Қарашаның алғашқы аптасында мейірімділік күнін айрықша атап өту әлемдік дәстүрге айналған.


jj-1

Осы орайда, химия-биология бағытында дәріс беретін Назарбаев зияткерлік мектебінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Қамқорлық, ізгілік ұғымдарынан бастау алатын қайырымдылық шаралары аталмыш зияткерлік мектебінде жиі қолға алынады. Бұл жолғы акцияның барысында жиналған қаражат №7 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі Жайна Шыршықбайдың (остеомиелит – сүйек майының қабынуы, ми салдануы, омыртқа ми жұлынының жарығы, бүйрек және бауыр ақауының болуына байланысты) еміне көмектесу мақсатында ұйымдастырылды. 

jj-2

Шара барысында зияткерлік мектебінің ұстаздар қауымы және оқушылары, олардың ата-аналарының назарына орталық тәрбиеленушілерінің дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Сәби күтіп жүргенде тұмауратпа...

Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:45

Ел аумағында тұмауға қарсы екпе жүргізілуде

Әдетте, күз мезгілдерінде суықтың алғашқы ызғары білінгенде денсаулығымыз сыр беріп, дәрігерлердің көмегіне зәру болып жатамыз. Мұрын бітіп, қызу көтерілгенде аурухана табалдырығын тоздыратынымыз жасырын емес. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласының мамандары тұмауға қарсы күресудің ең тиімді құралы – тұмауға қарсы егу шаралын жүргізу екендігін айтады.


Иммунитеті әлсіз, аурушаң жандар қыс бойы бір емес, бірнеше рет тұмауға шалдығады. Көп ұзамай жұқпалы тұмау кең етек алып, сіздің де ауырып қалу мүмкіндігіңіз еселеп жоғарыламақ. Ауруды өткеруді жеңілдетіп, тұмаудан сақтап қалуда екпенің көмегі қандай болмақ? Осы мәселенің төңірегінде біз сала мамандарынан арнайы кеңес алғанды жөн көрген едік.

Қазан айының алғашқы жұлдызынан бастап ел аумағында тұмауға қарсы екпе шаралары жүргізілуде. Бұл ретте, тұмауға қарсы үш түрлі вакцина ресми тіркелген. Олар: «Ваксигрип», «Инфлювак» және «Гриппол плюс». Шымкент қалалық орталық емханасының СӨСҚ дәрігері Әсем Ділданованың айтуынша, емханада Ресейден шығарылған «Гриппол плюс» екпесі егілуде. Яғни, бір жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруға шалдыққан науқастар мен алпыс бес жастан асқан зейнеткерлерге тегін екпе егіледі. 

– Екпе жұмыстары тек емдеу мекемелерінде жасалады. Оның жоғары температураға сезімтал болуына байланысты, дәріханаларда сатуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, бір мекемеден алынған екпені екінші мекемеге барып салуға рұқсат жоқ. Себебі, ол қоршаған ортаға сезімтал болғандықтан, 1-1,5 сағатта тиімділігі төмендеп немесе кері әсерін беріп, ағзаға нұқсан келтіруі мүмкін, – дейді Әсем Ділданова. – Ескере кететін жайт, екпе егілгеннен кейін 2 аптадан соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-12 ай аралығына дейін созылады. Жалпы, қазіргі күнде бізде тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Яғни, екпенің кері салдарын айтып шағымданған тұрғын жоқ. 

Ақ халат иелерінің айтуынша, алдағы қыс айларында тұмаудың А және В вирустары кең таралуы мүмкін. Жұқпалы дерттен сақтанбасаңыз, оның арты өкпенің қабынуы мен көкжөтел дертіне апарады. Бастысы, дәрігерлер ауырып ем іздегенше ауырмайтын жолды іздеуге кеңес береді.

Тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары қараша айының 15 жұлдызына дейін жалғасады. Қазіргі таңда, емхана қарауында екпе шараларын қабылдауы тиіс 7 мың тұрғын бар. Оның 92 пайызы тиісті алдын алу емін қабылдап, жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Жергілікті тұрғындар арасында екпені қабылдаудың тиімділігі жөнінде түсіндіру шаралары да жүргізілуде.

Мамандардың мәліметінше, биыл екпе жеткілікті әрі сапасы да жоғары. Жыл сайын жүзеге асырылатын шараның нәтижесінде, тұмауға шалдығатындар саны біраз төмендеген. Екпе жұмыстарымен алдымен балалар үйінің тәрбиеленушілері және жүкті әйелдер қамтылуда.

Соңғы жылдары емхана қызметінде оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер тіркелмеген. Сондай-ақ, қызамық, көкжөтел, дифтерия, эпидемиялық паротит секілді аурулардың көрсеткіші де біршама азайған. Жоғары жетістіктерге жетуде арнайы екпе қабылдаудың маңызы ерекше.

Көп ретте тұрғындар екпе жасатуға бейжайлық танытып жатады. Яғни, олар бұл шараның көмегі аз деп ойлайды. Екпе салдырғандар да жиі тұмауратып жататынын дәлел етеді. Мамандардың айтуынша, екпе ауруды мүлдем болдырмайды емес, ол тек аурудың жеңіл өтуін қамтамасыз етіп, асқынудан сақтайды. Тұмау вирусының алдын алу үшін жыл сайын екпе салдырудың маңызы бар. Себебі, тұмаудың айлакер вирусы маусым сайын өзгеріп отырады. Демек, былтырғы салынған екпе сізді биыл мүлдем қорғай алмауы мүмкін. Сонымен қатар, тұмаудың екпесі әсерін 3-4 ай ғана сақтайды. Дегенмен, жұмыртқа ақуызына аллергияңыз болса, ауру асқынып тұрғанда, температура көтерілгенде, бұған дейінгі тұмауға қарсы шаралар кері әсерін тигізген болса сізге екпе салынбайды. Әрине, мүмкіндігіңіз болып, екпе салдыруды ойға алған жағдайда келесі деректерді білгеніңіз жөн: екпе эпидемия басталғанға дейін салынады, вакцина салдырғанға дейін және салдырғаннан соң антигистаминді дәрі қабылдау керек (аллергия қоздырмау үшін), егу жұмыстарынан кейін адамның қызуы көтеріледі (яғни, ағзамен әсерге түскендігін білдіреді).

Шындығында, екпе – тұмаудан қорғап, жұқпалы инфекцияның алын алудың тиімді тәсілі. Осы орайда, дәрігерлер тұрғындарды тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялардан қорғау мақсатында егу шарасы кезінде белсенді болуға шақырады.

Демек, екпе егу қазіргі уақытта инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Сондықтан, препаратты қабылдаған кездегі өтпелі реакцияға бола егуден бас тартудың соңы қатерлі ауруға әкеліп соғатындығын әрбір тұрғын ескере жүруі тиіс.

 

Керек кеңес:


Егу нәтижесі аллергияға ұласып кетпес
үшін алдын ала анализ тапсыру керек пе?

Бір миллион адамға жасалған екпенің ішінде тек біреуі аллергиялық реакция береді. Әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияға аллергиялық анализдер жасалмайды. Ал балада екпеден кейін аллергия басталса, дәрігер дереу қажетті ем береді.


Бір балада екпеден кейін
бөртпе шыққанын естісеңіз...

Көптеген ата-аналар мен біліктілігі төмен дәрігерлер алдын алу шаралары мен одан кейін пайда болған ауруларды өзара байланыстырып жатады. Жалпы кішкентай сәбиге екпеден басқа медициналық әрекеттер жасалмайтынын ескерер болсақ, бұл теория рас көрінеді. Алайда зерттеулер дәлелдегендей, бұл аурулар екпе жасалмаса да шығатыны белгілі болды.


Сәбилер үшін екпе жасауға
тыйым салынатын жағдайлар

Бұндай жағдайлар тым аз. Мысалы, сәби тұмауратып, қызуы жоғары болса, аталмыш жұмыстарды кейінге шегеруге болады. Себебі екпеден кейін қызу не себепті көтеріліп жатқанын анықтау қиынға соғады: ол ұзаққа созылған тұмаудан ба, әлде екпенің салдары ма. Келесі бір себеп – егер бұған дейін жасалған екпедегі дәрілік құрамға аллергия басталған болса, одан бас тартуға болады. Ал, егер балаңыз антибиотиктер ішіп жүрген болса, немесе инфекциялық аурудан енді жазылған болса, екпе салдыра беруге болады.


Балаға екпе салдырмаса не болады?

Біріншіден, бұл шешім бала өміріне екпе салдырғаннан гөрі әлдеқайда көп қауіп төндіреді. Екіншіден, бұндай жағдайлар бала өліміне әкелген кездер болды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуропада бірнеше мың адам қызылша ауруына шалдығып, кейбіреуі соның салдарынан көз жұмды. ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, науқастардың 96,6 пайызы алдын алу шараларынан өтпеген.


Екпені қаншалықты жиі салдыру керек?

Екпенің негізгі бөлігі 14 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Бұдан соң 18 жасқа дейін жылына бір рет тұмауға қарсы алдын алу емін алып тұрса жарайды. Ал егер Азия, Африка секілді экзотикалық елдерге жол жүретін болсаңыз, алдын ала дайындалып, қосымша екпе салдырған абзал.

«Жомарт жүрек» жылулық сыйлады

Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:05

Жетімін жылатпаған дархан көңілді қазақ елінің игі дәстүрін қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері қайта жаңғыртты.

DSC 0189

Жастардың бастамасымен жуырда «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық жәрмеңкесінде жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің қолөнер туындылары жәрмеңкеде өнерсүйер қауымның назарына ұсынылып, сатылымға шығарылған еді.

Нәтижесінде, жәрмеңкеден жиналған қаржы «Достық» шағынауданындағы мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мұқтаждығына бөліп берілді.

18 жастағы шағынаудан тұрғыны Айша әке-шешесінен ерте айырылған. Жетімдіктің тауқыметін тартқан жасөспірім ол аздай, 9 жасында көру қабілетінен айырылды. Қысылтаяң күндерде жанашырлық танытқан жәрмеңкені ұйымдастырушылар Айшаға қыстық киімдер алып берді. 

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі Мақсат есімді азаматтың цех ғимаратынан арнайы бөлме дайындалып, 2 бірдей тігін машинасы алынды. Ендігі жерде шағынауданның мүмкіндігі шектеулі тұрғындары цехта арнайы тапсырыстар бойынша тігін дизайнымен айналыспақ.

– Осылайша, кішігірім қолдау көрсете отырып, біздер табысы орта, мүмкіндігі шектеулі жандарды белгілі бір кәсіпке баулуды, осы арқылы жоғары табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді мекеме басшысы Абзалбек Убелтаев.

Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шара алдағы уақытта да игі жалғасын таппақ.

Айбынды елдің ұланымыз

Среда, 08 Ноябрь 2017 05:41

Биыл 16 мың жас ҚР Қарулы Күштерінің қатарын толықтырмақ

Қазіргі таңда ел аумағындағы қорғаныс істері жөніндегі жергілікті басқармалар қызметінде қарбалас шақ. Себебі, мұнда ел азаматтарын Қазақстанның Қарулы Күштеріне мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны белсенді түрде жүріп жатыр. Мерзімді әскери қызметке шақырылушылар Қарулы Күштер қатарын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Мемлекеттік Күзет және Ішкі істер министрлігінің ұлттық Ұлан гвардиясының қатарын толықтырмақ.


DSC 0762

Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Шымкент қалалық қорғаныс iстері жөніндегі басқармасынан 400-ге жуық азамат әскер қатарына жолданатын болады. Қазір олардың денсаулықтары тексерілуде. Сонымен қатар, жауынгерлік дайындықтары да пысықталып жатыр.

– Жоғары жауынгерлік дайындық жүргізу – біздің басты қағидамыз. Айбынды әскерді жасақтауда санға емес, сапаға мән беріледі. Дегенмен, әскерге шақырылушылардың ынта-ықыласы аса жоғары, – дейді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Әбдіғабит Шегебаев.

DSC 0777Айта кететін жайт, азаматтарды Қарулы Күштердегі мерзімді әскери қызметке және өзге де әскери құрылымдарға күзгі шақыру алғаш рет қыркүйекте басталып отыр және бұл жұмыстар желтоқсан айының аяғына дейін жалғаспақ. Науқан мерзімінің 1 айға дейін ұзартылуы медициналық және арнайы тексерулерге кететін уақытпен байланысты болып отыр. Нәтижесінде, 4 ай бойы жергілікті тұрғындарының санына сәйкес бөлінген квота бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар толық медициналық тексеруден өтеді. Заң бойынша әскерге барудан себепсіз бас тартқандар екі жыл бас бостандығынан айырылады немесе 2 миллион теңгеге дейін айыппұл төлемек. Бұл орайда, шақырылушының қандай да бір мәселеге байланысты сауалы болса, Қорғаныс министрлігінің «жедел желідегі» 9898 (Activ және Kcell абоненттері үшін Қазақстан бойынша тегін) байланыс нөміріне хабарласуына болады. Жауапты лауазымды тұлғалар азаматтардың қызығушылығын тудырған сауалдарына жауап беріп, түсіндіреді. Тіпті, қажетті кеңестерді алуға да болады.

Қалалық Қорғаныс басқармасында арнайы тексерулерден өтіп жатқан жастардың қарасы көп. Әдетте, әскерге шақырылғандар 14 түрлі медициналық тексеруден өтеді. Мамандардың айтуынша, азаматтарды іріктеу барысында салмаққа байланысты түйткілдер көптеп кездеседі екен. Яғни, бірінің салмағы аз болса, келесісі артық салмақтан зардап шегеді. Тепсе темір үзетін жігіттердің ішінде жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққандар да жетерлік.

– Көздің нашар көруі, аяқтың жалпақтабандығы, сонымен қатар, терапевтік және хирургиялық аурулар да жиі кездесіп жатыр. Оның барлығын біз тыңғылықты тексеріп жатырмыз, – дейді дәрігер-терапевт Күләндә Қылышбаева.

Бұдан бөлек, болашақ жауынгерлер психологиялық тест тапсырып, олардың суицидке қаншалық бейімділік деңгейі анықталады. Сонымен қатар, шақырылушы зиянды әдеттерден аулақ болуы қажет. Салауатты өмір салтын ұстануы шарт. Демек, еңбекқор, елжанды, отбасылық құндылықтары берік, азаматтық деңгейде ойлайтын адам болуы тиіс. Сол себепті, шақырылушы бұрын есірткі заттарын пайдаланғаны не пайдаланбағаны туралы тестілеуден өтеді. Есірткіге еліктеуі анықталса, онда ол азамат әскерге алынбайды.

shymkala-88-5

Биылғы күзде Қарулы Күштер және Қазақстанның басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары қатарына 1990-1999 жылдары туған 16 мың жасөспірім әскери міндеттерін өтеуге шақырылады деп жоспарлануда. Ал жауынгерлік парызын өтеуден тек отбасылы болып, 1 баланың әкесі атанғандар мен жасы 27-ден асқандар ғана босатылады. ЖОО-да әскери кафедра бітіргендер мен ақылы әскери мектепті тәмамдағандар сарбаздық міндетін атқарған болып есептеледі.

Қалыптасқан үрдіске сай, шақырылушы әскери қызметін өтеу үшін алыс қашықтағы аймаққа жіберіледі. Әскер қатарын толықтыратын жас азаматтарды іріктеу және әскери бөлімдерге тарату кезінде олардың шақырылымға дейінгі алған мамандықтары ескеріледі. Бұл ретте, әскерге шақырылушының дені сау, бойы 160 сантиметрден төмен болмауы тиіс.

 

zhomart-1Жомарт НЫСАНБАЕВ,
әскер қатарына шақырылушы:

Әскери борышты өтеу – азаматтық парызым

– Дені сау, қажырлы азамат ретінде, мен де әскери борышымды өтеуге ниеттімін. Бүгінгі Қазақстанның әскері – қуатты, кемелденген, озық үлгідегі ұрыс қаруларымен жабдықталғанын естіп, біліп те жүрміз. Батырлығымен даңқы алысқа ұзаған ата-бабаларымыздың жолын қуып, бүгінгі бейбіт күнде шекара шебінің үздік қорғаушысы болғым келеді. Бойымда жастық жігерім, асқақ мұратым барда ел дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын. Отан алдындағы борышты өтеуді әр азамат парызым деп түсінгені жөн.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Шымкент қаласының әкімі болып Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев тағайындалды.

DSC 1076

Кеше облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлан Сауранбаевты қала активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Шымкент қаласы Елбасының назарындағы экономикасы мен құрылысы қарқын алған еліміздегі үшінші қала екенін жеткізген облыс басшысы қала әкімінің жаңа қызметінде жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар мәселелерге назар аударып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді, қала бюджетінің кіріс бөлігін арттыруды міндеттеді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар тартуды, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуды, қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

DSC 1000

Қаланың жаңа әкімі Нұрлан Ермекұлы өз сөзінде Шымкентті көркейту жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

– Шымкент қаласының әкімі қызметін атқару үлкен жауапкершілікті жүктейді. Белгіленген міндеттер мен тапсырмалардың маңыздылығын жете түсінемін. Ортақ игілік жолында бірлесіп, алдағы уақытта аталған жұмыстарды іске асыруға күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді қала әкімі.

Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай қала әкімінің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, пайымды пікірін ортаға салды.

DSC 0993

– Шын мәнінде, соңғы жылдары Шымкенттің экономикалық-әлеуметтік ахуалы біршама түзеліп, еңсе тіктеді. Жаңарған, сәулеттік кескін-келбеті артқан қалада тың жобалар жүзеге асуда. Осы орайда, Нұрлан Ермекұлының біліктілігі мен іскерлік қабілетіне үлкен сенім артылады, – деді И. Рысбай.

Еске сала кетейік, бұған дейін екі жылдан астам уақыт Шымкент қаласының әкімі міндетін атқарған Ғабидолла Әбдірахымов «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне ауысуына байланысты қала әкімі қызметінен босатылды.

>> Қала әкімінің өмірбаяны <<

Ретсіз орналасқан сауда орындары көзге қораш көрінетін қоқыс үйінділері... Әсіресе, «Қырғы базар», «Ескі қалашық» немесе «Кристалл» сауда қатарларының маңынан өтер болсаңыз, шалынып не болмаса әлдебір затқа соқтығысып өтпегеніңізге шүкір дерсіз. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қаз-қатар тізілген жүк көліктері онысымен қоймай, дабыл қағып, жаяу жүргіншілердің зәре-құтын алатыны тағы бар. Әлі күнге дейін шегі шұбатылған мәселенің нақты шешімі нендей болмақ? Осы орайда, бүгінгі ахуалды тағы бір зерделеп көру үшін бірқатар сауда қатарларына бағыт алған едік.

DSC 0202


Тұтынушысын жаздың ыстығына, қыстың аязына ұрындырмайтын жабық кешенді сауда қатарларын салу – қала әкімдігінің ұзақ жылдар бойғы меншік иелеріне жүктеген қатаң талабы болатын. Дегенмен, тек «Тұлпар» және «Бекжан» базарлары ғана талап үдесінен көріне алды. Ал біз барған «Қырғы базарда» әзірге, мұндай мақсатты жұмыстар байқалатын емес. Тізбектелген көліктердің арасынан оңтайлы сәтті күтіп, базар ауласына кірдік. Төлеби көшесінің бойымен базар сыртын жағалап өтер болсаңыз, жоғарыда сөз болған «кейіпкерлердің» кейпін бірден танитыныңыз анық. Бақша өнімдері, аяқ киімдер мен тәтті күлшелер... асыққан жолаушыларды әбігерге салады. Ал ондағы жерасты өткелі арқылы қарсы бетке өту үшін де үлкен тәуекел қажет.

– Мынау Түлкібастың, яғни, өзіміздің бақшаның өнімдері, – дейді алма сатып отырған отанасы. – Келісін 150-200 теңгеге бағалап, сатып жатырмын. Одан артық баға қоя алмаймын. Себебі, өнімдерімді бүгін толық өткізіп, ауылға қайтуым керек. Неғұрлым арзан болса, өнім соғұрлым тез өтеді. 

«Сауда қатарларынан неге орын алмадыңыз? Сізге ешкім түсіндірмеді ме?» деген саулымызға: «Әй, қайдам, енді бірер аптада осыларды өткізіп алсам болды ғой. Маған базар ішінен тұрақты орынға қажеттілік жоқ» деп жауап берді.

97Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аудан басшысының айтуынша, жақын күндері мұндай ретсіздікке мүлдем тыйым салынбақ.

– Қазіргі таңда, аудан аумағына қарайтын «Акбар» базары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындар біршама ретке келтірілген. Әзірге осы «Қырғы базар» маңындағы ұзаққа созылған өзекті мәселеде түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін сот шешімін күтудеміз. Яғни, мұндағы 300-ден астам заңсыз сауда иелері үшін заң аясында нақты шара қабылданады. Аталмыш базар басшылығы да бұл істе бізге лайықты қолдау танытуда. Демеушілік жәрдем көрсетіп, әкімдік мамандары үшін арнайы велосипедтер алып берді. Мұнда біздің қызметкерлер велосипед қызметін пайдаланып, жүйелі түрде бақылау шараларын ұйымдастыруда, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Осы орайда, аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қалыптастыру бағытында сауда орындарының маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 185 контейнер алаңшалары және 626 қоқыс контейнері орнатылыпты.

Қаланың 2020 жылға дейінгі арналған әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы аясында «Қырғы базарды» қайта құрылымдап, шығыс стиліндегі сәулетті кешенге айналдыру көзделген. Нәтижесінде, «Шығыс базары» – келешекте қаланың көрікті орнына айналып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі сауда-саттық дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық кескін-келбеті сақталған орын болмақ.

Жалпы, бүгінде қала аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатарлары жұмыс істеуде. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады. Дегенмен, ондағы олқылықтарды бірізді жүйеге келтіру әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, базарлар мен сауда қатарларының ешбірінде көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі тиіс.

Жуырда ТМД елдерінің басшылары бас қосқан келелі жиында Шымкент – 2020 жылғы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған еді. Қаланың мұндай мәртебеге ие болуы да тегін емес. Шымқалада соңғы бес жылда 50-ге таяу мәдени нысан бой көтеріпті. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Шаһар еліміздің демографиясына да лайықты үлес қосып келеді. Жақын күндері 1 миллион тұрғыны бар қала ретінде мәлім болмақ. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Облыс орталығының қарқынды дамуы мәдени астана атануына мүмкіндік беруде.

 

ТҮЙІН

Иә, жоспарлы міндеттер орындалып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап алға басқан сәтте, қаланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, санитарлық тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті ұстану – ендігі қала тұрғындарының басты ұстанымы болуы шарт. Бұл тұрғыда, күллі әлемге үлгі болып отырған Жапония, Корея, Сингапур елдеріндегі қол жеткен жетістіктер нақ осы біз айтқан жанашырлықтың нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Шымкент қаласының «Жұлдыз» және «Жалын» тұрғын алабтарындағы құрылысы жүріп жатқан асфальт жолдары таяуда пайдалануға берілмек.

 

«Текесу» тұрғын алабындағы орташа жөндеуден өтіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы 6 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарын «Корпорация сити» ЖШС-і атқаруда. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының жанындағы жалпы ұзындығы 3,49 шақырымдық атауы жоқ көше жолы құрылысын «ҚазСәулетҚұрылыс» ЖШС-і жүзеге асырып отыр. Сондай-ақ, «Жұлдыз» тұрғын алабындағы Саяжай жолын орташа жөндеуден өткізу міндеті «Север Юг Универсал» ЖШС-не тапсырылған.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жер кезегінде 90 мыңнан астам адам тұр. Өтініш иелерінің қажеттілігін өтеу үшін қаланың солтүстік-батыс бөлігінен арнайы жер телімдерін бөлу қарастырылуда. Яғни, «Таскен», «Солтүстік саяжай», «Құрсай-2» және «Бозарық-2» тұрғын алаптарында жақын келешекте жаңа қоныс иелерінің қатары ұлғаймақ.

jer

Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары заң талаптарына сәйкес, кезекте тұрған азаматтардың мемлекеттен тегін жер телімін алуға мүмкіндігі бар екенін айтады. Дегенмен, ол үшін тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері су, жарық сынды инфрақұрылыммен толық қамтылуы тиіс. 

sailauov

– Тұрғын үй құрылысымен қатар, әлеуметтік нысандар үшін де бізге әуелі бос жатқан жер телімдерін анықтап, мемлекеттің қажеттілігіне қайтарып алу да өзекті мәселе, – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Пернебекұлы. – Мәселен, «Бозарық-2» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысын салу үшін 30 меншік иесінен жалпы көлемі 100,3922 гектар жер телімін мемлекет меншігіне алуымыз керек. Қазір ондағы 17 жер телімі бойынша бағалау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі кезде Астана даңғылы мен Арғынбеков көшелерін қосатын атауы жоқ көшенің құрылысы үшін 41 меншік иесінен 4,1 гектар жер телімін қайтару көзделген. Бүгінде оның 34-і мемлекет меншігіне алыныпты. Ал «Шымкент СИТИ» шағынауданында 361 меншік иесінің 430 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынбақ. «Тұран» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы үшін 315 гектар аумақ қайтарылады.

«Шымкент СИТИ» шағынауданында 361 меншік иесінің 430 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігіне алынбақ. «Тұран» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы үшін 315 гектар аумақ қайтарылады.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылы жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі және 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне алынған. Ал келер жылы жалпы аумағы 629 гектарды құрайтын 1452 жер телімі түрлі қажеттіліктер негізінде қайтарылуы тиіс. 

 

Компания қызметіне жүгінуге мүдделі

Жоспарлы жұмыстарды белгіленген мерзімінде орындау үшін сала басшылары жаңа мүмкіндіктерді қарастырмақ. Яғни, бұл қызметте айтарлықтай тәжірибесі бар компания өкілдерімен әріптестік орнатпақ.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, жоспардың жүйелі түрде жүзеге асуына жер телімдерінің иелерімен келісуге кететін уақыт пен жұмысшы қолының жеткіліксіздігі қиындық туындатуда. Бұл қатарда жер иесінің тұрғылықты мекенжайын анықтау, жер кадастрынан, әділет департаментінен және мемлекеттік мұрағаттан іс құжаттарының көшірмелерін жинау, меншік иелеріне хабарландыру таратып, жылжымайтын мүлікті бағалау жұмыстары тиянақты атқарылуы тиіс. Осыған байланысты, сала басшысы арнайы тапсырыс негізінде қызмет атқаратын компания өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шақыруға ниетті. Белгіленген уақытты үнемдеу әрі маман тапшылығының орнын толтыру үшін бұл тиімді нұсқа болмақ. Дегенмен, компанияның қызмет ақысы үшін де қосымша 50 миллион теңге қаржы қажет.

Мемлекет мұқтаждығы үшін қайта алынып жататын жер телімдері көп ретте, даулы мәселеге ұласып, қос тараптан да сот қызметіне жүгіну жағдайлары жиі орын алып жатады. Мәселені заңды тұрғыдан зерделеп, жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде жеке компания қызметінің септігі мол болмақ. Бұл орайда, жер иелерінің өзіндік ұстаным-шарттары да жетерлік. Өз иелігін мүмкіндігінше жоғары бағалауға талпынады. 

Ағымдағы жылы жалпы аумағы 588,8 гектар жер телімі және 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне алынған. Ал келер жылы жалпы аумағы 629 гектарды құрайтын 1452 жер телімі түрлі қажеттіліктер негізінде қайтарылуы тиіс.

Қазіргі бос жатқан жер телімдеріне шынында, мемлекет аса мұқтаж-ақ. Ол дегеніміз, жергілікті тұрғындардың игілігіне жұмыс істейтін аурухана, мектеп, балабақша ғимаратының, полиция бекеттерінің, спорттық-мәдени және сәулеттік кешендердің бой түзеуіне қолайлы мүмкіндік бермек. Расында, осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра алғанда, қала аумағы үш есеге дерлік ұлғайып, тұрғындар саны 1 миллионға жуықтады. Сәйкесінше, тұрғын үйге деген қажеттілік пен сұраныс та едәуір артып отыр. Осы мақсатта қала әкімдігі жалпы аумағы 62 мың гектарды құрайтын ауылшаруашылығы алқабының 20 мың гектарын тұрғын үй құрылысы мен қаланың инфрақұрылымына бағыттамақ. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай, мегаполис қаланың қажеттілігі толық қамтамасыз етіліп, жаңа сәулеттік кешендер бой көтермек.

Страница 1 из 37