Басқармаға – жаңа басшы

Среда, 17 Июль 2019 04:02

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың өкімімен Әли Алтай Сембекұлы қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Тағайындау

Алтай Сембекұлы 1985 жылы туған. Білімі – жоғары, мамандығы бойынша экономист, заңгер. Мемлекеттік тілмен қатар орыс, түрік, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.

Еңбек жолында Нұр-Сұлтан қалалық сотының бас маманы, ҚР Премьер-Министрінің Сыртқы байланыстар басқармасының және хаттама бөлімінің сарапшысы, ҚР Премьер-Министрі Хатшылығының бас сарапшысы, ҚР Премьер-Министрі Өңірлік даму бөлімінің бас консультанты, бас инспекторы лауазымдарын атқарған.

Соңғы уақытқа дейін Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары – хатшылық меңгерушісі қызметін атқарып келді.

Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша Шымкент қаласының əкімдігіне тиесілі секторда белсенді жұмыс жүруде. Арыстағы М.Əуезов атындағы орта мектепте орналасқан штабтың басшысы – Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Б.Мамыталиев.

Залалды бағалау жəне жою үшін шымкенттік 464 маман жұмылдырылған. Шолу жұмыстарының нәтижесінде 650 тұрғын үй, 36 коммерциялық нысан, 15 әлеуметтік нысан анықталды. Барлығын жөндеу қажет.
Қалпына келтіру жұмыстары бойынша 11 құрылыс компаниясымен алдын ала келісім-шарттар жасалып, қол қойылды жəне қазіргі уақытта жұмыстар басталды.

Мердігер мекемелер – «РСУ-1», «Отау Строй», «Корпорация Сити Строй», «АРТ Құрылыс», «Югстройсервис-Н», «Kanfar Building», «Отар құрылыс», «Нурали и К», «BI Group», «МН строй» және «Сая авто» ЖШС.
Қазіргі таңда 56 үйді жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ 12 апатты үй бұзылды, 402 үй жөнделуде. 420 үйге қажет пластикалық терезелер Алматы жəне Шымкент қалаларында жасалуда.

А.СӘДУӘЛІ

Халықаралық парк салынады

Среда, 17 Июль 2019 03:42

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов GG Group трансұлттық корпорациясының атқарушы директоры Варун Чаудxаримен кездесті. Екі тарап аквапарк және халықаралық аттракциондар паркін бірлесе салу жөніндегі жұмыс жобасын талқылады.

Непал бизнесмені

Қазіргі таңда ауқымды нысанға арналған жер учаскесі анықталып, жобаны жүзеге асыруды жеделдету үшін жұмыс тобы құрылды.

Айта кетейік, Варун Чаудхари – Chaudhary Group компаниясының иесі, непалдық миллиардер Бинода Чаудхаридің ұлы. Әлемге танымал компаниясы Непалда және Үндістанда жұмыс істейді, штатында 6000 адам бар.

Forbes журналының тізіміне енген Непалдың жалғыз миллиардері Бинод Чаудхаридің дәулеті 1,6 миллиард долларға жуық.

Асқар Мамин металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласында болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттердің орындалу барысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылуымен танысты.

Премьер-Министр-1

Асқар Мамин алдымен Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында басталған, 2020 жылы мамыр айында аяқталады. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушы болатын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есе арттырады.

Үкімет басшысы «Химфарм» зауытына барып, отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынын тексерді. Кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі, бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен астамын құрайды.

Кәсіпорынды аралау барысында Премьер-Министр инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көрді, сондай-ақ «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасының аясында іске қосылған Цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын бағалады.

Қазіргі кезде халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн АҚШ доллары болатын аса ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.

Жалпы, Шымкент қаласы – Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған «Оңтүстік» индустриялық аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» экспортқа бағытталған кәсіпорнына барды.

Металлургия зауытының жобалық қуаттылығы – жылына 250 мың тонна болат дайындама.

ҚР Премьер-Министріне Түркістан облысындағы қуаттылығы жылына 1 млн тонна темір болатын тау-кен-металлургия кешені құрылысының жобасы таныстырылды. Атап айтқанда, тікелей қалпына келтірілетін темір өндіретін зауыт пен кен байыту фабрикасының құрылысы көзделген.

Өңір экономикасын дамытуда «қарапайым заттар экономикасына» ерекше рөл берілген. Үкімет басшысы «Рахат-Шымкент» ЖШС-на барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін көрді. Заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 аталымдағы 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны туралы баяндалды.

Аралау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы қала әкіміне Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажеті шараларды қабылдауды тапсырды. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыру тапсырылды.

Бұл өңірдің ЖӨӨ көлемін 2018 жылғы 2 трл-нан 2023 жылға қарай 3,5 трлн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа мектеп ашылды

Пятница, 12 Июль 2019 04:36

Шымкент қаласында 1200 орынды жаңа жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, білім ордасының ашылуымен құттықтады.

Мектеп ашылды 2

Жаңа мектепке Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның есімі берілген. Екі ауысымда 2400 оқушы оқи алатын білім ошағында балалардың білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Мектепте оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық іс-шараларға қатысуына мүмкіндіктері бар.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңа жүйесі бойынша осындай жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққанда қаржы төленеді. Бүгінде бұл жүйеге қаладағы бірқатар мектептер көшкен. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында қаладағы 11 жекеменшік мектеп 4200 оқушы бойынша мемлекеттік сатып алу аясында қаржыландырылған.

Чек талап етіп, жүлде ұтып алды

Пятница, 12 Июль 2019 04:32

Шымкент тұрғындары «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының жүлдегерлері атанды. Кезекті жүлдегерлер – Еңбекші ауданының тұрғындары Әсия Ахметова мен Ақмарал Өтегенованы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері марапаттады.

Чек

Департамент басшысы Нұралхан Көшеров жеңімпаздарға iPhone жетінші моделін сыйға тартып, азаматтық белсенділік танытқаны және акцияға қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Н.Көшеров Шымкенттің әр тұрғыны сауда-саттық жасағанда немесе қызмет түрін алған кезде бақылау-касса машинасының чегін талап ету арқылы көлеңкелі экономиканы төмендетуге және табысқа салық салу мөлшерін көбейтуге зор үлесін қосатынын және бұл акция халықтық бақылау болып табылатынын атап өтті.

Жалпы республикалық ауқымды «Чекті талап ет - жүлдені ұтып ал!» акциясы 2019 жылдың 1 мамырынан бастап 8 тамызына дейін жалғасады.

Акция кезінде еліміздің әр тұрғыны кез келген затты сатып алу немесе ақылы қызметті қолдану кезінде смартфон ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Тек тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төленген сомаға берілетін чектерді «Таңдау» мобильдік қосымшасында тіркесе болды. Акцияға тек деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналардың чектерін (Онлайн БКМ) чектері қатысады.

Акцияның толық шарттарын және қосымшамен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықты www.trebui.kz сайтынан көруге болады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іс-сапары барысында қойған нақты міндеттер аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Премьер-Министр

Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов баяндады.

Кешенді жоспарда барлық іске асыру кезеңінде жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 836 млрд теңге (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңге – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы. Бұл құжатты іске асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырады.

– Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі, – деген Үкіметі басшысы А.Мамин қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысын және теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Ташкент тасжолы жалғастырылады және А2 айналма автожолының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр қаланы энергиямен қамту және газбен қамтамасыз ету үшін газ тарату станциясының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компаниясының жеке инвестициялары есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды тапсырды.

– Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңмен биыл 500 мың шаршы метрден жылына 1 млн шаршы метрге дейін арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуді 1 тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Асқар Мамин.

Мысалы, «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 млн ш.м. тұрғын үй салуға мүмкіндік береді.
Туризм саласында да даму мүмкіндіктері кеңеюде. Цитадель қалашығын қайта жөндеу және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағын салу нәтижесінде туристер көбейеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың әзірлігін уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.

– Кешенді жоспарды іске асырудың нәтижесінде Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 трлн теңге, 2023 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі, - деді Асқар Мамин.

Шәріпбектей ағам

Среда, 10 Июль 2019 04:13

«Мақтар ұлың болса – мақтан» дейді атам қазақ. Бірақ, әуелі кімді мақтаймыз және кіммен мақтанамыз деген мәселенің басын ашып алу керек. Осы мәселеге келгенде біздің бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері – Шәріпбек Жамалбекұлы соңғы тұжырымға жататын, яғни онымен мақтануға болатын кісі.

Ш.Жамалбек

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхан. Өз ұлтының жоғын жоқтаған қайсыбір талант та, елін қорғаған батыр да, сөз ұстаған шешен де мінезді болады. Шәріпбек ағамыздың бір жұмысты бастаса, аяғына дейін апармай тынбайтын қажырлылығы да осындай ерекше мінездің көрінісі. Расында, Шәріпбек ағамыз өзінің күллі жұрт білетін жағымды жұмыстарына осындай мінезімен қол жеткізген.

Иә, бүгінде жоталы жетпіс жасқа толып, қариялық дәуреннің дер шағына жетіп отырған Шәріпбек Жамалбекұлының осы күнге дейін не атқарғаны күллі облыс жұртына аян. Соған орай көп адам жабылып бітірер жұмысты бір өзі көтерген, жоқтан бар жасап, кейде пенденің ойына келмейтін игіліктер мен бастамаларды іске асыра алған Шәріпбек ағамыздың азаматтық келбетіне бір сәт тоқталайықшы алдымен...

Анығында, Шәкең өзінің тындырымды тірлігімен ғұмыр жолында өз орнын тапқан жан. Қазақ халқы «Ақ жүрген азбас, кісімен ісі боларын білген ұл алысқа қарайды» дейді. Шәкең жастайынан-ақ алысқа қарап өскен ұл болды. Алысқа қарап жүріп, әр істің көзін таба білуге машықтанды. Осының нәтижесінде ол біреулер ұзақ уақытта іске асыратын істерді көп ұзатпай һәм дер кезінде бітіре білуді үйренді.

Шәкең іскерлігімен бірге сөзге берік, ерге серік, еңкейгенге еңкейген, құрбы-құрдасқа көңілі жарқын, туысқа ашық мінезді адам болып қалыптасты. «Жақсы адамның жүрегінің кілті – жылы сөзінде, шырайлы жүзінде» деген сөз де бар тағы қазақта. Шәкеңнің барлық кездегі тындырымды ісі көз сүйсінткен, ал орнықты сөзі, қай кездегі де ұтымды пікірі құлақтыны қанағаттандырған.

Біз болмыс-бітіміне, түр-тұрпаты мен тұлғасына баға беріп отырған Шәріпбек Жамалбекұлының өмірбаянын қысқаша сөз етсек, ол былай өрілер еді. Ол 1949 жылдың 10 шілдесінде ОҚО, Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданының Шаян ауылында дүниеге келген. Боралдай ауылындағы С.Ерубаев атындағы орта мектепті 1966 жылы бітірген. 1968 жылы Қарағанды кооператив институтына түсіп, 1972 жылы тәмамдаған.

Одан соң Алғабас аудандық тұтынушылар одағына қызметке тұрып, жоспарлау бөлімінің бастығы болған. 1973 жылдың маусым айынан аудандық тұтынушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, 1975 жылдың қаңтар айынан 1976 жылдың қазан айына дейін «Жамбыл» совхозының жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы.

1976-1986 жылдары Алғабас (қазіргі Бәйдібек) аудандық, 1986-1990 жылдары Жетісай аудандық тұтынушылар одағының бастығы, 1990-1997 жылдары ОҚО тұтынушылар одағы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1997 жылдың қыркүйек айынан 2009 жылдың қаңтар айына дейін осы басқарманың басқарма төрағасы қызметін атқарған.

«Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, жиырма жылдан аса бір орында қызмет кеткен Шәкең, 2009 жылдың қаңтар айынан 2009 жылдың тамыз айына дейін «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2009-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасы қызметін атқарды.

Осы жылдары Шәкең жаңағы қызметтермен қатар ОҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жанындағы тәртіптік кейін әдеп кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатындағы экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссия (IV, V, VI шақырылымындағы) төрағасының орынбасары, ОҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңестерінің мүшесі болды және ОҚО әкімшілігі (қазіргі Түркістан облысы) жанындағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлестіру кеңесінің мүшесі болды.

2017 жылдың қыркүйек айына дейін және 2015 жылдың сәуір айынан ОҚО тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, ал 2013 жылғы желтоқсан айынан ОҚО «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті қызметін қоса атқарды.
Шәріпбек Жамалбекұлының облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті болып сайлануы оның облыстағы саяси белсенділігінің өте жоғары екенін білдірген айқын көрсеткіш болды.

Осы жерде «Азаматтық альянс» қауымдастығының немен айналысатын ұйым екенін аз-кем айта кеткен жөн сияқты.

Ш.Жамалбек-1

Бұл ұйым 2003 жылы құрылған. Сол кездегі басты мақсаты – түрлі қоғамдық бірлестіктерді, мемлекеттік емес ұйымдарды, партияларды, кәсіподақтарды және бизнестік топтарды бір ортаға біріктіріп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу. Сондай-ақ демократиялық елдерге тән азаматтық қоғамның абыройын көтеріп, басқа да өзекті деген проблемалардың барлығын да оңтайлы шешу.

Бұрын бізде бір ғана облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы болатын. Қазір Түркістан өз алдына облыс болып бөлініп, Шымкент жеке-дара мегаполис атанған соң, бізде қалалық «Азаматтық альянс» дара отау тіккен. Кезінде осы «Азаматтық альянстың» бастамасымен облыс көлемінде бірнеше игі бастамалар көтеріліп, іске асты.

Атап айтқанда, «Қайырымды істердің эстафетасы», «Таза қала», «Әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі» сынды акцияларды ұйымдастырып, бұл салаларда қарқынды жұмыстар атқарды. Әсіресе, «Таза қала» акциясы Шымкентте жеті рет өтіп, бұл іс-шара көшелерде тазалықтың сақталуына көп үлес қосты.

Мен осыдан аз ғана жыл бұрын сол облыстық «Азаматтық Альянста» Шәріпбек ағамен бірге қызмет атқардым. Шәріпбек ағаның шын болмысы мен бейнесін бірге жұмыс істескен осы жылдары анық ұқтым. Сондағы білгенім, Шәкең үшін өмірлік басты кредо ақиқатқа жол іздеу, ойға алғанды аяғына дейін жеткізу екен.

Өмірде еңбекті сүйетіндердің жүрегі отты келетінін, ұлтының, ағайынның қамын жеп, сол жолда неден болса да тайынбайтынын мен Шәкеңнің еңбекқорлығынан, ізденімпаздығы мен білімділігінен анық ұқтым. Одан басқа тағы бір байқағаным – біреуден білмегенін үйрену, біреуге білмегенін үйрету Шәкең сияқты жандардың таным-сенімінің идеялық негізін құрайды екен.

Одан өмір шындығын үйренуге және еңбек етудің тәсілдерін үйренуге, жайдақ оймен жадағай кеңес айтпайтын өзгеше әдетінен тәлім алуға әбден болады деген ойға шын бекінгем.

Міне, мен аса қатты сыйлайтын, өмірлік һәм еңбек жолымда өзіме ұстаз санаған Шәріпбек Жамалбекұлы бүгінде жетпіске толып, қариялық ғұмырдың тұғырлы баспалдағына көтерілді. Ол – намысты қымбат, арды сымбат тұтқан, адалдықтан жазбаған, жамандықты қазбаған, өзін танитын қазақтың бәріне қадірі артқан азамат.

Өмір бойы жан-жағындағы адамдармен үйлестікте, дос-жаран, ағайын-туыс арасында татулықта болып, мұралы ортадан мұратты ой, лайықты орын тапқан Шәріпбек ағаны жетпіс жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қымбатты аға! Осынау айтулы жасқа жетпіс жыл бойы жинаған абыройыңыз сарқылмай, қадір-қасиетіңіз шашылмай, ылғи биік мінберлерде жүріп жеттіңіз.

Алдағы уақытта да осындай еселі жетістектерге жетіп, қарттық ғұмырдың тек абыройлы биігінен көріне беріңіз! Денсаулығыңыз мықты, отбасыңыз аман болсын! Сізге тек жақсылықтар тілеймін!

Жұмағали БІЛІСБЕКОВ,
Шымкент қалалық
«Азаматтық альянс»
қауымдастығының президенті

Страница 11 из 332