Шымкенттік тәртіп сақшылары өнерлерін ортаға салып, сайысқа түсті. Қалалық полиция департаментінің аудандық басқармаларының арасында дәстүрлі «Парасатты полицей» байқауының жеңімпаздары белгілі болды.

Парасатты полицей

Үш кезеңнен тұратын байқауда полицейлерден құралған әр команда алдымен өз тобын таныстырып, одан кейін әзіл арқылы өнерлерін көрсетті. Үшінші кезеңде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның шығармашылығынан үзінді оқыды.

Сонымен, әділқазылар алқасының жоғары ұпайына ие болып, жеңіс тұғырынан көрінген «Жол періштелері» командасы 5-6 қыркүйекте Маңғыстау облысында өтетін республикалық байқауға жолдама алады. Екінші орынды «Жұлдызды жігіттер» тобы алса, үздік үштікке «Әл-Фараби ұландары» ие болды.

Ұйымшыл топ номинациясымен «Қақпан» тобы, өнерлі команда ретінде «Абай жастары» арнайы грамоталармен марапатталды.
Бұл өнер сайысы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қоғамда полиция қызметкерлері туралы оң имидж қалыптастыруға бағытталған.

Судьялар тағайындалды

Пятница, 26 Июль 2019 03:35

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов Шымкент қалалық сотында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес тағайындалған судьяларды таныстырды.

Бахтияр Патшаханұлы Насридинов Шымкент қалалық сотының судьясы болып тағайындалды. Малик Алмазұлы Майсаканов Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болып қызмет атқарады.

Ал Дәурен Түсіпханұлы Сайханов Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Жиында құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Абайұлы жаңадан тағайындалған әріптестеріне сәттілік тілеп, сот төрелігін сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Тарихы тереңде жатқан көне қаланың аумағы кеңейіп, мәртебесі өскені жұртшылықтың қуанышын еселегені анық. Мегаполис жыл санап құлпырып, көркі көз тартар зәулім ғимараттармен толығуда.

Green city 2

Жаңа аудандар қосылып, халықтың демографиялық өсімі де ұлғайып келеді. Бұл оң өзгерістер жастарға да әсер етіп, жаңа идеялардың дүниеге келуіне сеп болып отыр. Тыңнан түрен салған үш жеткіншек әлеуметтік жобаны қолға алып, миллионды қала тұрғындарына жаңа қызмет түрін ұсынады.

Сұлтан, Даниял, Мирас есімді бұл үш жас ақпан айында өткен U:hack идеялар фестивалінде танысқан. Олардың екеуі ер балаларға арналған білім-инновация мектебінде оқыса, бірі – НЗМ-нің мақтанышы. Үнемі ізденісте жүрген үштікті ортақ мүддесі бір арнаға біріктірген. Осылайша жаңа жобаны бірлесіп жасауға бекініпті.

– Біздің мақсат – қала тұрғындарын тазалыққа баулу арқылы мәдениетін арттырып, экологиялық ахуалды жақсарту. Бір өкініштісі, жаз айларында қоқыс шашылып, қаланың сәнін бұзады. Қоқыс жәшіктеріне жетпей қалдықтарды тастап кететін тұрғындар көп, ал арнайы ыдыстар үнемі толып жататынын байқап жүрдік. Кейін келе осы мәселені шешу үшін жаңа қызмет түрін ұсынуға көштік.

Арнайы жейделер алдырдық. Қазір 8-9 сыныпты аяқтаған 25 адамнан құралған топ бар. Нұрсәт шағынауданындағы №168, 169, 170 үйлердің тұрғындарымен келісе отырып, бір мезгіл қоқыстарын алып кетіп отырамыз, - дейді жоба жетекшісі Сұлтан Балғабай.

2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде таңдалып алынған көне шаһардың тазалығы үнемі басты назарда болуы тиіс. Әлеуметтік жоба арқылы қаланың дамуына өз үлестерін қосуды көздген үш оқушының мақсаттары айқын. Олар жазғы демалыста 2000-ға жуық пәтердің қоқысын тиісті орынға жеткізіп беріп отырмақ.

«Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілерге көмек болар еді», дейді жоба жетекшісі. Егер әлеуметтік жоба қолдау тауып жатса, коммерциялық жоба ретінде жалғасады. Онда тұрғындарға арнайы ыдыстар таратылып, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеуге көшеді. Ал түскен қаражатты жастар әлеуметтік жобаларды жандандыруға салмақ.

Алдағы уақытта жұмыс бір жүйеге түскенде тіпті, демеушілерді тартып, олардың есебінен қоқысты қайта өңдейтін зауыт ашуға да ниетті. «Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» деген қанатты сөзді ұран еткен үш жас мегаполиске өзгеріс әкеліп, сананы дүр сілкіндіруді ниет етіп отыр.

505 мың теңге – кәсіпке!

Среда, 24 Июль 2019 04:07

Шымкентте жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа құжаттар қабылдау басталды.

жумыс 1

Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлбану Шанаеваның айтуынша, бұл жоба нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

– Бір реттік қайтарымсыз мемлекеттік грант конкурс арқылы үлестіріледі. Қазіргі таңда 18 бен 29 жас аралығындағы еңбекке жарамды жұмыссыз жүрген жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардан, сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан құжаттарды қабылдауды бастадық, – деді маман.

Айта өтетін жәйт, жоғарғы санаттарға жататын азаматтардың конкурсқа қатысуы үшін арнайы мамандық немесе сертификаттары болуы шарт. Ол дегеніміз, халықты жұмыспен қамту орталығының 3 айлық кәсіптік оқуы немесе «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының 25 күндік «Бизнес-бастау» курсының түлегі болуы тиіс.

Содан кейін бұл азаматтар комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жоспарын қорғап, 200 АЕК (500 мың теңге) көлеміндегі грант иегері атанады. Қалаға бөлінген грант саны – 4500. Конкурс тамыз айында басталып, грант иегерлері жыл соңына дейін анықталады.

Ал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы «Кәсіптік оқыту» бөлімінің басшысы Асылбек Наурызбаевтың мәліметіне сүйенсек, үш айлық курсты өткен жылы 1807 (675 жас) адам оқыған. Биыл 2035 адам қысқа мерзімді оқытудан өтіп, өз кәсібін ашуға ниет білдірген. Оның ішінде 930 жас бар. Бүгінде аталған бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелетіп жүрген жастар тігін цехы мен шаштараз ашқан.

Министр – жаңа мектепте

Пятница, 19 Июль 2019 03:52

Үшінші мегаполиске іс-сапармен келген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1200 орынды жаңа жекеменшік мектепте болды. Еліміздің бас ұстазына білім ордасын Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева таныстырды.

МИНИСТР 3

Жаңа оқу жылына дайын мектепке Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілген. 2 ауысымда 2400 оқушы оқи алатын мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. 75 сынып компьютер тағы да басқа қажетті құралдармен жабдықталған.

Білім мекемесінде оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда мектепке тіркелушілер саны мыңнан асып отыр. Жаңа оқу жылында екі мыңға жуық оқушы қабылданбақ. Мектептің құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалған.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім мекемесінің ұжымына сәттілік тілеп, оң бағасын берді. Шымкентте жан басына қаржыландыратын жекеменшік мектептердің көптеп салынып, үш ауысымды оқу мәселесін шешуді тапсырды.

Жаз – жарқын мезгіл. Балалардың демалып, денсаулығын нығайтатын, ата-анасына көмектесетін кезең. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға ағылады, оқудан босаған оқушылардың кейбірі демалыс лагерьлеріне баруға таңдау жасайды. Олардың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!», деп оқу жылы аяқталысымен жазғы тынығу лагерлеріне асыққан мектеп оқушыларының демалысы бесінші маусымға қадам басты.

666666

Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдеевтің айтуынша, ата-анасының қолдауымен 10 500 оқушы демалысқа аттанған, ал аз қамтылған отбасылардан 7241 бала тегін жолдама арқылы қала сыртындағы «Ақсу», «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» сынды демалыс орындарында демалады. Оның ішінде балалар үйінің 120-дан астам тәрбиеленушісі де бар.

Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» 2016 жылғы 11 мамырдағы №36 өкіміне сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылып, жүзеге асырылуда.

– Қалған балалар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттарын мектепке жолдайды. Білім беру мекемелеріне берілген жолдамалар ата-аналарға үлестіріледі. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында берілген жолдамалардың сатылып кетпеуін қадағалап отырамыз, - деді Ә.Әдеев.

Ал құжаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 13 сәуірдегі №198 бұйрығы негізінде «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиенушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сай қабылданады.

Ондағы әр талап ескеріледі. Биылғы жолдама саны өткен жылмен салыстырғанда 41-ге көбейді. Ал 2017 жылы 5000 орын қарастырылған еді, - дейді сала маманы.

Мұнан бөлек, білім басқармасына қарасты санитарлық талапқа сәйкес келген 113 мектептің жанынан алаңшалар ашылып, жарты күнге созылатын бір айлық тегін үйірмелер ұйымдастырылған. Онда 131 мың оқушы қамтылып отыр. Мектеп алаңшаларында тыныққан оқушылар өз ата-анасының есебінен мектеп асханаларынан тамақтанады. Себебі, мемлекеттік бюджеттен қаражат тек аз қамтылған отбасылардың балаларына бөлінген.

Бұл үйірмелер 3 ауысым бойы маусым-шілде аралығында жалғасады. Оқушылардың басым көпшілігі бастауыш сыныбында білім алады. Ал жоғары сынып балаларын еңбекке баулу мақсатында №89, 90 мектептерде сенбіліктер мен қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған.

896

Айта кетейік, «Ақсу» жазғы сауықтыру лагері 200 балаға шақталса, «Арман» «Ерке», «Үшбұлақ» лагерлерінде 250 балаға дейін орын бар. Демалушы оқушылар үшін лагердегі демалыс уақыты 10 күнді қамтиды.
Мұнда негізінен көп балалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары демалуда. Оқушылар 7 топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді.

Басты назарда – балалардың қауіпсіздігі, осыған орай демалыс аймақтарында екі инспектор қамтылған. Ауысыммен жұмыс уақытын белгілеп алған тәртіп сақшылары күндіз-түні балалардың қауіпсіздігін бақылауда. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.

Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.
Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді.

Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар.
Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударып ұсынған кезекті 30 оқулық таныстырылды. Әр кітаптан – 384 дана, барлығы 11520 кітап жеткізілген.

DSC 1888

«Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында кезекті рет жарық көрген оқулықтармен танысуға «Елбасытану» орталығына университеттің факультеттері мен жоғары мектеп декандары, жетекші оқытушылары жиналып, жаңа оқулықтарды оқу үдерісіне енгізу туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, аталған кітаптардың жоғарғы оқу орнындағы білім сапасын дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Жаңа 30 оқулықтың негізгі мазмұны және бағыт-бағдарымен университеттің Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова таныстырды.

– Елбасының тұсында басталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық саласын қамтиды. Жан-жақты бағдарламаның ел тұрғындары үшін берері мол. «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – осы бағдарламаның бір парасы. Биыл аталған жобаның екінші кезеңіне қадам басып, 30 жаңа оқулық жоғары оқу орнымызға жеткізіліп отыр.

Мен, әсіресе, тарихшы ретінде дүние жүзі тарихы мен шығыстану, тіл біліміндегі оқулықтың ана тілімізде оқу жеңілдетілген әрі жаңарған жоба деп айтар едім, - деді Г.Жанысбекова.

Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, ОҚМУ-да елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды енгізудің нақты алгоритмі жасалған. Нәтижесінде өткен оқу жылы барысында университет студенттері алғашқы шыққан 19 оқулықтың мазмұнын толық меңгеріп, жаңа білім нәрімен сусындады.

Ал бұл жолғы жаңа оқулықтар дүние жүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, педагогика, интернет-психология, стратегиялық менеджмент, маркетинг, медиа және іскерлік коммуникация, дипломатия және өнертану салаларын қамтиды. Мәселен, «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығының ІІ томында адамзаттың дамуына ауқымды шолу жасалады. Материалды баяндау әдістемесі тарихи процесс туралы кең түсінік береді.

Экономика және кәсіпкерлік саласындағы оқулықтар сериясын кеңейту мақсатында осы саладағы белгілі мамандардың жұмыстарымен толықтырылды. Олардың қатарында Джон Гэмбл бастаған авторлар тобының «Стратегиялық басқару негіздері» кітабы, Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе» еңбегі, Стивен Робинстің «Ұйымдастырушылық мінез-құлық» кітабы, Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсекелестік» туындысы және т.б. бар.

DSC 1836

Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында көптеген белгілі еңбектер әлемнің ондаған тіліне аударылып, әлемдік гуманитарлық білім беруді дамытуға ықпал еткен. Бұл кітаптарды қазақ тіліне аудару мен басып шығару қазақстандық жоғары білім берудің дамуына және ғылымның нығаюына елеулі үлес қосады.

Кітап аудару жұмысына жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, редакторлар мен тәжірибелі аудармашылар және лингвистер - барлығы 300-ден астам маман қатысқан. Әр жаңа 30 оқулықтың таралымы 10 000 дананы құрайды. Жаңа оқу жылына қарай еліміздегі 112 жоғары оқу орны ала алады. Ал электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталында (www.OpenU.kz) көпшілікке қолжетімді.

Жиын соңында жұртшылыққа қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында аударылған және басып шығарылған отыз жаңа оқулықтың көрмесі ұсынылды.

Логистикалық орталықтарда тауар биржасы іске қосылады. Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракцияның мүшесі Нұржан Әлтаев «Оңтүстік» көлік-логистикалық аймағында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осылай мәлімдеді.

DSC 2417

Нұржан Бауыржанұлы алдымен мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстанның еуразиялық көлік-логистикалық хабына айналу жобасы бойынша құрылған «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығының маңызына тоқталды.

– Бұл – ауыл шаруашылығындағы көптеген мәселелерді шешетін ауқымды жоба.

Фермерлердің арнайы қоймаларының болмауы салдарынан өңірлердегі бағалардың тұрақсыздығы байқалады. Фермер мен сауда орталықтарының арасында қоймалар арқылы байланыс орнату қажет. Салық кодексіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек. Жобаның екінші сатысында тауар биржасы жүзеге асырлады деп жоспарлануда. Тауар биржасы шетелден инвестор тартуда маңызды рөл атқарады, - деді Н.Әлтаев.

Депутат «Continental Logistics Shymkent» орталығының жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті. Орталықтың басшысы Болат Жолдасов кешеннің жұмыс барысымен таныстырды.

Нұржан Бауыржанұлы көлік логистика орталығында орналасқан Шымкент кедендік рәсімдеу бекетінде де болды. Мұнан соң А+ санатындағы кешендегі құрғақ және климаттық қоймаларын аралады. 10 300 шаршы метрді құрайтын құрғақ қойма мен тура осындай көлемдегі мұздатқыш тауарды сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Контейнерлік терминалды арнайы көрген халық қалаулысы орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, көлік-логистикалық орталығының аумағы – 92 гектар. Нысан әуежайға жақын және теміржол желісі тартылған. Тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталық арқылы жылына 600 мың тонна тауарды сақтауға және тасымалдауға болады. Тәулік бойы жұмыс істейтін кешенде 138 адам жұмыспен қамтылған.

Страница 7 из 27