. Енді Марат екеуміз Олимпиадаға бару жолында бақ сынап көреміз.

Уәлихан – даңқты балуан Әлнұр Төргеұлының шәкірттерінің бірі. Әлнұр Төргеұлы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Бүгінде белгілі қазақ балуаны шәкірт тәрбиелеуге түпкілікті бекіген. Уәлихан Серікұлы да болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерінің бірі. Әлнұр Төргеұлы Қытай атынан 2004 жылғы Афины Олимпиадасына қатысқан-тын.
Аспан асты елінде Токио ойындарына барудан үмітті осындай бауырымыз бар. Жер атты ғаламшардағы ең халқы көп мемлекетте топ жарған Уәлиханның арманы орындалғанын іштей тіледік.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.