Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп... Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 261 раз

Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайдың 86 пайызын өрт құрап, жылыту кезеңінің қарсаңында өрт жағдайы күрделене түсуде. Жыл басынан бергі 8 айда шаһар аумағында 131 өрт тіркелген. Бұл – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 13 пайызға артық. Бұл туралы Шымкент қалалық Төтенше жағдай департаментінің басшысы Мадияр ЖАҚСЫБАЕВ мәлімдеді.

203

 

Департамент басшысының мәліметінше, 2021 жылы қала аумағында жалпы 116 өрт тіркелген. Сол өрттің салдарынан 1 адам қаза болып, 2 адам жарақат алды. Өткен жылмен салыстырғанда қаза болу мен жарақат алу жағдайы екі есеге өскен.
– Қаладағы 4 ауданға келер болсақ, Абай және Қаратау аудандарында – 42-ден, Еңбекші ауданында – 29, ал Әл-Фараби ауданында 18 өрт оқиғасы тіркелген. Ең көп материалдық шығын – Еңбекші ауданында, 121,5 млн теңгенің залалы келген. Дегенмен, республика бойынша алғанда Шымкент қаласындағы өрт қауіпсіздігі жағдайы анағұрлым тұрақты. Бұған департамент тарапынан жүргізілген талдаудың нәтижесінде көз жеткіздік. Нақты айтқанда, еліміз бойынша жыл басынан бері 7079 өрт тіркелген. Оның ішінде ең көп оқиға – 525 өрт фактісі Қарағанды облысында тіркелсе, Шымкент 131 өрт оқиғасымен 20 өңірдің ішінде төменнен санағанда екінші сатыда келеді, – дейді департамент басшысы Мадияр Жақсыбаев.

204


Құтқарушылардың айтуынша, өрттің ең көбі азаматтық қорғау органдары бақыламайтын нысандарда болады екен. Олардың негізгісі – тұрғын үй секторында жалпы өрт санының 60 пайызы тіркелген. Екінші орында жеке көлік құралдары келеді. Мұнда жалпы төтенше жағдайдың 16,7 пайызы орын алуда. Бұған қоса қоймалар мен сауда қатарлары да өрт қауіпсіздігі бойынша тәуекелі көп нысандарға жатады.
– Қала аумағында болып жатқан өрттердің негізгі себептері – балалардың отпен ойнауы, отты абайсыз пайдалану, қасақана өрт қою. Бұған қоса электр жабдықтарын дұрыс монтаждамау және пайдаланбау салдары да көп. Ірі өрттерге биылғы 21 шілдеде болған ЛДСП, ламинат және тұрмыстық техника қоймасы мен 21 мамырдағы аурухана аралық №138 дәріханадағы жарылысты айтуға болады. Бұған қоса 8 айдың ішінде қала бойынша өрт ретінде есепке алуға жатпайтын 1100 жану жағдайы тіркелді. Көбінесе қураған шөп, ашық дала, қоқыс жинағыштар өртенген. Өкінішке қарай, статистикалық мәліметтер мұндай келеңсіздіктің негізгі себептері тұрғындардың қоқысты жинап жағуы, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастауы, балалардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке тастап кетуі екенін анықтап отыр. Бұл ретте айта кету керек, осындай өрттерге азаматтар немесе объектілердің иелері кінәлі деп табылса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Мадияр Есенгелдіұлы.
Осы жауапкершілік бойынша төтенше жағдай департаментінің мамандары өрт оқиғалары бойынша 262 заңды және жеке тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық шара қолданып, 201 ескерту берген. Жалпы 3 млн 154 мың теңге айыппұл салынған. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 336-бабы бойынша (қалдықты жинап қою немесе жағу кезiнде өрт қауiпсiздiгi талабын сақтамау) – 7, ал 410-бабы бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау) 255 әкімшілік шара қолданылған. Бір айта кетерлік жаңалық – төтенше жағдай қызметкерлері бұдан былай өрт бойынша қылмыстарды өздері тергеп-тексере алады.
– 2021 жылдың қараша айынан бастап өрттің шығу себебін, кім кінәлі екенін анықтау үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне өрт бойынша қылмыстарды тергеп-тексеру міндеті қайта берілді. Осыған орай Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінде анықтау саласының 7 маманы жұмысын бастады. Әр аудандық басқармада бір-бірден маман бар. Қазіргі таңда бұл лауазымдар толығымен қамтылды және қызметкерлер толық көлемде жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері анықтау саласының қызметкерлері 4 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді, – дейді департамент басшысы.
Алда жылу маусымы келе жатқандықтан, құтқарушылар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұрмыстық газды пайдалануға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға баса назар аударуда. Себебі, Шымкент тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 83 пайызды құрайды.
– Адам улануының негізгі себептері – газ қазандығының дұрыс жұмыс істемеуі, мұржасының болмауы, газ колонкасын пайдалану ережелерін бұзу, ауа тартқыш арнасының бітелуі болып табылады. Бұл ретте халық арасында жыл сайын адресті алдын алу жұмыстары жүргізіледі, аулаларды аралап, жадынамалар таратылады. Ол жұмыстарға қала және аудан әкімдігі, «ҚазТрансГаз Аймақ», «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері мен еріктілер де қатысып келеді. Профилактикалық аралау барысында 1 255 адамға ескерту жасалды, газ құрылғыларды орнату тәртібін сақтамау, ауа тартқыш арнасының болмауы, газ құрылғыларды уақтылы тексермеу сияқты 178 кемшілік анықталып, 169-ы сол мезетте қалпына келтірілді. Жалпы, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы кезеңін барынша қауіпсіз өткізу мәселесі қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында тамыз айында қаралып, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды. Жоспарға сәйкес «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланып, қалада барлық құзырлы мекемелердің қатысуымен «Әрбір үйдің қауіпсіздігі» атты арнайы акциясы ұйымдастырылды, – дейді Мадияр Жақсыбаев.
2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңі қарсаңында жергілікті атқарушы орган берген мәлімет бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 1 455 үй есепке алынды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір бағыты – қала аумағында орналасқан нысандарға өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүргізу екені белгілі. Осыған орай, департамент басшысының айтуынша, 10 228 нысан есепке алынған. 8 айда жоспарлы – 404, жоспардан тыс 388 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 425 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлды өндіру көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр.
– 26 нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталмады. Атап кететін жайт, тексеру барысында жиі кездесетін өзекті мәселенің бірі – нысандарды жобалау және салу кезінде өрт қауіпсіздігі саласында бақылаудың болмауы. Азаматтық қорғау органдары 2011 жылдан бастап жобалау құжаттамасын келісу және құрылыс саласында бақылауды жүзеге асырмайды, ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылысы аяқталған объектілерді қабылдауға қатыспайды. Осыдан келіп нысандар арасындағы белгіленген арақашықтықтың сақталмауы, өрт техникасының өтуі үшін кіреберістердің ескерілмеуі үлкен алаңдарда өрттің пайда болу қаупін туындатады, сондай-ақ, халықтың шағымдарын тудырады. Жыл басынан бері осындай 50-ге жуық өтініш келіп түскен. Оған қоса мамыр-маусым айларында прокуратура органдарының тапсырмасымен қала аумағындағы базарлардың өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы 500-ден аса бұзушылық анықталып, 9 тұлға ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп түйіндеді сөзін Мадияр Жақсыбаев.
Департамент басшысы алдағы уақытта өз құзыреті шеңберінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге, халық пен экономика нысандарын өртке қарсы қорғау деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастырамыз деп атап өтті.
Айта кетейік, Төтенше жағдай департаменті қызметінің басты мақсаттарының бірі – техногендік авариялардан, апаттардан және дүлей зілзалалардан тәуекелдерді төмендету және залалды барынша азайту. Қойылған міндеттерді орындау үшін азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, азаматтық қорғаудың аумақтық жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау және өрт сөндірумен күнделікті күрес жүргізілуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.