Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДЕГІ МАССМЕДИАНЫҢ ДАМУЫНДА ЕРЕКШЕ РӨЛ АТҚАРАДЫ» Избранное

Среда, 09 Ноябрь 2022 05:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1170 раз

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министр өңірдің БАҚ өкілдері, этномәдени бірлестік басшылары, қала тұрғындары және жастармен жүздесті.

682

 

Дархан Қыдырәлі алдымен жергілікті «Ontustik» телеарнасының жұмысымен танысып, сол жерде қаладағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Басқосуды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары
Шыңғыс Мұқан ашып, жүргізіп отырды.
– Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады, – деді министр.
Дархан Қыдырәлі осы орайда Шымкент қаласының еліміздегі массмедианың дамуында ерекше рөл атқаратынын, сондықтан, жергілікті журналистердің заң жобасына қатысты пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында Үкімет мүшесі журналистердің сауалдарына жауап беріп, саладағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды.

57 үкіметтік емес ұйым тіркелген

Министр үшінші мегаполистегі Азаматтық ресурстық орталықта болды. Азаматтық Альянс пен оның құрамына енетін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен танысты.
– Қаламызда үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғамның өкілдері көп, олар белсенді жұмыс атқаруда. Солардың барлығын бір ортаға жинау қажеттігі туындаған соң, осындай шағын коворкинг орталық құрылды. Міне, содан бері бір жылдан асты – барлығы бір ортада бас қосып, ақылдасып, жұмыла жұмыс істеуде. Жалпы, Азаматтық Альянс құрамына 57 үкіметтік емес ұйым тіркеліп, осы жерден қызмет алуда. Мысалы, Азаматтық ресурстық орталықтың мамандары оларға заңгерлік көмек, түрлі кеңестер беріледі, жобалар жазуда қол ұшын созады, – деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

681


Бұдан кейін Азаматтық Альянстың өкілдері өздері атқарып жатқан жұмыс туралы қысқаша баяндады. Дархан Қуандықұлы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу жағына баса назар аударды. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың осындай орталық қызметіне барынша қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруды сөз етті. Азаматтық Альянс өкілдері жуырда қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің басын қосу туралы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, Азаматтық ресурс орталығы 2021 жылдың қазан айында ашылған болатын. Ондағы мақсат – азаматтық бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.

«Қоғамдық келісім – еліміздің басты байлығы»

«Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған». Дархан Қыдырәлі Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен кездесуінде осылай деді. Жиында этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстар нақтыланып, өзекті мәселелер талқыланды.
Д.Қыдырәлі еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, түрлі этнос өкілдері еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.
– Қоғамдық келісім – еліміздің басты байлығы. Қалалық Ассамблея мүшелері, этнос өкілдері әрдайым ұйымшылдық танытып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған. Біз барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, – деді Д.Қыдырәлі.
Басқосуда Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Сергеева
«Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Айта кетсек, қазіргі таңда қалалық ҚХА жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет етсе, олардың жанынан 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді. Дархан
Қуандықұлы «Достық үйі» ғимаратында жуырда ашылған «Бірлік алаңы» коворкинг орталығының да жұмысымен танысты.

Жастардың белсенділігі маңызды

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 248 178 жас бар. Бұл мегаполис халқының 20,7 пайызын құрайды. Жастарға ақпараттық қолдау мен бағыт-бағдар беруде Жастар ресурстық орталығының алар орны айрықша. Қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылды. Осы орталықтар күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.
Жастарға арналған орталықтың ұйымдастыру жұмысына оң бағасын берген Дархан Қуандықұлы мемлекет тарапынан әр жастың тың жобасын қолдауға дайын екенін айтып, әділетті Қазақстанды құруда жастардың қоғамдағы белсенділігі маңызды екенін жеткізді.
– Шымкент қаласының әкімдігі жастарға көп жағдай жасағанының куәсі болып отырмын. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына арналған кез келген тың жобаларыңызды ұсынып, бар ынтамен еңбек етуге, ізденуге шақырамын. Әділетті Қазақстанды құруда сіздердің де белсенділіктеріңіз өте маңызды, – деді министр.
Жастар ресурстық орталығымен оннан астам волонтер ұйымы, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 4 мыңнан астам белсенді жас тығыз байланыста жұмыс істейді. Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауында үлкен мән жатыр. Өйткені ерікті болу – халқымызда ежелден қалыптасқан үрдіс.

683


– Ерікті болу, ізгі бастамаларға қолдау көрсету, қайырымдылық істерге атсалысу – қазақ халқының қанына сіңген қасиет. «Шымкент – қайырымды қала» деп аталуы да тегін емес. Қайырымдылық – тек кітапта жазылатын дүние емес, әр қазақтың жан-дүниесінде бар ұғым. Ерікті болуға талпынған жастарға қолдау көрсету де – біздің міндетіміз, – деді Дархан Қыдырәлі.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі қала жұртшылығымен де жүздесті. Кездесуге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді жастар, студенттер қатысты. Ведомство басшысы еліміздегі қоғамның дамуы мен ақпарат, массмедиа саласының біте қайнасып жатқанына тоқталды.
– Біздің министрлік, аты айтып тұрғандай, бірнеше салаға жауапты. Соның ішінде қоғамдық даму саласы – өте ауқымды. Мемлекет басшысы баршаға тең мүмкіндік беретін әділетті мемлекет, ашық қоғамды дамытуға баса назар аударуда. Осыған орай арнайы реформалар пакетіне қол қойды. Соның ішінде азаматтық қоғамды дамытуға тікелей сіздер мен біздер жауаптымыз. Соның ішінде халқы өте еңбекқор Шымкент өңірінде қызу жұмыс жүріп жатқанынан хабардармыз. Көптеген бастаманың куәсі болып отырмыз. Шымкенттік үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер белсенділік танытуда. Еріктілер дегенде, ең алдымен, жастар көз алдымызға келетіні бар. Осыған орай айтарым – елімізде жастар туралы заң қабылданбақ. Қазір Парламент Мәжілісте талқыланып, Сенаттың қарауына жіберілді. Еліміздегі ірі саланың бірі – ақпарат саласында да көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі де бірегейі – жаңа заң жобасы әзірленуде. Оның ішінде журналистің мәртебесін көтеру, жарнама, БАҚ-тарды субсидиялау сияқты ауқымды тақырыптар бар. Телевизия саласында сериалдар бойынша көркемдік комиссия құру жоспарымызда бар, – деді министр Дархан Қыдырәлі.
Кездесуде қоғам белсенділері мен жастар, тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, жастар белсенділік танытты.
Жастарды, мысалы, Президент Жолдауында айтылған жастарға жеңілдетілген пайызбен берілетін несие мен жастардың жас шегін 35 жасқа дейін көтеру тақырыбы қызықтырып отырғаны байқалады.
Министр Дархан Қыдырәлі несие мәселесі қаржы ұйымдарымен бірге шешіліп жатқанын айтып, 35 жасқа дейін жоғарылату жаңалығы талқыланып жатқанын, болжам бойынша, келесі жылдың басынан іске асырылуы мүмкін екенін жеткізді.
Студенттер, сонымен қатар, фейк пен шынайы ақпаратты ажырату жолдары, министрдің дебаттар мен түрлі пікірталастың азаматтық қоғам дамуындағы орны туралы көзқарасын және еңбек жолы туралы толығырақ білгісі келетіндерін айтты. Дархан Қуандықұлы еңбек жолын оқытушылықтан бастағанын айтып, ұстаз мамандығын қатты қадірлейтінін атап өтті. Жалпы, қойылған сұрақ аз болған жоқ, бәріне жауап берілді.
Кездесуден кейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бірнеше азаматты жеке қабылдап, тыңдады, сұрақтарына құзыреттілік шеңберінде жауап берді. Ведомство басшысы, сонымен қатар, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, қауымды толғандырған сұрақтарға толымды жауап берді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.