Тұңғыш Избранное

Среда, 19 Август 2020 06:26 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 472 раз

0035 sk 1

Тоғызқұмалақ ойынынан 8 дүркін Әлем чемпионы, «100 жаңа есімге» енген Әсел Дәлиеваны қай жағынан қаузасаңыз да еліміздің зияткерлік ойынының жарық жұлдызы екендігі даусыз дараланады.

Тоғыз жасында тоғызқұмалақ үйірмесіне барыпты. Он екі жасында еліміздегі ең жас спорт шебері атағын алған. Он алты жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған ең жас спортшы.
Жиырма жасына дейін жастар арасында республикалық жарыстардың табан аудармастан алты жыл жеңімпазы болған.
Ал, ересектер арасында он екі жыл Қазақстан чемпионатында топ жарған. Халықаралық жарыстарда алған жүлделерінде есеп жоқ.
Былай айтқанда, ұлтымыздың зияткерлік ойынының феномені, әлемге танылуына үлкен үлесін қосып жүрген әйгілі қыздарымыздың бірі.
Әселмен сұхбаттастық. Спорттың бекзат түрінен бас айналарлық табысқа жеткен қыз математика сабағынан өте үздік болған екен. Хакім Абай ойнаған тоғызқұмалақ спортын құлай сүйіпті. Осы ойынға берілгені соншалық, мектепте оқып жүргенде аптаның жеті күнінде қолынан тоғызқұмалақ тақтасы түспеген. Сенбі, жексенбіде де мойны қылқиып үйірмеге барып тұрар екен. Ұстазы Еркетай Иманбаев күніне үш сағат, ал демалыс күндері алты сағатқа дейін жаттықтыратын. Ұстаздың талабы өте күшті болған. Шәкірттерінің бойынан ыждағаттылықты, жауапкершілік пен табандылықты көргісі келетін жаттықтырушы болашақ спорт жұлдызының қалыптасуына осылайша ықпал еткенге ұқсайды.
Құйтақандай қызының тоғызқұмалақ ойынына соншалықты арбалғанына қайран қалған анасы Нәзира «Әсел жаттығуға кетіп бара жатқанда көрпе-жастығын арқалатып жіберіңдер» деп әзілдейді екен. Қайран ана тоғызқұмалақ тақтасын арқалаған құлыншағының әлемге әйгілі спортшылардың бірі боларын қайдан білсін.

 

20190406103654


Әсел ақыл тоқтатқаннан кейін тоғызқұмалаққа байланысты өмірін үш кезеңге бөлгенін айтқан.
- Балалық кезеңде тоғызқұмалақ мен үшін қызғылықты ойындардың бірі ғана болды, - дейді ол. – Қаншама ірі қалаларда болдық. Жаңа достар таптық. Романтика. Жеңіске жеткендегі алған сыйлықтарымыздың алды ыдыстар жиынтығы болатын. Қанағат тұттық. Бал қызық балалық ештеңе ойлатпайтын еді.
Екінші кезеңге он сегіз жасымнан асқан уақытты жатқызар едім. Алғаш рет шетелге шықтық. Алғаш рет Чехияда туған күнім аталып өтті.
Түсінгенім – тоғызқұмалақ әлемге көзімді ашты. Жәй ойыншы емес, мамандығым осы екенін түйсіндім. Шет елде тоғызқұмалақ тектес ойындар көп екен. Онымен ойнайтындар тоғызқұмалаққа қызыға бастады. Олардың қазақ халқына үлкен құрметпен қарайтындығы бойыма қуаныш сыйлады. Он сегіз жасымда тоғызқұмалақ ойынынан темір тұлпар міндім. Алғашқы капитал, адал еңбек.
Қазақтың зияткерлік ойыны ендігі өмірім, мамандығым екендігіне көзім жетті.
Үшінші кезең жиырма бестен асқан шақта ұстаздық қабілетке алып келді. Алғаш рет шәкірттерім әлемдік додада топ жара бастады. Дүниежүзінде тоғызқұмалаққа құмартушылар көбейді. Құрамада шет тілін жақсы білетін ойыншы ретінде насихат жұмыстарына араластым. Осы ойынды жақсы білетіндер төрт мың жылдық тарихы бар деседі. Оған сенемін. Өйткені, Африка елдерінде құрылымы біздің ойынға келетін, бірақ, жеңілдеу ойын түрінің үш мың жылдық тарихы бар делінеді. Сол ойынға менің қызыққаным сияқты біздің тоғызқұмалаққа ынтасы ауғандар шетелде жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, күні кеше Қырғызстанда өткен көшпелі халықтар ойындарына тоғызқұмалақ ойнауға отыз алты мемлекеттің ұсыныс беруі оның өміршеңдігін көрсетеді.
Тоғызқұмалақ – халқымыздың ұлттық мұрасы. Жас ұрпақты зияткерлікке тәрбиелеуде үлкен құрал. Соны түсіндім. Екі бірдей жоғары оқу орнын жақсыға бітірсем де, тоғызқұмалақ спортынан кете алмайтындығымды білдім. Жақында ғана Еуропа елдерінен шақырту алдым. Шеберлік сағатын өткізуімді сұрайды. Әлеуметтік желіде байланыстамыз. Халқымыздың әлемде өзі тектес ойындардан еш кемдігі жоқ спорт түрін дүниежүзілік үлкен спорт санатына қоса алсақ, ең үлкен арманымыз сол. Қазір осы бағытта Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов ағамыз табысты жұмыс жасап жатыр.
Айтқандай, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменовпен де Әсел жайында сөйлесіп қалдық.
– Әселдің ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың өркендеуіне қосқан үлесі мол,-дейді Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті.
– Талант, дарын жеке тұлғалардың өзгелерден озық болуына толық қызмет ете алмайды. Ол қажырлы еңбекпен ұштасқанда ғана жемісін береді. Біздің зияткерлік ойынымыздың өзге ойын түрлерінен ерекшелігі тас саны, яғни құмалақ саны көп. Ойындағы 162 құмалақтың кем дегенде 82-сін жинай алсаң қарсыласыңды ұтасың. Жүйелі, қисынды ойлап қана қоймай, табандылық танытуың керек. Осынша құмалақтардың ұяшықтарға ауысуын, жүрісін үнемі жадыңда ұстау асқан ыждағаттылықты қажет етеді. Санаң ашық болып, миыңда жатталмаса жеңіліп қаласың.
Осындай күрделі ойынның ойыншысына керек басты қасиеттердің бәрі бір Әселдің бойында бар. Сондықтан да ол – жеңімпаз, жарық жұлдыз.
Кеңес үкіметі халқымыздың осы тамаша ойынын халық жадынан шығарғысы келді. Кезінде Абай, Шәкәрім аталарымыз қатты қызыққан зияткерлік ойынның ұмытылмауына Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев секілді алаш ардақтылары өлшеусіз еңбек сіңірді. Сонау 1940 жылдары тоғыз құмалақ Қазақстан ойындарының санатына кіргенде біріншілікте төрт-ақ ойыншының болғаны кеңес саясатының зомбылығын танытады.
Бүгінде тоғызқұмалақ ойнайтын жастарды көргенде көз қуанады. Дүниежүзіне қанатын жайып келеді. Қытайдағы Алтай қазақтары, Моңғолиядағы қандастарымыз ойнайды деп көңілге тоқ алуға болар. Сонымен қатар Еуропа елдерінің тоғызқұмалаққа ықыласы ерекше. Бір қызығы, шетелде отыз шақты елден келген ойыншылар қатарынан сол жақта тұратын қандастарымызды көрмейсің. Өзге ұлт өкілдері. Әсел Дәлиева – Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының спортшыларының жетекшісі ретінде ұлттық ойынымыздың керегесі кеңеюіне үлкен үлес қосып келеді. Тоғызқұмалақ-қазақ өркениетінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі. Осы игі істің бастауында Әсел Дәлиева сынды ұлтжанды қызымыз да бар. Сондықтан да оны «100 жаңа есімге» ұлттық спортымыз атынан қостық.
Қоғам қайраткері қазақ спортының жарық жұлдызы жайында осылай дейді.

Последнее изменение Среда, 19 Август 2020 06:33