ЖҮРЕГІҢ ТЫНЫШ БОЛСЫН...

Пятница, 23 Сентябрь 2022 04:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 423 раз

Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады не өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы, өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.
Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде – 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі осы дерттен көз жұмады екен.

 

Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себеп адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуімен қоса жағымсыз экологияның да салдары да жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде атеросклероздан басқа адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек- қан тамыры ауруларының эпидемиясы тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп отыр. Қоршаған ортаның 80 пайыздан артық жағымсыз факторлары адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік, жүрек-қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – стресс, торығу. Ол адамдарды жасына қарамай жүрек талмасына ұшыратады.
Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл-күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлайды, мидың клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратады. Жүрек-қан тамыры ауруларына әйелдерден гөрі ерлер көп шалдығады. Мұндай үрдіс 50-55 жасқа дейін, яғни, әйелдердің жыныстық гармондарының жұмысы бәсеңдеген тұсқа дейін сақталады. Алдын алуға немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар – холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, темеку шегу, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзелістер болып саналады.
Жүрек-қан тамыры ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фактор – темекі шегу. Орта есеппен алғанда темекі шегу адам өмірін 7-10 жылға қысқартады екен. Темекі шекпейтіндерге қарағанда темекі шегетін адамдардың миокард инфарктісіне шалдығуы екі есе көп, ал осы аурудан қайтыс болатындар саны темекі шегетіндер арасында шекпейтіндермен салыстырғанда 4 есеге артық.

Г.Ажбенова,
Шымкент қалалық №2 емхананың дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.