ҚОЙ ҚОРАДАҒЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК Избранное

Среда, 13 Май 2020 03:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 132 раз

1561468656

Алланың жазуымен үш олимпиада ойындары және үш Азия ойындарына жолымыз түсіпті. Халықаралық турнирлерді айтпағанда. Қазақтың мен деген даңқты спортшыларының жұлдызды сәттерін өз көзімізбен көрудің сәті түсті. Шаршы алаңнан, күрес кілемінен шыққанда алтын тер аққан маңдайынан өптік. Бірақ, жеңістің жолы қашанда ауыр. Оған теңіздей төгілген тер, жанкешті еңбек жеткізеді.

Ал, оған дейін ше?! Біз газетімізде жұлдыздарымыздың жанкүйерлерге белгісіздеу кешегі тарихынан сыр шертуді жөн көрдік. Көңілдеріңізден шықса, мархабат.

1991 жыл. Алматы. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Қазтелерадио жүлдесі үшін бокстан халықаралық турнирдің алапат айқасы болып жатыр.

Досым Қыдырбек Рысбекұлы екеуіміздің мүмкіндігімізше жарыс қалдырмайтын әдетіміз. Отырмыз.Шаршы алаңға Аркадий Топаев шақырылды. Аты Аркадий болғанымен Құнанбай қажы мешіт салған атақты Қарқаралының таза қазағы. Қаралығы қазанның түп күйесіндей болмаса да оған жақын Аркадий керме арқадан ішке қабыландай қарғып түсті. Нағыз бабында екендігі байқалады. Қос қолын иегіне сүйеп, рингтің екі белдеу арқанына кезек-кезек арқасымен серіппедей соғылады.

Қарсы беттен Ермахан Ыбырайымов шықты. Жасөспірім, жастар арасында жасындай жарқылдап жүрген бұл да бір бұла жігіт. Реферидің ысқырығынан кейін айқас басталып кетті. Екеуі де халықаралық жарыста олжа салып жүрген оғландар болған соң аңдысып қайтеді, гүрзі жұдырықтар бір-біріне тигенде от шашпағанымен таудан құлаған қой тастай дүрсілдейді. Гүмп-гүмп. Екі қолын иегінен айырмай шыр айналған Аркадий Ермахан сәл босаса бастырмалата ұрады. Добалдай қолғап тиген жерін омырып тастардай. Қалай жан қалып жүр. Мына жақта отырып біздің денеміз түршігеді.

Топаев нағыз бабында екен. Екінші раундта Ермахан алқынқырап қалды. Ашылып қала береді. Шоқпардай жұдырықтар қанжардай қадалады. Мұрнынан қан кетті. Ермаханның. Топаев алқынуды білмейді, теке жәуміт арғымақтай жалт-жұлт етіп Ермаханға жалын ұстатпайды.

Рефери Аркадийдің қолын көтереді

– Ермаханды сойып салды-ау.

Бір-бірімізге солай дестік. Қасымызда қоладан құйғандай шомбал кісі отыр еді. Күрсінді.

– Ермахан менің балам еді. Бабында емес.

Қыдырбек екеуіміз ыңғайсызданып қалдық. Сағи ақсақалмен осылай танысқанбыз. Кейін тағдыр айдап туған аға-інідей болып кеттік қой. Алматыда көрші тұрдық.

Сүйтсе, оқиға былай болыпты.

Ермахан Алматыда олимпиадашылар дайындайтын спорт-интернатында тәлім алады. Сағи аға шопан. Баласы үшін жаны бөлек әке жарыс жібермейді. Осы жекпе-жектен күн бұрын ұлы екеуі бірге жатқан. Түн ортасы ауады, Ермахан келмейді. Ұялы телефон ол заманда жоқ. Дегбірсізденген әкеде маза болмай, әлсін-әлсін далаға шығады. Қарасуық. Алматының жылауық аспаны дым бүркіп тұр. Таңға жуық келеді баласы. Әбден тоңған. Қоянның көжегіндей дір-дір етеді. Алдында жаналқымға алып ұрысқан әке үрпиген түрін көрген соң бәйек болып, ыстық сүт ішкізіп, көрпеге орап тастайды. Ертеңінде бұлау болып терлеген Ермахан душқа түскен соң шәй-суын ішіп, басы салбырап, жарысқа кетеді. Соңғысы біз айтқандай. Одан кейінгісін Сағи аға айтқан.

Топаевтан оңбай таяқ жеген ұлына айтпағаны қалмаған ашулы әке алдына салып, ауылына алып қайтады. Өкпе айтатындай бар. Мектепте жүргенінен бастап бокс жарыстарынан қалмапты. Басқа мемлекеттердегі жарыстарына да барған. Сүйткен, үлкен үміт күткен баласы...

Ызаға булыққан әке Ермаханды қойға салады. Ат берсе болар еді тақымына, бірақ іштегі ашу ырық бермейді. Есек береді. Ермаханда үн жоқ. Ерінен ығып зыр жүгірген анасының берген айраны мен тамағын қоржынға алып, таң құланиектенгенде қойды қырға айдап кетеді. Кешегі атақты боксшы, бүгінде есек мінген қойшы. Ара-тұра шешесіне шағынады. «Әкеме айтыңыз, ат берсін» деп.

Сағи аға кесек кісі. Мінезі морт. Айтқанынан қайтуы қиын. Шеше байғұстың жүрегі нәзік. Екі ортада бозторғайдай шырылдағанымен еріне сөзі өтпейді.

Ермахан есекпен қой бағып жүре берер ме еді, тағдырдың өзі жақсыға қиыстырады.

 

9a8e8b02-2cc6-4d22-b468-b47579e1bb05


«Жақсылық» ауылына студенттер бригадасы келген. Үй салады. Ішінде ірі денелі сойқан жігіт бар. Боксшы екен. Бәрі одан ығады. Ауылдың бір-екі тентегі сырттан келген студенттердің қыздарына қырындамақ болған, анау бір-екі сүйкеп домалатып тастапты. Үш-төртеу болып жабылса да ала алмаған. Ұрғанын мұрттай ұшырады. Ауылда өзі төбелеспесе де сөзі жылдам, ерегіспе жігіттер болады ғой. Бойы шағын, денесі сидам, тарамысына ілініп тұрған. Сол:

– Ермаханмен жекпе-жекке шығасың ба? - дейді.

– Оның кім?

– Ол да боксер. Атақты боксер.

– Ол қайда?

– Қой бағады. Жақсы төбелеседі.

– Мына мен қойшымен төбелесемін бе, әй, кетші өзің, қыртпай.

Ылдым-жылдым әлгі жігіт әлгі сойқан студент боксшы мен Ермаханды төбелесуге көндіреді ғой.

Әні-міне дегенше ауыл құлақтанып қалады. Мал шаруашылығымен айналысатын ауылда қайдан шаршы алаң болсын. Екі жігітті амбарға кіргізіп жібереді.

Бұл ауылдың бетке ұстар тентектерін томпылдатып ұрып жыққан студент Ермаханды әуелде көзге ілмепті. Ат емес, есек мініп келген қойшыныкі жәй желік деп қалған шығар. Ермаханның алғашқы соққысы бауырын екінші жағына аударып жібере жаздағанда қандай пәлеге ұшырағанын ұғып үлгерген. Ар жағын ол білмейді. Шықшыттан тиген жойқын соққы бұған дейін десі қайтпаған сабазды талдырып тастаған.

Енді Жақсылық ауылының әруағы көтерілсін. Алақайлап бір-бірінен сүйінші сұраған жұрттың алды Сағи ағаға келген.

Бұл кісі бәрін естіп, біліп отыр. Оқушы кезінде халықаралық жарыстан талай мәрте жеңімпаз болып келген ұлының жеңетінін білген. Тек, Топаевы құрғыр... Әлгі тілі мен жағына сүйенген екі журналистің өзін жер қылғаны өтіп кеткені.

– Әкесі-ау, ауыл сүйінші сұрап жүр...

Ермаханның анасы. Азаматы райынан қайтса деген үмітте.

Онсыз да баласының сағын сындырудан іштей азап шегіп жүрген әке шыдай алмады. Ақылын айтып, Алматыға шығарып салды.

Алматыда Ермаханды күтіп тұрғандар аз еді. Құрамадағы орын толық. Үшінші, төртінші номерлер толып жүр.

Серік Қонақбаев сол тұста кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өткізіп жүрген. Билет сатып алатындай ақша тапшы. Ермахан Балуан Шолақ сарайының артқы есігінен «СССР спорт шебері» деген куәлігін көрсетіп ішке енген. Есболат Нұрмановқа секундант болып жүргенде Тұрсынғали Еділовпен бетпе- бет келіп қалды. Еділов ол кезде қолы жүріп тұрған кәсіпкер, бокс менеджері. Қайда жүргенін сұрады. Бұл жайын айтқан.

– Ертең «Спартакқа» бар, – деді Тұрсын. – Болдыревқа айт, мен жіберді де. Жаттығуды баста!

Таңертең сөмкесін асынып «Спартакқа» келген. Қазақстаннан бокстан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Валерий Рачковтың тұсауын кескен Станислав Болдырев есіктен енген мұны көріп жаттығуды тоқтатты.

– Жігіттер, қараңдар. Сендердің көз алдарыңда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ермахан Ибрайымов тұр. Бірақ, ол олимпиада ойындарының жеңімпазы бола алмайды. Өйткені, ол – жалқау!
Өң бе, түс пе? Ермахан сасып қалды. Атақты Болдырев қалай сілтейді. Құдай-ау, қайдағы қола!? Мұны, Қазақстан құрамасында орны жоқ Ыбырайымовты олимпиада ойындарына кім апармақ. Бірақ, Болдырев ешқашан өтірік айтқан емес, іші жылып қоя берді.

Қазақтың хас батыры Ермахан Ыбырайымов 1996 жылы Атланта олимпиадасында қола, Сидней олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды.

Последнее от Бақтияр ТАЙЖАН