Тұмаудан қалай сақтанамыз?

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 152 раз

Күн суыта бастағанда тұмау вирустары да бас көтереді. Осы кезеңде тұмаудан сақтану үшін Шымкентте екпе егу науқаны да басталды. Жыл сайын жер шарын мекендейтін ересек тұрғындардың 10 пайызы тұмаумен ауырады екен. Жалпы осы ауруды жұқтырмаудың немесе одан емделудің тәсілдері қандай? Біз халық еміне жүгініп көрейік...

 

Тұмауратқан кезде ауырған адам тәулігіне 2 литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзадан вирустың тезірек шығып кетуіне көмектеседі. Сондай-ақ, тұмау эпидемиясы басталған кезде қолды тәулігіне сабындап 5-6 рет жуу керек. Бұл тұмаудың жұғуын 2 есеге төмендетеді.
Тұмаудың тағы бір емі – балды сүт. Антибиотиктер қабылдау ең соңғы шара десек, тұмауға қарсы ең жақсы ем – бал қосылған сүтті шай немесе сары май қосылған сүтті ыстық күйінде ішу қажет. Бір стакан ыстық сүтке бір шай қасық бал, ұсақталған немесе үккіштен өткізілген сарымсақтың бір бөлігін араластырыңыз. Дәмді болмаса да бұл тәсіл тұмауды бірден жоюға көмектеседі.
Бұл дертке қарсы сонымен қатар үйде өсетін өсімдіктерді де пайдалануға болады. Мысалы, алоэ жапырағының сөліне бірнеше тамшы өңделген өсімдік майын қосып, мұрынға тамызған жөн. Егер алоэ табылмаса орнына сәбіз шырынын да пайдалануға болады. Тек оған бірнеше тамшы сарымсақ сөлін қосуды ұмытпаңыз.
Мұрныңыз бітіп қалса, шикі қылшаның шырынын тамызуға болады. Пияздың суы да жақсы көмектеседі. Ол үшін таза мақтаны пияздың суына шылап, бірнеше минут мұрын қуысына салып қою керек. Оны күніне 4-5 рет қайталау қажет.
Тазартылған 50 грамдай өсімдік майына сарымсақ (екі-үш бөлігін) пен орташа көлемдегі бас пияздың төрттен бір бөлігін майдалап турап, араластырып бір түн қойып қою керек. Ертесіне оны сүзіп, сөлін мұрын қуысына тамызасыз.
5 ас қасық суға шыланған 1 грамм мумие ерітіндісін күніне бірнеше рет мұрынға тамызу керек. Кеңсірік қабынғанда күніне бір рет ертеңгісін ашқарынға 0.2 грамнан ішуге де болады. Бес күн үзілістен соң бұл емді 3-4 рет қайталау керек.

М. Жаңбырбай,
ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы
орталығы ММ-нің Шымкент қаласы
бойынша филиал фельдшері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.