Жазылушылар мерекесi

Среда, 12 Октябрь 2016 03:42

Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалының ұйымдастыруымен «Жазылушылар күні» өтті.

zhazylu

«Қазпошта» ғимараты алдындағы алаңда ұйымдастырылған шарада оқырмандар жергілікті газет-журналдармен танысып, жеңілдік арқылы сүйікті басылымдарына жазылды. 

Ашылу салтанатында сөз алған «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалының директоры Әлия Сүгірбаева пошта байлынысы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ Шымкентте жарыққа шығатын газет-журналдардың өкілдері де мерекелік жиында көпшілікке өз жоспарларын таныстырып, пікір алмасты. Осы күні «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалы жас суретшілер арасындағы жарыстың қорытындысын да жариялады.

podpiska-2017

Шымкентте әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдерді жұмыспен қамтып, олардың мүмкіндіктерін арттыруға арналған семинар кеңес өтті. Оған үкіметтік емес ұйым өкілдері, кәсіподақ басшылары мен сарапшы мамандар қатысты.

aielder

Шараны ОҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия «БҰҰ-Әйелдер» Орталық Азиядағы көпмемлекеттік офисі үйлестірушілерімен бірлесіп ұйымдастырды. Ресми деректерге жүгінсек, еліміздегі әйелдердің 16 пайызы тұрмыста зорлық-зомбылық көреді екен. Сондай-ақ еліміздегі әйелдердің басым көпшілігі жеке өз кәсібін ашуда, жұмыспен қамтылуда түрлі кедергілерге тап болады. Осындай мәліметті келтірген Қазақстандағы «Біріккен ұлттар ұйымы – Әйелдер» бағдарламасының үйлестірушісі Гүлнар Смаилова нәзікжандылардың мүмкіндіктерін арттыру үшін мемлекеттік арнайы бағдарлама дайындау керектігін алға тартты.

– Бұл мәселеде елімізде көптеген бағдарламалар бар. Олар жұмыс істеп жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Істеп жатыр. Бірақ жалғыз қалған әйелдерді қолдау кемшін қалған. Сондықтан біз стратегиялық басымдық берілуі тиіс салаларды талдап жатырмыз. Дайын болғасын оны парламентке ұсынатын боламыз, – дейді Г. Смаилова.

Жиында әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдерді жұмыспен қамту саласындағы кәсіпкерлік және табыс көздеріндегі мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ иммун тапшылығымен ауыратын әйелдердің экономикалық әлеуетін нығайту жолдары да сөз болды. Семинарда қаралған мәселелердің аумақ деңгейінде пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылатыны айтылды. Бұл пилоттық жобаны екінші болып Атырау облысы іске асырмақ.

«Максимум» дихандарға зор мүмкіндік беруде

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:27

2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына бөлінетін пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады. Жеңілдетілген несиені таратуда ОҚО әкімдігінің жанынан құрылған «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ да ат салысып отыр. Биылғы көктемгі жұмыстардың есебі және келер жылдың жоспарын білу мақсатында мекеменің қаржы орталығының Басқарма төрағасы Арман Данаев мырзамен сұхбаттастық.

Bigger than little 28

– Арман Нарботаұлы, қаржы орталығы бірнеше жылдан бері оңды істерімен көзге түсіп келеді. Бұл қуантарлық жәйт, әрине. Дегенмен, биылғы көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру барысында бірқатар мәселелер кездесті. Себебін айтсаңыз.

– Жылдың басынан бастап мемлекет тарапынан әр гектарына берілетін субсидияның тоқтатылғанына байланысты, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы дихандарға жеңілдетілген несие беру жүйесі жолға қойылды. Аталмыш жүйе пилоттық жоба болғандықтан, қаржыландыру кезеңінде кемшіліктердің болуы, әрине, күтілмеген жағдай емес. Біздің орталыққа берілетін қаржының кешіккеніне байланысты шаруалар көктемгі дала жұмыстарының көп бөлігін өз қаржысы есебінен жүзеге асырып қойған және ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары да бітуге жақындап қалған болатын. Осыған орай, қаражатты игеру барысында бірқатар қиындықтар болды.

– Келесі жылы кемшіліктердің алдын-алу үшін қандай шара қолданасыздар?

– Біз аталмыш кемшіліктердің алдын алу шараларын келесі жылды күтпей-ақ қазірден бастадық. Дихандардың қаржыны дер кезінде алып, орынды әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айынан, 2017 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарына несие алушылардың құжаттарын қабылдауды бастадық.

– Құжаттардың қаралу мерзімі қандай?

– Көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша тапсырылған құжаттар ешқандай комиссиялық шығындарсыз мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде қаралады. Мақұлданса, келер жылы қаржы бөлінісімен құжаты дайын азаматтарға бірден таратылу жоспарлануда.

– Несиенің берілетін пайызы және несиелендірудің басты шарттарын атап өтсеңіз?

– Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 9%-ды құрайды. Ал шарттарына келетін болсақ, несие алушы негізгі қарызды және несие бойынша пайыздарды мерзім соңында өтейді. Ал несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарылған жағдайда несие үшін айыппұл есептелмейді. Егін егу-жинау жұмыстарына бөлінетін қаражат жеке тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғаларға басым бағытқа ие барлық дақыл түрлері үшін беріледі.

– Қаржыландыру қандай түрлерде жүзеге асырылмақ? Және кепілдік мәселесі қандай?

– Қаржыландыру 2 түрде жүзеге асырылады: 2 транштық несие желісі және бірмезеттік несие. Ал кепілдікке жер телімін және қосымша кепіл заты ретінде кез келген жылжымайтын мүлікті ұсынуға болады.

– 2017 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша іс-шараларды қазірден бастадық дедіңіз. Олар қандай шаралар?

– Қазіргі таңда «Максимум» АИО және «Ырыс» МҚҰ тарапынан қаржыландыруды жедел жүзеге асыру үшін ОҚО аудандарында суб-офистар құрылды. Сондай-ақ көктемгі егін егу жұмыстары ең басым бағыт ретінде қаралып, аталмыш бағыт бойынша келіп түсетін өтінімдерді қарастыру мерзімі мүмкіндігінше қысқартылды.

– Облыс тұрғындарына және шаруаларға қаржыландыру шарттарын және жеңілдіктерін түсіндіру жағы қалай болмақ?

– Аталмыш мәселе бойынша да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Яғни, қыркүйек және қазан айларында арнайы жұмысшы топ құрылып, барлық қала, аудан орталықтары және ауылдық округтерде жиналыстар өтеді. Жиын кезінде несие алуға ниет білдіргендердің құжаттарын қабылдау да жоспарлануда. Барлық дихандар өз қалаларында, аудандарында немесе ауылдарында өтетін жиналысқа келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын талқылау және құжаттарын тапсыру мүмкіндігіне ие.

– Тұрғындарға өтетін жері және мерзімі туралы хабарланды ма?

– Облыста аудан және ауылдар өте көп. Олардың барлығын қамту үшін біздің мамандар арнайы кесте жасауда. Санаулы күндерден кейін тұрғындар жиналыстың өтетін жері және мерзімі туралы ақпаратты барлық аудан, қала әкімдіктері арқылы біле алады. Оған қоса барлық БАҚ-да да жарияланатын болады. Айта кетейін, жеңілдетілген несиеге кез-келген шаруа қол жеткізе алады.

– Сұхбат үшін рахмет!

Марафонға 4 мың адам қатысты

Среда, 21 Сентябрь 2016 05:53

Қала тұрғындары бұқаралық жүгіру сайысында бас қосуды дәстүрге айналдырған. Қатысушылар саны да артып келеді. «Қала күні» мерекесіне орай қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған марафонға 4 мыңнан аса адам қатысты.

DSC 0694

Әдеттегідей, қатысушылар Қонаев даңғылы бойындағы «Рояль» спорт кешені алдынан бастау алды. Меже – «Наурыз» алаңы. Жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі аралықтағы жүйріктер 5 шақырымды көтеріңкі көңіл күймен жүгіріп өтті.

Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі жүлдегерлерді дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов та «Жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясына ие болды.

DSC 0912

Айта кетсек, 21-30 жас аралығында Сабыржан Қосақ пен Балнұр Асылбек, 31-40 жас аралығында Руслан Валиулин мен Нелла Лопатинская, 41-50 жас аралығында Рустам Машрапов пен Наталья Саляхова, 51-60 жас аралығында Құралбай Тойшиев мен Гүлнәр Жолымбекова және 61 жастан жоғарылар арасында Валерий Куликов пен Мырзагүл Саржанова жеңімпаз атанды. Жастар мен жасөспірімдер арасында Әлихан Әбусейіт, Битан Кенжебаева (2002-2003), Максим Валиев, Әйгерім Сапарбаева (2000-2001), Қошәлі Әліқұлов, Зухра Киреева (1998-1999) және Ағзам Әріпжанов, Айдана Түлкібек (1996-1997) мәреге бірінші келді. 

DSC 1083

Тағылымды іс-шара соңы мерекелік концерке ұласты.

Сайыстың қорытындысында 12 аталым бойынша 30 жүлдегер анықталды. Бұқаралық марафон сайысының ең жас қатысушысы Бақдәулет Сапарxан мен Aян Амантай жеті жаста. Ал ең қарт жүгірушілер – 65 жастағы Юрий Остапенко мен Ираида Зайцева.

Өткен аптада Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.

DSC 8121Елбасы отырыста атап өткендей, бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдай қосымша нақты шаралар қабылдауды талап етіп отырғанын баса айтып, алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды. 

– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді, – деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жыл соңында мемлекеттік қазына 830 миллиард теңге қосымша кіріспен толығады. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды. Былтыр республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді. Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасының қолға алынатынын мәлімдеді. Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып, жеке үй салу үшін 10 сотық жер учаскелерін беру көзделіп отыр.

– Біз аталған мәселені шешудің жаңа жолын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Оған қазіргі бағдарламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын үй салуға басымдық беру керек, – деді Н.Назарбаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір азаматқа 10 сотық жер тиесілі. Алайда ол жерді беру үшін инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Ондай жерге жарық, электр энергия мен су құбырлары тартылуы қажет. «Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үйді салатындардың шығындары азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мойнымызға алып отырмыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылауды тапсырды.

Тұрғындар үшін тиімділігі зор

Среда, 14 Сентябрь 2016 05:00

Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлерге тақтайша ілді. Ерекшелігі сол, бұл тақтайшада Қаратау ауданы әкімдігінің, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының, өрт сөндіру, жедел-жәрдем, полиция бекетінің телефон нөмірі көрсетілген.

14317498 261163560949534 6100452082763700172 nБұдан бөлек жалюзи орнататын мекеменің ұялы телефоны бар. Өйткені аудан басшылығы, кәсіпкерге тақтайша жасауға демеуші болуды ұсынып, есесіне оған жарнамасын қоса енгізуді рұқсат берген.

– Қазынадан қаржы қаралмайтындықтан бірнеше кәсіпкерге өтініш жасадық. Сосын осы жалюзи орнататын мекемеден хабарласып, сіздер бізге эскизін жасап беріңіздер деді. Осылайша, бірлесіп, «Нұрсәттегі» көпқабатты үйлерге осындай ерекше тақтайша ілуді бастадық. Қазір 20 көпқабатты үйге, жыл соңына дейін 247 көпқабатты үйге ілінеді, – дейді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.

Қуанышы мол құтты мереке

Среда, 14 Сентябрь 2016 04:53

Елімізде қасиетті Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілуде. Мешіттерде айт намазы оқылып, құрбандық малы шалынды. Облыстың барлық мешіттерінде мұсылмандық рәсімдер атқарылды.

IMG 1083

Берекесі мен бірлігі мол мерекеге құрмет жоғары. Айттың алғашқы күні облыстық Орталық мешітке қала тұрғындары таңмен таласа жеткен. Мұндағы жиналған жамағатты облыс әкімі Б.Атамқұлов бастаған ел ағалары арнайы құттықтай келіпті. 

– Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. Ата-баба дәстүрімен үндестігін тапқан айт мейрамы бүгінде мемлекеттік мереке дәрежесіне көтерілді. Елімізде бұл мерекені шат-шадыман көңіл күймен қарсы алу игі дәстүрге айналды. Сiздердi Құрбан айт мерекесiмен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн, – деді облыс әкімі. 

IMG 1147

Бұдан кейін облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек тағылымы мол насихат айтып, ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді. 

Құрбан айт намазынан кейін облыс әкімі Б. Атамқұлов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды. 

IMG 1235

Сондай-ақ, мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес сынды ойындар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді. 

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбектің айтуынша, аймақтағы 800-ге жуық мешітте бір мезгілде айт намазы оқылды. Бүгінде өңірдегі 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алып отыр.

Қыркүйек айының 4-5 күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты келіссөздер жүргізіп, G-20 саммитіне қатысты.


Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммитіне екінші рет әрі ҚХР төрағасының шақыруымен арнайы келіп отыр. Алдымен Елбасы Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар келіссөздер жүргізді. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Алғаш рет Қытайға дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр

– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытай Үкіметі қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша өз міндеттерін атқаратынына сенемін, – деді Елбасы. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі Мемлекет басшысы 4 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы 2004 жылғы 17 мамырдағы ҚР-ҚХР ынтымақтастығы жөніндегі комитет құру туралы келісімге қосымшалар енгізу туралы хаттама рәсімделді. ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сюй Шаоши «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын түйіндестіру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын рәсімдеді. 

Елбасы көрші елге жасаған сапарында «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысты.

 

– G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек. Мәселен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын бір нұсқа ретінде қарастыруды ұсынамын. Ол 140 мемлекеттің 30 мыңнан астам сарапшысының басын қосып отыр. 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Сонымен қатар, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамын. Онда БҰҰ-ның қолдауымен тиісті іс-шаралар өткізуге болар еді, – деді ҚР Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен, Ресей президенті Владимир Путинмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен, Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэймен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен, Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэмен де кездесіп, әңгімелесті. 

Осылайша, Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапары табысты аяқталды. Бұл сапар елдің дамуына серпін береріне толық негіз бар. Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарланып отыр.

Страница 11 из 13