screenshot 5 56 650x410 1 650x410 1 650x410

Әлемді жаулаған Covid-19 індеті елімізді айналып өтпеді. Бүгінде дертті жұқтырғандар саны 650-ге жетті.

Адамдарды ғана емес, тұтас мемлекетті әлекке салған вируспен күресті әр ел әрқалай жүргізуде. Білім іздеп шетел асқан жерлесіміз Алиасқар
Сатылдыдан Германиядағы коронавирус пандемиясы жайлы сұрап білдік.
германия фото– Мен Германияның Бремен қаласында орналасқан Jacobs University-нің 2-курс студентімін. Индустриалды инженерия және менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Ақпан айында кезекті демалыстан соң Қазақстаннан оқуымды жалғастыру үшін қайта келдім. Бұл уақытта вирусты жұқтырғандар саны күрт көбейді. Олар Италия, Иран, Испания сынды елдерден келген азаматтар арқылы таралды, - деп әңгімеледі Алиасқар.
Кейіпкеріміздің айтуынша, Германияның ірі мегаполистері елдегі алғашқы індетті жұқтыру ошағына айналған. Ал тұрғындар вирусты елемеген. Сөйтіп, көзге көрінбейтін қауіпті дерт Бременге де жеткен. 13 наурызда шаһарда вирусты жұқтырғандар саны 56 болып, қала карантинге жабылған. Алиасқар елге қайту мүмкіндігі туғанда жауапты шешім қабылдағанын айтады.
– Егер өз елдеріңізде жағдай тұрақты болса, қайтуларыңызға болады деп соңғы шешімді қабылдауға мүмкіндік берді. Бірақ мен отбасым мен туыстарым, елдегі азаматтардың денсаулығын уайымдадым. Мұндай уақытта қара бастың күйттемей, отандастарымның жағдайына алаңдап, сонда қалу туралы бір тоқтамға келдім. Бұл сөзімді ата-анам да құптады. Қазір университеттің жатақханасындамыз. Тәртіп қатал. Жағдай тұрақты. Ал қаладағы індетті жұқтырғандар саны едәуір артып, 300-ге жетті, - дейді ол.
Алиасқардың айтуынша, кампусты қадағалауға алғандар көбейген. Тамақтану уақыты ұзартылып, адамдар арақашықтығына ерекше мән беріледі. Екі адамнан артық жүруге тыйым салынған. Егер тәртіпке бағынбаса, 100-150 еуро көлемінде айыппұл салынады. Оған көнбегендер қатаң жауапкершілікке тартылатынын айтты.
– Бастапқыда тұрғындар пандемияны елемеді. Ескертулерге құлақ аспай туған күн тойлап, адамдар көшелерде толассыз жүрді. Мұның ақыры жақсылыққа алып келмеді. Дерт күшейіп, жұқтырғандар саны күн сайын еселене түсті. Адамдар вирусты жұқтырғандардың саны 50-60 мыңға жеткенде ойлана бастады. Қазір аса қажеттілік болмаса, көшеге шығуға рұқсат жоқ. Дәріханалар мен дүкендер жұмыс істеп тұр. Біз онлайн режимінде білім алып жатырмыз. Қажетімізді сырттан онлайн тапсырыспен алдырамыз. Төлемдер де карталар арқылы жасалады. Гигиеналық және санитарлық тазалық шараларына аса мән беріледі. Бір қуантарлығы бұл жерде пандемияға байланысты баға өскен жоқ. Үйдегілермен сөйлескенде елде аласапыран болып, адамдар даурығып жатқанын айтқан еді. Ал Германияда олай емес, - дейді жерлесіміз.
Алиасқар Сатылды барлығы өз орнына келетініне сенімді. Індет те саябырсып адамдар бұрынғы істерін қолға алатын күн алыс емес деп есептейді. Елі мен туған жерін сағынып, Отанына аман келуді қалаған жас жерлестеріне індетпен күресте ескертпелерге құлақ асып, тазалыққа мән беруге үндеді. Үйден шықпай, вирустың алдын алуға үлес қосуға шақырды.

 

 

Онлайн емес, қашықтан оқиды

Среда, 08 Апрель 2020 05:26

Без имени-1

Елдегі төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқуына тура келіп отыр. Сәуірдің алғашқы күндері сынақ ретінде республика аумағындағы бірқатар мектеп оқушылары онлайн дәріс өтті.

Мұнан соң ата-аналар да онлайн жиналыс жасады. Бірақ интернет жылдамдығы төмендеп, платформаларға кіріп-шығу мұң болды. Нәтижесінде еліміздің бас ұстазы онлайн емес, қашықтан оқимыз деп мәлімдеді. Ал үшінші мегаполисте қашықтан оқыту қалай жүзеге асырылады?
Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде шырайлы шаһарда 213 білім беру ұйымы қашықтан оқыту форматына көшетіні айтылды. Баспасөз жиынында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек
Мамытбеков пен қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева елдегі пандемияға байланысты онлайн білім беру жүйесіне дайындықтары және атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.
Спикердің айтуынша, қаладағы мемлекеттік 147 және жекеменшік 25 орта білім беру ұйымы қашықтан оқыту жүйесіне дайын. 222 мың оқушы 6 сәуірде басталатын IV тоқсанда республикалық және жергілікті арналар мен интернет платформаларының көмегімен білім алады.
–Шымкент оқушылары үшін төртінші тоқсан ерекше форматта өтеді. Өйткені елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты балалар қашықтан оқыту жүйесіне көшіп отыр. Миллионды қала оқушылары білім беру жүйесінің екі бағыты бойынша қамтылмақ. Оның бірі – - Интернет платформа. Екіншісі – Телараналар арқылы, бұл ең тиімді әрі оңай тәсіл, – деді қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков.
Ал қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева онлайн білім беру жүйесіне қатысты мәселелер толық шешімін табатынын айтты. Ата-анаға қиындық болмас үшін қалалық білім басқармасы арнайы балалардың тізімін жасап, үйінде компьютері жоқ көмекке мұқтаж балаларға мектептегі компьютерлерді жеткізіп, интернет желісін жалғатып беріпті. Мұқтаж отбасыларға оның ақысын да төлеп берген. Ол қаржы мектепке тартылған интернетке кететін шығын есебінен жабылған.
– Білім басқармасы 222 мыңнан астам оқушының материалдық жағдайын саралап, оларды бірнеше топқа бөлді. 30364 бала аз қамтамсыз етілген отбасыдан шыққан. Оның 17 мың 616-на компьютер қажеттілігі туындаған. Бұл мәселені шешу мақсатында қала мектептеріндегі 10 192 компьютер оқушыларға таратылып берілді. Ал, қалған 7424 балаға қажетті компьютер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 2250,0 миллион теңге бөлінді. Ол қаржыға 9000 компьютер сатып алуға мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жуық арада шешіледі, – деді басқарма басшысы.
Сала мамандарының хабарлауынша, 17 мыңнан астам ұстаз ерекше форматтағы оқыту жүйесіне тас түйін дайын отыр. Олар алдын ала әлеуметтік желілер мен мемлекеттік бағдарламаларды демалыс кезінде қарады. Жаңа оқу тоқсанына қатысты жоспарларын түзіп қойған. Әр пән мұғалімі соңғы тоқсанда оқытылуы қажет сабақтардың арнайы кестесін жасаған. Қашықтан оқыту жүйесі Қазақстан үшін таңсық емес. Алайда мектеп оқушылары жалпы бұндай жаппай қашықтан оқыту жүйесін бірінші рет қолданып отыр. Сондықтан қиындық болуы заңдылық. Ал қаладағы 26 мың 308 колледж студенті мен жоғары оқу орнындарының 106 мыңға жуық студенті 16 наурыздан бастап қашықтан оқыту форматында білім алуда.
– Ұстаздардың сабағын жазып үлгермеген бала телеарналар арқылы да сабақ оқуына мүмкіндігі бар. Республикалық «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарында күнделікті сабақтар жүреді. Қазір үш мыңнан астам дәріс әзірленген. Ол сабақтар жергілікті «Айғақ», «Оңтүстік» және «Отырар» телеарналарынан берілетін болады. Жалпы бұл жүйе орта білім мекемелерінде алғаш рет қолданылып отыр. Сондықтан ұстаздарға артылған жауапкершілік үлкен. Дегенмен біз бар күшімізді саламыз, – деді білім басқармасының басшысы.
Баспасөз брифингінде жалақы мәселесі де шет қалған жоқ. Жауапты мамандар балабақшалар жұмысын тоқтатқанмен қызметкерлердің жалақылары толық төленетінін айтты.
– Қазіргі таңда қаламызда 75 386 бала болса, 521 балабақша бар. Олардың 82-сі мемлекеттік, 439 – жекеменшік. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Шымкент қалалық өңірлік комиссиясының шешімімен қаладағы барлық балабақша қызметінің уақытша тоқтатылған мерзімінде меншік түріне қарамастан мекеме қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде сақталу туралы шешім қабылданды, – деді Ж.Арысбекқызы.
Ал мектеп ұстаздарының жалақысы қашықтан жұмыс істуіне қарамастан толық сақталмақ, дейді қаланың бас ұстазы. Жанат Арысбекқызы сонымен қатар, ата-аналар мен оқушыларды пандемия кезінде санитарлық және гигиеналық тазалықты сақтай отырып, үйде қалуға шақырды.

 

Жауынгерлік ту – Шымкентте!

Пятница, 21 Февраль 2020 03:12

Биыл Ұлы жеңіске – 75 жыл. Отанын жанқиярлықпен қорғаған майдангерлердің ерлігін насихаттау мақсатында елімізде «Біз – жеңістің мұрагеріміз» тағзым эстафетасы ұйымдастырылуда.

 DSC9512-1

Бастама аясында Шымкент гарнизоны даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесін салтанатты түрде қабыл алды.

Даңқ аллеясына жиналғандар Мәңгілік алау кешеніне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады. Жиын барысында ҚР Ұлттық ұланы Оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, соғыс және еңбек ардагерлері сөз алды. Жиынға келген бір ғасырдың куәсі, соғыс ардагері Халел Атантаев құрмет көрсеткен көпшілікке шексіз ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, тағзым эстафетасы 5 ақпан – 5 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Ол 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілуде.

Ал эстафетаның басты атрибуты саналатын даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр.

Бүгінде кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау шаралары жыл санап жақсарып, тиісінше бизнес субъектілерді қаржыландыруға айтарлықтай көңіл бөлінуде. «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасын Үкімет 2025 жылға дейін ұзартуы да соның бір айғағы. Яғни, ел тұрғындары үшін бизнес әліппесін үйреніп, өз ісін бастауына мүмкіндіктің жаңа көкжиегі ашылып отыр деген сөз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шымкент қалалық филиалының директоры Алмас Тастанов үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жұмыстардың барысын әңгімеледі.

IMG-20200210-WA0008

– Алмас Құлмаханұлы республикалық маңызы бар қаланың кәсіпкерлік әлеуеті қандай, ілгерілеу бар ма?

– Шымкенттің кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Шымшаһарда кәсіпке бет бұрғандар да көбейді. Олар қаланың қазынасын толықтырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің түрін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Бұған дейін қаламызда оңтүстік өңірі үшін бір ғана филиал болатын. Ал Шымкент қаласы бойынша қордың бөлімшесінің құрылғанына жарты жылдан асты. Осы жартыжылдықта да қомақты жұмыстар істелді. Көрсеткіштер бар. Қаржылық емес бағыт бойынша 1 000-нан астам кәсіпкерге тегін кеңес бердік. 300-ге жуық кәсіпкердің құжатын екінші деңгейлі банктерге рәсімдеуге көмектестік.

Ал қаржылай қолдауға ие болғандарға тоқталып өтсем, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Үш бағыттан тұратын бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — қалалалар мен ауылдарды қамти отырып кәсіпкерліктің қанатын кеңейту болып табылады. Бұл бағдарламада бұрынғыдай субсидия мен қордың кепілі беріледі. Енгізілген өзгерістің әрі ерекшеліктің бірі – франшиза беру бағыты енгізілді. Бұл кәсібін енді бастағандар үшін екінші деңгейлі банктерге төлем қабілеттерін растауда тиімді. Жалпы өткен жылы 59 жобаға субсидия бөлінді. Кредит сомасы – 10 млрд теңгеден асады. Кепіл беру бойынша 30 жобаны қолдадық.

Кепіл заттың сомасы 921 млн теңгені құрады. Яғни, кәсіпкерлер осынша қаражатқа қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетіп жатыр. Бұдан басқа, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тағы бір бағдарлама — нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы бизнес-жоспарды іске асыру үшін «Даму» қорының кепіл беруімен жылына 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін шағын несие алуға болады. Шілде айында аталмыш бағдарламаға 618,0 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат үш банкке орналастырылды. Атап айтсақ, «Halyk Bank», «Сбербанк», «Forte bank». Бұл бағдарлама асында 110 жоба қаржыландырылды.

Оның ішінде 42 жобаға кепіл бердік. Кепілдік – ол алғалы тұрған қаражаттың бастапқы 20 пайыздық сомасы. Ал үшінші қаржылық бағдарлама қарапайым заттар экономикасы бойынша жалпы сомасы 3, 1 млрд теңгені құрайтын 10 жобаға қолдау көрсеттік. Жоғарыда айтып өткен көрсеткіштердің барлығы өңірдегі кәсіпкерлердің қатары өскенін айғақтайды.

– Бағдарлама бойынша қаржы алу үрдісі қалай жүргізіледі?

– Егер сіздің бизнесіңіз бағдарламаға қатысушыларға арналған экономиканың басымды салалардың тізіміне енсе, сіз екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана аласыз. Алдымен, кәсіпкер банкке барып, несие алуға келісім алады, ол несиелік комитеттің үзіндісі ретінде беріледі. Шағын бизнестің жобаларын жеке меншік несие берушілер де бағалай алады. Банктегілер әрине, жұмыспен қамту, табыс туралы әдемі жазылған сөздердің бәрін оқиды, бірақ ең алдымен ол жобаның өміршеңдігіне қарамақ.

Кәсіпкер несиелік комитеттен үзінді алған соң әкімшілік жанындағы аймақтық үйлестіруші кеңеске (АҮК) барады. Бұл комиссияның 50%-ын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері құрайтындығын еске салып өткім келеді. Хаттаманы алған соң кәсіпкер «Дамуға» келеді, онымен субсидиялау келісімшарты және кепілдікке қоятын мүлігі жетпесе, кепілдік келісімшарты жасалады. Сосын қор оның тұрақты қаржылық агенті болады.

Қолыңызда дайын бизнес жоспар болу керек. Эксперт-мамандар оны бағалап, микрокредит беру мүмкіндігі не мүмкін еместігі туралы қорытынды шығарады. Яғни, бір жылдан соң бизнесі тоқырауға ұшырамайтыны жөнінде зерттеп, зерделейді. Немесе интернет арқылы үйінен шықпай-ақ білуіне, 1418 Call-орталығына хабарласып кеңес алуына болады. Ең бастысы – идея. Жүргізе алатынын дәлелдесе, біздің тарапымыздан қолдауға ие болады.

– Бизнесте гендерлік саясатқа ерекше ықылас танытуда. Әйелдердің үлесіне тоқталып өтсеңіз.

– Соңғы жылдары ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 25,17 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал 2050 жылы кем дегенде 50 пайызға жеткізу керек деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарлама іске асқаннан бастап субсидиялауға 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал бағдарламаны ұзартқанда алдағы бес жылдыққа 421 млрд теңге қаржы қаралмақ.

Яғни, бір жарым есе көп. Жалпы ұлттық өнімнің үлесін жоғарылатуға бағытталған бағдарламаның тиімділігі осында. Өткен жылы гендерлік саясат бойынша біздің өңірдегі кәсіпкерлердің 25 пайызын әйелдер, ал 75 пайызын ерлер құраған. Жаңадан бизнес бастағандардың өзінде әйел азаматтардың үлесі басым. Олардың көпшілігі сұлулық салондары мен тігіншілік бойынша дәріс алды. Тәтті пісіріп сататындары да бар.

– Бізде кәсіп ашуды айтпағанда тұтынушылық несиеге дәніккендер көбейді. Кәсіп бастаушылардың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде? Кәсіпкерлердің несиені өтей алмай қалуы сынды жайттар кездесе ме?

– Орынды сауал. Дегенмен әзірге аталған бағдарлама аясында мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлердің ісін жүргізе алмай қалуы, несиесін қайтара алмауы сынды мәселелер болған жоқ. Себебі кәсіпкерлер негізінен өздері жақсы білетін, бұрын-соңды істеп көрген кәсіптерін дамытуға күш салып жатыр. Банктерге орналастырылған қаражат толығымен қайтарылуға жатады. Несие алған кәсіпкерлерге талап бойынша несие алу мерзімінің үштен бір бөлігіне тең уақытта каникул берілуі мүмкін. Яғни кәсіпкер толық аяғынан тұрып кеткенше несиесін банк талабына сай жеңілдетілген кесте бойынша төлей тұрады.

Осыдан 5-6 жыл бұрын кәсіпкерлер бизнес ашуға деп ақша алып, ол қаражатын мақсатсыз жұмсағандары болды. Бірақ қазір алдымен сауатын арттырып кейін қаржылай қолдау шараларын жүргіземіз. Төлем қабілеттілігі маңызды болып табылады. Өйткені аталған бағдарламада бөлінген қаражатты қайтара отырып ішкі өнімді, еңбек күшін арттыру көзделген. Ал тұтынушылық несиеге тоқталсақ, рас, көптеген азаматтардың екінші деңгейлі банктер алдында берешегі бар.

Бірақ жыл санап бізде кредит алу мәдениеті қалыптасып келеді. Ақша-несие саясатында да оң өзгерістер көп. Өзім алдымен барлық қажеттіліктермен танысып алуға, ой елегінен өткізіп бір сәт ақылға салып іс бастауға кеңес берер едім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адамды еңбекке баулып, табысқа қарай ұмтылысын ынталандырып, қолдау қажет. Ал табысты болу кәсіпкердің еншісінде.

– Әңгімеңізге рақмет.

Білектілер бәсекесі мәреге жетті

Пятница, 14 Февраль 2020 03:38

«Мен өз Отанымның батыл қорғаушысымын». Дәл осындай тақырыпта қаладағы мектеп оқушылары арасында әскери-спорт сайысы өтті.

20200213 103228

Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан ардагерлерді еске алуға арналған ауыспалы кубокты сарапқа салуға 10-11 сынып оқушылары қатысты. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған патриоттық сайыста 1500-ге жуық оқушы бақ сынады. Ал ақтық сында әр ауданнан үздік шыққан 2 мектептен 8 команда өнер көрсетті. Оқушылар үш кезеңде саптық және атыс дайындықтарын ортаға салды. Қолданбалы спорт түрінен сайысып, турникке тартылды, 16 келілік кір тасын көтерді. Топтық сайыста арқан тартып, өзара мықтыны анықтады.

Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген сайыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған. Спорт сайысына қатысқан Ауған соғысының ардагерлері жалынды жастарға алғыс айтып, сәттілік тіледі.

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбай №29 мектепте өз сайлаушыларымен жүздесті. Халық қалаулысы тұрғындарға өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.

1253453

Кездесуде «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөніндегі және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды жете түсіндірді.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев,Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек» деді. Өткен жылы 44 қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал жасадым. Президент Қ.Тоқаев халықтың табысын арттыру бойынша тұрақты тапсырма берді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының фракциясы мәжілісінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеру бойынша қаламыздағы барлық салалық басқарма басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуы назарда болады», - деді Нұрғазы Бақтыбайұлы.

Кездесуге келген көпбалалы аналар оқушы санының көптігінен №29 мектепке қосымша ғимарат салу қажеттігін және қауіпсіздік мәселесін көтерді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар мектеп айналасына бейнекамераны көбейту қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, оқулықтың жетіспейтіндігін, жол сапасының нашарлығын айтып шағымданды.
Нұрғазы Бұхарбай айтылған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, алдағы уақытта шешімі табылатынын жеткізді.

Үздік жобалар анықталды

Среда, 12 Февраль 2020 03:55

Үшінші мегаполистің жас ғалымдары қалалық «Ontustik Startup-2020» үздік жобалар байқауында бақ сынады. Екі айға жалғасқан білгірлер бәйгесінде мектеп оқушыларынан 30-ға жуық жоба қабылданып, оның 10-ы ақтық сынға жолдама алған.

84362424 176849086928078 7001170668167364608 o

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға туризм, IT, ғылым және техника, әлеуметтік жобалар, агро-бизнес бағыттары бойынша үздік жобалар ұсынылған.
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен байқауда әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Аружан Ендібаева мен Алия Елшібайдың «Бие сүтінен балмұздақ жасау» жобасы І орынға лайық деп танылды. Ал Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясының оқушылары Ғабиден Бақтыбай, Жантөре Мұсаев «Jarvis» роботы жобасымен ІІ орынды жеңіп алды. «Ақылды жылыжай» жобасын ұсынған Елдос Тұран жүлделі үшінші орынды иеленді.

Қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітовтің айтуынша, конкурстың басты идеясы өмірдің сапа стандарттарын жетілдіруге бағытталған өзекті, әлеуметтік маңызға ие және перспективалық бизнес бастамаларды қолдау және іріктеу, сондай-ақ, бизнес қауымдастық пен жоба авторларының қарым-қатынасын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, креативті және инновациялық идея мен жобаларды іздеу, жасөспірімдерді пайдалы және рентабельді идеяларды ойлап табуға қолдау көрсету, жас әрі инновациялық жасөспірімдерді тәрбиелеу болып табылады.

Еріктілер ерледі

Пятница, 07 Февраль 2020 04:52

Шымкенттің ерікті жастары «Жеңіс» қайырымдылық жобасы аясында шаһардағы майдангерлер мен тыл еңбек ардагерлерінің үйлерін аралады.

1

Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, Жастар ресурстық орталығының және «Даумед» клиникалық орталығының қызметкерлерінен жасақталған бір топ ерікті жас жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегін аямаған қарттарға құрмет көрсетті.

Онда еріктілерден құрылған топ көмекке мұқтаж ардагерлердің хәлін біліп, денсаулықтарын тексерді. Қыздар жағы үй шаруасына көмектессе, ұлдар аула жұмыстарына қолғабыс етті. «Ардагерлерге көбінде қарапайым назардың да аударылмайтыны көңіліне кірбің ұялатады» дейді ұйымдастырушылардың бірі.

Осы олқылықты жою мақсатында әр ай сайын әлеуметтік көмек көрсетуге арнайы ерікті жастардың көмек қолы жиналмақ. Олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай басталған жоба бойынша әлеуметтік волонтерлық жұмыстарына тартылады.
Бұдан бөлек, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі мектеп оқушыларын да ерікті болуға үйретіп жүр. №20 мектеп-гимназиясында өткен семинар барысында белсенді жастар оқушыларға ерікті болудың артықшылығын түсіндірді.

Страница 4 из 33