Жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Арман Оспанов елге оралды. Санкт-Петербургте өткен ACB 61 турнирінде жеңіске жеткен аралас жекпе-жек спортының шеберіне халықтың ықыласы ерекше. Өзі де ұзақ үзілістен кейін алғаш бәсекеге шықты. Рас, көпшілік асыға күткен жекпе-жек тұғын. Халықтың ықыласынан артық қандай құрмет бар?! Туған жеріне сағынышпен жеткен батыр ұлмен біз де сұхбаттасуға асықтық. Жүздескенімізде өзі де барша тілеулестіріне алғысын айтты. «Ресей еліндегі бір топ қазақ студенттері келіп, қолдады. Интернет жүйесінде де көпшілік ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Жалпы, барша қазақ еліне рахметімді айтамын» дейді ол. Емін-еркін отырып, батырдың алдағы жоспарларын сұрадық. Туған жерде аунап-қунап, біршама тынығып қайтпақ жоспары бар екен.

IMG-20170603-WA0012

Мақсатыма жетпей тынбаймын

– Беделді ACB ұйымының аясында өткен дебюттік жекпе-жекті жеңіспен аяқтадық. Шүкір деймін. Бір жылда үш бәсеке өткізуім керек. Накажима осы ұйымның рейтингінде жетінші орында тұрған спортшы. Әуелде жапон жігітінің әлеуетімен танысып шықтым. Бір байқағаным, бұл жігіт шапшаң екен. Соған сай жоспар құрып, ойлағанымызды іске асырдық. Әлбетте, көптен жарыстан сырт қалғаннан кейін адамның бойында кішігірім алаңдау сезімі болады. Сол уайымды жеңе білдік, бастысы. Алда одан да жоғары нәтижелер көрсетеміз деген ойдамын.

– Бұл келісің де қасиетті Рамазан айына тура келіп тұр екен...

– Негізінен, ұйым басшыларына «Ораза айында мені жарыстан босатсаңыздар» деп өтінгенмін. Олар да осыны ескеріп, жарысты 20 мамыр күні ұйымдастырды. Бір қызығы, оразаның бірінші күнінде ұшақта аузымды бекіттім. Мәскеуден Алматыға келе жатқан сапарымда нәсіп болыпты ғой. 

Ауылды да қатты сағындым. АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Албукерке қаласында, Махачкалада (Дағыстан) жаттығып, жалпы 5-6 ай көлемінде сыртта болдым. Бұйырса, тау бөктерінде қымыз ішіп, ет жеп, марқайып қайтпақпын. Оразадан кейін екінші жарысқа дайындыққа кірісеміз. 

Бір айта кететіні, келесі бәсеке Қазақстанда өтуі мүмкін. Ұйым басшыларының біздің елге де келу ойлары бар. «Алаш прайд» клубы бірлесе қыркүйек айында Алматыда үлкен жарыс ұйымдастырмақшы. Оның нақты мерзімі жақын арада мәлім болып қалар. Әрине, өз елімізде өтетін сайыстан шет қалмаймын.

IMG-20170526-WA0059

IMG-20170526-WA0060

– Жыл басында АҚШ-та жоспарланған жекпе-жек белгілі себептермен өтпей қалды. Бұл – арандатушылардың әрекеті ғой. Олардың кім екені анықталды ма?

– Өкінішті жағдай, әрине. WSOF ұйымымен келісімшарт жасап та қойғанбыз. Күтпеген жерден бәрі басқаша болып, шыға келді. Әрине, жарысқа бес күн қалғанда мұндай жағдайға кезігу өзекті өртеді. Бір апта торығып жүрдім. Мұны белгісіз біреулер аяқтан шалу мақсатында әдейі ұйымдастырған. Қаншама уақыт дайындалған едік. 

Рас, қазір алыптардың алыбы болып тұрған – UFC тұжырымы. Менің бар мақсатым осы сында көк Туды желбірету. «Неге қазақтың жігіттері осы сында шықпасқа?!» деп күндіз-түні ойланамын. Дүниежүзі бойынша ең үлкен деңгейдегі жарыс болғандықтан, бәрі де осында қатысқысы келеді. 

Бүгінде АҚШ-та Джексон Уинг деген академияда жаттығып жүрмін. ММА майталмандарының көбісі осы жерде шынығады. Өз-өзімді жетілдіруге мен де 2014 жылы мұхиттың арғы бетіне қадам бастым. Джексон Уинг деген жаттықтырушының маған көзқарасы түзу секілді. Болашақта үлкен үміт күтетінін айтады өзіме. 

Қалай десек те, бұндай келеңсіз жағдай сағымды сындыра алмайды. Мақсатыма жетпей тынбаймын. ACB – әлемде үшінші орында тұрған ұйым. Олар да 4-5 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Басшысы ресейлік Майрбек Хасиев деген азамат. Жалпы, келесі жекпе-жекте бағым жанса, UFC-де өнер көрсетермін бәлкім. Менеджерім Әли Абдулазиз де мықты маман. Бұл жігітпен де қарым-қатынасты күшейтіп жатырмыз.

IMG-20170526-WA0063

«Спортқа демеушілер көптеп керек»

– Ресейлік телеарнаға берген сұхбатыңда «Егер бонус ақша берілсе, оны балалар үйіне аударар едім» дедің. «Қарақұс жемін басып жейді. Ақ сұңқар жемін шашып жейді» деген сөз бар. Бұның осы лақап атыңа сай болайын деген ниетің ғой...

– Әрине, ондай мүмкіндік болып жатса, қайырымдылық жасағанға не жетсін?! Жалпы, өзім үнемі ниеттеніп жүремін. Бұйырса, алда қайырымдылыққа үлес қоссам деген жоспарларым бар. Өзім де қарапайым отбасыдан шықтым. Көп қиындық көрдім. Спорттың жолы – ауыр еңбек. 

Жалпы, спортқа демеушілер көптеп керек-ақ. Соңғы кездері ММА спортшыларына да кәсіпкерлер көңіл аудара бастады. Бұл қуантады. Шама-шарқына қарай, споршыларға жәрдемдесіп жатқандар баршылық. Мемлекет есебінен де қолдау бар. Бұл жағдай әрбір спортшыны қанаттандырып, рухтандырады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұрбайұлы да бізге көп қолдау көрсетіп жатыр. Әлем чемпионаттарына қатысып келеміз. Азды-көпті еңбегімізді ескеріп, аудан басшылары «Төлеби ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. 2015 жылы үшінші рет әлем чемпионы болып келгенімде облыс әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Қазір «Нұрсәт» шағынауданында сол пәтерде отбасыммен тұрамын. Екі жылға жуықтады. Бұндай жағдайлардан кейін біз де жарқын жеңістермен қуантуымыз керек. 

Шыны керек, соңғы кездері бұл спорт түріне де көзқарас түзеле бастаған сияқты. Жанкүйерлердің қатары артып отыр. Таңертең ерте тұрып, жекпе-жекті күтетіндер бар.

IMG 20170603 132301

– Жауынгерлік самбодан үш рет әлем чемпионатында жеңістің биік сатысынан көріндің. Әлі де бақ сынап көру ойың бар ма?

– Оны да ойымнан шығарған емеспін. Неге бес рет әлем чемпионы болмасқа?! Екі жарыс қатар келіп қалмаса, әлемдік бәсекеде де әлі талай жеңіске жеткім келеді. 

Жауынгерлік самбодан ізімді басып келе жатқан дарынды жастар да бар. Оңтүстіктің өзінен Бекзат Жасия, Қалдар Қасымбек, Бейбіт Көшербай сынды талапты інілерімді атап өтемін. Аман Айтжан деген өзімнің туған інім бокстан спорт шебері нормативін орындады. Ол да қазір қоян-қолтық жекпе-жегіне ауысты. 

Жауынгерлік – біздің қанымызда бар қасиет. Қажымұқан атамыз күрестен дүниежүзін мойындатты. Одан арғы тарихымызда батыр бабаларымыз елімізді жаудан қорғады. 

5892

Міне, қазіргінің жаужүрек ұлдары шаршы алаңда ойқастап жүр. Еліміздің бокс, күрес, дзюдо спортында тәуір жетістіктері баршылық. Біз жауынгер халық екенімізді бүкіл әлемге мойындатуымыз керек. Өзім де күрестен ауыстым ғой. Бір байқағаным, көп жігіттердің аралас жекпе-жек спортына ауысуға батылы жетпей жатады. 

Өзімнен бөлек, темір торда күш сынасып жүрген қаншама азаматтарымыз бар. Бәріміздің де мақсатымыз бір. Ол – қазақ жігіттерінің намысын қайрау, жауынгер ұлт екенімізді әлемге таныту. Жалындаған жас кезімізде барлық мүмкіндік бар. Ерінбей еңбек еткен адам, түбінде мақсатына жетеді. 

Кішкентай кезімізде ұстазымыз Жанпейіс Жәнібекұлы сыңғырлаған медальдарды ұстап көрсететін. Сонда осындай жетістікке жету мүмкін бе екен деп ойлайтынмын. Балалық қой. Уақыт сәтімен, бала кездегі арманымның орындалғанына Аллаға шүкіршілік етемін.

IMG-20170603-WA0003

Шымкент – спорты өркендеген шаһар

– Қазір рухани жаңғыруға көңіл бөлетін кезең. Өзің спорттан тыс уақытта қаншалықты әдеби шығармалар оқуға көңіл бөлесің?

– Телефонға телмірген кезеңде рухани жаңғыру – өзекті мәселенің бірі. Қаптаған толассыз ақпараттың ішінен керектісін таңдап ала білсек. Салт-дәстүрімізден алшақтамауымыз керек. Өзім Абайдың қара сөздерін, батырлардың өсиеттерін, ұстанымдарын оқимын. Шетелде кітап алып жүруге мүмкіндік жоқ. Бірақ телефон арқылы рухани кеңістігіміді байытуға тырысамын. Бір күнде төрт мезгіл жаттығу істейміз. Соның арасында мұны да ұмытпаймын.

– Жалпы, спортшылар қауымы үнемі туған жерден жырақта жүреді. Өзің де негізінен АҚШ, Ресей, Таиланд елдерінде жаттығасың. Шымкентке әр келгенде не байқайсың?

– Көп елдерге табанымыз тиді, миллиондаған адамдарды көрдік. Дамыған елдердің әлеуетіне де куәміз. Бірақ, өзімнің сүйікті қалам Шымкент әрдайым тартып тұрады. Әр келгенде өзгере түскенін, көркейгенін байқаймын. Шағын кәсіпкерлік дамып жатыр. Көне қала ретінде туристер көп келеді. Күзде миллиондық межеге жетеміз. Шымкентте спортпен шұғылдануға барлық жағдай бар. АҚШ-тан, шетелден достарым келсе, өз қаламды ұялмай көрсете аламын. Міне, соған қуанамын.
Жалпы, ауылға келе салып, тауға барамын. Туған жердің таза ауасын жұтып, қымызын ішіп, қазы-қартасын жеуге асығамын. Кейде АҚШ-қа қазы-қарта алып кетіп, соны үнемдеп жейтінім бар.
Қалалық «Шымкент келбеті» газетіне бірінші рет сұхбат беруім. Оқырмандарға тілегім, өсіп-өркендей беріңіздер. Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Оразада иманға келген бауырлар әрі қарай да сол ниеттен ажырамаса екен деймін. Барлық уақытта да рухани жаңғыра білейік.

– Әңгімеңе рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Опубликовано в Спорт

(Чемпионның шаңырағындағы шуақты жүздесу)

20160815095706

Таяуда Ташкентке жолымыз түскен. Бокстан Азия чемпионатын тамашалап, жігіттерге жанкүйер болдық. Осы сапарымызда Ташкент облысы Бостандық ауданына қарасты Қызылту ауылына да бардық. Грек-рим күресінен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Елмұрат Тасмұратовтың туған ауылын көріп, ата-анасымен жақыннан танысқымыз келген. Бостандық ауданы – әйгілі баскетболшы, Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев сынды дарындар түлеп ұшқан өңір. Бұл өлкеде қазақтар да бір қауым ел.

 

Қазақы намысқа қайралған

Таудың етегіндегі берекеті мол ауылдан білекті де, жүректі азаматтар көптеп шыққанына тәнтіміз. Қандастарымыз негізінен сауда, егін шаруашылығымен айналысады. 

IMG 20170501 102305

Елмұратты ең алғаш 2013 жылы Шымкентте академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде көрдік. Сол жарыста күміс жүлдеге ие болды. Жарақатына байланысты финалдық сында белдескен жоқ. Осы жылы Будапештте (Венгрия) өткен әлем чемпионатында үшінші орын алды. Алғашқы таныс-білістігіміз осылай басталған. 

Бізді зәулім үйден Зұлыпхар аға күтіп алды. Мән-жайға қаныққан соң ризашылығымен сыйлы қонақ етті. Батырдың анасы Замира Тәжібайқызы да зыр жүгіріп, дастарханды жайнатып жүр. Ағамыз тың. Ұлын үйлендірудің қамымен біраз шапқылап, арқаны енді кеңге салып отырған жайы екен. Үйдің күрделі жөндеу жұмыстары да біткен. Олимпиададан кейін осылайша қос қуаныштың куәсі болып отырған жайы бар. 

Қауқылдасып қалдық. Ағамыз әңгімешіл. Рио ойындары кезіндегі қызықтарын сұраймыз. Намысты жанитын белдесулерді үйінде тамашалапты. Жора-жолдас, бауырлар, қоңсылар да келіп, үй іші туған-туыстарға толған.

IMG 20170501 102529

– Риоға барудың сәті түспеді. Әкесі ретінде мені жіберетін болған. Дәл сол сәтте баламды үйлендіремін деп құда болып қойып едім. Үйде бес құрылыс бригадасы жұмыс істеді. Құрылыс қайнап жатты. Бір жақсылық боларын жүрегім сезді. Баламның спортпен айналысқанына алдағы қыркүйектің 1-не тура жиырма жыл болады. Спортқа 6 жасқа толмаған кезінде бергенмін. Аллаға шүкір, 19 жылдық бейнетінің өтеуін көрді ғой, – дейді ағамыз. – Әуелі бір Құдайдың жәрдем беруімен жеңіске жетті. Оның алдында Қажымұқан атаның кесенесіне, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге барып қайттым. Түсімде аян берді. Екеуміз тұнық суда қайықта жүзіп жүрміз. Одан тауға шығамыз. Бір қызығы, әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы болған кезде де осындай түс көрдім.

 

Жас отбасының қос қуанышы

Елмұраттың қарапайымдылығы жайында айтар сөз көп. Жалпы, күтіп алу, шығарып салу сынды қошеметтеуді онша жақсы көрмейді. Сұхбат беруге де ықыласы жоқ. Үнемі сол. Ата-аналар балаларын жарысқа шығарып салып жатса, ол болса «әке уайымдамай қайта беріңіз» дейді екен. «Кейде құрамадан жалғыз өзі чемпион болып немесе жалқы жүлдемен келеді. Ондайда «Әке, күтіп отырмаңыздаршы» дейді. Қасындағы достарынан ерекшеленгісі келмегені ғой. Бұл жолы да «Әке, сәтін салса, медаль әкеліп беремін сізге» деді. Бірақ қандай медаль екенін айтпады. Автотұрақтан қайтарып жіберді. Өзбекстанның журналистері де осы мінезіне таңырқап, «ұлыңыз неге ондай?» деп көп сұрайды. Өзінің жаратылысы сондай ғой». Мерейі тасыған әке осылай сыр шертті. 

IMG 20170501 101821

Зәулім үйдің есігінің алдында «Малибу» көлігі тұр. Ел Үкіметі 75 мың АҚШ долларынан бөлек, темір тұлпарды да сыйға тартқан. Бостандық ауданының әкімі Қызылтудан жаңа коттедждің кілтін табыс еткен. 

Жас отбасы иелеріне зор қолдау емес пе?! Ақылдаса келе Қызылтудағы баспананы сатып, Ташкенттің төрінен үй әперіпті. Екеуінің де оқуына, жұмысына жақын. Жас келін көрші «Абай» кеңшарынан екен. Қазір байланыс мамандығында оқиды. «Абайдың» бәрінде қазақтар тұрады. Оның төңірегіндегі Қыбырай, Төле би ауылында да қазақтардың қарасы қалың. Жалпы, Қызылтуда 6 мыңнан аса халық тұратынын білдік. 

Батырдың анасымен жақыннан таныстық. Замира Тәжібайқызы отағасы екеуі бір сыныпта оқыған екен. Анасы Елмұраттың кішкентайынан шымыр болып өскенін еске алды.
– Мінезі ауыр, көп жыламайтын. Бірақ жылдам қимылдайтын, ширақ еді. Үш жарым жасар кезінде есіктің төбесіне шығуға әрекет қылатын. 7 сыныптан бастап спортқа мықтап ден қойды. Осындай қуаныштың ортасында отырғанымыз перзенттерімнің арқасы, – дейді көңілі толқыған ана.

Шымкентте шыңдалған балуан

Жалпы, балуандық қасиет атадан дарыған болса керек. Зұлыпхар ағаның айтуынша, әкесі тақымы мықты шабандоз болған. Өзінің де спортқа бір бүйрегі бұрыпты. Дене тәрбиесі институтына түсе алмағанына әлі күнге дейін өкінеді. «Физкультурныйға» қабылданып тұрған жерінен әкесі политехникалық институтқа ертіп барып, машина жасау құрылысының технологиясы мамандығына түсіріп жіберіпті. Ақыры боксшы боламын деген үміті су сепкендей басылыпты. 

Әттең, қайыс қолғапты кигенде біраз жетістікке жетер ме еді? Қалшан деген ағайы сегіз айдың ішінде ауданның чемпионы етіпті. Жарыстан жарысқа аттанып, дамыл көрмеген. Бірде Шыршыққа, бірде Шарбаққа апарып, ащы терін бір сығып алса керек. Өкінішке қарай, оқуға түсіп, бәрі сағымға айналған. 

Осылайша әке аманатын ұлы жалғады. Әуелде Елмұратты боксшы етуге күш салыпты. 

– Кішкентай кезінде өзім жаттықтырдым ғой. Соққысы ауыр болатын. Елмұрат өте еңбекқор. Әр күні формада жүреді. Жалпы спортшылар бір күн жаттығу жасамаса, бір апталық формасын жоғалтады. Жетінші сыныптан кейін Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне оқуға жібердім. Ең алғаш ұлымның томағасын сыпырған бапкерлері – Александр Колесников жəне Хаким Мусаев. Осы жаттықтырушыларына, барша ұстаздарына мың рахмет! Ұлымның жеңісіне бірлесе қуанған атажұрттағы ағайындарға деген алғысым шексіз, – деді Зұлыпхар аға күрестің әліппесін үйреткен ұстаздарына құрмет білдіріп. 

Шүкіршілік, сырт елде жүрсе де қазақ балуаны әлі талай жеңіске жетуге білек сыбанып отыр. Ел Үкіметі де барлық жағдайды жасаған. Таяуда «Динамо» күштік құрылымына жұмысқа кіріпті. Енді лейтенант шенін алмақ. 

Елмұраттың бар арманы – Олимпиада алтынын олжалау. «Еңбегіне қарай өнбегі» дейді. Асқар тау әке де ұлының осы сәтін тезірек көргісі келеді. Бұл туралы өзі: «Олимпиадаға барып қайту жоспарымда бар» дейді кеңкілдей күліп. 

Әлгінде бұл әулеттің үлкендері тақымы мықты шабандоз болғанын айттық. Біз кетуге дайындалып жатқанда Зұлыпхар аға көкпарға баруға қамданып жатты. Қоңсыларымен бірге алдағы көкпардың мәселесін талқылады. Өзі атты баптайды. Көкпарға қосар аты да бар. Әр күні атқа мінбесе, көңілі тыншымайтын көрінеді.
«Батырдан батыр туады» деген осы шығар. Шағын ғана ауылдан шыққан Елмұрат ініміздің берекелі шаңырағын көріп, зор қуанышпен елге қайттық.

 

Шымкент–Ташкент–
Қызылту–Шымкент

Опубликовано в Спорт
Пятница, 26 Май 2017 10:09

«Сұңқар»-дың самғауы

5922786726e7b

Аралас жекпе-жектің хас шебері Арман Оспанов жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Таяуда жерлесіміз Ресейдің Санкт Петербург қаласында өткен ACB 61 турнирінде жапониялық Тайчи Накажиманы екінші раундта айқын жеңген еді. Аяғының күшінің қаншалықты қуатты екенін танытқан. Осы бәсекенің қорытындысында турнирдің «үздік нокауты» сыйлығын жеңіп алды. Осы тамаша әдісі «Жыл нокауты» сыйлығына үміткер ретінде ұсынылғанын да айтқа кеткен жөн.

XHgO5pU

ACB ұйымы – ТМД-дағы беделді ұйымдардың бірі. Осы ұйыммен жасалған келісім-шарт бойынша биыл үш жекпе-жек өткізуі тиіс. Енді екінші бәсеке қыркүйек айында біздің елде өтеді деп жоспарланып отыр. «Сұңқар» сол сында тағы бағын сынамақ. Мінекей, алғашқысы жеңіспен аяқталды. 

– Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы Альбукерке қаласында, Махачкалада (Дағыстан) оқу-жаттығу жиындары өтті. Алла сәтін салып, жеңіске жеттік. 26 мамыр күні елге келемін. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, 1 ай тынығуым керек. Одан кейін жаттығу жиындарына қайта кірісеміз, – дейді 27 жастағы Арманның өзі. 

Арман Әріпханұлы – жауынгерлік самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, аралас жекпе-жектен сегіз рет сайысқа түсіп, бәрінде жеңіске жеткен. Биылғы жоспарды сәтімен орындап, одан әрі де биік мақсаттарға жетуге ұмтылмақ.

Опубликовано в Спорт

Шымкентте Қажымұқан атындағы орталық стадионда муай тайдан алғаш рет «Шымкент қаласы әкімінің кубогіне арналған» 1 ашық республикалық турнир өтті. Оған елімізден бөлек Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан спортшылары да қатысты.

DSC 4850

– Бес күнге созылған турнирде бас-аяғы 180 спортшы сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстаннан 5 спортшы алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иеленді. Бұл біздің облыс үшін, жаңадан ашылған федерация үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, – деді Облыстық муай тай спорт федерациясының вице-президенті, аға жаттықтырушы Қуандық Сұлтанғали. 

DSC 4806

Жарыс нәтижесі бойынша 12-13 жас аралығында 1-орынды А.Әбдірәсіл (+67 кг), С.Жолай (60 кг), 2-орынды А.Курбанов (67 кг), 3-орынды Қ.Төрехан (34 кг) иеленсе, 14-15 жас аралығындағы бәсекеде 1-орынға С.Елемесов (71 кг), М.Назаров (51 кг), 2-орынға Ж.Мурат (57 кг), З.Маккамбаев (48 кг), С.Тореқұлов (38 кг), 3-орынға Қ.Жасұлан (45 кг), Б.Жақсылық (42 кг), Ш.Қолдашев (48 кг) лайық деп табылды.

Опубликовано в Спорт
Пятница, 07 Апрель 2017 10:10

Сұрмерген қыз

Луиза Сайдиева. Бұл есім спортқұмар қауымға жақсы таныс. Садақ ату спортынан қыздар арасында 9 рет Қазақстан чемпионы атанған. Азия біріншілігінде үздік үштікке ал, әлем чемпионатында үздік ондыққа енген. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға садақ атудан Қазақстаннан тек екі ғана спортшымыз барса, соның бірі осы – Cайдиева. Жазғы және қысқы маусымдарда алыс және жақын қашықтықтан тек қана «Әп, бәрекелді» дегізіп келеді. Кенже қалып қойған садақ ату спортынан дүниежүзілік бәсекелерде міне осы жерлесіміз ел намысын абыроймен қорғап жүр.

surmergen 27-2

Спортшыны Шымкент қаласындағы садақ ату кешенінен таптық. Бір мезетте 60 спортшының дайындалуына мүмкіндік беретін бұл мекен жас «Робин Гудтардың» сүйікті жеріне айналып үлгеріпті. Сонымен, Луизаны тапқанымызбен біраз уақыт оның қасына жақындай алмадық. Неге дейсіз ғой? Өйткені, садақ суық қару ретіндегі қызметін әлі де жоймаған. Сондықтан да садақ ату кезінде алаңға адамдардың шығуына тыйым салынады. Луизаның жаттығуын алыстан бақылап, қырағы қимылдарына сүйсініп тұрдық. Қарапайым кісілерге таңсық көрінетін құралдармен таныса бастадық. Бір қызығы, қазіргі садақтар бұрынғыдан мүлдем басқаша. Біз білетін садақ тек ағаш пен жіптен жасалмаушы ма еді? Ал қазір оқтары да өзгеше. Темірден. Әйтеуір, спортшылар саусақтары мен білектеріне қолғап секілді затты орап, атқан оқтарын «зымырандай зулатып» жатыр. 

Міне, спортшы қыз да көп күттірмей келді. Луизаның айтуынша, бір садақтың жалпы құны 4-5 мың доллар шамасында тұрады екен. Иә, шынында да мемлекет осындай спорт кешендерін салып, құрал-жабдықтарын алып бермесе бұған жеке адамның қалтасы көтере бермейді.

surmergen 27-3Луиза Сайдиеваның кіндік қаны тамған жері – Шымкент. Өзбек аруы Қазақ елінде туып-өскенін мақтаныш етеді. Қаладағы 46 жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан Луиза Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтындағы спорт факультетін 2016 жылы тәмамдаған. Міне, содан бері садақ атумен тыңғылықты айналысып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. 

Садақшы қыз бұл спортқа ағасы арқылы келген. Ағасы да осы спорт түрімен айналысыпты. Бірақ ол қарындасының өзімен бірге барғанын қаламаған. Өйткені, кішкентай болған соң оған әрқашан бас-көз болып қарау керек. Ал ағасы қарындасына қарай ма, әлде садақ ата ма? Сөйтіп жүргенде ағасы бірде жарысқа кетеді. Луиза енді садақ атуға әкесімен келе бастайды. Алғашқы күннен жаттығу алаңына барып жерде жатқан резеңке ширақты (жгут) тартып, ағасынан көрген жаттығуларды жасайды. Оның келген бойда жаттығуларды ептілікпен, дұрыс істеп жатқаны жаттықтырушыларды қызықтырады. Сөйтіп, бапкерлердің назарына ілігіп, садақ ату үйірмесіне қабылданады. Осы орайда, садақ ату спортына келмегеніңде қандай маман иесі болатын едің деген сұрақ қойдық: 

– Мен адвокат болғым келген. Атам екеуіміз осы тақырып төңірегінде көп әңгімелесетін едік. Ол да осы маман иесі болды. Сондықтан менің де сол салаға аңсарым ауып тұратын. Бірақ, мен садақ атқаннан кейін бастапқы қалауымды ұмыттым. Волейбол, баскетбол, жүзу, гимнастика деген сияқты спорт түрлері де қызықтыра бастады. Осылайша спортты жаныма жақын тартып кеттім,-деп жауап берді Луиза Сайдиева.

Спортқа келу бір бөлек, жетістікке жету бір бөлек. Әсіресе, садақ ату спортынан. Бұлай деуіміздің де себебі бар. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша осы спорт түрі елімізде айтарлықтай дамымаған. Олимпиадаға жиырма жылдан бері ала алмай жүрген жолдамамызды енді ғана алған екенбіз. Нақтырағы, Шымкент қаласынан. Садақшыларымыз қатысқан алғашқы Олимпиадада, әлем чемпионатында жеңіс тұғырларынан көріне алмаса да, бұл ізбасар спортшыларға ерекше серпін берері анық. Әлемде бұл спорт түрінен әзірге Малайзия, Түркия, Корея, Моңғолия, Венгрия сияқты мемлекеттер көш бастап тұр. 

Кейде «Садақ атудың несі спорт? Тұрасың да ата саласың. Жүгірмейсің, секірмейсің, ұрмайсың» деген пікірлерді естіп қалып жатамыз. Бірақ олай емес. Садақ атудың әрбір қимылын жасау үшін де дайындық керек екеніне Луизаның жаттығуына куә болғанымызда көзіміз әбден жетті. Мысалы, иықтың қатып қалмай, садақты еркін тарту үшін, оған біраз уақыт бойы түрлі жаттығу жасау керек. Сондай-ақ, садақты тартып, көздегенде атылған оқ қисайып кетпеуі үшін тыныс алуды реттеу керек. Тыныс алуды бір қалыпқа келтіру үшін жүгіріп, өкпені дайындайды. Ал, алдыңғы және артқы аяқтар нық тұруы үшін аяққа күш беретін жаттығулар жасалады. Секіреді. Жүгіреді. Бұдан бөлек дене алға немесе артқа қимылдап кетпеуі үшін арнайы жаттығулар бар. Сондай-ақ, оқты қысып, садақты тік ұстауға арналған машықтардың да түрлері өте көп. Кейде тіпті, далада өтетін турнирлерде жел тұрып яки басқа да қолайсыз жағдайлар туындаса, оның алдын алуға арналған дайындықтар бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. 

surmergen 27-1

Мергендікті меңгеріп, қазақтың ұлттық спортын ұлықтап жүрген өзбек аруының болашақтағы жоспарын да сұрадық. 

– Қаламызда садақ ату спортына қызығушы жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Жаңадан салынған кешенде де ұл-қыздар көп. Келешекте шәкірттер дайындап, оларды жақсы жетістіктерге жеткізетін жаттықтырушы болып, бүкіл өмірімді спортқа арнасам деймін. Ең үлкен арманым – Риода алған тәжірибемді алдағы додаларда паш етіп, Олимпиада чемпионы атанғым келеді, – дейді Луиза.

Иә, садақ ату – тарихымыздың тереңіне тамыр жайған көне ұлттық спорт түрлерінің бірі. Оған тасқа салынған суреттер мен ескі ескерткіштер дәлел. Білсеңіз, «Көз мерген», «Қол мерген» деген ұғымдар қазақта бұрыннан бар. Әлемдік додаларда ел мерейін өсіріп жүрген мерген қызбен жылы қоштасып, армандарының орындалуына тілектестігімізді білдірдік.

Опубликовано в Спорт
Среда, 15 Февраль 2017 06:31

46 алтын, 19 күміс және 29 қола

2016 жылы ОҚО спортшыларының әлем чемпионаттары мен кубогтарында иеленген медальдар саны осындай. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

sport brifing

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр облыс спортшылары Қазақстан чемпионаттарында және кубогтары мен біріншіліктерінде 399 алтын, 395 күміс, 391 қола, сонымен қатар, Азия кубогтары мен чемпионаттарында 46 алтын, 46 күміс және 37 қола медальға ие болған. Сондай-ақ, облысымызда 1 ҚР еңбек сіңген спорт шебері, 37 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 162 ҚР спорт шебері, 881 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалған. 

Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары (құрылысы өтпелі) Шымкент қаласында «Шымкент арена» спорт сарайының құрылысы жүргізілмек. Қазір ғимараттың техникалық-экономикалық құжаттарын дайындау жұмыстары басталды. Бұдан басқа облыстық бюджет есебінен Қазығұрт ауданы, Болашақ шағынауданында және Отырар ауданы Шәуілдір елдімекенінде сыйымдылығы 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда. 

– 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста 5350 спорт нысандары тіркелген. Және облыс аумағында 4849 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 550 504 адам қатысты. Оның ішінде ауылды жерлерде 3151 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 362 975 адам қамтылған. Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шыұғылданушылар саны 708 884 адамды құрап, барлық жастағы халықтың қамтылуы 24,7%-ға жетіп отыр, – деді Ә. Нұртаев. 

Айта кетейік, 2017 жылдың 29 қаңтар және 8 ақпан күндері аралығында Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиадада облысымыздан 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді.

Опубликовано в Спорт
Пятница, 10 Февраль 2017 05:20

Шаттыққа айналған шара

Сонымен, он күн бойы спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлаған дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға тұрақтады: ел спортшыларының қоржынында – 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль. Бұл – тарихи жетістік.
«Алматы Арена» мұз сарайында өткен Универсиаданың жабылу салтанатында еліміздің меймандостығы, салт-дәстүрі тағы бір мәрте әлем назарына паш етілді. Ресми іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

e6d587a933d0d4ec5883e5282bf778db

Еліміз үшін тарихи жетістіктермен есте қалған әлемдік сын тарих қойнауына кетті. Елбасы осынау ауқымды іс-шарада жоғары көрсеткішке жеткен ұлттық құрама мүшелерін құттықтады. 

– Сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында Қазақстанның жалпы командалық екінші орынға қол жеткізуі – елдің биік беделінің, бұқаралық спорттың дамығандығының айқын көрсеткіші. Қазақстанның спорт мектебінің даңқын тағы бір мәрте асқақтатып, жоғары дайындықтарыңызды, жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. 2017 жылғы универсиада барлық қазақстандықтар үшін нағыз мерекеге айналды. Спортшыларымыздың жеңісі қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға серпін беріп, келер ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Универсиаданың ұйымдастыру комитетіне жарысты жоғары деңгейде өткізіп, жауапкершілік танытқаны үшін алғыс айтамын. Барлық спортшыларға мықты денсаулық және жаңа белестерді бағындыру жолында табыс тілеймін!, – делінген Елбасының құттықтау сөзінде. 

afa88b7efe2d2f781b79b8134fcf47d3

Шараның жабылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 28-ші Қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сондай-ақ, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин Универсиада тарихында мұндай қонақжайлылыққа алғаш рет куә болып отырғанын мәлімдеді. 

Келесі 2019 жылғы Қысқы Универсиада ойындары Красноярскте (Ресей) өтеді. Сөйтіп, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туы Красноярс қаласының өкілдеріне табыс етілді. Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Б. Байбек Ресейден келген делегаттарға сәттілік тіледі. 

e8e8964e527cbcea371b0c426165285e

Жабылу салтанатында концерттік қойылымдар көрсетіліп, Универсиадаға қатысушы командалардың шеруі өтті.

Опубликовано в Спорт

Сабыржан Әбілдаұлы – Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің үздік спортшысы. Дзюдо күресінен жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазақ күресі, самбо, дзюдо, белбеу күрестерінен Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Спорт – денсаулық кепілі. Өміріне спортты серік еткен, спорттың 5 түрінен спорт шебері, облысымыздың «барысы», қазақ күресін әлемге танытып жүрген спортшымен орайы келгенде жолығып, әңгімелескен едік.

IMG-20170106-WA0008

– Сабыржан Әбілдаұлы,сайыстардан қол үзіп қалғаныңызға біршама уақыт болды. Оған не себеп?

– Рас айтасыз, осыдан екі жыл бұрын қолымнан жарақаттанып, жарыстардан қол үзуге тура келді. Әзірге, үлкен жарыстарға болмаса да, өзімнің салмағымда облыстық жарыстарға қатысып тұрамын. Шүкіршілік, жағдайым жақсарып келеді, дегенмен әлі де болса түйе балуандармен белдесуге мүмкіндік болмай тұр.

– Сіз кілемге қалай келдіңіз? Өзіңіз туралы таныстырып кетсеңіз.

– Мен 1989 жылы 11 наурызда Отырар ауданы, Көкмардан елдімекенінде дүниеге келдім. 3 қыздан кейінгі жалғыз ұл болып өстім. Алайда, бала күннен менде еркелік емес, жауапкершілік жоғары болды. Үйде әке орнына әке, аға орнына аға, іні орнына іні болуға тура келді. Мектепте үздік оқыдым, 2006 жылы мемлекеттік грант иегері болып, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға «Алғашқы әскери дайындық» мамандығына оқуға түстім. Кішкентай кезімізде мұғалім «өскенде кім боласыңдар?» деп сұраса, мен бірден «полицей» боламын дейтінмін. Сол бала арманым орындалып, ішкі істер органдарында 2013 жылдан бастап қызмет атқарудамын. Бүгінгі таңда ОҚО ІІД ниспекторы, полиция аға лейтенантымын. Қазақ күресіне 3 сыныптан бастап қатыстым. 7 сыныпта аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынадым. Қазір спорттың қазақ күресі, самбо, дзюдо секілді 5 түрінен спорт шеберімін.

– Алғашқы жеңіске жеткен күніңіз есіңізде шығар...

– Әрине, ең алғаш жеңістің дәмін татқан сәтін ешбір спортшы ұмытпайды. Өйткені, ондай тәтті кезеңді естен шығару мүмкін емес. Алғашқы жарыстан алған сыйлығым – кішкентай магнитафон болатын. 7 сыныпта күрестен облыстық жарыс өтті. Содан 3 орын алғанмын. Одан кейін ең бір қуанған кезім – автокөлік ұтып алуым. 19 жаста едім. Бөген ауылында үлкен ас беріліп, көкпар сайысы болған. Сол кезде түйе балуанды жығып, автокөлік иемдендім. 2008 жылы Оралда өткен жарыста 1 орынды иеленіп, автокөлікпен қайтқаным бар.

IMG-20170106-WA0006

– «Қазақстан барысы» додасына қатысқаныңызды білеміз. Осы сайыста өз әлеуетіңізді қаншалықты көрсете алдыңыз?

– «Қазақстан барысы» республикалық турниріне 2010 жылдан бастап, 4 жыл қатарынан күрестім. Үлкен жеңісім 2013 жылы бесінші орынды иеленгенім болды. 2013, 2014 жылдары Ішкі істер органдары арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатынан екі жыл қатарынан бас жүлдені иелендім. Одан өзге, 2008 жылы Ташкент қаласында жастар арасында самбодан өткен Азия біріншілігінде 1 орынға ие болдым. Мәскеу қаласында жастар арасында Әлем біріншілігі өтті, онда да 1 орынды иелендім. ОҚО ІІД-нің 2015 жылғы үздік спортшысы атандым.

– «Осылар мықты қарсыластарым болды» деп кімдерді атар едіңіз?

– «Қазақстан барысына» қатысушылардың бәрі де мықты балуандар. Әрбірінің өзіндік әдістері бар. Мысалы, Бейбіт Ыстыбаев қырқа шалу, сырттан тастау әдістерін көп істейді. Қызылордалық Руслан Әбдіразақов, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаровтардың да өзіндік ерекше әдістері бар. Қарағандылық Асыл Барменовпен 2007 жылдан бері кілемде күш сынасып жүрміз. Осылар қазақ күресінің «майын ішіп, жілігін шаққандар» деп айта аламын. Біздер кілемде ғана қарсыласпыз, ал жеке өмірде доспыз. Ағалы-інідей сыйласамыз. Мәселен, қызылордалық Руслан Әбдіразақовпен, қарағандылық Асыл Барменовпен түйдей құрдаспын.

– Қарсыластарыңыздың арасында ең ауыры кім болды?

– Ондай қарсыластарым бар. Мәселен, Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнирде 185 келі моңғол балуанымен күрескенімді айтар едім. Ол кезде өзімнің салмағым 95 келі. Қарсыласымды әдіске салу арқылы, жеңіп кетіп едім.

– Әрине, спортшының жетістіктері бапкерге де байланысты ғой.

– Мен өмірімде өте жақсы адамдардың жолығып, білікті мамандардан тәлім алып, жолдас болғаным үшін шексіз шүкірлік етемін. Алғашқы ұстазым – Нышанбек Бексұлтанов. Қазіргі бапкерім – Құралбай Орынбасар. Бала кезімнен жаттықтырып, жеңісіме себепкер болған осы кісілер. Мықты бапкерлер деп мақтанышпен айта аламын. Өмірімде де, спортта да үлгі болған адамдар.

– Айтыңызшы, сіз үшін өмірдің құндылығы неде, жеңіске жету үшін не істеу керек?

– «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – деген сөз өмірлік ұстанымым. Намысты жігіт ретінде, қызмет пен достықта адалдықты, отбасыда тұрақтылықты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстануды міндет еткенмін. Денсаулықтың өзін бағаламай, арақ ішіп, темекі тартып, есірткіге бой алдырып жүргендер аз емес. Ал бұл жат қылықтар жамандықтың бастауы. Ал қызметіме келер болсақ, спорт – сенімді серігім. Жаттығу, үнемі өзіңді жетілдіріп тұру – жеңістің басты қағидасы деп білемін.

IMG-20170106-WA0002– Облысымыздағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бересіз? Өскелең ұрпақтың қызығушылығы қандай?

– Дәл қазір оны нақты айта алмаймын. Себебі жарақаттануыма байланысты біраз уақыт спорттан шеттетіліп қалдым. Дегенмен, жарыстар өтіп жүр ғой. Соған қуанасың. Бірақ қарқынды түрде емес. Оны жаттықтырушының жетіспеуінен немесе жастардың қызығушылығының төмендігінен деп айтуға болмас. Ұлттық өнерімізді төрге оздырамыз десек, қомақты қолдау керек. Спортшының шет жаққа жарысқа шыққан кезде тамағына, жатын орнына үлкен қаражат кетеді. Кейбірінің жағдайы жетсе, кейбірі мықты спортшы бола тұра, қаржы қолбайлау болып, қалып кетіп жатады. Қазір қазақ күресінде Оңтүстікте
Жұманазар ағамыздың абыройы асып тұр. Енді оның ізбасарлары мол болуы үшін, оларға тиісті жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, елім, жерім деген қалталы кәсіпкерлер қолдаса деп ойлаймын.

– Бапкер болу ойыңызда бар ма?

– Әлбетте, бапкер болғым келеді. Қазір өзім шәкіртпін. Баламен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мәселен, өзім қалаға оқуға түскен кезімде 1,5 жыл жоғарыда атап өткен жаттықтырушым Құралбай Орынбасардың үйінде тұрғанмын. Өзінің баласындай көріп, барлық жағынан көмек көрсетті. Ақыл тоқтатып, бапкер болуға лайықты болған кезімде мен де шәкірт тәрбиелеуге кірісетін шығармын. Өзіңнен кейін із қалдыру ғажап дүние ғой. Ең алдымен психолог болу, яғни баланы түсіне білу керек. Оның болмысына қарай әрекет жасап, психологиялық-моральдық тұрғыдан да көмек көрсете білу қажет. Қатал, әрі жұмсақтық та қатар жүру керек секілді. Шәкірттің әрбір әрекеті үшін жауапты боласың.

– Спорттық мансабыңызда қаржылай көмек көрсеткен қолдаушыңыз болды ма?

– Менде бір ғана демеуші болды. Отырар ауданының тумасы, қазір «Конти» фирмасының директры Бекжан Мамыт деген азамат. Дзюдо күресінде кимоно алу көп қаражатты талап ететін. Сол сәтте 2008 жылы 200 долларға кимоно сатып алып берген. Шет елге жарыстарға шыққанда қаржылай көмегін аямаған. Ерекше ықыласпен ол кісіге алғысымды білдіремін.

– Қандай хоббиіңіз бар?

– Атқа мінгенді жаным сүйеді. Нағашыларым ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. Бала күннен солардың көкпарға кетіп бара жатқандарына қызығып өстім. Сол қасиеті маған да берілген болса керек, демалысым бола қалса ауылға барамын. Өзім көкпар шаппасам да, көкпардан қалмауға тырысамын. Және қолым босаған сәттің бәрін отбасыма арнаймын. Үнемі жұмыс, жарыс деп жүргенде балалардың тәрбиесі, отбасындағы көңіл күй шетте қалып кетпеуге тиіс.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Отбасы құрғанмын. Ұлназ есімді аяулы жарым, бір ұл, бір қызым бар. Жарым 14 ағайынды. Біз де сол дәстүрді жалғап, көп балалы отбасы болуды қалаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақбота ОСПАН

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 13 Январь 2017 09:15

«Уақытты бақытқа бағындыра біл»

«Бүгінгі заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман». Жуырда облыстағы белгілі жоғары оқу орнының бірінде ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, бетті басар келеңсіз жағдайға куә болдық. Жиынға шетелден ғалымдар келген. Тұжырымдамалар таныстырылды. Байыпты баяндамалар оқылып, бәтуалы басқосу болып жатыр. Ал артқы қатардағы орындықтарға жайғасқан студенттердің ғұламалардың нәрлі әңгімесін тыңдауға мүлде зауқы жоқ. Телефонның қызығына кірген. Тіпті базбірі түнде қанбаған ұйқысының есесін осы жерде орындап алуды құп көргендей. Бұл жағдайды көріп, көңіл құлазыды-ақ.

zhastar 4

Өткен нөміріміздің бірінде ғана жастар саясатын дамытудың басты үш тетігі жайында аз-кем әңгіме қозғағанбыз. Соның ішінде жастар дұрыс білім алуы керектігі сөз болған. 

Елбасы әр жиында «Дарынды ұрпақ – қарымды ұрпақ», «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», «Ел болашағы – жастардың қолында», дегендей жас ұрпақтың уақытын текке өткізбей, білімге ұмтылуын үндеп-ақ келеді. 

Қазір жастарға барлық мүмкіндік жасалған кезең. Таяуда өткен республикалық жастар форумында оған тағы да көз жетті. Елдің барлық өңірінен, 1000-нан астам адам, оның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының мамандары, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысқан жиында Ұлт көшбасшысы бұл жағдайды тағы да қадап айтты. Елде жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жасалғанын, қазіргі әлемнің заманауи үрдістеріне сәйкес келетін, сын-қатерлеріне төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды. 

– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жастың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы. Тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар саны артты. 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдеріне мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілген болатын. 

Рас, әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның қарқынына ілеспек ләзім. Болашақ та біздің алдымызға «ілгері бас, жетіле түс» деген талап қойып отыр. 

Әрине, әрбір жастың биліктің тұтқасында отыруы шарт емес. Жастар мақсатты арманға ұмтылып, ең бастысы, саналы, білімді азамат болып өсуі керек. 

Сол жиында естідік қой. 

Кітап оқымайды дегеннен шығады. Қазіргі жастар ғаламтордың ғаламатына құнығып бара жатқандай.
Мәселен, Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, елде 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын 
жаңартатындарды есепке алған.
Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 млн адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер.

Арман Тосқанбаев деген 25 жастағы жігіттің жеке өзінде 4 компания бары, оның біреуінің өзі жылына 168 млн теңге табыс табатыны көңілге қуаныш ұялатты. «Отан» брендімен сағат жасайтын кәсіпорны 

«Қазақстанда жасалған» жобасын іске асыруға үлес қосып жатыр. 33 жұмыс орны ашылған. 

А.Тосқанбаев Президенттің қолына сағатын өзі тағып берді. Міне, мұндай жастарға қалайша тәнті болмайсыз?! Білім, ғылымға бас ұрып, өмірден өз орнын табар замандастар осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс. 

Жастар жайлы сөз еткенде күнделікті көз көретін көрініс те көңілге көлеңке түсіреді. Негізінен, қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Оқуға бара жатқан студенттер, оқушылардың дені автобустың артқы бөлігіне жайғасып алуға асығады. Көпшілігі құлаққап киіп алып, басқа әлемге еніп кетеді. Солардың ішінен кітап оқып отырған немесе қағаз қарап отырған біреуін көрмейсің. Бұл жағдай «Құлықсыздың құлағы да құлыптаулы» деген бабалар сөзін еске түсіретіндей. 

Белгілі қаламгер Мархабат Байғұт осыдан үш жыл бұрын «Бес асыл іс, бес дұшпан» деген дүние жазып, онда осы жағдаяттарды баса айтып өткен. Қалалық орталық кітап­ханада өткен «Адамзаттың Абайы» атты кеште отырған жетпіске жуық жеткін­шектің қалғып-мүлгіген кейпіне күйінген-тін. «Адамзаттың Абайы алашыңыздың оғландары мен қорландарына тіпті де қажет емес сияқты. Адамзатыңыздың Абайы алыстағы, әлдеқайдағы, әйтеуір қазағыңыздан басқа бір адами заттарға керегірек секілді сезінушілікті сезіп, селк ете түсесіз», – деп еді қаламгер. 

Кітап оқымайды дегеннен шығады. Қазіргі жастар ғаламтордың ғаламатына құнығып бара жатқандай. Мәселен, Brand Analytics сервисі дайындаған мәліметтер бойынша, елде 3,3 млн адам әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Яғни, зерттеушілер кемінде айына бір рет парақшаларын жаңартатындарды есепке алған. Тұрғындардың ең көп тұтынатыны «В Контакте» желісі – 1,945 млн адам. Оның басым бөлігі 18 жасқа дейінгілер. 

Ілгерідегі біздің аға, апаларымыз секілді саябақтарда кітап оқып отыратын жастарды бүгінде кездестіру қиын. Тіпті, сенбі сайын кітапханаға барғанымызда рухани игілікті пайдаланып, кітапқа үңілетін жас оқырманның некен-саяқтығы да көңіл құлазытады. 

Жақында интернетте әлем елдерінің астанасын жатқа білетін 3 жасар қазақ баласы жайында бейнеролик шықты. Қайрат Құдайбергенұлы есімді фейсбук қолданушысының жариялаған видеосында тілі енді шыға бастаған бүлдіршін әр елдің астанасын айтып тұр. «Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Германия, Испания, т.б алпауыт елдердің бас қаласын мүдірмей жатқа соғатыны тәнті етті. Осындай талап қылуға, сәби кезінен ілім мен білімге ұмтылуға тәрбиелеген сәбидің ата-анасына мың алғыс! Міне, біздің қазақ ұлтының келешегі осындай жастар болса керек. 

Заман – ойлының, талаптының заманы. Өйткені, «уақыт алғанын қайтып бермейді, бақыт ұшса, қайтып келмейді». 

Ендеше, уақытты бақытты ұшырып алмауға жұмсаған ұтылмайды. Ал бақыт – білімнің бұлағында екені даусыз.

Фото авторы:
Данияр ҚОЖАБЕК
Әйгерім БЕГІМБЕТ 

Опубликовано в Әлеумет
Страница 3 из 3