Тұңғыш жүлдегер Избранное

Среда, 15 Июнь 2022 04:47 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1104 раз

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында шымкенттік балуандар жүлдемен оралды. Еркін күрестен шымкенттік Сабыржан Рсалы (70 келі) екінші, Шадияр Пернеш (65 келі) 5 орынға ие болды. Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов спортшылар мен оның жеке бапкерін қабылдап, 2 бөлмелі пәтер кілті және қаржылай сыйақыларын табыс етті.

4

 

Шымкенттің алғашқы Сурдлимпиада жүлдегері

Сурдлимпиада – есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсеке. Шымкент қаласының №19 мүгедектерге арналған спорт клубының шәкірттері осылайша әлемде үздіктердің қатарынан көрінді. Жуырда балуандармен және жеке бапкерімен жүздестік.
Сабыржан 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы. Ересектер арасындағы алғашқы ірі бәсекесі – XXIV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында да жүлдеге қол жеткізді. Бірінші белдесуінде Үндістан, екінші кездесуінде Иран елінің өкілін айқын басымдықпен жеңді. Финалда өткен жылғы ересектер арасында әлем чемпионы Түркия балуанына ұпай санымен есе жіберіп алды.
– Финалда түрік балуанына қарсы белдесу жүйкеге аздап салмақ түсірді. Әбден күшіне мінген, әккі балуан екен. Шәкіртімді тәжірибесінің арқасында жеңіп кетті. Жалпы әлемде Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Қырғызстан, Болгария елдерінде осы спорт түрі жақсы дамып келеді. Төрт жылда бір өтетін жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Кашиас-ду-Сул таулы аймақта орналасқан көрікті, таза қала екен. Ендігі мақсат – келесі Сурдлимпиадаға дайындалу. Оған дейін әлем чемпионаты, Азия біріншілігі бар. Жалпы, ел чемпионатында топ жарып, өз орнымызды сақтап қалуымыз керек, – дейді спортшылардың жеке бапкері Ғалымжан Омар.
Еліміздің барлық аймағында қазіргі уақытта есту қабілеті төмен спортшылар арасында бәсекелестік артып келеді. Сабыржанның басты қарсыластары – Жамбыл облысы және Алматы қаласынан.
Шымкент қаласында да алға жылжу, даму бар. Бұл ретте Ғалымжан Жалтайұлы еркін күрестен жалғыз маман екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда 5 спортшыны кәсіби тұрғыда жаттықтырып жүр.
Былтыр Стамбұлда (Түркия) есту қабілеті төмен спортшылар арасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткен еді. Ол сында жастар арасында Сабыржан Рсалы 70 келіде әлем чемпионы атанды. Ересектер арасында Шадияр Пернеш 65 келіде қола жүлде еншіледі. Шымкент қаласы бойынша Сурдлимпиада ойындарының алғашқы жүлдесін де осы балуандар жеңіп алды.
С.Рсалы ересектер сапына енді өтті. Ш.Пернеш 1 жылдан бері ересектер дуында бақ сынап жүр. Екеуінің де әлі 2-3 Сурдлимпиадада күресетін шамалары бар. Бапкері осылай дейді.

Мүгедектер спортына арнайы зал ашылады

Шаһарда бұл спорт түріне қолдау жеткілікті. Оқу-жаттығу жиындары, жарыстарға жіберуден еш мәселе туындаған емес. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, қалалық № 19 мүгедектерге арналған спорт клубы барлық жағдайды жасап отыр. Жүлдегер спортшыға мемлекет тарапынан пәтер де берілді. Енді олар алаңсыз жаттығады.
– Қос балуанды жасөспірім кезінен бері тәрбиелеп, күреске баулып жүрмін. Міне, алғашқы нәтижеміз көріне бастады. Шадияр 2017 жылы Самсунда (Түркия) өткен Сурдлимпиадаға қатысты. Ересектер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері. Одан бөлек, Досымжан Жақсылық, Әділ Тілектес деген шәкірттерім бар. Досымжан Жақсылық 2018 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Биылғы ересектер арасында Қазақстан кубогының жеңімпазы. Бүгінде төртеуі де ересектер арасындағы додада күш сынасуда. Бәрінен де зор үміт күтемін, – дейді спортшылардың жаттықтырушысы.
Балуандар Шымкент қаласындағы Жаңа технологиялар колледжінің «Жігер» спорт кешенінде жаттығып жүр. Кейде Шымкент қаласының еркін күрес құрамасымен бірге дайындалады. Бұл – тәжірибе алмасу үшін таптырмас мүмкіндік. Қаланың ересектер құрамасы мен сурдлимпиадашылары тонның ішкі бауындай қарым-қатынаста.
Басқарма басшысы, клуб директоры алда мүгедектер спортына арнайы кешен соғу жоспарланып отырғанын жеткізді. Әзірге, күміс жүлде қоржында. Ендігі мақсат – Сурдлимпиада чемпионын шығару.

Електен өткен шәкірттер...

Балуандармен жақыннан таныстық. Сабыржан мен Шадияр қалада есту қабілеті төмен балаларға арналған №1 мектеп-интернатында тәрбиеленген. Білім ордасында жасөспірімдерге таңдау еркіндігі беріледі. Мектеп қабырғасында жүргенде Сабыржан күрес, жүзу және сурет үйірмесіне қатысыпты. Соңында таңдауы күреске түскен.
Шымкент қаласында есту қабілеті төмен балаларға арналған 2 колледж жұмыс істейді.
Сабыржан қаладағы №4 колледжді бағдарламашы мамандығы бойынша тәмамдады.

6


Есту қабілеті төмен спортшыларды тәрбиелеу, дайындаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ғалымжан бапкердің шәкірттері аптасына 6 рет, күніне бір мезгіл жаттығады. 100 шақты баланың арасынан іріктеліп шыққаны осы 5-уі. Бәрінің де салмақтары шамалас. Жұдырықтай жұмылып, ұйымшылдық танытып келеді.
– Мұндай балалар өмірлік мақсатын түпкі санасына құйып алады. Бар ойы – сол мақсатына жету. Әрбір істі өте ұқыпты, ыждаһаттылықпен істейді. Соңына жеткізбей қоймайды. Әр баланың өзіне тән қасиеті бар. Өмірге деген көзқарасы өзгешелініп тұрады. Жауапкершілігі жоғары. Бұл спортта төзім, шыдам, сабырлық керек. Әлі есімде, Сабыржан жаттығуға келгенде бір әдісті істей алмаса, еңсесі түсетін. Соны істеуге тырысатын. Еңбекқорлығымен осындай жетістікке жетті, – дейді Ғалымжан Жалтайұлы өткен шақты еске алып.
Спортшылар жаттығудан тыс уақытта отбасына көмектеседі. Сабыржанмен сурдаудармашының көмегімен әңгімелестік. Көкейіндегі арман-мақсаттарын сұрадық. Ол келесі жолы түрік балуанын жеңуге белді бекем байлап отыр.
– Сурдлимпиада ойындарында көп дос таптым. Шаһардың табиғаты да ерекше екен. Әлемде еркін күрестен Олимпиада чемпионы, жапон балуаны Такуто Отогуроның күресі ұнайды. Сондай мықты болғым келеді. Ал, еліміздің спортшыларынан Серік Сәпиевті үлгі тұтамын. Өмірлік басты мақсатым – Сурдлимпиада чемпионы атану. Олимп шыңын 2-3 рет бағындырсам деймін. Бұл жолда барлық қиындықтан өтуге дайынмын, – дейді өзі.
Сабыржан жаттығудан тыс уақытта атқа мінеді, бассейнге барады. Достарымен кездесіп, таза ауада серуендегенді қолай көреді.

«Бапкерімнің ізін жалғаймын»

«Жеке бапкерім Ғалымжан ағай спортта шыңдап, бізді өмірден өз орнымызды табуға көп үлес қосты. Жақсы қадағалап, жүйелі түрде жаттықтырады. Өте мейірімді. Барлық жағдайда түсіністікпен қарайды. «Таңертең ерте тұр, жаттығудан қалма, қиындыққа шыда» деп үнемі жігерлендіреді. Ендігі ретте бапкерімнің сенімін ақтауым керек. Алдағы уақытта осы спорт саласында жұмыс істеуді мақсат етіп отырмын. Бапкер болғым келеді. Жеке бапкерімнің ізін жалғап, өзім сияқты балаларды чемпион етіп тәрбиелеймін». Балуан осылай сыр шертті.
Талапты балуан жақында пәтеріне де көшіп алды. Енді отбасын құруды жоспарлап жүр. Өзінің туып-өскен жері Шымкент қаласы әрдайым ыстық. Тамағының дәмділігімен, қонақжайлығымен әйгілі. Соны әрдайым мақтаныш етеді. Жарыстардан, жаттығу жиындарынан келсе, бірден Абай саябағы, Дендрологиялық саябаққа тартып кетеді.
Өмірлік арман-мақсаттары айқын. Жігерлі балуанның әңгімесіне риза болып, оған алдағы бәсекелерде сәттілік тіледік.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.