Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Queen Mary University of London (Ұлыбритания) университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Кәсібилік пен жаңашылдық – оның басты қағидасы.
Өз ана тілімен қатар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген азамат әрдайым өз-өзін жетілдіріп отырады. Шет тілдерін білу, халықпен етене жұмыс істеу – бүгінде мемлекеттік қызметкерге жүктелер басты міндет.
Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында Рашид Абатоллаұлымен сұхбаттасқан едік.

7352ab22e63065456f29e884f2a1ca3b


– Рашид Абатоллаұлы, қазір мемлекеттік кәсіби аппарат құруға мән беріліп отыр. Бүгінгі мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек? 

– Елбасының 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында айтылғандай, мемлекеттік қызметкер патриот, адал, өзінің саласы бойынша нағыз маман болуы тиіс. Күн сайын өзінің білімін жетілдіріп, алға қарай дамып отыруға міндетті. Қазір бұған барлық жағдай бар. Әрбір мемлекеттік орган жылына бір немесе екі рет қызметкерлерін оқытып жатыр. Семинарлар өткізеді. 

Бүгінде Шымкент қаласы әкімінің аппаратында конкурс жарияланса, бір орынға кемінде отыз адам үміткер болады. Оның 70-80 пайызы – жастар. Олардың көпшілігі жаңадан оқу бітіргендер немесе мемлекеттік қызметті енді бастағандар. Бәрі де жұмысқа құлшынып тұр. Еліміз 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. Бұл ретте әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің қосар үлесі мол. 

Қазір меритократия қағидасына мән беріліп жатыр. Бүгінде мемлекеттік органда жұмыс істеуіңіз үшін арнайы тест тапсырасыз. Білім-біліктілігіңізді танытуыңыз қажет. Конкурстық комиссия ашық түрде өткізіле бастады. Комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері қосылды. Мұның бәрі ашықтықты, жалпы, мемлекеттік қызметтің маңыздылығын таныту мақсатында қолға алынып отыр. 

d21417e581c01329cf2b4b7a377864c9


– Таяуда Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Яғни, бүгінгі кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің санасы сергек болуы керек. Жастар қаншалықты мемлетшіл, қаншалықты Отанға адалдық танытып жүр? 

– Әрине, мемлекеттік қызметкер үшін де рухани жаңғыру өте өзекті. Кез келген адам мемлекеттік қызметкерден саяси бағдарламалар туралы сұрауы мүмкін. «Неге үш тілде сөйлеуіміз керек? Неге латын тіліне көшіп жатырмыз?» деп кейбіреулер сұраса, оған жауап бере ала ма? Міне, мемлекеттік қызметкерге қояр талап та осы. Қызметкер мінберге шығып, жай баяндап ғана қоймауы керек. Мемлекеттің саясатын толық біліп, кез келген сұраққа жауап беретін деңгейде болса ғана, оның мәртебесі биік болмақ. 

Бүгінде қала әкімдігінде 504 қызметкер болса, оның ішінде 20-ға жуығы ағылшын тілін біледі. Түрік, араб тілін меңгергенде де бар. Корей тілінде сөйлейтіндер де кездеседі. Жалпы, ағылшын тілін білуге басымдық беріліп отыр. Биыл біздің үш қызметкеріміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға аттанды. Дайындалып жүргендер де баршылық. Өз қаражаттарына оқып келген қызметкерлеріміз де бар. 

31618f962cbb6bc4402a321c38a56aad


– Қалада кәсіби мемлекеттік аппарат құру мақсатындағы «Ашық әкімдік» жобасы негізінде «Ресепшн қызметі», «Халықтық кеңсе» жобасы қолға алынды. Бұл жобалардың маңызы қандай?

– Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген жаңа технологиялар. Жоба бойынша тұрғындардың өзіне қажетті құжаттарды бір орталықтан-ақ рәсімдеуіне мүмкіндік жасалды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей идеясымен қолға алынған бастамалар. Негізінен, Еуропа елдерінің бәрінде осындай ресепшн қызметі жұмыс істейді. Өткен жылы қалада қолайсыз жағдайлар кезіккенін білесіздер. Кейбір алаяқтардың кесірінен «Шымкент қаласында жер тегін беріліп жатыр екен» деген ақпарат шыққан еді. Халық абыр-сабыр күйге түскен. Күніне 400-ден 1500-ге дейін адамдар әкімдікке қарай ағылды. Бұл – жалған ақпарат деп түсіндірдік. 

Бұрын тұрғындар рұқсат қағазын алу үшін әр бөлімге барып, сабылатын еді. Осы мәселені шешу үшін «Халықтық кеңсені» аштық. Шағымыңызды, мәселеңізді айтсаңыз, жедел түрде бір жерде-ақ шешіледі. «Халықтық кеңсеге» келіп, шағымыңызды айтсаңыз, сізге штрих-код беріледі. Сіз сол арқылы құжатты бақылап отырасыз. Кез келген реформа халық тарапынан қолдауға ие болып, халыққа ыңғайлы болуы тиіс.

Алдағы уақытта жер мәселесін тиімді басқару үшін «Спутникті мониторинг» жобасы да іске қосылады. Ол арқылы жер учаскелерін заңсыз түрде игерудің алдын алып, бақылауға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ, білім саласында мектептердің жаңа функционалдық деңгейге өтуін қамтамасыз ететін жоба қарастырылып жатқанын айта кетейін. 

3f404c8e8077accfa4409452265248da


– Өзіңіз шығыс жекпе-жек түрлерінің бірі – каратэ-до шотоканмен шұғылданасыз. Кентау қаласы біріншілігінің жеңімпазы, шахматтан облыс біріншілігінің жүлдегері атандыңыз. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан тыс уақытта да өз-өзін дамытуға мән беруі керек қой...

– Рас айтасыз, қызметкердің санасы да, бойы да сергек болуы қажет. Бізде арнайы кесте түзілген. 2016 жылдың мамыр айынан бері әкімдіктегі барлық қызметкерлер, бөлімдер топқа бөлініп, спортпен айналысу керектігі жайында тапсырма бар. Аптасына бір рет спортпен шұғылданамыз. Олардың арасында футбол, күрестен жүлдегерлеріміз жетерлік. Ол – тек салауатты өмір салтын насихаттау ғана емес, ұжым арасында достықты, ынтымақты арттыруға зор мүмкіндік. Қазір өзім аптасына бір рет жүзуге барамын. Біздің қызметкерлеріміздің арасында спортшымен қатар, өнерпаз қыз-жігіттеріміз де көп. 23 маусым күні мерекеге орай жиын өтпек. Қызметкерлеріміз сол жиында өз өнерлерін көрсетуге дайындалып жүр. 


– Лондонда білім алдыңыз. Ол жақтағы мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері жайында не айтасыз? 

– Лондонда оқып жүргенде жергілікті әкімшілікте іс-тәжірибеден өткен едім. Жалпы, олар жоспарларын 50 немесе 100 жылға бағдарлайды. Біріншіден, онда қаланың экологиясы, ыңғайлылығы, адамдарды спортқа қызықтыруға мән беріледі. Қазір олардың 50 жылдық жоспары бар. Оған сәйкес, Лондон қаласының әрбір тұрғыны үшін үйі мен жұмысының арасында жүретін жолы 15 минуттан аспауы керек. Яғни, жаяу жүруді насихаттайды. Оның денсаулыққа, қала тіршілігіне қаншалықты пайдасы бар? Міне, осыған назар аударылады. Жоспарлары елеусіз болуы мүмкін. Бірақ, көздеген мақсаттары өте ауқымды. Мемлекетті дамуға бастайтын бірден-бір жобалар. 

Мемлекеттік қызметкерлер туралы айтсақ, біріншіден, оларда әлеуметтік қолдау зор. Екіншіден, әкімнен басқа ешбір қызметкер халықпен жүзбе-жүз кездеспейді. Сұрағыңызды пошта арқылы жібересіз. Егер шешілмейтін сұрақ болса ғана шақырады. Яғни, тайм менеджмент өте дамыған. Уақыттарын үнемдейді. Олар жұмысын сол күні бітіріп кетеді. 


– Мемлекеттік қызметтегі мансабыңызға 13 жылға жуықтапты. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кейде қала көшелерінде велосипедпен жүргеніңізді көріп қаламыз. Қарапайым болу да басты қағидаңыз-ау...

– Қоғамдық көлікке мінбесеңіз, ондағы жағдайды білмейсіз. Велосипедке отырмасаңыз жолдың, жаяу жүрмесеңіз аяқ жолдың жағдайынан хабарыңыз болмайды. Міне, осының бәрінен құлағдар болу үшін халыққа жақын болуымыз керек. Мемлекеттік қызметкер әрбір қабылдаған шешімін, әрбір жұмысын өзінің жүрегінен өткізуі керек деп ойлаймын. 

Өз-өзін дамыту жайын айттық. Қазір өзімді жетілдіру үшін кітап оқуға ден қойып жүрмін. Негізінен, экономикалық кітаптар. Бұл сала бұрыннан қызықтырса да, еш мүмкіндік болмай жүрді. Макроэкономика саласының ішінде менеджмент жағын білуді міндет етіп қойдым. Келесі жылы елімізде қаржылық орталық ашылайын деп жатыр. Мінекей, осы тұрғыда көбірек мағлұмат жинап, білуім – міндет. Ертең халыққа түсіндіре алуым керек қой. 

Мемлекетке қызмет ету – абырой. Жалпы, өзім бала кезімнен мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді, елдің дамуына үлес қосуды мақсат еттім. Осы мақсат-мүдде жолында тер төгіп келемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 23 Июнь 2017 05:37

Ораза айт – ұлық мейрам

Мұсылманның екі мейрамы болса, соның бірі – Ораза айт. Биыл Ораза айттың алғашқы күні 25 маусымға сәйкес келіп отыр. Бұл күні аптап ыстықта ораза ұстаған жандар Рамазан айымен қошасып, ауыздарын ашады. Туған-туысқандарын аралап, жетім-жесір, мүгедек-міскіндерге көмек көрсетеді. Осынау қасиетті мерекенің тарихы қандай және оны қалай тиімді өткізген дұрыс деген сұрақтар аясында Шымкент қалалық «Абдул Хамит Қаттани» мешітінің наиб имамы Қазыбек Сарыбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

DSC 2066

– Қазыбек Сұлтанбекұлы, алдымен «айт» сөзінің мағынасы мен Ораза айттың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз...

– «Айт» – араб тілінен аударғанда «мереке», «мейрам» дегенді білдіреді. Мағынасы оразаның «қарымтасы» берілетін жыл сайын қайталанып келетін қуаныш пен шаттыққа толы мереке. Бұл күні бір ай бойы ораза ұстаған адам марапат, құрметке ие болады. 

Тарихқа үңілсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың тойлайтын екі мейрамы бар еді. Алланың елшісі жұрттан мұның қандай мереке екенін сұрағанда «Исламнан бұрын тойлап келе жатқан мерекеміз» деген жауап естиді. Сонда Расулулла (с.ғ.с): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары» деген екен.

– Бұл күнді қалай өткізген дұрыс?

– Айт күні ерте тұрып, жуынып, жұпар иіс себініп, айт намазына барудың сауабы өте көп. Сонымен қатар, туған-туыстарды, ауру-сырқауларды зиярат ету немесе үйге қонақ шақыру ізгі амалға жатады. Ораза айтқа дейін жиналған пітір садақалар мұқтаж адамдарға таратылып, көмек-қолдау көрсетіледі. Ал бала-шағаға сыйлық үлестіріп, айттық алып берудің маңызы зор. Өйткені, осы күні сыйлық алған бала келесі мерекені қуанышпен тағатсыздана күтетін болады. 

Сондай-ақ, айт күні ренжіскен кісілермен татуласып, көрші-қолаң, дос-жарандармен бауырмалдықты арттырған жөн. Себебі, Жаратушы иеміз «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» деп кешірім жолын ұстануға бұйырған.

– Ораза айт намазы қалай оқылады?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айт намазын ешқашан тастамаған және өзгелердің де намазға шығуларын бұйырған. Сондықтан, Әбу Ханифа мәзһабында Ораза айт намазына қатысу әрбір мұсылманға – уәжіп.

Айт намазы екі ракааттан тұрады. Азан мен қамат айтылмайды. Жұма намазы секілді уақыттың кіруімен, жамағатпен орындалады. Тек бір ғана айырмашылығы әр ракаатында үш рет «АллаҺу әкбар» деп тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді айту да – уәжіп. Айта кетейін, биыл Оңтүстік өңірінде Ораза айт 25 маусым күні сағат 7:00-де оқылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали Қанат

Опубликовано в Дін

Оңтүстік өңірі әскери құрылымдарға, әскери қызметтерге азаматтарды шақыру бойынша ел аумағында үздік үштіктің қатарына енеді. Қазіргі уақытта жазғы оқу кезеңіне өткен әскери құрылымдар қызметінде оқу-жаттығу жиындары жаңа бағытта жүргізілуде. Осы орайда, Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы, полковник Әбдіғабит Шегебаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

122

– Әскерге шақырылушылар Отан алдындағы парызын өтеуге қаншалықты дайын? Жастардың белсенділігі мен денсаулығының жарамдылық көрсеткішін қалай бағамдауға болады?

– Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс жастардың денсаулығы жарамды, жарамсыз деп медициналық сараптама комиссиясының төрағасы анықтай алады. Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен біздің басқармаға жыл сайын қанша жасты әскерге жіберу туралы сұраныс келеді. Сол сұранысқа байланысты басқарма жұмыс атқарады, оның ішінде Қарулы күштер, Шекара қызметі, Ұлттық гвардия, Мемлекеттік күзет қызметі бар. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма жастардың денсаулықтарына қарай отырып, осының бәріне сұраныс бойынша жібереді. Шымкент қаласы бүгінде үшінші мегаполис, республикадағы үлкен қалалардың бірі. Сол себепті, біздерге жүктелер талап та қатаң. Нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. ҚР Қорғаныс министрлігінің 96-шы бұйрығына сәйкес бізде әскерге шақыру комиссиясы жұмыс істейді. Елбасының өкімі, облыс, қала әкімінің қаулысы шыққаннан кейін әскер қатарына шақыру басталады. Медициналық сараптамадан өткіземіз. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Көз аурулары, сосын салмақ өлшемі жетіспеушілігі, одан кейін майтабан аурулары көп. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Жарамды болса облыстық медкомиссиядан өткеннен кейін ғана қай әскер түріне баратыны нақтыланады. Жастар психолог мамандардың сүзгісінен өтеді. Дегенмен, айта кету керек, жастардың басым бөлігі моральдық жағынан дайын болмай шығады. Психолог оның ішкі жан дүниесіне кірігіп, бәрін білуі керек. Суицид мәселесін жоққа шығара алмаймыз. Бәрін қадағалайтын мамант – психолог. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте де, қалалық қорғаныс істері басқармасында да, әскери бөлімде де арнайы психолог штаты бөлінген. Шақырылым кезінде осылардың бәрі біріге жұмыс істейді. 

33

– Әскер қатарына шақырылушыларды медициналық сараптамадан өткізетін медицина мамандарының біліктілігі қандай?

– Арнайы өзінің санаттары бар. Медкомиссияның құрамындағы мүшелер облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын мекемелерден келеді. Басқармамызда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің тәжірибесі мол. 15-20 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан тәжірибелі мамандар. Жоғары санатты, бірінші санаттағылар. Әр сатылы сұрыптаудан өткен жастар әскер қатарына кеткен кезде дәрігерлер бәріне жауап береді. Қандай да бір ақаумен, денасаулығында кінәраты болып баланы қайтаратын болса, оған қаншама шығын кетеді. Соның бәріне дәрігерлер жауапты. Медициналық сараптамадан қалай өтіп жатқанын соның бәрі тексеріледі. Егер қандай да бір кінәрат табылса заң шеңберінде бізге де жауап беруге тура келеді. 

Әскери бөлімдердегі командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына артылар жүк ауыр. Әскери бөлімде де өздерінің психологтары, дәрігерлері бар. Бұрынғыдай емес, қазір қанша сұраныс болса да, сапаға көп көңіл бөлінеді. Әскер қатарына шақырылушы жан-жақты болуы керек. Ата заңымыздың 36-шы бабында «Отанды қорғау – әр азаматтың парызы» деп көрсетілген. Алдын ала үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Шақырылушылар көп, барамын деп тілек білдірушілер одан да көп. Бірақ соның ішінде көбісінің денсаулығы нашар, сол жағынан ақсап жатады. Жоғары оқу орнында оқитындар оқуын бітіргенше әскери кафедрада білім алады. Олар да қорғаныс істері жөніндегі басқарманың сүзгісінен өткеннен кейін ғана әскери кафедраға түсе алады. 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды жылына екі рет шақырамыз. Көктемгі және күзгі шақырылушылар. Одан бөлек жасы 22 мен 27 жас аралығындағы жоғары білімді, орта арнауы оқу орнын бітіргендер әскери техникалық мектепке жіберіледі. Медкомиссия мүшелерінің, психологтың сараптауынан, одан кейін тестілеуден өтеді. Жарамдылығы анықталса, айлық курстарға жібереміз.

– Жасөспірімдер арасында әскери қызметке ынталандыруға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Әскери патриоттық тәрбиені кешенді жүргізіп, оны мектеп оқушыларына кеңінен насихаттау және жасөспірімнің бойына сіңіру – қазіргі уақыттың талабы. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қала мектептерінде «Ерлік сабағын» жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Сол сабақтардың аясында Қарулы Күштердің бүгінгі жағдайы, бағдары, келешегі түсіндіріледі. Нәтижесінде, келешекте әскерге барғысы келетінін айтып, ниет танытқан жасөспірімдердің қатары да арта түсуде. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Сұхбат

Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Арман Оспанов елге оралды. Санкт-Петербургте өткен ACB 61 турнирінде жеңіске жеткен аралас жекпе-жек спортының шеберіне халықтың ықыласы ерекше. Өзі де ұзақ үзілістен кейін алғаш бәсекеге шықты. Рас, көпшілік асыға күткен жекпе-жек тұғын. Халықтың ықыласынан артық қандай құрмет бар?! Туған жеріне сағынышпен жеткен батыр ұлмен біз де сұхбаттасуға асықтық. Жүздескенімізде өзі де барша тілеулестіріне алғысын айтты. «Ресей еліндегі бір топ қазақ студенттері келіп, қолдады. Интернет жүйесінде де көпшілік ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Жалпы, барша қазақ еліне рахметімді айтамын» дейді ол. Емін-еркін отырып, батырдың алдағы жоспарларын сұрадық. Туған жерде аунап-қунап, біршама тынығып қайтпақ жоспары бар екен.

IMG-20170603-WA0012

Мақсатыма жетпей тынбаймын

– Беделді ACB ұйымының аясында өткен дебюттік жекпе-жекті жеңіспен аяқтадық. Шүкір деймін. Бір жылда үш бәсеке өткізуім керек. Накажима осы ұйымның рейтингінде жетінші орында тұрған спортшы. Әуелде жапон жігітінің әлеуетімен танысып шықтым. Бір байқағаным, бұл жігіт шапшаң екен. Соған сай жоспар құрып, ойлағанымызды іске асырдық. Әлбетте, көптен жарыстан сырт қалғаннан кейін адамның бойында кішігірім алаңдау сезімі болады. Сол уайымды жеңе білдік, бастысы. Алда одан да жоғары нәтижелер көрсетеміз деген ойдамын.

– Бұл келісің де қасиетті Рамазан айына тура келіп тұр екен...

– Негізінен, ұйым басшыларына «Ораза айында мені жарыстан босатсаңыздар» деп өтінгенмін. Олар да осыны ескеріп, жарысты 20 мамыр күні ұйымдастырды. Бір қызығы, оразаның бірінші күнінде ұшақта аузымды бекіттім. Мәскеуден Алматыға келе жатқан сапарымда нәсіп болыпты ғой. 

Ауылды да қатты сағындым. АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Албукерке қаласында, Махачкалада (Дағыстан) жаттығып, жалпы 5-6 ай көлемінде сыртта болдым. Бұйырса, тау бөктерінде қымыз ішіп, ет жеп, марқайып қайтпақпын. Оразадан кейін екінші жарысқа дайындыққа кірісеміз. 

Бір айта кететіні, келесі бәсеке Қазақстанда өтуі мүмкін. Ұйым басшыларының біздің елге де келу ойлары бар. «Алаш прайд» клубы бірлесе қыркүйек айында Алматыда үлкен жарыс ұйымдастырмақшы. Оның нақты мерзімі жақын арада мәлім болып қалар. Әрине, өз елімізде өтетін сайыстан шет қалмаймын.

IMG-20170526-WA0059

IMG-20170526-WA0060

– Жыл басында АҚШ-та жоспарланған жекпе-жек белгілі себептермен өтпей қалды. Бұл – арандатушылардың әрекеті ғой. Олардың кім екені анықталды ма?

– Өкінішті жағдай, әрине. WSOF ұйымымен келісімшарт жасап та қойғанбыз. Күтпеген жерден бәрі басқаша болып, шыға келді. Әрине, жарысқа бес күн қалғанда мұндай жағдайға кезігу өзекті өртеді. Бір апта торығып жүрдім. Мұны белгісіз біреулер аяқтан шалу мақсатында әдейі ұйымдастырған. Қаншама уақыт дайындалған едік. 

Рас, қазір алыптардың алыбы болып тұрған – UFC тұжырымы. Менің бар мақсатым осы сында көк Туды желбірету. «Неге қазақтың жігіттері осы сында шықпасқа?!» деп күндіз-түні ойланамын. Дүниежүзі бойынша ең үлкен деңгейдегі жарыс болғандықтан, бәрі де осында қатысқысы келеді. 

Бүгінде АҚШ-та Джексон Уинг деген академияда жаттығып жүрмін. ММА майталмандарының көбісі осы жерде шынығады. Өз-өзімді жетілдіруге мен де 2014 жылы мұхиттың арғы бетіне қадам бастым. Джексон Уинг деген жаттықтырушының маған көзқарасы түзу секілді. Болашақта үлкен үміт күтетінін айтады өзіме. 

Қалай десек те, бұндай келеңсіз жағдай сағымды сындыра алмайды. Мақсатыма жетпей тынбаймын. ACB – әлемде үшінші орында тұрған ұйым. Олар да 4-5 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Басшысы ресейлік Майрбек Хасиев деген азамат. Жалпы, келесі жекпе-жекте бағым жанса, UFC-де өнер көрсетермін бәлкім. Менеджерім Әли Абдулазиз де мықты маман. Бұл жігітпен де қарым-қатынасты күшейтіп жатырмыз.

IMG-20170526-WA0063

«Спортқа демеушілер көптеп керек»

– Ресейлік телеарнаға берген сұхбатыңда «Егер бонус ақша берілсе, оны балалар үйіне аударар едім» дедің. «Қарақұс жемін басып жейді. Ақ сұңқар жемін шашып жейді» деген сөз бар. Бұның осы лақап атыңа сай болайын деген ниетің ғой...

– Әрине, ондай мүмкіндік болып жатса, қайырымдылық жасағанға не жетсін?! Жалпы, өзім үнемі ниеттеніп жүремін. Бұйырса, алда қайырымдылыққа үлес қоссам деген жоспарларым бар. Өзім де қарапайым отбасыдан шықтым. Көп қиындық көрдім. Спорттың жолы – ауыр еңбек. 

Жалпы, спортқа демеушілер көптеп керек-ақ. Соңғы кездері ММА спортшыларына да кәсіпкерлер көңіл аудара бастады. Бұл қуантады. Шама-шарқына қарай, споршыларға жәрдемдесіп жатқандар баршылық. Мемлекет есебінен де қолдау бар. Бұл жағдай әрбір спортшыны қанаттандырып, рухтандырады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұрбайұлы да бізге көп қолдау көрсетіп жатыр. Әлем чемпионаттарына қатысып келеміз. Азды-көпті еңбегімізді ескеріп, аудан басшылары «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. 2015 жылы үшінші рет әлем чемпионы болып келгенімде облыс әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Қазір «Нұрсәт» шағынауданында сол пәтерде отбасыммен тұрамын. Екі жылға жуықтады. Бұндай жағдайлардан кейін біз де жарқын жеңістермен қуантуымыз керек. 

Шыны керек, соңғы кездері бұл спорт түріне де көзқарас түзеле бастаған сияқты. Жанкүйерлердің қатары артып отыр. Таңертең ерте тұрып, жекпе-жекті күтетіндер бар.

IMG 20170603 132301

– Жауынгерлік самбодан үш рет әлем чемпионатында жеңістің биік сатысынан көріндің. Әлі де бақ сынап көру ойың бар ма?

– Оны да ойымнан шығарған емеспін. Неге бес рет әлем чемпионы болмасқа?! Екі жарыс қатар келіп қалмаса, әлемдік бәсекеде де әлі талай жеңіске жеткім келеді. 

Жауынгерлік самбодан ізімді басып келе жатқан дарынды жастар да бар. Оңтүстіктің өзінен Бекзат Жасия, Қалдар Қасымбек, Бейбіт Көшербай сынды талапты інілерімді атап өтемін. Аман Айтжан деген өзімнің туған інім бокстан спорт шебері нормативін орындады. Ол да қазір қоян-қолтық жекпе-жегіне ауысты. 

Жауынгерлік – біздің қанымызда бар қасиет. Қажымұқан атамыз күрестен дүниежүзін мойындатты. Одан арғы тарихымызда батыр бабаларымыз елімізді жаудан қорғады. 

5892

Міне, қазіргінің жаужүрек ұлдары шаршы алаңда ойқастап жүр. Еліміздің бокс, күрес, дзюдо спортында тәуір жетістіктері баршылық. Біз жауынгер халық екенімізді бүкіл әлемге мойындатуымыз керек. Өзім де күрестен ауыстым ғой. Бір байқағаным, көп жігіттердің аралас жекпе-жек спортына ауысуға батылы жетпей жатады. 

Өзімнен бөлек, темір торда күш сынасып жүрген қаншама азаматтарымыз бар. Бәріміздің де мақсатымыз бір. Ол – қазақ жігіттерінің намысын қайрау, жауынгер ұлт екенімізді әлемге таныту. Жалындаған жас кезімізде барлық мүмкіндік бар. Ерінбей еңбек еткен адам, түбінде мақсатына жетеді. 

Кішкентай кезімізде ұстазымыз Жанпейіс Жәнібекұлы сыңғырлаған медальдарды ұстап көрсететін. Сонда осындай жетістікке жету мүмкін бе екен деп ойлайтынмын. Балалық қой. Уақыт сәтімен, бала кездегі арманымның орындалғанына Аллаға шүкіршілік етемін.

IMG-20170603-WA0003

Шымкент – спорты өркендеген шаһар

– Қазір рухани жаңғыруға көңіл бөлетін кезең. Өзің спорттан тыс уақытта қаншалықты әдеби шығармалар оқуға көңіл бөлесің?

– Телефонға телмірген кезеңде рухани жаңғыру – өзекті мәселенің бірі. Қаптаған толассыз ақпараттың ішінен керектісін таңдап ала білсек. Салт-дәстүрімізден алшақтамауымыз керек. Өзім Абайдың қара сөздерін, батырлардың өсиеттерін, ұстанымдарын оқимын. Шетелде кітап алып жүруге мүмкіндік жоқ. Бірақ телефон арқылы рухани кеңістігіміді байытуға тырысамын. Бір күнде төрт мезгіл жаттығу істейміз. Соның арасында мұны да ұмытпаймын.

– Жалпы, спортшылар қауымы үнемі туған жерден жырақта жүреді. Өзің де негізінен АҚШ, Ресей, Таиланд елдерінде жаттығасың. Шымкентке әр келгенде не байқайсың?

– Көп елдерге табанымыз тиді, миллиондаған адамдарды көрдік. Дамыған елдердің әлеуетіне де куәміз. Бірақ, өзімнің сүйікті қалам Шымкент әрдайым тартып тұрады. Әр келгенде өзгере түскенін, көркейгенін байқаймын. Шағын кәсіпкерлік дамып жатыр. Көне қала ретінде туристер көп келеді. Күзде миллиондық межеге жетеміз. Шымкентте спортпен шұғылдануға барлық жағдай бар. АҚШ-тан, шетелден достарым келсе, өз қаламды ұялмай көрсете аламын. Міне, соған қуанамын.
Жалпы, ауылға келе салып, тауға барамын. Туған жердің таза ауасын жұтып, қымызын ішіп, қазы-қартасын жеуге асығамын. Кейде АҚШ-қа қазы-қарта алып кетіп, соны үнемдеп жейтінім бар.
Қалалық «Шымкент келбеті» газетіне бірінші рет сұхбат беруім. Оқырмандарға тілегім, өсіп-өркендей беріңіздер. Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Оразада иманға келген бауырлар әрі қарай да сол ниеттен ажырамаса екен деймін. Барлық уақытта да рухани жаңғыра білейік.

– Әңгімеңе рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Опубликовано в Спорт

IMG 1265

Айнабек ОСПАНОВ, ОҚО «Бейнелеу өнері музейінің» директоры, суретші

Шығармалары шындықпен үндескен суреткер. Көпшілік ОҚО Бейнелеу өнері музейі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар тұлға Айнабек Оспановты осылай таниды. Айнабек әлемі – әдемі әлем, себебі ол тіршілікті, қоршаған ортаны сүйеді. Жан-тәнімен жақсы көре отырып, бүткіл болмысымен бұл дүниедегі келеңсіздікті картиналарына арқау етеді. Рухани жұтаңдық, қоршаған орта мәселелері, ұлттық тамырдан айырылу, туған жерден қол үзу, мұндай келеңсіздіктерден шығу жолдары толғантады. Тұрмыстық гармонияның бұзылуына қарсылық, оны жаңғыртуға ұмтылыс оның өнерінде ең негізгі мазмұнға айналған. Айнабек Мыңжасарұлы былтыр 60 жылдық мерейтойын тойлады. 60 жылдығында өзі басшылық ететін музейге 60 кітап сыйлады. Мерейтойына арналған альбомы жарық көрді. Онда соңғы он жылда жасаған шығармаларының бір бөлігі енген.
«Бейнелеу өнері музейінің» негізін қалап, жаңадан ашылған мекеменің негізгі қорын жасақтаған суретшінің оқырмандарға айтары көп. Ендеше, Қазақстан Суретшілер Одағының Оңтүстіктегі ұйымын 20 жыл басқарған, Қазақстан Көркем академиясының академигі, талантты суретші Айнабек Оспановпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

IMG 0170

– Айнабек Мыңжасарұлы, біздің өңіріміз музейі көп облыс болып есептеледі. Санда бар болғанымызбен, сапа мәселесі қалай болып жатыр? Халыққа тиісті деңгейде қызмет көрсетуде ме?

– 3 млн-ға жуық халқы бар біздің облыста кешегі күнге дейін музей мәселесі шешілмей келді. Біз музейі көп облыс болғанмен, олардың көпшілігі Тарихи-өлкетану, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейлері, көбіне идеологияға қызмет ететін нысандар. Жалпы тұтас өнердің музейіне айналған орда жоқ. Өзім басқаратын Бейнелеу өнері музейіне келсем, бұл музей облыстың экс-әкімдерінің бірі Асқар Мырзахметовтың тұсында салынды. Елбасының «Саябақтың ішіндегі нысандарды өкіметке қайтару» туралы жарияланған мораторийінен кейін, яғни, 2009 жылы осы жерде Көркемсурет галереясы ашылды. 646 шаршы метр экспозициялық залы бар, бір ғана бөлмеден тұратын еді. Ашылғаннан бері 2 рет республикалық симпозиум өткіздік. 3-4 рет көрме байқауын өткіздік. Негізгі жиынтық қорымызды 700-ге жеткіздік. Тағы үш көрермен залын салдық. Жалпы музей төрт залдан тұрады. Сөйтіп, 1,5 мың шаршы метрдей құрылыс салынды. Ешбір облыс орталығында мұндай экспозициялық залы бар музей жоқ. Кіреберістегі шыны залында шеберлік сағаттарын, көрнекті фотокөрмелер өткіземіз.

91

– Музей өз шығынын ақтай ма? Жалпы билеттің бағасы қаншадан?

– Студенттер мен зейнеткерлерге – 100 теңге, толық билеттің құны – 200 теңге тұрады. Жылына шамамен 1 млн 200 мың теңгеге билет сатамыз. Негізі билеттің бағасы 1000 теңгеге жақын болуы керек. Шетелде мұндай музейлердің бағасы 2000 теңгеге дейін барады. Ал бізде көріп отырғаныңыздай, билет бағасы – тым арзан. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің мәдениет саласына көрсеткен үлкен қамқорлығы.

88

– Біздің өңірде қанша суретші бар? Олардың туындылары тек өздерінің шеберханаларынан шыға алмай қалып жатқан жоқ па?

– Оңтүстікте Қазақстан Суретшілер одағының 100-ге тарта мүшесі тұрады. Оның он шақтысы өмірден озды. 15-тен аса «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталғандар мен екі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған суретші бар. Иә, сіз, үлкен әлеуметтік мәселені көтеріп отырсыз. СССР кезеңінен келе жатқан суретшілердің ойлау санасы өткен дәуірде қалып кеткендей. Олар әлі де барлық жағдайды Үкімет жасап берсе деп ойлайды. Шеберханамды жөндетіп берсе, материалдық көмек көрсетсе деп қол жайып, күтіп отырады. Қазір нарық заманы емес пе?! Әркім қал-қадерінше өзі еңбек етуі керек. Дәл қазір суретшінің бағы ашылатын, өзін-өзі көрсететін заман. Сондықтан биіктік белесінен көріну де, керісінше талант көгінен құлдилау да – суретшінің өз қолында.

17

– Шыныңызды айтыңызшы, музейге келушілердің қызығушылығы қандай?

– Біз коммерциялық көрмелерді көп ұйымдастыратындықтан, қарапайым халық Көркемсурет галереясын жақсы білетін дәрежеге жетті. Себебі, біз
Үндістанның қолөнер бұйымдары көрмесін екі-үш рет өткіздік. Шетелден қонақтар көп келеді. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, жергілікті тұрғындардың музейге деген махаббаты әлі де жоғары деңгейде емес. Бізде 10-15 минутта, ары кетсе 1 сағатта селфи жасап суретке түседі де, кетіп қалады. Негізі көрмені тамашалауға бір күн де жетпей қалады кейде. Ал шетелдіктер ауыздары ашылып, көрмені тамашалаймыз деп жүргенде, қалай кештің батқанын білмей қалады.

– Бүгінде Бейнелеу өнері музейін «мұңсыз» деп айта алмаймыз ғой.
Музейге не жетіспейді?

– Бір көрмені жасау үшін кем дегенде 60-100 мың теңгенің арасында қаржы кетеді. Музейді таңертең ашып, кешкі сағат 18.00-19.00-де жабады дегенге сенбеңіздер. Біздің қызметкерлердің жұмысы қарбалас. Яғни, музей – қоғамдық ғылыми-зерттеу институты. Ғылыми бөлім мен қор бөлімі әр картинамен мұқият жұмыс істейді. Одан кейін қазіргідей қағазға көміліп қалған заманда азаннан кешке дейін қағаз толтырады. Ақпараттық-экскурсиялық бөлім де бар. Жас мекеме болғандықтан, бізде экспозиция бөлімі жоқ, соның қызметін де қосып атқарады. Келген адамдарды күтіп алады, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Көру алаңындағы әртістеріміз іспетті. Олардың да саны тым аз. Арнайы салынбағаннан кейін, бөлімдер отыратын арнайы бөлмелер де жеткіліксіз. Айта берсек, мәселе көп. Ілгерілеушілік те жоқ емес. Осы уақытқа дейін жеке көліктерімізбен жүрдік. Биылдан бастап қызметтік көлік берді. Біртіндеп базамыз толығып келеді.

655656

– Сізге шабыт қай уақытта келеді?

– Мен өмір бойы еркін суретші болған адам емеспін. Жұмыс пен суретті, шығармашылықты үйлестірген жанмын. Қазақстандағы суретшіге берілетін барлық атақ-дәрежені иеленген Ә.Қастеев атамыз іспетті бақытты жандардың бірімін. 30 жылға жуық басшы боп қызмет істесем де, қылқаламым қолымнан түскен емес. Түскі үзіліс кезінде шамалап дайындап аламын. Сағат 15.00-ден кейін музейде жұмыс сәл азаяды. Сол кезде сурет саламын. Сенбі-жексенбі күндері ешқандай құдалыққа бармаймын. Мені танитындар «Айнабек осы жерде тұрады» деп әзілдейді.

– Қылқаламы қолынан бір сәтке де түспеген сіздей жан зейнетке шыққан соң қайтер екен?

– Өмірде суретшіліктен басқа кәсібім болған емес. Осы өнеріммен әлемді таныдым, көптеген елдерді араладым, бала-шағамды асырадым, оқыттым. 60-тан асқан шағымда басқа қызметке ауысуым мүмкін емес. Себебі, қиын кезеңдерде менің әріптестерім құрылысшы болса, енді бірі саудаға кетті. Сондай ауыр кезеңдерде мен Суретшілер одағын басқарып, еліміздің түкпір-түкпіріне жүгіріп, жұмыс істедім. Бір жағынан, оны мақтан етемін. Материалдық құндылықты емес, рухани құндылықты бағалағаныма өкінбеймін. Ешкімнен кем болған жоқпын.

– Облысымыздағы музей ісін дамыту үшін тағы да қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазір музейді кеңейту мәселесі сөз болуда. Бір айдай сол келешекте салынатын музейдің техникалық-сараптамалық жұмыстарын істедім. Ол құжат 58 бетті құрады. Көп бағыттағы Өнер музейі ашылуы керек. Облыстағы музейлер жиынтығы деп айтса да болады. Көлемі 17,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның кіреберіс вестибюлінің өзі 1100 метр. Сол бойынша техникалық құжаттамасы қаралуда, әкім тиісті басқармаға тапсырма берді. Егер бәрі жоспар бойынша атқарылса, онда екі жылдың көлемінде сол жаққа көшіп кетуіміз мүмкін. Әкімшілік-іскерлік аймақтан және жаңадан салынып жатқан «Шымкент Ситидің» жанынан бір орын қаралып жатыр. Оның территориялық көлемі 5 га болмақ.
Мұндай музейлер негізі әлемдік тәжірибеде бар. Бастысы салынатын орнына да байланысты. Астанадағы Ұлттық музей де жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Алып музейге айналып үлгерді. Мысалы, өзіміздің тарихи-өлкетану мұражайы 2,5 мың шаршы метр аумаққа сыймай отыр. «Ерлік» мұражайы да арнайы салынбаған, бұрынғы Демалыс үйінің ғимаратына орын тепкен. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ғана арнайы салынды. Бәлкім, сол музейдің бір секторы жаңа үлкен музейден ашылуы мүмкін.
Француз елінде Лувр деген әлемдік музей бар. Сол музей 300 мыңнан аса адамға жұмыс беріп отыр. Сол Луврдың айналасында орналасқан мекемелер әлемнің 170 тілінде кітап, күнтізбе, баспа өнімдерін шығарады. Ал билеті 15 еуро тұрады. Ал шығарып жатқан кітаптарының бірде-біреуі 15 еуроға бағаланбайды, 10 еуродан аспайды. Оның ішінде тамақтанатын жерлер, көрме алаңдары, әлемге әйгілі үздік туынды «Джоконда» бар. Оған кіру үшін таңғы сағат 4.00-ден кезекке тұрасыз. Келіп-кетіп жатқан туристердің санында шек жоқ. Тиісінше ел қазынасына қомақты қаржы құйып отыр. Наполеоннан да бұрынғы патшалары әлемдегі құндылықтың бәрін Францияға тасыған. Қазір әлемдегі ең құнды жәдігерлердің 65 пайызы бір Луврда жинақталған. Керемет емес пе?! Мұның бәрін айтып отырған себебім, бізде де сондай ұлттық менталитетімізді жаңғыртатын ірі музей ашылса деген ой.

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Опубликовано в Мәдениет

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында биылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізілетінін мәлімдеген болатын. Қазір еліміздің барлық өңіріндегі мемлекеттік және жеке меншік медицина мекемелері осы бағытта ауқымды іс-шаралар жүргізуде. Осыған орай, «№11 Шымкент қалалық емханасы» МКҚК-ның жай-күйімен танысып, мекеменің бас дәрігері Бахытжан Мырзагелдиевпен аз-кем әңгімелескен едік.

tele– Бахытжан Мырзалиұлы, өзіңізге мәлім, қазір Елбасының Жолдауына сәйкес барлық емханалар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне (ММСЖ) өтуді бастап кетті. Ал сіздердің емханаларыңызда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біздің емханамызға 52 160 адам тіркелген. Қазір адамдарды санатқа бөліп, сол бойынша үйлердің барлығын аралап біттік. Олардың 18 475-і – балалар. Ал алтын, күміс алқасы бар көпбалалы аналар саны – 440. Жалпы, мемлекет 14 санат бойынша кепілдендірілген медициналық көмекті ұсынады. Бұл Медициналық сақтандыру халыққа медициналық қызмет көрсетудің жаңа үлгісі, жаңа сапасы болады деп ойлаймын. Бұрындары қандай емханаға барсаң да тегін қызмет көрсету түрлерін ұсынбайтын. Өйткені олардың статусы жекеменшік. Ал осы міндетті медициналық сақтандыру аясында жекеменшік ауруханалар да аталған мемлекеттік бағдарламаға қатысады.

– Оған қалай қатысады? Осы туралы толығырақ айта кетсеңіз...

– Лицензиясы бар, білікті мамандары толық емханалар болса, мемлекет барлығына бірдей мүмкіндік береді. Мысалы, сіздің тұрғылықты үйіңізге жақын жердегі осы бағдарламаға қатысқан кез келген жекеменшік емханаға тегін қарала аласыз. Емхананы, дәрігерді таңдау – емделушінің құқығы. Қазір «Емханаға тіркел, өз статусыңды анықта!» деген науқан жүріп жатыр. Жобаға қатысып жатқан кез келген емханаға жеке куәлігіңізді алып барып, өтініш жазып тіркеле аласыз.

Елбасы айқындаған «100 нақты қадамның» 81-82 қадамында осы міндетті медициналық сақтандыруға өту жоспарланған. Бұның айтылып келе жатқанына 2-3 жыл болды. Бұрын барлығы мемлекеттік бюджетке байланысты болатын. Енді ондайға жол жоқ. ММСЖ-де жұмыс беруші жұмысы үшін міндетті жарна аударып отырады. Ол жарнаны емделуші қолданбай, бірнеше жылдар бойы жинала беруі де мүмкін. Бірақ, кейін арнайы пакеттер бойынша тегін қарала аласыз.

IMG 8788-16-05-17-05-47

– ММСЖ-нің қандай тиімділігі бар?

– Бұрын науқас үшін мемлекет немесе дәрігер жауап беретін. Қазір енді науқас үшін үш жақты жауапкершілік болады. Бұл ММСЖ-нің тағы бір тиімді жағы. Мәселен, сіз ауырып қалсаңыз, өз денсаулығыңызға өзіңіз де жауапты боласыз. Емделу барысында дәрігерлер барлық ем-дом шараларын жасаса, бірақ сіз берілген кеңестерді орындамай, темекі шегіп, ішімдік ішсеңіз, салауатты өмір салтын сақтамасыңыз үш жақты келісімшарт бұзылады.

– Емханаларыңызда тәжірибелі мамандар жеткілікті ме?

– Осы уақытқа дейін емханада бар болғаны төрт қана салалық маман бар еді. Хирург, акушер-гинеколог, стоматолог және лор дәрігері. Қазіргі таңда бұлардан бөлек 7-8 маманды жұмысқа қабылдадық. Уролог, лор, эндокринолог, офтальмолог, реабилитолог, профпатолог және жаңа стоматолог алдық. Қосымша травматологиялық, стоматологиалық, урологиялық, отбасын жоспарлау кабинеттерін аштық. Бұл мамандықтар осыған дейін мүлдем болған емес. Бір ауысымда 500 адам қабылдай алады. Кешкі 19:00-ге дейін адам үзілмейді. Дәл қазір әкімшілік қызметкерлерін есептемегенде 75 дәрігер, 138 медбике жұмыс істейді. Жақында «Дені сау бала бөлмесі» де ашылған.

– Ол қандай бөлме?

– Онда мезгілге қарай балаларды тексеріп, кеңес беріледі. Одан бөлек кесте бойынша екпеге шақырамыз. Ол бөлмеде екпені салғанда бала оны қалай қабылдайды, оны да тексереміз. Одан басқа аймақтардағы қызметкерлердің саны 75. Оларда әлемдік денсаулық сақтау ұйымы қолданатын бағдарлама бар. Онда «бала ауырған кезде бірінші кімге қаралады?», «Анасына не айтады?», «Қандай уақытта қайта қаралу керек?», «Ана бала ауырғанда алғашқы белгілерін қалай біледі?» деген секілді сұрақтарға жауап ала аласыз. Сонымен қатар, емханамызда тіркеу бөлмесінің алдында қойылған телефон нөміріне хабарласып, үйіңізге шақыра аласыз.

18516113 120332000905376367 820562222 n

– Мезгілдік екпе жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Көктем, жазға қарай шаң, тозаң болып ағаштар гүлдегенде көп кісілерді аллергия мазалайды. Емханамызда екі дәрігер тек осы бағытта жұмыс істейді. Оның үстіне кененің де уақыты басталды. Қазірге дейін 4 науқас тіркелген. Халықты ақпараттандыру үшін дүкендердің есігіне 52 плакат ілінді. 4007 парақша тараттық. 2016 жылы кене шаққандар саны – 117. Одан бөлек конго қырым-қанды безгегі ауруы бар. Мұрын, құлақ, көзден қан кетеді. Соған қарсы 900-ден аса ревоверин таблеткасын алып, қор жасақтап қойдық. Жалпы емханаға қарасты 13 040 аула бар. Соларды бірнеше рет аралап шықтық. Аулаларға барған кезде тек кене ғана емес, құтыру, обаның белгілері, сібір жарасы деген секілді ауруларды да тексереміз. Ағымдағы жыл басынан бері ит тістеген науқастар саны 76-ны көрсетіп отыр. Ал 2016 жылы 316 ит тістеу оқиғасы тіркелген болатын.

– Ғимараттарыңыздың жай-күйі қалай? Құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бе?

senim-39– Біздің емхана 2014 жылы облыс әкімінің қала аумағын кеңейтуінің нәтижесінде құрылған. Бұл алғашқыда қалалық амбулаториялық ауруханасы болған. Қазір №11 Шымкент қалалық емханасы МКҚК. Дәрігерлік амбулаторияда салалық мамандар болмайды. Қазір бізді емхана етіп бекітіп берді. Бірақ дәрігерлік амбулатория да біздің қасымызда. Ал ғимаратымыз сол баяғы күйінде қалды. Дегенмен, салалық мамандарды көбейту үшін тағы да екі ғимарат қостық. Қазір емханамыздағы тіркелім порталында 52 160 адам тұр. Бұларға 25 жалпы тәжірибелік дәрігер бірнеше учаскеге бөлінген. 17 тәжірибелік дәрігер бас ғимаратта отырады. 5 учаскелік дәрігер 10 мыңға жуық халқы бар «Сәуле» шағынауданында, 2 дәрігер «Ақжар» елдімекенінде, 1 учаскелік дәрігер 3 медбикесімен «Ақтас» елдімекенінде отырады.
Жағымды жаңалығыммен бөлісе кетейін, емханамызға қосымша жер телімі бөлініп жатыр. Негізі бұл емхана 10 мың тұрғынға ғана арналған. Ал 10-15 мың адамнан асса жаңа аурухана салынуы керек. Қазір бізде 52 мың тұрғын тіркелген. 2018 жылы жаңа емхананың ғимаратын салу жоспарланып отыр. Бірақ біз емхана ендігі жылы салынады екен деп күтіп отырған жоқпыз. Жаңа мамандардың барлығына кабинет бөліп, тағы ғимарат салып бердік. Оған мердігерлер, демеушілер, жеке кәсіпкерлердің көмегімен бірнеше арнайы бөлмелер аштық. Оның үстіне облыстық туберкулез диспансерінде отырған мамандар осы жаққа көшіп келді. Негізі толық емхана болуы үшін тағы физиокабинет ашылуы керек. Қыздыратын, массаж жасайтын, көз, құлақ және тағы басқа түрлі аппараттар бар. Соларды алсақ дейміз. Осы жердегі халықты ешқандай емханаға жібермеуге тырысамыз. Сол үшін қазір 2 кардиолог, 2 лор дәрігері, 2 тіс дәрігері секілді көптеген мамандарды жұмысқа алып жатырмыз. Біреуі таңғы 8:00-ден 14:00-ге дейін, екіншісі 14:00-ден кешкі 20:00-ге дейін істейтін болады.

– Емханада шетел азаматтары қарала ала ма?

– Биыл құжаттардың барлығын облыс әкімдігіне тапсырып қойдық. Біз де шаруашылық жүргізу құқығына ие мекемелердің қатарына ауысқалы жатырмыз. Оның тиімділігі қандай десеңіз, біз қазіргі жасап жатқан жұмысымызды жалғастыра береміз, бірақ енді ақылы қызметті де қоссақ деген жоспарымыз бар. Мысалы, шетелден бір адам келіп, куәлігін алмаса да, тұрғын үй құжатымен көмектесе береміз. Өзге мемлекеттерден келгендерге негізгі көмекті көрсетеміз. Бірақ олар «Біз тағы да қосымша емделгіміз келеді» дейді. Ал ол үшін куәліктерінде біздегідей ЖСН болуы тиіс. Сол себепті медициналық көмек көрсетілетін қызметтердің ақылы түрін де енгізсек деген жоспарымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Сұхбат

Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген бар. Ол өткенді баяндап, өмірден өткен тұлғалармен сырласу тәсілі.

(Әзілхан Нұршайықовтың
«Ақиқат пен аңыз» кітабынан)

l3Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы естіген сайын ол кісінің қасында отырып сұхбаттасуды армандайтынмын. Мұндайды кім қаламайды дейсіз. Дегенмен, мен осы кісімен не де болса алдын ала хабарласпай, бірден үйіне баруға бекіндім. Есік алдына келіп тұрған адамды, кері қайтармас.
Міне, халық қаһарманының үйінің кіреберісінде тұрмын. Бірақ есікті қағуға жүрек дауаламай тұр. Өйткені, Баукең бірнеше рет өзімен сұхбаттасқысы келген журналистерді ыңғайсыз жағдайға қалдырған. Ол кісі туралы ақын Құрманғали Ұябаев «Ол кісімен сөйлесу қиын. Көңілі түспесе ұрысып тастайды, сөйлеспей қояды» деген еді. Жазушы Әзілхан Нұршайықов алғаш қоңырау шалғанда «Мен сізді танымаймын» деп сөйлеспей қойған. Ал шаш үлгісі әйелдерше қойылған радиотілші жігітке «Шашыңды жігіттердікіндей алдырып кел» деп кері қайтарып жіберген екен. Осылар есіме түскен соң берекем қаша бастады. Алайда «Шешінген судан тайынбас» демекші, бекінген ісіме бекем болып қоңырауды бастым.

– Бұл қайсың? – деген жарқын үн шықты ішкі жақтан. Баукең болса керек. Тағыбір рет бастым. Бастапқыда есіктің арғы жағынан еміс-еміс естілген аяқ үні бара-бара зорайып келеді. Есік те ашылды.

– Сәлеметсіз бе? Қош келдіңіз! Төрлетіңіз,– деген әйел заты жылы қарсы алды. Ішімнен жеңгеміз-ау деп түйдім.
Аяқ киімді шешіп, жоғарыдағы бөлмеге бет алдық. Кірсем биік үстелге дастархан жайылып жатыр екен. Төрде қасқайған қалың қасы, түксиген түбіт мұрты бар, ағашқа шеге қаққандай қасқайып отырған Момышұлының өткір көздері маған қадалыпты. «Көз атысуға» шама қайда:

– Қалыңыз қалай, аға? – дедім көзімді алмай.

– Шүкір, – деп қысқа қайырды. – Кел, төрлет!
Ақырын барып Баукеңнің оң жағына жайғастым да, көп күттірмей өзімді таныстыра бастадым.

– Мен «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісімін. Атым Сапарғали... – дей бергенде 

– Бірден айтып қояйын менен саясат туралы сұрушы болма, – деді.

– Уайымдамаңыз. Мен соғыста көзіңізбен көріп, ойға түйген, шабыт шақырып, жігер берген әңгімелеріңізді тыңдауға келдім. Жалпы сіз туралы жазсам ба деймін.

– Дұрыс екен. Бірақ, қарағым сен өкпелемегін. Мен өзім туралы ешкімге мақала диктовать етпеймін. Екіншіден, мені мақтап жаз деп ешкімге де айтпаймын. Ал, сұрағың болса, сұрағын.

– Онда сұрайтыным көп. Алдымен мынаны айтасыз ба, Бауыржан ата? Сіз үшін соғыс деген не?

– Соғыс – адамзаттың ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой ол, қарағым.

– Сөзсіз сіз қатысқан соғыста қазақ даласынан барған батырлар аз болған жоқ. Өзіңіз көрген сондай азаматтар жайында бір-екі ауыз естісек деп едік...

– Соғысқа қатысқандардың бәрін де жақсы көремін. Соғыс кезінде елде болып, еңбек майданында біздің жеңісімізді шыңдаған адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай қызмет еткен жандардың бәрі аяулы.

– Өлең жазып жүрген кезіңізде ақын болуға талпынған жоқсыз ба?

– Ешуақытта пәлен болайын, түген болайын деп ойламаған едім. Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды.

– Сіз жайында ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Сол аңыздар жайында не дейсіз?

– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қарақылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.

– Екі жүзден аса соғысқа қатысып, бес рет қоршауда қалған екенсіз. Сондай қоршауда қалған сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым. Оған алдан атылған оқ та, снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да – бәрі жау. «Ордағы солдатка оқ өтпейді» деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай, оқтан қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың, бомбадан да құтыларсың. Бірақ солдатты құтқармайтын тағы бір жау бар. Ол – ұйқы. Қазақ атамыздың «ұйқы – дұшпан» деген даналық сөзін бала күнімізде ауылдағы ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те, соның мәнін ұғыппыз ба, қарағым. Оның мәнін соғыста бір-ақ ұқтық қой. Жалғыз бұл ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл сөздерінің мағынасын ұктырды бізге. «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етікпенен су кешер», «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Атадан ұл, анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты нелер сөздердің шындығын сездік қой сонда.
Сөйтіп, үш күн бойына немістердің артиллериясына алдырмаған, танктерінен тайсалмаған, бомбалауына болмаған батальонды әп-сәтте ұйқы өлтіріп кете жаздады. Немістермен жанталаса жарысып келе жатқан біз Гусеново орманының шетіне іліктік. Әрине, дивизия штабы бұрынғы орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып, бағдарын білуге шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға ұйғардык. Әрбір он адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік тұрғызып қойдым. Сөйтіп бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін өзім де ұйықтамай, ешкімді де ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын. Өйткені жорық, ұрыс кезінде ұйқыға кеткен солдат – өлі солдат. Оны әке-көке деп ешқашан да оята алмайсың. Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ қайыңның қасына келіп, соның оқ тиген қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене бергенім есімде. Қайыңның әппақ қабығын әйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба, қайдан білейін, әйтеуір соған сүйене сала қор етіп ұйықтап кетіппін. Әйелді ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені құшағына алып, әлдилей жөнеліпті...
Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-матап ала қойыпты. Есіңде ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде жауларының жиналып келіп, байлап алатын жері бар еді ғой. Дәл сондай боп, батальон батыр да қолға түсіп қала жаздады.

– Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып қойды! – деп ышқына айғай салған Толстуновтың үні құлағыма келді. Жүн-түтін атысқа айналды. Менің жанымнан оқ екі жаққа қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға дәрмен қалмады. Көзім қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп тұрғанда батальон жақтан біреудің «ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.

– Ағатайым-ай, барсың ба? – деп ентіге жүгіріп, ең бірінші боп келіп мені Жалмұхамед Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің де көзімізден жас ыршып кетті.
Ажал адамға әр түрлі бейнеде келеді. Оқ, от, су, аштық, ауру болып аңдиды. Осылардың бәрін бірінен соң бірін соңыма салып, екі көзі екі тесік болып үңірейген қу бас ажал саудыраған саусағын маған қарай сан рет созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының арқанын лақтырып, бұлқынта буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал достарым, болат батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып әкетті, қарағым. Бұл ұрыс небәрі он минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дәл бір он жылға қартайған шығармын деп ойлаймын.

– Осынша ақпаратты, деректерді қалай есте сақтайсыз?

– Комплиментті қатындар жақсы көреді. Сен соларға айтқын мұныңды. Ал мен әскери академияда лекция оқыған кісімін. Түсінікті ме саған?

– Түсінікті!

– Түсінікті болса ары қарай кеттік.

– Талғат Бигелдиновтың «Он үшінші» нөмірлі ұшағын ырқына көндіргені туралы көп айтылады. Енді сізден естісек.

– Талғат авиация полкына келгенде ешкім оны алғысы келмеді. Ақыры адамы толмай қалған бір эскадриляның командирі оны еріксіз қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ «Менде ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші нөмірлі машина бар. Соған мінетін болсаң ғана қабылдаймын» деді. «Мінемін» дейді Талғат жігерлі түрде. Ұшқыштар одан он үш саны – «шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан қорықпайды. Халық аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына тай етіп мінген. Талғат 320 әуе жорығына шығып, бес жүз сағаттай аспанда болған.

– Бауыржан ата, қазір еліміз егемендік алып, бұғанымыз қатып, еңсемізді тіктеп, алға қарай сеніммен қадам басып келеміз. Дегенмен, кейде қазіргі жастар осы бейбіт өмірдің қадірін ұмытып кететіндей болып көрінбей ме?

– Жастар әкелердің қанымен келген рақатты қадірлей білсе екен. Елді, жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін отқа түсуге әзір бола білсе екен...

(Жалғасы бар)

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 28 Апрель 2017 09:08

Қазақы қалжыңның «Үлкен үйі»

Бүгін біз «Асыл арна» эфиріндегі «Үлкен үй» телехикаясының түсірілім тобына барамыз. Міне, қаланың іргесінде орын тепкен «Алаш» базары маңындағы Шағала көшесі, №87 үйге табан тіредік. Есік ашылды. Иә, иә, көк жәшіктен тамашалайтын дәл сол үй, тапшан, аула, кейіпкерлер... Әбдіразақ ақсақалдың үлкен үйіне баспалдақпен көтерілдік. Фильмдегі шай ішіп отырып, қаншама тағылымды ойлар айтылатын сахна көзімізге оттай басылды. Түсірілім тобы кезекті түсірілімге дайындық үстінде екен. Дубль 1, 2, 3!..
«Асыл арна» телеарнасынан көрсетілетін телехикаяның режиссері Мақсат Оспановпен түсірілім арасында сұхбаттасып үлгердік. Кәсіби киногер бұған дейін 14 фильм түсірсе, оның ішінде «Ауылға бір қыз келді», «Өкініш», «Бізді күтер бір бақыт», «Мент», «Алтын ұя» туындылары көрерменге жақсы таныс. Ендеше сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

img 8578

– «Үлкен үй» телехикаясы – тағылымға толы, үлкенге де, кішіге де ой салатын тың туынды. Жалпы, «Асыл арна» эфиріндегі қай-қай шығарылым да имандылыққа, инабаттылыққа, жақсылыққа, ізгілікке шақырады ғой. Ал «Үлкен үй» көрерменнің қабылдауына да жеңіл, жүрекке жетеді. Идея кімдікі? 

– «Үлкен үйдің» идеясы – «Асыл арнаның» Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек ағамыздыкі. Арнаның Бас продюсері – Ерлан Әбдірұлы. Жалпы біздің арнаны тек діни бағыттағы емес, отбасылық арна деп те қарастыру керек. Діни басқарма имамдарының уағызы да, балаларға арналған мультфильмдер топтамасы да, деректі фильмдер де, сериалдар мен көркем фильмдер де бар. «Асыл арнаға» жұмысқа келгеніме бір жылдай болды. Осы уақыт аралығында «Үлкен үй», «Бір келіншек» телехикаялары түсірілді. Бұлардан бөлек толықметражды фильмдер көп. «Үлкен үйдің» сценарий авторы – белгілі журналист Мұрат Есжан. Қазір АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында киносценарист мамандығы бойынша білім алуда. 

– «Үлкен үйді» тек қана комедия деп қарастырамыз ба, әлде?..

IMG-20170416-WA0049

– Комедия деп біржақты айтуға келмейді, терең философияға құрылған күрделі туынды деп те айта алмаймыз. Қарапайым қазақы қалжың арқылы тәлім-тәрбие ұсынатын туынды. Әзіл арқылы әр бөлімнің түйіні жасалады. Мысалы, көршінің тауығы ауласына жұмыртқалаған соң, оны өзімдікі екен деп қуырып жеу де ұрлыққа жатады. Үйдің үлкендері жастарға «Көршіге апарып беріңдер!» деп ақыл айтады. Мұның өзі ғибрат қой. Бір бөлімінде комедия, енді бірінде драма кездеседі. Мысалы, әйелі мен күйеуі болмашы нәрсеге келіспей қалады. Қу дүние жеткізбей, әйелі жиһазға, күйеуі басқа затқа жұмсағысы келеді. Содан келіспеушілік туындайды. Астарына үңілсек, адамды жылататын жағдайлар орын алады, яғни, драмаға толы.

Танымал тұлғалар тартылған

– Актерлердің ойыны шынайы. Бұл жолы да телехикаяның шығармашылық құрамы сол актерлерден тұра ма? Әлде өзгеріс бар ма? Әбдіразақ ақсақалдың рөлін сомдаған белгілі актер Ошат Рахимовтың өткен жылы дүниеден озғанын білеміз. Ол кісінің рөлін енді кім сомдайды?

– Ошат атамыз фильм түсіріліп біткеннен екі-үш күннен кейін қайтыс болды. Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының майталман актерi, Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген әртiс Ошат Рахимовтың фильмдегі образы – үлкен үйдің, қала берді тұтас бір ауылдың абыз ақсақалы болды. Ол кісінің рөлін басқа адаммен жалғастыруға болатын еді. Бірақ біз сыншыл халықпыз ғой. «Әжесі тұрмысқа шығып алған ба?!» деген қаңқу сөздер болмас үшін ақсақалдың рөлін осымен тоқтаттық. Екінші жағынан, театр тарланының өмірден өткенін бүткіл Қазақстан біледі. Редакция алқасымен ақылдаса келе, қарияның рөлі тоқтайтын болды. Қайта үйдің үлкені, Әбдіразақ ақсақалдың көзі тірісіндегі үлгі-өнегесі екінші маусымда да жастарға үлкен ой салады. Өтірік айтпас бұрын: «Атам өтірік айтпа деп еді ғой!» деп атасының сөзін жиі еске алып отырады. Қалған актерлер негізінен өзгерген жоқ, сол құрам, керісінше, жаңадан актерлер қосылуда. Актерлерді тізбектейтін болсам, Уәлибек Әбдірайымов, Жүсіп Ақшора, Нұржан Құлшынбаев («Шаншар»), Күлия Рахымбердиева (Ж.Шанин атындағы драма театр), Майра Мақұлбекова [Түркістандағы Р.Сейітметов атындағы драма театры], Дәурен Жұмаділов, Берік Тұрсынбеков, Қарлығаш Тұрсынбекова («Шымкент-шоу»), Нұржан Төлендиев, Нартай Сүлейменов («Алдараспан»), Абай Аязбаев («Нысана»), Жұлдызай Дүйсенбекова («Мафия мен тақия»), Төреғали Төреәлі сияқты белгілі өнер өкілдері ойнайды. Бұл жолғы құрам былтырғыдан да мықты. Басында бұл туындыны тек үйдің ішінде ғана түсіріледі деп қарастырғанбыз. Келе-келе кейбір эпизодтарды далада түсіре бастадық. Сөйтіп, локациялық ауқымымыз да үлкейіп кетті. Бірінші маусымда телехикаяның бас операторы Манат Ешбай болса, екінші маусымды Еркін Сәтенов бауырымыз таспалап жатыр.

IMG-20170417-WA0003

– Сырттай қарағанда, барлығы бір ауылда түсірілгендей көрінеді. Түсірілім орнын қалай таңдайсыздар?

– Басында түсірілім орнын Түлкібас деп алғанбыз. Ол жақ қалаға қашықтау болған соң, актерлердің барып-келуіне қиын болды. Негізінен Шымкент қаласында түсіреміз, кейбір қосымша эпизодтарды Бадамның төңірегінде, кейде Бозарықтың арғы жағындағы ауылдарда түсіреміз. Түлкібас, Ақсу-Жабағылы жақта да бір сериямыз таспаланды. Ауылдың табиғаты оқиғаға сәйкес келуі керек. Шымкенттің ең көрнекті демалыс орындары мен қаланың әсем жерлері де біздің туындыда көрініс табады. Ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне, облыстық Ішкі істер департаменті басшыларына, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарына, Түлкібас ауданы әкімдігіне алғыс айтамын. 

– Ауыл адамдары түсірілім барысын қалай қабылдайды? Үйреніп те кеткен болар...

– Жергілікті тұрғындар жақсы қабылдайды. Кейде аппараттарды электр тогына жалғау үшін ауыл адамдарына өтініш айтуға тура келеді. Өткенде бір атамыз үйінен үлкен тостақпен қолдың айраны мен таба нанын алып шығып, ұсынып жатыр. Біздің шығармашылық топтағы қыз-жігіттердің көпшілігі қалалық, ауыл адамдарының ақ пейілдеріне бір жағынан таңырқаса, бір жағынан риза болды. Ауылдағы ағайынның пейілі кең ғой, шіркін. Бізге арнап арнайы дастархан жайған ауыл тұрғындары да болды. Кейбір көрермендер тарапынан «Неге таңдау Шымкентке түсті?» деген сауал қойылады. Оңтүстікте жергілікті кәсіби актерлер көп. Сценарий 

IMG-20170420-WA0123

Дәурен Жұмаділов пен Жүсіп Ақшораның болмысына арнайы тапсырыспен жазылды. Шымкентке көктем шуағы ерте түседі. Басқа өңірлерде әлі қар еріп үлгермегендіктен, түсірілімге қолайсыздық тудырар еді. Көктемде табиғат бір айдың ішінде сарғайып кететінін ескеріп, Шымкентті таңдадық. Мамыр айының соңында, ораза уақтысында фильмді көрерменге ұсынсақ деп отырмыз. Соған орай түсірілімді ерте бастап кеттік.

Отандық сериалдардың арасында рейтингі жоғары

– Түсірілім барысында кадрдан тыс қызықтардың болып жататыны белгілі. Сіздерде есте қаларлықтай, қыран-топан күлкіге қарық болған қандай қызықтар орын алды? 

– Кейде актерлер тойдан немесе қосымша фильмдердің түсірілімінен келеді. Сондай бір сәттерде сценарийде жоқ әрекеттерді айтсам, кейбірі дұрыс қабылдайды, біреуі: «Сценарийде ондай жоқ еді ғой!» - деп қалады. Сценарийді оқыған, оқымағанын көбінесе содан білемін. Мысалы Дәуренге: «Қақпадан кіресің де, тапшанның астына тығыласың!» десем, «Болды, болды, дайынмын ғой!» деп орындай береді. 

IMG-20170423-WA0022

Есте қалған оқиға, Дәуреннің туған күні кезінде:

– Қосымша сценарийдегідей қоқысты алып көлікке барасың, - деп 5-6 дубль жасатқыздым. Көліктің есігін ашайын деп жатқан кезде есік ашылып кетеді немесе біреу жолдан өтіп кедергі жасайды. Соңында есікті ашып қалғанда, ішінде актерлер, әріптестер гүл шоқтарымен, тәтті тортымен ән айтып құттықтады. Сол кезде де Дәуреннің сценарийді оқымағанын білдік (күлді). Түсірілімі көп болғаннан кейін оны да түсінуге болады, оқып үлгермейді. Кейде 7-ші серияны түсіріп жатып, 5-ші сериядағы бір эпизодтарды қайта түсіруге тура келеді. Сондай кезде актерлер сценарийден шатасады. Жүсіп Ақшора іспетті актерлер импровизацияға жақын. Жазылғанда бөлек, ойнағанында бөлек. Біздің айтқымыз келгенді кейде өздері ізденіп, ой қосады.

– Нұржан Төлендиевтің қыз қуып келген бөліміндегі қолына тас алып кіретін тұсы өте сәтті шыққан. Көрерменді риясыз күлдіреді. Өзіміз көзімізден жас аққанша күлдік...

– Тас алып кіру деген сценарийде болмаған. Мен актерлерге: 

– Есікті тарсылдатып ұрып кіресіңдер. Мотор! - десем, олар қолдарына тас алып кіріп тұр. Бір қарасам, операторлардың бәрі камераның қасынан кетіп қапты. Жерде күлкіден бүктетіліп жатыр. Олардан мұндайды күтпедік. Таспен үй иелерін ұрады екен десек, итті ұру үшін алған екен. Бұл да актерлердің ізденісі. Бұл кісілердің барлығы сахнаның адамдары ғой, оқиғалар жанына жақын болған соң ба, шынайы ойнайды.

20170419 155933

– Фильмнің рейтінгі жоғары екенін білеміз. Екінші маусымды түсіруге рейтингтің жоғары болуы әсер еткен болар?

– Интернеттегі ең аз көрілім – 200-300 мың. Ең жоғарғысы – 500 мың. Екі-үш аптаның ішінде сондай болған. Қазір қандай екенін көргенім жоқ. Кейбір отандық фильмдердің жылдық көрілімі 20-30 мың, «Үлкен үйдің» көрілімінің жартысына да жетпейді. Басшылар да фильмді қайта түсіруге осындай көрсеткіштерге сүйенді деп ойлаймын. Фильм прайм-тайм уақытта, яғни түнгі 22:15-те беріледі, күндіз түскі ас кезінде қайталанады. Оған дейін барлық арналарда үнді, түрік сериалдарының жарысы болады. Сондықтан көрерменге ыңғайлы уақыт сол деп шештік. 

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Опубликовано в Қоғам

Той – халықтың қазынасы. Той – дәстүр, той – сыйластық. Қазақ халқының мәдени өмірінде той ықылым заманнан бері маңызды орын алады. Әрбір қуаныш сәтін көпшілікпен бірге атап өту игі дәстүрге айналған. Ал Исламның ізгі амалдарын негізге алар болсақ, қазақтың байырғы «қарыздансаң да, той жаса» тәмсілі шариғат заңдылықтарына толық сай келе бермейді. Облыстық Орталық мешіттің найб-имамы Бекайдар Әміремен сұхбатымыз осы тақырып аясында өрбіді.

bekaydarrrrr

– Бекайдар Төлжанұлы, қазақтың байырғы дәстүрінде той – тағылым түйетін, тектілікке баулитын тәлім-тәрбие мектебі ретінде қалыптасқан. Асыл дініміздегі амал-шарттар осы дәстүрмен қаншалықты сәйкес келеді?

– Атамыз қазақтың «той десе, қу бас домалайды» дейтін тәмсілінің өзі біздің ұлтымыздың ежелден келе жатқан дархандығын, бар жиған-тергенін тек қуанышқа шашатындығын танытады. Осы орайда, халқымыз негізінен шілдехана, сүндетке отырғызу, мүшел тойы, келін түсіру, қыз ұзату секілді тойларға ерекше көңіл бөлген. Мұның бәрі де ішімдіксіз, дау-дамайсыз өткен. Ұлттық өнерге, күрес, бәйге, көкпарға ерекше назар аударылатын. Осы қуаныштардан үлкенді-кішілі қауым тағылым-тәлім алатын. Жеңімпаздарға сый-сияпат жасалатын.
Ал қазір ше? Тойдың да, қуаныштың да мән-маңызы басқаша. Баланың шырылдап дүниеге келгенінен бастап, үлкен азамат болып қалыптасқанға дейінгі кезеңін алып көрейікші. Нәресте перзентханадан шығарылғаннан бастап, оны «жуу» басталады. Жылда оның туған күні атап өтіледі. Шілдеханасы, тілашары, мектепке баруы, аттестат алуы, оқуға түсуі тағы бар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің түбегейлі өзгеруіне сәйкес, той өткізуде де жаңа сипат орын алды. Оның жағымды тұстары да баршылық. Дей тұрғанмен, тойды ұйымдастыру мәселесінде ойластырарлық мәселелер аз емес.
Қазір біздер тойхана салып, той жасаудан жалықпайтын халық екенімізді күллі әлемге паш етіп келеміз. Халқымызда «қойып ішсе қой қалады, тыйып ішсе тай қалады, қоймай ішсе не қалады» дейтін нақылы бекер айтылған сөз емес. Бұл өз кезегінде, дарақы мырзалығымызға қатысты негізгі сын болмақ.

Қазіргі тойларда астамшылдық шаш етектен. Шақырылатын қонақтардың саны шарықтап, 500-600-ден асып жығылатынға жеттік, ішімдіктерге «құрметті орын» беріліп жатады. Өзге өңірлерден, көршілес елдерден әнші шақырту да таңсық болмай қалды. Ал шариғатта: «Ақиқатында, аса қасиетті неке – ең аз шығындармен жасалған неке», – деп айтылған.
Бұл жерде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге қасиетті неке құрудың шарттарын табыстап кетті, ал біз болсақ оны елемей, ұлымыз немесе қызымыз үшін ерекше мәні бар күн деп қымбат той жасауда бір-бірімізге дес бермей келеміз. Өсімқорлық ауыртпалығын артқан, Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с.) лағынет еткен той мұсылман адам үшін қалайша ерекше бола алады?
Ысырап дегеніміз мал-мүлікті жою, зая кетіру, пайдасыз халге түсіру, дінге және дүниеге пайдалы болмайтын түрде жұмсау деген сөз. Ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады: «...Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» және де «Негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды».
Той-томалақтағы түрлі дарақылық пен даңғазалыққа жол беру секілді жөнсіздік бүгінде өз шешімін таба қойған жоқ. Тойдың сәні дастархан деп ұғатын халықпыз. Барымызды аямай ортаға саламыз. Той дастарханын жасаудың үлгісі мөлшерсіз, өлшемсіз болып, «шашылудың» түріне айналып, қалтамыз көтере бермейтін жайсыздыққа ұшырауда. Қаншама адамдар киер киім мен ішер асқа зәру болып отырған мына қоғамда өрескел әрекет жасағанымыз жөн емес.
«Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» демеді ме дана бабаларымыз. Қазақтың той-томалағындағы артылған аспен тағы да бір той атқаруға болатын жағдай жиі кездеседі. Бұл – барып тұрған жөнсіз ысырапшылық. Асқа деген мұндай кесірлікті ашаршылық шақыратын жаман ырымға жатқызып, «рәсуаға ұшыраған астың обалы бар» деуші еді көпті көрген бұрынғы ақсақалдарымыз.

– Дүркіретіп той жасаудың дүбіріне ілескен жастар арасында «алдымен жағдайымды жасап алайын, сосын асықпай отау құрамын ғой» дейтіндер кездесіп жатады. Бұл ұстаным қаншалықты дұрыс?

– Алла Тағала әлемдегі барша жандыны жұп етіп жаратқан. Әрбір тіршілік иесі тек қана өзінің жұбымен ғана жарасымды. Қазақ «жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» деген. Сондықтан, адам баласы да өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, өзінің шаңырағын көтеруді көксейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласын бақытты ететін де үш дүние, сондай-ақ, адам баласын бақытсыз ететін де сол үш нәрсе. Адамды бақытты ететін бұл: Ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік», – дейді. Атам қазақ та «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп тектен-тек айтпаса керек.
Бұл жайлы сұрағандарға хазіреті Әбу Бәкір (р.а.): «Алланың сендерге неке жайында айтқан әміріне бой ұсыныңдар. Сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін, молшылығын береді» деген,
«...Егер олар кедей болса, Алла оларды кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімі кең, толық білуші» аятын оқыған екен. Расымен де, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Отау тігіп, шаңырақ көтеру – ризық-несібенің молаюына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп болады. Ұзақ жылдар қаржы жинаумен уақыт өткізген дұрыс емес. Сонымен бірге, отбасын асырай алатындай ер азаматқа тән бір мамандық немесе кәсіп иесі болуы тиіс.
Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес, жора-жоралғыларын алып қарайтын болсақ, үй тоғыз, құда тоғыз, қалыңмал, сүт ақысы, тағы басқалары бүгінгі жастардың басын сеңдей соқтыратыны бар. Ал шариғатқа келсек, ер азамат өзінің қалауы түскен бойжеткенге мәһр тарту етіп, шағын дастархан жайғаны, үлкендердің бата-тілектерін алғаны жеткілікті. Ал әлеуметтік жағдайын себеп етіп, үй болуға асықпаудың өзі – үлкен сорақылыққа жатады. Бұл жөнінде, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер – менің үмбетімнен емес», – дейді.

– Осы орайда, мешітте неке қидырған кезде қалыңдықтан «неке сыйлығына не қалайсыз?» деп сұралатын мәһр ұғымын кеңінен түсіндіре кетсеңіз...

– Неке сыйлығы – мәһр делінеді. Құран Кәрімде: «Әйелдердің мәһрін (қалыңмалын) ықыласпен беріңдер...» делінген.

Некелесу кезінде қалыңдыққа берілетін бағалы бұйым өз кезегінде, қызға қымбат естелік болып қалатыны сөзсіз. Шариғатта мәһр мөлшерін айнымайтындай етіп бекітпеген. Мұның сыры адамдардың барлығы материалдық тұрғыда тең бола бермейді. Сонымен қатар, күн көру деңгейінің өзі әр өңірде әр түрлі. Бұл жайында хадисте «Жақсы әйелдің мәһрі жеңіл, некесі оңай және мінезі көркем болады. Жаман әйелдің мәһрі қымбат, некесі қиын және мінезі жаман болады» – делінеді.

– Тойды ұйымдастыру барысында нені назарға алған жөн?

– Бүгінгі той өткізу дәстүрін алып қарайтын болсақ, барлығы да бір сарында, бірсыдырғы өтіп жатқанын аңғарар едік. Тойшы қауым той иесіне «қуаныш ұзағынан сүйіндірсін, той – тойға ұлассын!», – дегенге саятын өздерінің игі тілегін білдіріп жатады. Ондағы ең негізгі кемшілігіміз – дастарханға спирттік ішімдіктерді қоюымыз. Бұған дейінгі ата-бабаларымыздың тойында спирттік ішімдік болмаған. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұстағы тойда біртіндеп ішімдік мәселесін шектеп, тоқтатып, мұсылмандық жөнге келуіміз – құптарлық, қуантарлық жайт.
Дегенмен, кейбір арақ қойылмаған жиын-тойларға келген көпшілік қауым: «Бұл той ма, құдайы ма өзі?!», – деп күңкілдеп жатады. Той дегеніміздің өзі шариғатта Аллаға шүкірлік ету, үлкендердің ақ батасын алу деген ұғымға сай келеді. Ішімдік қойылған жерге жиналып, біздер қалайша бір Алладан тілек тілей алмақпыз?!. Айтылған бата-дұғаларымыз қалайша қабыл болмақ?!. Қайта, Алладан сұрағанымыз кері кесір болып тимесіне кім кепіл? Өмірлік отау құрған жас жұбайларға қандай өнеге айтпақпыз? Әлгіндей күңкіл сөздер той иелерін еш алаңдатпауы тиіс. Себебі, ертеңгі күні ненің адал, ненің бұрыс екенін бізге адам таразысы емес, Ислам таразы анықтап беретінін естен шығармағанымыз абзал. Алла Тағаланың берген перзенті ер жетіп, бір басы екеу болып жатқанда той иесі соған шүкірлік айтуы керек.
Тағы бір ескере кететін нәрсе, бүгінде жұбайлық өмірге жаңа аттап отырған көпшілік жастар той қарсаңында серуенге шығып, асыл уақытын текке сарп етіп жатады. Осы орайда, некесін қидырған жастар мұқтаж адамдарға жаңа киімдер таратып беріп, оларды тойындырып, алдағы жаңа өмірлерін ізгі амалдардан бастаса, сол құба-құп болар еді.
Тойдағы тағы бір кемшілік – ертеректе той-томалақта, басқа да алқалы жиындағыдай, кім болса сол көп алдына шығып сөйлей бермейтін. Әулеттің беткеұстар ардақтыларының ғана осындай думанды да мәртебелі той-тамашада ізгі тілектерін жеткізуші еді. Бүгін де біздер той иесін асыра сілтеп, мақтай жөнелмей, көпті көрген көнекөздердің, ел ардақтыларының қазақы тәлім-тәрбиеге бастайтын ойлы да мәнді, көкейге қонымды ұлағатты өсиеттерін естуді дәстүрге айналдырсақ, зор ғанибет сол болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Сұхбат

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы ақпан айында Шымкенттегі «БИІК» базасында жаттығу жиындарын өткізді. Әр жаңа жылдың басында зілтеміршілер дайындықты осы өңірден бастайды. Мінекей, жаңа Олимпиадалық цикл де Оңтүстіктен бастау алды. Қаланың іргесінде орналасқан әлеуетті базада жігіттерді баптап жүрген маман, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Ержас Болтаевпен әңгімелестік. Алдағы жоспарларын сұрадық. 

Арыстың толағай қызы Жазира Жаппарқұлдың Олимпиадада күміс жүлде иеленуі көп жастың үмітін оятты. Ендігі кезекте атқарылар жұмыс та жүйелі түрде жүруі тиіс. Облыста бұл спорттың дамуы, мәселелері жөнінде белгілі бапкер ақтарыла әңгімеледі. Бұдан бөлек, бүгінде зілтеміршілердің басына үйірілген допинг мәселесі де көпшілікті алаңдатып отырған жайт. Белгілі маман бұл тұрғыда да біраз жайды қаузады.
– Мұнда келуіміздің бірнеше себебі бар. Негізінен дайындық мамандандырылған орталық базада өтуі тиіс. Бұл базаның тиісті аккредитациясы бар. Еш алаңсыз дайындалуға мүмкіндік жасап берді: жатын орны, ыстық тамағы бәрі көңілдегідей. Қаланың шеті, тыныш. Шәкірттерім Шымкентке келетін болдық десе қуанады. Елімізде мұндай мамандандырылған базалар өте аз, – дейді маман. Биыл өтетін Азия чемпионаты, Универсиада және әлем чемпионаты сынды бәсекелер – спортшыларымыз үшін үлкен сын. Ұлттық құрама спортшылары негізінен осы үш жарысқа қатысады. Азия чемпионаты Түркіменстанда, Универсиада Тайпейде, әлем чемпионаты АҚШ-тың Анахейм қаласында өтеді.

d4a3efe77395882e9bceb7bb1f9af947

«94 пен 105 келі қызықсыз өтті»

– Ержас аға, алдымен төртжылдықтың басты бәсекесін қорытындыласаңыз. Нәтижеге көңіліңіз толды ма?

– Ұлттық құрама туралы айтсақ, бір спорт түрінен бес жүлде олжалау жақсы нәтиже: алтын, күміс, қола алдық. Менің екі спортшым барып, екеуі де жүлдеге ілінді. Бұл да бір жақсы нәтиже деп ойлаймын. Әрине, іште қыжыл да бар. Денис Уланов бір немесе екінші орынға таласады деген жоспармен бардық. Дайындығы жақсы еді. Денис қоссайыста 390 келіні еңсерді. Біз бұл нәтижемен алтынға таласамыз деп ойладық. Бірақ 85 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасында бәсекелестік өте жоғары болды. Бұған дейінгі 4-5 Жазғы ойындардағы нәтижелермен салыстырсаңыз, бұл нәтижемен кемі екінші орын алатын еді. Менің ойымша, 94 келіде мүлдем нәтиже болмады. 105 келі де Илья қатыспағандықтан аса қызықсыз өтті. Біздің батырлар қатысқанда жағдай мүлдем басқаша болар еді...

– Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш жүлде алған Жазира жөнінде пікіріңізді білсек...

– Жазира – батыр қыз. Оның әлеуеті зор. Менің маман ретіндегі ойым: техникасында алып бара жатқан қателік жоқ, бірақ жаттығу барысында бір қайнауы кем болған сияқты. Егер дайындығы жүйелі түрде өткізілгенде алтын алуға толық мүмкіндігі бар еді. Жазира ештеңеден қорықпайды. Одан кейін намысқойлығы бар. Оны көрген сайын өзіне де айтамын. «Сен қытай, кәріс спортшысы болсын, бәрін де ұтуға дайынсың. Көбірек жұмыс істе, көбірек еңбек ет» деймін. Өйткені, әлгі қарсыластарды озу үшін тағы бір саты жоғары көтерілу керек. Нәтиже бойынша бірнеше жыл бойы бір деңгейде тұр. Орын алып жатыр. Бірақ алтынға жетуі үшін дайындықты күшейту керек. Негізгі қарсыластары белгілі. Артында жас спортшылар өсіп қалды. Бұрынғы әлем чемпионаттарында қытай қызы мүлдем бой бермейтін. Бұл Олимпиадада ол қызбен тайталасуға болатыны байқалды. Енді өзі де ойланып, қорытынды жасайды ғой.

«Илья аңыз болып қалды»

– Риода 105 келідегі бәсеке аса қызықсыз өтті дедіңіз. Әрине, шәкіртіңіз Ильяның Олимпиададан тыс қалуы жанкүйерлеріне де оңай тиген жоқ. Оның халқына қуаныш сыйлаған сәттері көп. Жоспарлары одан да көп еді ғой...

– Рас айтасыз, жалпы Илья аңыз болып қалады деп ойлаймын. Ондай спортшының жақын күндері бой көрсетуі екіталай. Илья мүлдем басқа. Оның басындағы жағдайдан кейін әлемдік ауыр атлетика спорты көп нәрсе жоғалтты. Олимпиадаға барсақ, екінің бірі Ильяны сұрайды. Қаншама халық келіп қолдап жатты. Біреуі «мен бір жыл бұрын Ильяның қатысатын жарысына билет алып қойып едім» дейді. Риоға шәкіртімнің өнерін көруге бола барғандар көп. Өйткені, Илья қай жарысқа қатысса да, жанкүйерлерге керемет көңіл күй сыйлады.
Жоспарлары көп еді. Илья болашақты ойлайтын. «Неге ауыр атлетика теннис, футбол сияқты танымал бола алмайды?» деп айтады. Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде ауыр атлетиканы беделді спортқа, шоуға айналдыру керек дейтін. Илья бәрін қорытындылай келе бір сөз айтқанын білесіздер. «Мені тұғырдан ешкім жеңе алмағандықтан жолымды осылай байлады» деді. Айтылған сөзі сол. Бұл Олимпиаданы ешқандай күмәнсіз жеңер еді. Келесі Олимпиадаға қатысуға толық мүмкіндігі бар-тын.
Тап осы күні оған жететін спортшы ұлттық құрамада да, әлемдік деңгейде де жоқ деп айта аламын. Мүмкін ертең шығар. Оған тілектеспіз. Ал қазір ешбір құрамада жоқ екенін байқап жүрмін. Мәселен, 77 келіде қытайлық Олимпиада чемпионы бұл жолы есе жіберді. Өте мықты жігіт әйтпесе. Қаншама әлем рекордын жаңартты. Ал Илья ешкімнен жеңілген емес. Тіпті, үш дүркін Олимпиада чемпионы болған төрт спортшыдан да Ильяны жоғары санаймын. Олардың қайсысы болса да, кезінде нәтижесі төмендеген. Арасында үзілістер болған. Ал Илья әлемдік додаларда алтынсыз қайтқан емес.

rgMby5gbrmw

– Ендігі кезекте елде спорттық медицинаны жетілдіру керек шығар...

– Әрине, бұл туралы көп айтылып жатыр. Меніңше, ең алдымен халықаралық заңдарды жетілдіру керек. «ВАДА»-ның өзін қайта құру керек сияқты. ХОК-тың өзінің антидопингке қарсы күрес бөлімі бар. Одан кейін «ВАДА», ұлттық антидопингтік ұйымдарды тағы қосыңыз. Жалпы, жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бір зертхана таза дейді. Екінші зертхана басқаша қорытынды береді. Ұйымдардың да мәлімдемесі осылай. Яғни, бұл жерде әсіресе «ВАДА» мен «ХОК»-тың арасында түсініспеушілік болып жатқандай әсер қалдырады.
Қазіргі күні спортшылардың допинг мәселесіне қатысты көптеген жиналыстар, отырыстар болып жатыр ғой. Бірақ 2008, 2012 жылғы Олимпиада бойынша қайта тексеру жұмыстары толық аяқталған жоқ. Ауыр атлетикаға қатысты әлем бойынша барлық спортшының тағдыры беймәлім болып тұр. Бұл істің қалай аяқталатыны да белгісіз. Жүлделерін алып қойды. Алайда неше жыл спорттан шеттетілетіні, жүлделер қалай бөліске түсетіні туралы жүйелі іс жоқ. Бұл тексеріс қазір ортасына келді. Жүлдегерлердің орнын анықтау өте күрделі. Жауаптан гөрі сұрақ көп. Сол күйі жауапсыз қалып қоюы да мүмкін. Алда халықаралық ауыр атлетика федерациясы шешім қабылдайды. Соның шешімін күтіп жүрміз.

– Дегенмен, Жасұлан Қыдырбаев қазақ ұландары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болып тарихта қалды. Бұл жағдай көңілге демеу болып тұрғандай...

– Рас, Жасұланның бұл атағын ешкім тартып ала алмайды. Жасұлан жастардың кумиріне айналып үлгерді. Ол – ақиқат. Әсіресе, бүгінде «Жасұлан Қыдырбаев сияқты болғым келеді» деп залға беттейтін қазақ балалары көп.

«Аудандарда спорт залдары ашылып жатыр»

2aFULvA6V6o– Ұлттық құраманың жаттығу жиындарын Шымкенттен бастап отырсыздар. Бізде жаттығу базалары жеткілікті. Жалпы, облыстағы ауыр атлетиканың дамуына қандай баға бересіз?

– Мұның бәрі қолдауға байланысты. Оңтүстікте халық көп. Облыстық басқарма басшысы Әлібек Нұртаев жақсы қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн. Біздің командамыздың осында келуіне себепкер де осы кісі. Бір жүздескенімде ол кісі аудандарда ауыр атлетиканы дамытсам деген ойын айтқан еді. Қазір сол жоспары іске асып жатыр. Мен білетін алты ауданда жаңадан бөлім, зал ашылыпты. Сол өңірдегі жастармен жұмыс істелініп жатыр деп естідім. Мысалы, Сарыағаш ауданында өзімнің шәкіртім Ескендір Момынбеков жұмысты бастап кетті. Қалталы азаматтар да көмектесіп жатқанға ұқсайды. Оған қуандық. Сол сияқты Түркістанда бөлім ашылды. Екі, үш жылдан кейін ол нәтижесін береді. Бұл – дұрыс бағыт. Мен өзім мүмкіндік болса Абайдан, Жетісайдан зал ашар едім. Шымкент қаласының өзінен залдар ашылса, ол да оң іс болмақ. Одан кейін, Әлібек Нұрбайұлы бізге қатысты мәселеде де өз ойын айтады. Екі жыл бұрын «Бапкерлердің біліктілігін арттыру бойынша Шымкентте семинар, тренингтер өткізсек. Оған кімдерді шақыруды ұсынар едіңіз?» деп пікір сұраған. Бұл құптарлық іс әрине. Мен екі-үш азаматты ұсындым.

Қазақстанда толық ауыр атлетикаға маманданған база жоқ деп айтуға болады. Соңғы жылдары «БИІК» базасы бізге жақсы жағдай жасап келеді. Мұнда қыс мезгілі өте жұмсақ. Бұл балаларға өте қолайлы. Базаның басшылары алдағы уақытта бізге арнайы бір залды толық жабдықтап бермекші. Бұл өте керемет жағдай. Одан кейін Шымкенттің тамағы өте дәмді. Біз негізінен, жылына үш-төрт айға дейін шетелде жаттығып жүрміз. Өйткені, жағдай жақсы. Қазір мұнда да жағдай шетелден кем емес. Енді жаттығудан кейін спортшыны қалпына келтіру бөлім болса, керемет болар еді. Келешекте оны да жасайды деп ойлаймын. 

Ал нәтижесі туралы айтсақ, Оңтүстік спортшылары ішкі жарыстарда командалық есепте үштікке ілініп жүр. Кейде ілінбей қалады. Негізінен, осындай жағдаймен үштіктен түспеу керек. Дегенмен Жазирадай дарынды спортшылар Оңтүстіктен шыға береді деп үміттенемін.

– Жазираның Олимпиада алтынын алуға мүмкіндігі бар ма?

– Әлі де әлеуеті бар. Енді алдына 2018 жылғы Азия ойындарында ең мықты қарсыласын ұтамын деп мақсат қою керек. Ерінбей, еңбек ете білсе түбінде оған жетеді. Қазір Жазираға нәтиже қоса беру маңызды. Жұлқи көтеруде 120, серпе жаттығуда 150 келіге дейін жеткізу қажет. Қытай спортшылары қатты бәсекелестікке тап болса, олар да сүрінеді. Токио ойындары Жазираныкі болуы керек деп ойлаймын. Биыл әлем чемпионатына қатысатын жоспары бар.

«Бапкер деген осындай болса...»

photo 55198

– «Бапкерлік деген де бір ғылым» ғой. Өзіңіздің бапкерлік кәсіпті бастағаныңызға көп бола қойған жоқ. Сіздіңше бапкер деген қандай болуы керек?

– Мен ең мықты бапкер деп спортшыны бірінші күннен бастап, Олимпиаданың шыңына шығарған маманды айтар едім. Ондайлар өте аз. Атақты Кахи Кахиашвилиді дайындаған Иван Грекуров осындай маман. Мен ол кісіні көптен бері танимын. Өзі Грузияның азаматы. Ұлты – осетин. Өте атақты жаттықтырушы. Польшаның ерлер командасын баптады. Польшада дайындық кезінде мен демалыс күні арнайы сол кісіні ауылына іздеп бардым, Бір күн қасында болдым. Кахи Кахиашвилиді дайындаған дәптерлерін көрдім де таңғалдым. Әр күнгі жаттығуы жазылған. Әр жаттығуында көңіл күйі қалай болғанына дейін бәрі тұр. Менде де Ильяны дайындаған дәптерім бар. Бірақ ол кісінікі қолжазбада. Әрі бірнеше күнделік. Семинар өткізуге Қазақстанға осындай бапкерлерді шақырғым келеді. Шетелден спортшылар әкелуге қарсы екенімді әрдайым айтып жүрмін. Ал мықты жаттықтырушыларды әкелгеннен, біз ұтпасақ, ұтылмаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Спорт
Страница 4 из 7