«Қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше» Избранное

Пятница, 04 Ноябрь 2022 06:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1002 раз

bas mufti

Шымкент қаласына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Алдымен «Әл-Фараби» кітапханасында «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» тақырыбында қалалық ақсақалдар кеңесімен рухани кездесу өткізді. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері – Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев, Шалатай Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бас мүфти ақсақалдар кеңесі мүшелерімен бірге қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институтын ілгерілету, зиярат жасаудың әдебі, той өткізу салтына қатысты мәселелерді талқылады.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір-бірімен біте қайнасқан қос ұғым – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жолында ілкімді істер атқарып келеді. Бүгінгі таңда имамдар ата-баба дәстүрімен ұштасқан дінімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда. Жастарымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы маңызды. Бұл ретте оларға ақыл-кеңестерін айтатын, өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Біз көбіне қоғамда, тұрмыста, отбасында болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресіп келеміз. Енді салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт әлдеқашан жетті, – деді Бас мүфти.

Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов жат ағымдармен күрес жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. О.Рахманбердиев имамдардың білімін жетілдіру, жастар тәрбиесі мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, Бас мүфти «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде түрлі саладағы озық ойлы жастармен кездесіп, мектептің бүгін тыныс-тіршілігімен танысты. Наурызбай қажы Тағанұлы жастармен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, мұндай дәстүрлі өнер мектептері ауадай қажет екенін, қазақтың тойлары дәстүр мен ұлттық құндылықтар арқылы насихатталуы керектігін айтты.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапары аясында «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, дін саласының қызметкерлері, ғалымдар бас қосқан іс-шарада Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылды.

Бас мүфти Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.

– Ахмет Яссауи сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қожа Ахмет Яссауи сопылық мектептің түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. Сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі тілінде сөйлетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімін дәріптеп келеді. Біз осы бастама аясында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығардық. Ата-баба жолын насихаттау мақсатында түрлі деңгейде конференциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу, – деді Бас мүфти.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жиынның Шымкент қаласында ұйымдастырылуының маңызы зор екенін айтты. Яссауи бабамыздың түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ даласында Ислам дінін таратуы, халықтың психологиясы мен рухани өрісін толықтыра отырып Ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуі жайында ойларын ортаға салды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет Әбдірахмановқа «Ерен еңбегі үшін» орденін табыс етті.

Сондай-ақ, жиында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ибрахим Иномов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Абибилла қажы Қыдырбердиев, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, PhD доктор Мұхан Исахан байыпты баяндама жасады.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.