Балуандар топ жарды Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:22 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 934 раз

Шымкенттегі жеңілатлетикалық манежде екі күн бойы грек-рим күресі балуандарының тартысты бәсекесі өтті. Академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ашық турнир биыл да мықтылардың басын қосты. Дәстүрлі жарыс қала әкімдігінің қолдауымен 27-ші рет жалауын желбіретті.

322

 

Бұл сайыс білекті балуандардың тәжірибе алаңына айналар бәсекесі болып қала бермек. Жарысқа жиналған көпшіліктің пікірі осындай. Биылғы турнирге еліміздің барлық өңірінен, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан мен Бразилиядан да спортшылар келді. Спорттық додада спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткер 267 спортшы 10 салмақта бақ сынады. Байрақты бәсекеде «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы сарапқа салынды.
Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының президенті Гүлшара Сапарбаева, КСРО спорт шебері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, жарыстың бас төрешісі ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, халықаралық олимпиадалық дәрежедегі төреші Юнус Таиров, қырғызстандық спортшы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмудов және Мардан Баймырзаұлының бауырлары қатысып, ақжарма тілектерін айтты.
Жастарды байсалдылыққа, шыдамдылыққа, өзара қарсыластарын құрметтеуге, достық қатынасты қалыптастыруға бағытталған дода өз мәресіне жетті.
Үшінші мегаполис балуандары екі алтын, бір күміс, үш қола жүлдемен жалпы есепте озық шықты. Мейіржан Шермаханбет 67 келіде, Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта жеңімпаз атанды. Умалт Даудов 87 келіде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал Жолдыбай Тоқбаев (60 келі) пен Шамиль Батыров (82 келі), Даурен Тойшыбаев (97 келі) қола жүлдегер атанды.
Алматы қаласы екі алтын және бір күміс жүлдемен екінші сатыға жайғасты. Үшінші орын – бір алтын, бір күміс және үш қоланы олжалаған Өзбекстан қомандасының еншісінде.