«Үйде бірге оқимыз!»

Пятница, 17 Апрель 2020 09:59

Шымкент қалалық Жастар рерурстық орталығының ұйымдастыруымен осындай челлендж басталған болатын. Жастар арасында оқу мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 600-ге жуық оқырман белсенділік танытып отыр. Карантин кезеңінде бос уақыттарын тиімді өткізіп жатқан қатысушылардың дені - студенттер мен оқушылар.

 

Abai

 

Челленджге қатысушылар төтенше жағдайға байланысты кітапханалардың жабық болуына қарамастан оқулықтардың электронды нұсқаларын тауып, қызығушылық білдіруде. Оқырмандардың басым бөлігінің таңдауы әдеби кітаптарға түскен. Сондай-ақ, ағылшын, орыс тіліндегі кітаптарды оқып жатқандар да бар.

Айта кетейік бас жүлде иегеріне Phone Pro 11 смартфоны сыйға берілсе, өзге де белсенді қатысушыларды тосынсыйлар күтуде. Жеңімпаздар 30 сәуір күні тікелей эфирде, сағат 17:00-де анықталмақ.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын 25 наурыздан бері уақытша тоқтатқан болатын. Бұл өз кезегінде бірыңғай байланыс орталығы операторларының жұмыс жүктемесін арттырды.

Азаматтарға арналған үкімет 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін ХҚО қызметкерлерін жұмылдырды. Шымкент қаласының 144 тәжірибелі және дайындықтан өткен маманы тұрғындарға кеңес беріп отыр.

Мемлекеттік қызметтер бойынша бірыңғай байланыс орталығының операторларынан аптасына жеті күн бойы кеңес алуға болады.

 

1414

 

Бұдан бөлек 49 қызметкер қызмет алушыларды «Мобильдік азаматтар базасында» тіркеп, бейнеқоңырауларды қабылдауға жұмылдырылған. Бір апта ішінде олар 20мыңнан астам бейнеқоңырау қабылдап үлгерді.

Қазақстандағы бірыңғай байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді, ал демалыс күндері олармен сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін байланысуға болады. Қоңырау шалу тегін.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент бойынша филиалының өкілі Алтынай Татаеваның айтуынша, мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығына Шымкент қаласы бойынша орта есеппен күніне 18 000-ға жуық адам хабарласады.

«Жеті күннің ішінде біздің байланыс орталығына 90 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Негізінен азаматтарды төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты тағайындалатын 42 500 теңге жәрдемақысын алу, egov.kz арқылы анықтамаға қол жеткізу, сондай-ақ, АӘК төлемдерін тағайындау бойынша сұрақтар мазалайды», - дейді Алтынай Татаева.

Маман бірыңғай байланыс орталығына хабарласушылардың көптігін ескеріп, шымкенттіктерді шыдамдылық танытып, сабырлы болуды сұрады.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар мемлекеттік қызметті электрондық форматта ала алады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің 87% электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ, кейбір қызметтер мен сервистерді ЕgovМоbile мобильдік қосымшасы, eGovKzBot2.0 телеграмм-ботынан және Facebook, Vk әлеуметтік желілеріндегі egov чат-боттарынан алуға болады.

855

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Егістіктен тікелей сауда орнына» атты арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Ол Шымкент қаласында мамыр айында қолға алынады. Жобаға сәйкес шаһарда бірнеше сауда орталығы құрылады. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тауарларын делдалсыз саудалайтын болады. Бұл жергілікті нарықта әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын арзандатуға септігін тигізбек.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының тиісті сала басшылығымен екіжақты меморандум түзілген. Жоба аясында әлеуметтік дүкендердің жұмысы қайта қолға алынады.
Қазіргі уақытта қаланың іргесіндегі ауылдарда көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бастапқыда Шымкентке кіреберіс жолдардағы бақылау-өткізу бекеттерінде шаруалардың кіріп-шығу мәселесі қиын болған.

Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтің айтуынша, бүгінде бұл проблема шешімін тапқан. Яғни шаруалар бақылау-өткізу бекеттерінен кедергісіз өтуде. Мәселен, Шұбарсу елдімекенінің диқандары қаланың әуежай маңындағы егістік жерлеріне алғашқыда бара алмаса, қазір тиісті құжаттардың арқасында оларға қала аумағына өтуге рұқсат берілді.
Карантин кезінде мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау артқан. Оған дәлел, жанар-жағармайдың 1 литрі 174 теңге болса, ол бүгінде 160 теңгеге арзандатылды. Мегаполистің шаруа қожалықтарына 1250 тонна солярка бөлінген. Ол қажеттілікті өтеуге толық жетеді. Қазіргі таңда 400 тоннадан астам жанар-жағармай босатылды. Диқан қауымы солярка алу үшін Qoldau.kz порталына тіркеліп, өтініш тастау керек. Сонымен бірге шаруаларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 500 млн теңге арзандатылған несие беру қарастырылған. Асқар Сәкенұлының мәлімдеуінше көктемгі дала жұмыстарын атқаруда техника жетіспеушілігі мәселесі туындап отырған жоқ.
Індетке қарамастан биыл ауыл шаруашылығы саласында үлкен жоспарларды іске асыру мақсаты қойылып отыр. Соның бірі – осы жылы егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артып, жалпы 27,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Жоспар бойынша биыл 9 мың гектарға дәнді дақылдар, 2,8 мың гектарға майлы дақылдар, 1,5 мың гектарға көкөніс пен бақша, 0,1 мың гектарға картоп, 3,2 мың гектарға мал азықтық дақылдар егу межеленуде. Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 105,1 млн теңге қаралған. Осы күнде шаруалар субсидия қаражатын ала бастады. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда мегаполисте 183,5 гектар жылыжай бар. Биыл оның көлемін қосымша 30 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Ал өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласынан түсетін табысты жыл соңына қарай 1,6 млрд теңгеге арттырып, агросектордағы жалпы табыс көлемін 11 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

 

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Шымкент қаласына «Birgemiz» қоғамдық қорынан 1 миллион бетперде келіп жетті.

Игі шараны жүзеге асыру үшін аталған қордың Қамқоршылық кеңесі «СҚ-Фармация» үкіметтік операторымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлсіз топтарына медициналық бетпердені тегін тарату үшін 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойған болатын.
Медициналық бетперделер халықтың әлсіз топтарына кіретін отбасыларға беріледі. Әр отбасыға 50 данадан үлестірілетін болады. Аталмыш көмекті қаладағы 20 мың отбасы ала алады. Медициналық бетпердені әр аудан әкімдігі еріктілермен бірге аталған отбасыларға жеткізіп бермек.
Айта кетейік, бұған дейін Тұңғыш
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан 22 мыңға жуық шымкенттіктің есеп-шотына 50 мың теңгеден қаржы аударылған болатын.

АРЫСТАН БАБ

Пятница, 17 Апрель 2020 02:08

SH-uildirdegi-Arystan-bab

Арыстан бабтың есімі дереккөздерде және қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік елдерінде әртүрлі (Арыстанбап, Арстанбап, Арслан-Баб, Арсланбоб, Арслонбоб т.т.) жазылған, біз Арыстан баб нұсқасын қолдандық. Ал енді арабша емледегі Салман Аль-Фарисидің есімін, негізінен мақаладағы оқиғаларға орай, қазақша айтылған нұсқа бойынша Сәлмен парсы деп те алдық.

Шәуілдірдегі Арыстан баб. Отырарбәнд

1970 жылдары мектепте оқып жүргенімізде, бір күні әкеміз: «Ертең Шәуілдірдегі (қазіргі Отырар ауданы) Арыстан баб әулиеге, одан ары Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы мешітіне зиярат етуге барамын, сені де алып барайын», – деді. Ауылымыз – Арыс өзенінің сол жағалауында. Ертеңіне әкем бесін намазын оқыған соң, қашыр будандас үлкен жүрдек есегімізге мінгесіп алып, жолға шықтық. Өзеннің арғы жағына өткен соң, әкем жолшыбай әңгіме айтып отырды. «Бүгін – бейсенбі, бүгін Арыстан баб әулиесіне түнеп, ертең жұма намазға дейін Түркістанға жетеміз. Арыстан баб мазарына дейін қырық шақырым, ар жағы елу шақырым», – деді.
Күн еңкейген жаққа бет түзеп, өзенді жағалап, жыңғылдардың арасындағы соқпақ жолмен жүріп, Арыс қаласынан солтүстікке қарай бет алған теміржолға жеттік. Оны бойлап бір стансаға келіп ат басын тіредік, сусындық іштік. Ғимараттың маңдайына «Тимур» деп жазып қойыпты. «Тимуры несі?» деп сұрадым әкемнен.
«Тура жазылмай қалған ғой. Бұл аумақты ертеректе Әмір Темір Көреген деген кісі билеген. Ордасы осы төңіректе болған. Қыстақ, кейін станса соның атымен аталып қалған»,– деді әкем.
Одан ары жүріп отырып, «Утрабад» деген разъезге келдік. Мұны да әкем түсіндіріп берді: «Мұның дұрысы – Отырарбәнд, «Отырарда байланған» дегенді білдіреді. Әмір Темір Көреген Қытайға жорыққа бара жатып, осы жерде жаралы болған. Сонда оның жарасын дәкемен таңып байлаған. «Бәнд» деген – «дәке», дәкемен байлау («Бәнд, банд» дегеннің «бинт» екенін кейін білдім). Әмір Темір сол күні, жолда бара жатып, бір қыстаққа жеткенде қайтыс болады. Ол жер қазір Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданының орталығы – Темірлан ауылы. «Лан» дегені парсы тіліндегі «ленг» болса керек. «Ақсақ» деген сөз.
Әмір Темірдің «Ақсақ Темір» деген лақап аты бар» деп, әкем Отырарбәндтен үш-төрт шақырым жерде ежелгі Отырар қаласының орны барын айтып, шығыс тарапта көрініп тұрған үлкен жалпақ төбені нұсқап қолын меңзеді. Сосын бұл ескі шаһар бұрын Фараб деп аталғанын, осы қалада Фараби деген атақты ғалымның туғанын айтып берді. Содан соң теміржолдың шығыс жағына өтіп, біраз жүріп, Шәуілдірдегі Арыстан бабтың шырақшысының үйіне жеттік. Әкем екеуі бір-бірін жақсы таниды екен, қауқылдасып амандасты. Намаздыгер, намазшам оқылған соң, шырақшы жаяу түнделетіп, әудем жердегі Арыстан баб әулиеге алып барды. Күздің күні еді. Жерін сор, маңайын шөп, шоғайна басып кетіпті. Күмбездің дәлізінің сол қапталындағы бөлмедегі мүрделерге көк кілемдерді жауып тастаған.
Арыстан бабтың, Лашын бабтың, Қарға бабтың... мәйіттері деп жазып қойыпты. Дәліздің оң бүйірінде мешіті бар екен. Шырақшы мен әкем әруақтарға арнап құран оқып, мешітте түнеп шықтық. Олар сөйлесіп отырғанда, түннің бір уағы болып, ұйқым келді. Әкем: «Түс көрсең, азанда тұрғаныңда ұмытып қалма. Маған айтып бересің», – деді. Ертеңіне әкемнің бірінші сұрағаны: «Түс көрдің бе?», – болды. «Көрмедім», – дедім. «Апыр-ай, мен де көрмедім?!» – деді әкем. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахмет Ясауиден тіле» деген мақалды сонда естідім.
Зияратшылар Арыстан бабта жақсы түс көрсе, Қожа Ахмет мазарына барып, соның орындалуын, жаман түс көрсе оның болмауын тілейді екен. Арыстан баб сахаба – бала Қожа Ахметке Мұхаммед пайғамбардың аманаты, құрманы тапсырғанда, құрманың еті Арыстан бабтың ұртында (тісінің арасындағы ойықта) еріп, сүйегі Қожа Ахметке тиген деп айтылады. Мақал осыны меңзейді екен. Маңызын Арыстан баб сіңіріп, сүйегі Қожа Ахметке тиген.

Ясауи кешені – арыстар мекені

Бесін намазы жақындағанда Түркістанға келдік. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне бардық, оның сыртында да, ішіне кіргенімізде де әкем құран оқыды. Әкеміз барлық пайғамбардың – Адам Атадан бастап Мұхаммед пайғамбарға дейінгі барлық әулие-әнбилердің (пайғамбарлардың) атын атап, одан соң Абылай хан, оған дейінгі және одан кейінгі ел басқарған адамдардың, бұл мазарда жерленген кісілердің ұзын-ырға есімдерін айтып және әулие-әнбиелерге, жалпы әруақтарға арнап бата қайырды. Сосын: «Ата-бабаларымызға да арнап құран оқып жіберейік, біздің арғы бабаларымыздың бірі Татыбай батыр осы қорымда жатыр. Піріміз Қожа Ахметтің жанына халқымызға тұғыр болған, атақты тұлғалар, арыстай азаматтар, ырысты адамдар жерленген ғой. Олардың сүйегін қойып, жанына араб жазуымен аты жазылған балбал тас қойған», – деп әкем тағы да құран оқыды.
Әкемнің айтуында, мазарды, қорымды күтіп ұстау (бұл жерде монша да болған, мавзолейге кірерде сол моншаға түсіп алғанбыз), қызметшілерге айлық беру, кедейлерге қайырымдылық қаражат тарату, балаларды оқыту, зияратшыларға ас беру үшін бұрынырақ заманда мәйітті қойдырғандар демеуші ретінде өз ықтиярларымен семіз 80 қойдың бағасындай, не соған теңгерілген жылқы, не ақшалай салық төлейтін болыпты. Татыбай батырдың елі осы рәсімді орындаған.
Татыбай батыр ұзақ жасаған кісі. Түркістанды кезең-кезеңдерде жау шапқыншылығынан қорғасқан батырлардың бірегейі. Бұл туралы 1970 жылдары тарихшы-ғалымдардың жазғанын оқығанбыз. Сондай-ақ жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімізде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы жарық көріп, оқысақ, бір абзацында Кенесары хан қырғызға жорыққа бара жатқанда, Қаратаудағы Билікөлдің жағасында қоңыраттардың шекарасына тоқтап, оларға елші жібергені жазылыпты. Кітапта Кенесарымен келіссөз жүргізген кісілердің аттары айтылмапты. Әкеме көрсеттім. Ол бұл оқиғаны жақсы білетін болып шықты. Сонда делегацияны Күлен шешен, Татыбай батыр және Шәуілдірдің бақуатты мырзасы (жорықтарда әскерді ат-көлікпен, тамақ-аспен қамтамасыз етіп жүрген, атын әкем айтқан еді, мен ұмытып қалыппын) бастап барыпты. Күлен шешен мен Татыбай батыр Кенесары ханның қырғызбен соғысқанын жөн көрмесе керек, қоңыраттардың бұл жорыққа қосылмайтынын білдірген.
Күленді таныстыра кетсек, ол туралы кейін атақты Шал ақынның (Тілеуке Құлекеұлы) жазғаны бар:
«Төрт ауылдың бір биі Күлен қозған,
Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған.
Төрелікпен біреуден пара жесең,
Қияметте жоқ дейді биден азған».

Арыстан бабтың алты табыты. Сәлмен парсы

Ауылға келген соң, ертеңіне әкем ауылдағы қарияларды шақырып шай берді. Көрген-білгендерін баяндады. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінен («Диуани Хикмет» кітабы) үзінділерді айтып берді. Түркістаннан алып келген Ахмет Ясауидің мөрі басылған қағаздың көшірмесін жұртқа көрсетті. Олар қағазды сүйіп, маңдайларына тәуеп етіп басып отырысты. Арыстан баб туралы да сөз қозғалды. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан баб қайтыс болғанда: «Бұл кісі біздің елдің адамы, сондықтан сүйегі біздің жерімізге қойылуы керек» – деп қазақ елінен басқа бес мемлекеттен өкілдер келіп, қатты талас болады. Сонда бір кісі ақыл айтып, оларды ымыраға келтірген. Оның кеңесі бойынша, алты табыт әзірленіп, біреуіне Арыстан бабты, қалғандарына оның салмағындай затты салып, бәрінің салмақтарын теңестіріп, пішіндерін ұқсастырып, қатар-қатар тізіп қояды. Сосын, жиналғандар оқшауырақ шетке шығып, жігіттерден бес-алты топты құрап, әрбір топқа табыттардың орнын ауыстыртады. Ол топтарды бөлек-бөлек ұстап, бір-біріне жақындаттырмайды. Арыстан бабтың қайсы табытта жатқаны ешкімге белгісіз болып қалады. Өкілдердің әрбірі бір-бір табыттан алады, табыттың біреуі Шәуілдірде қалып, бесеуі бес елге кетеді. Барлығы табыттың бетін ашпауға серттеседі. Арыстан бабтың діни есімі Сәлмен парсы екен. Бұл қасиетті адам Мұхаммед пайғамбардың арқасындағы пайғамбарлық мөрді көрген кісі болыпты. Сөйтіп, Арыстан бабтың сүйегі алты өлкеге жерленіпті.

Базар-Қорғандағы Арыстан баб

Қырғызстанға келгенімде көрші болып, бірінші танысқан кісілеріміз Жалалабад облысының Базар-Қорған ауданындағы Арыстан баб ауылының түлектері болып шықты.
– Біздің өңірде ерте замандарда Арыстан баб деген мұсылман дінін елге жайған кісі өткен, оның Салман парсы деген лақап аты да бар. Сол жердегі тауды Арыстан баб тауы деп те атайды, оның атында таудың бауырынан оршып шыққан екі биік сарқырама бар. Бөктерінде мазары тұр. Онда зиярат етушілер еш толастамайды. Ол атса оқ өтпейтін батыр да болған. Біздің ауылымыз сол жерде, – деген еді базарқорғандықтар. Мен таңғалдым. Бала кезімде естіген әңгімелер еске түсті. Бұл мәселеге қызығуым күшейді.
Арыстан баб өреніне де барудың сәті түсті. Орман-тоғайлы, көк шыршалармен көмкерілген, ауасы саф таза керемет өңір. «Арыстан баб» санаторийі де осында. Маңайда қырғыздар, өзбектер, аздаған тәжіктер (парсы тектес) тұрады.
Базар-Қорғанның Арыстан баб ауылында туып-өскен ғалым, Жалалабад университетінің ардақты профессоры Ұлығбек Абдусәлямов Арыстан бабты XII ғасырда осы ауыл-қыстақта қайтыс болған деп есептейді. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындардың шежіре кітабында жазылыпты. Ауыл бұрын Ұлұш, Құз-Ұлұш деп аталған. Арыстан бабтың мазарына зиярат етушілер көп келетін болып, қыстақ Арыстан баб деп аталып қалған. «Қайтыс болған» деп мазары тұрған соң айтылса керек. Арыстан баб есімінің бірнеше нысандарға қойылғаны бұл өңірде Арыстан бабтың өмір сүргенін дәлелдейді.

 

2Bazar-or-anda-y-Arystanbap

Даниил пайғамбар және Арыстан баб

Өткен ғасырдың басында Қырғызстанның Базарқорған аумағына келген Ресей оқымыстысы, өлкетанушы, саяхатшы, поляк князі В.Масальскийдің қырғыз ақсақалдарынан жазып алған аңызы Арыстан баб туралы жұмбақ сырды одан сайын қоюлата түседі: «Бұл жердегі орман алып батыр Арыстан бабтың қолымен отырғызылған, оның тәжірибелі бағбандық атақ-даңқы әлемге жайылыпты. Арыстан баб жөнінде естіген Даниил пайғамбар елдің айтқан сөздерінің шындығын білейін деп, Дашман орманына келгенде, бұл маңның ғажайыптығына, батырдың баптап өсірген бау-бақшаларына таңырқайды. Даниил пайғамбар Арыстан бабтың Мұхаммед пайғамбарға бағбаншылық өнерін үйретуі үшін, ол туылғанға дейін Жаратқаннан өмірін ұзартуды сұрайды. Тілегі қабыл болып, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың дәуіріне дейін өмір сүріпті» (Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Туркестанский край. Санкт-Петербург, 1913 жыл, 19 том, 710 бет). Мұнда князь Масальский діни аңызды өз дініне қиыстырып, асыра шауып жіберген бе деп топшылаймыз. Библияда Даниил пайғамбардың Новухудоносор, Кир (Персия) патшалардың заманында өмір сүргендігі жазылған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасыр.
Даниил пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбардың арасы мың жылдан асып кетеді. Бірақ Даниил пайғамбардың Орта Азияда болғаны жөнінде деректі де ұшыраттық. Оның Самарқан қаласының төңірегінде мазары болыпты. Әйгілі Әмір Темір Самарқанның жанындағы бір ауылды соғысып ала алмай қойған. Сосын не кереметі бар деп, тыңшыларын жіберіп біліпті. Ауылдың іргесінде Даниил пайғамбардың моласы бар екен. Оның сүйегі жатқан жер қасиеттілігінен ауыл бәле-жаладан, біреулердің зорлық көрсетуінен дәйім тыс болып тұрған. Әмір Темір Даниил пайғамбардың сүйегін түнде қаздыртып алып, өзі жаулап алған жерге қайта жерлеп, сосын ауылды басып алыпты.

Әмір Темір және Сәлмен парсы

Қырғызстанда Арыстан бабтың зираты бар екенін білген соң, аңыздың шындық екеніне сендім және қалған төртеуі қайда екен деп кей-кейде ойлап қоятынмын. 1980-жылдардың ортасында «Әмір Темірдің аманаты» деген кітаптың өзбекше нұсқасы қолыма тиіп, ежелеп оқып шықтым (кейін кітаптың қазақша нұсқасы да қолға тиді). Кітапта Әмір Темірдің имам Мұса Қазымның, имам Мұхаммед Накидің және Салман парсының мазарларын күтіп ұстауға өзінің қол астындағы Жазаирдан және Мадаин қалаларынан түскен салықтардан қаражат бөліп тұруға жарлық шығарғаны жазылыпты.
Әрине, мұнда қазіргі Қырғызстандағы немесе Қазақстандағы мазарлар емес, Сәлмен парсы бір кездері мұсылман дінін орнатуға күш салған Ирак жеріндегі Мадаин қаласы туралы сөз болуда.

Салман аль-Фариси. Мадаиндегі мазар

Арабтың ортағасырлық Аббас Малики деген ғалымының (бұл кісі Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас болуы мүмкін) «Парсының Сәлмені» («Салман аль-Фариси») деген шағын кітабында Сәлменнің шын аты – Рүзбе екенін жазады. Ол Иранның Исфаһан қаласының жанындағы Жей деген қыстақта туыпты. Мәрзбан деген ауқатты да білімді адамның жалғыз перзенті. Әкесінің жолын қуып, зәрдөшт дінін тұтынады. Жасөспірім кезінде Салман (тыныштық орнатушы) деген атты өзі таңдап алып, осылай аталып кетеді. Бір күні ол әкесінің тапсырмасымен егістікке бара жатып, христиандардың әндетіп, Құдайға жалынып жатқанын естиді, олардың әуені қатты ұнап, сол жерде бөгеліп қалады. Сол сәттен бастап баланың есіл-дерті осы дінге ауады.
Сәлмен әкесімен ақылдасып, христиан дініне өту ниетін білдіреді. Әкесі қатты ашуланып, кетіп қалмасын деп баласын қамап қояды. Не керек, бала үйінен қашып шығып, Шам қаласына барып, мәсиһ шіркеуіне (Иса пайғамбардың дініндегі) қызметші болып, дінін де қабылдайды. Сәлмен одан ары Мосул, Нәссибейн, Әмурийе қалаларындағы шіркеулерде қызмет істейді, бұл дінді терең меңгереді. Әмурийе қаласының дін басшысы өлер кезінде Сәлменге: «Мен саған керемет бір игі хабар айтамын. Талай қиыншылықты кешесің, бірақ келешекте ақырғы пайғамбармен кездесесің. Пайғамбардың келуі туралы біздің Қасиетті кітабымызда айтылған. Ол Арабстаннан шығады, оның арманы адамзатқа лайықты жақсы өмір орнату» – деп болашақ пайғамбардың үш белгісін айтады. «Екі жауырынының ортасында пайғамбарлық таңбасы бар. Сол кісіге жетуге тырыс», – деп христиан попы өсиет қалдырады. Поп қайтыс болған соң Сәлмен Әмудария өзенінің жағасындағы Әмурийе қаласына келген саудагерлерге ілесіп араб жеріне барып, Мұхаммед пайғамбарды іздеп табады, оның арқасындағы пайғамбарлық мөрді көріп, мұсылман дініне кіреді. Ол Мұхаммед пайғамбардың ең жақын, сенімді адамдарының, сахабаларының бірі болды. Мұхаммед пайғамбар оған «Салман – менің отбасымның мүшесі» деп мәртебе берген. Сәлмен Иранда мұсылман дінін таратқан. Мұхаммед пайғамбардың ирандықтардың мұсылман дінін арабтардан да қатты ұстайтыны жөнінде айтып кеткен сөзі бар. Бұл Сәлменнің ықпалымен болғанға ұқсайды. Сәлмен парсы қайтыс болғанда оның басы-қасында Әзірет Әлі алейһиссаламның болғанын да Аббас Малики жазған. Бұл мезгіл – хижраның 35-жылы, яғни біздің жыл санауымызда, VII ғасырдың орта тұсы.
«Дежле (Тигр) өзенінің шығыс жағалауында, Тисфун сарайының шетінде «Пәк Сәлмен» деп аталатын кішкентай қабір жатыр. Аспанмен тілдескен зәулім сарайдың қасында бұл қабір титімдей ғана. Бір ғажабы – ол Сәлменнің екі моласының біреуі екендігінде», – деп айтылған Аббас Маликидің рауаятында. Бұл Мадаиндағы зират. Екеуінің біреуі қайда екені жазылмаған. Осы «Екі моласы» деген сөз «Арыстан бабтың алты мазары бар» дегеннің шындығына жол ашады.

Сәлмен парсының ұлы – Қазірет Аллоуддин

Сәлмен парсының Орта Азияға келгенін мына бір дерек те айқындайды. Сәлмен парсының ұрпақтары Иран мен Иракта және Египетте мұсылман дінін таратуға атсалысқаны белгілі. Сондай-ақ олар Орта Азияға да келген. Тәжікстанның Лянгар деген қыстағында Қазірет Аллоуддин деген кісінің мазары бар. Жергілікті халық мазарға Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Сәлмен парсының ұлы Қазірет Аллоуддин осында жатыр деп осы күнге дейін зиярат етеді екен.

Сәлмен парсының Башқұртстандағы ұрпақтары

Башқұртстанның Бавлы (қазақшасы – Балды, араның балы) ауданында бүгінгі күндері Шайық Дирбеш деген кісінің ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Отбасы шежіресі бойынша, олардың он бесінші буындағы атасы – Шайық Дирбеш, отызыншы буындағы атасы – Сәлмен парсы. Башқұртқа сіңісіп кеткен Сәлмен парсының ұрпақтары өздері бір буынды 28 жыл деп өлшеп, бабалары Шайық Дирбешті қазіргі кезден 430 жыл бұрын өмір сүрген кісі деп есептейді. Қалған он бес буынды сол мөлшермен қосып есептесек, Сәлмен парсы осыдан 860 жыл бұрын, яғни XII ғасырда өмір сүрген болып шығады. Демек, Қожа Ахмет Ясауиге замандас болып отыр.
Шайық Дирбеш ұрпақтары жерлестерінің бірі «Лар» есімді адам ғаламторда осыдан он үш жыл бұрын: «Мен Салман фарсының мазарларын іздеген кезде оның біреу емес, кем дегенде үшеу екенін таптым: Бағдадта (Мадаинда) , Иерусалимде және Мединеде. Соңғысында Мұхаммед өмір сүрген» деп жазған болатын. Оны сайты жабылып қалғандықтан, қайта қарай алмадық.

Израильдегі Салман фарсы сағанасы

Израиль мемлекетіндегі Салман фарсының мавзолейіне бару Иерусалимнің туристік агенттіктерінің «Мұсылман Иерусалимі» деген экскурсиялық ақпар-кітапшалардың бәрінде белгіленген. Кейбіреулерінде мавзолей, қорық, сағана, мешіт, мазар, мақам (біраз уақыт өмір сүрген жеріндегі ескерткіш табыты) деп көрсетілсе, тағы біреуінде ежелгі Израил патшалығының астанасы Себастияның Ицхар қаласындағы Салман фарсы қорығы, мазары деп екі атауы қатар жазылған. Ицхар қаласы – Тель Авивтен 42 шақырым, Иерусалимнен 43 шақырым қашықтықта орналасқан, өз діндерін берік тұтқан 110 жанұя мекендеген, кез келген уақытта кіре беруге болмайтын, мемлекет тарапынан өзгеше мәртебе алған діни қалашық. Израильде Салман парсының нысандары бір жерде емес, бірнеше жерде.

Иерусалимдегі Әл-Фараби мешіті

Бәсе, «Мұсылман Иерусалимі» бағдарламасына әл-Фарабидің мешітіне бару да кіргізілген. Онда «Бұл мешітке ат Шығыстың атақты ойшыл ғалымы әл-Фарабиге құрмет көрсетіліп берілген. Аристотельдің ілімін орта ғасырдағы Шығысқа таратқан ағартушы. Артында көп кітаптары қалды. Бұл еңбектері араб өлкелерінің дамуына қатты әсер еткендіктен, оның есімін мәңгілік қалдыру мақсатында осы мешіт салынған» деп жазылған.
Қазіргі кезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес ендігі жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын өткеру жоспарланған. Іс-шараларды өткеру бойынша құрылған мемлекеттік комиссия Израильде әл-Фарабиге арналған нысан бар екенін еске алса дейміз. Ол жай ғана мешіт емес, мұражай сияқты.

Арыстан баб және Қожа Ахмет Ясауи

Көзі қарақтыларға мәлім, Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Диуани хикметінде»:
«Жеті жаста Арыстан бабқа еттім сәлем,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол сәтте мың бір зікір етіп тәмәм,
Нәпсім тыйып, Аллаға бет бұрдым, содан.
Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Сол сәтте ол о дүниеге сапар алды.
Қоштасып, бұл әлемнен кете барды,
Мектеп көріп, толып, тастым, одан әрі», – деп жазған.
Мұнда Қожа Ахмет Ясауи Арыстан бабпен кездесіп, оның дүниеден қайтқанына куә болып отыр. Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болған уақыты мен Қожа Ахметтің бала кезін төрт жарым ғасыр уақыт бөліп тұр. Тіпті, бұл туралы Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде өзі де жазған емес пе?
«Төрт жүз жылдан кейін шығып, болғай үмбет,
Неше жылдар жүріп, халыққа жолды көрсет.
Он төрт мың ықыласты адам етсін қызмет.
Сол себептен алпыс үште кіргем қылует»
Арыстан бабамның:
«Балам, маған ұсыныс жасамадың,
Құрманы бес жүз жыл саған арнап ұртымда сақтадым.
Дәнін сіз алдыңыз, еті менде қалған»,
Деген тәбәрік сөзін алғам».
Кейбір зерттеушілер Сәлмен парсы мен Арыстан баб екеуі екі басқа адам деген пікірді айтып қалуда. Егер біз Сәлмен парсының Мұхаммед пайғамбардың мөрін көргеніне, Қожа Ахметтің Арыстан бабтан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.а.) аманаты – құрманы алғанына, сенетін болсақ, онда Сәлмен парсы мен Арыстан бабтың бір адам екеніне сенуімізге тура келеді. Егер сенбесек, Хикметтегі сөздер жоққа шығарылады. Мұның үстіне, жоғарыда айтылғандай, Шайық Дирбеш шежіресі бойынша, ұрпақтарының отызыншы бабасы Сәлмен парсының өмір сүрген дәуірі Арыстан бабтың Түркістанда болған заманындағы XII ғасырға дәл сәйкес келіп тұр. Ясауитанушылар Ахмет Ясауиді шамамен 1103 жылы туылып, 1228 жылы дүниеден өткен деп санайды.
Әрине, Сәлмен парсы мен Арыстан баб жөнінде шешімі табылуы қиын құпиялар көп. Арыстан бабтың ұзақ өмір сүргені Жаратқанның Мұхаммед пайғамбарға берген мұғжизаларының бірі ме деп пайымдаймыз. Кім біледі, әлде көпжылдық (летаргиялық) ұйқыда болды ма?

Сәлменнің Арыслан (Арыстан) есімін алуы

Сөз соңында Сәлмен парсы Арыстан баб есімін Арысқа келгенде алса керек деген тұжырымды алға тартқымыз бар. Арыстан баб жерленген кесене тұрған Түркістан облысының Отырар аумағы ертеде Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы суы мол, егін еккенге қолайлы жер болған. «Арыс» деген сөздің мағыналары көп. Соның бірі араб тілінде «Арс» – «егін егу», егінші (дихан) деп аталады. Арыстан бабтың 33 өнерді игергенін, жоғарыда айтылғандай, бағбан болғанын және «Салман» деген атты өзіне өзі қойғанын еске алсақ, «жерге дән себумен» және онымен үндесіп тұрған «адамдардың ой-санасына білім себумен» айналысқанын қосымшаласақ, есімнің бірінші буынына арабшада да, қазақшада да айтылуы ұқсас «Арыс» сөзін өзі таңдап алуы бек мүмкін. Екінші буыны «лан» араб тілінде – «қанағатшыл, дүниеге қызықпаған, кедей, тахуа адам». «Баб» сөзінің де мағынасы көп, араб-парсы тілдерінде бір мағынасы – «қақпа, білімге жол ашатын қақпа», қазақша – «сөзін бабымен, баптап сөйлеген (мүмкін, уағыз айтқан) адам», т.т. Тақуалығы сол – Сәлмен дүние қумаған, осы қасиетімен бүкіл араб елдеріне және ирандықтарға әйгіленген, дүниеден қайтқанда жиырма дирхемге ғана бағаланған меншік дүниесі – көйлек-көншегі болған.
Белгілей кетсек, Темірлан есіміндегі «ланг» сөзінде «г» жұтылып «лан» болған. Қазақ тілінің үндестік заңының әсерімен «тан» сөзіне айналған «лан» жоғарыдағыдай «ланг» емес. Сондай-ақ Арыстан бабтың есімін қазақтар да қоюы мүмкін. Арыстан шыққан баб – Арыстан баб. Сонымен, дереккөздері Арыстан бабтың бес жерде мазарлары мен мешіттерінің бар екенінен хабар беріп тұр. Біріншісі – Отырар ауданында, екіншісі – Қырғызстанның Базар-Қорған ауданында, үшіншісі – Бағдад қаласынан бірнеше шақырым қашықтықтағы Мадаинде, төртіншісі – Сауд Арабиясының Медине қаласында, бесіншісі – Израильде. Бір күндері Арыстан бабтың сүйегі қойылған алтыншы зират та табылып қалуы ғажап емес.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» бойынша деректі фильмдер түсіріліп, кең айналысқа шықса, олар елді адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің бір тиімді құралы болар еді. Арыстан баб пәк, таза, өнегелі өмірі арқылы да, сөздері Қожа Ахмет Ясауиге тәбәрік болған ұстазы ретінде де ұрпақтарға үлгі боларлық тұлға.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
журналист,
Қырғызстан
Республикасы,
Бішкек қаласы.
Арнайы
«Шымкент келбеті» газеті үшін

Редакцияға – 2000 маска

Пятница, 17 Апрель 2020 02:05

WhatsApp Image 2020-04-16 at 15.52.26

«BIRGEMIZ» қорынан келіп жеткен бетперделер «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің қызметкерлеріне де берілді. Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Нарымбетов редакция ұжымына 2000 дана маска тапсырды.

– Журналистер де алдыңғы шепте жүретін жауынгер мамандық иелері. Бүгінгі пандемия қатері кезінде олар ақпарат майданында белсенділікпен жұмыс істеп, індеттің алдын алуға қаламдарымен күш салуда. Олар қатерлі аймақтарда медицина, полиция қызметкерлері сияқты жанкештілікпен қызмет атқарып жүр.
Сондықтан оларға сақтық шаралары аса қажет, – деді Бахадыр Мәделіұлы.

брифинг фото

Көліктер мен азаматтардың қозғалысын тіркейтін портал іске қосылды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, төтенше жағдайға байланысты Шымкентте көліктер мен азаматтардың қозғалысына рұқсат беру рәсімін автоматтандыру бойынша арнайы веб-сайт іске қосылған.
– Бекітілген қаулыға сәйкес, қалада жаяу жүргіншілерге және көлік құралдарына анықтама арқылы ғана жүруге рұқсат етілген болатын. Алайда аталған жағдай бойынша, қалада жалған анықтама арқылы жүргендер көбейген, бұл полиция қызметкерлерінің тексеруінің нәтижесінде анықталып отыр. Сол себепті қағаз жүзінде берілген анықтаманы пайдалану тоқтатылды. Осы орайда тәжірибелі компаниямен келіссөз жүргізіліп, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына арналған shym-karantin.kz веб-сайты іске қосылды. Тұрғындар Шымкент қаласы әкімдігінің сайтына кіру арқылы өздерінің немесе көліктердің қала ішінде жүруіне рұқсат етілгенін біле алады. База күн сайын жаңартылып отырады, - деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебеков барлық бекеттерде «Жасыл дәліз» ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, сондай-ақ, басқа да арнайы техникалар кедергісіз өтеді. Береке Талғатұлының атап өтуінше, коммуналды сала мен медицина қызметкерлерінің 90 пайызға жуығы аталған сайтқа тіркелген.
Брифингте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Нұрлан Қабыштаев көліктер мен азаматтардың қозғалысына рұқсат беру тәртібін жан-жақты түсіндіріп, қала тұрғындарын шектеу кезіндегі талаптарды барынша сақтауға шақырды.
Айта кетсек, қала тұрғындары төтенше жағдайға байланысты кез кезген сауалдарына 39-50-55 нөміріне қоңырау шалу арқылы жауап ала алады.

455

Төтенше жағдай Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмауы керек. Көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін тиімді пайдаланған жөн.

Қала аумағында жүріп жатқан жол салу жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Қаланың орталығында тұрсақ та талайдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді, міне, көшемізге асфальт төселіп, су ағатын арықтар орнатылуда. Бұған, әсіресе, балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қала тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз, – деді қала әкімімен жүздескен Самал-2 шағынауданындағы Сейітов көшесінің тұрғындары.

Қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жол құрылысы да қарқынды жүруде. Қалаға кіреберістегі орталық даңғыл бойындағы құрылысты аралаған қала басшысы мердігерлерге бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Оған қоса карантин кезінде жұмысшылардың барлық сақтық шараларына мұқият болуын жүктеді.
Әкім «Самал» базарына барар жол бойының қос қапталындағы аяқжолдар мен суағар лотоктардың арасында ашық жерлерді жасыл желекпен көмкеруді тапсырды. Жол құрылыс сапасын барлық талаптарға сай жүргізу үшін құрылыс басында күнделікті бақылаушылар сараптама жүргізіп жатыр. Оған қоса сол көше тұрғындарын тікелей құрылысты қадағалап тұруға шақырды.
Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Шаһардағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд теңгесі республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Қала әкімі, сондай-ақ, Шымкент әуежайындағы жаңа терминал құрылысымен танысты. Ол бірнеше кезең бойынша жүруде. Барлық құрылғы заманауи үлгіде болады.
Жолаушыларды өткізу және жүк қабылдау цифрлы түрде жүргізіледі. Одан кейін әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым және абаттандыру жұмыстары бірге аяқталады деп жоспарланған.
Мердігерлермен жүздескен қала әкімі жүк тасымалдаушы көліктердің жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Құрылысқа қажетті заттардың басым бөлігі отандық. Сондықтан сапасы жоғары болады», деп атап өтті компания өкілдері.

Страница 12 из 383