Версия для печати

ЕҢБЕКҚОР ӘУЛЕТ – ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

Среда, 23 Ноябрь 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1090 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Адам еңбегімен қадірлі. Ал отбасында еңбекқор әкенің ұл-қызына үлгі болып, бұл әулеттің елге сыйлы болуы екінің біріне бұйырмайтын бақ. Міне, осындай отбасының бірі – Нұржан Әкімовтың әулеті. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрлі «Еңбек жолы» байқауында жүлделі ІІ орынды иеленген бұл отбасы қаламызда «Ең үздік еңбек әулеті» атанды.

824

 

Нұржан Тілегенұлы алғашқы еңбек жолын 1993 жылы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нен бастаған. Отыз жылға жуық бір орында тапжылмай қызмет еткен ол өз ісінің хас шебері, білікті маман, деп әріптестері әрдайым мақтанышпен айтады. Әулеттің тірегі Нұржан аға 2021 жылдан бастап қала тұрғындарына таза су жеткізіп, оның қаражатын жинайтын ЖК «Танатар» мекемесін басқарып отыр.
Жұбайы Перзизат Таңатарова да осы мекемеде 2008 жылдан бері инженер болып қызмет атқарып келеді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, бұл отбасының ұл-қыздары да әке жолымен жүріп, бүгінде су саласына қатысты мекемелерде абыройлы еңбек етіп жүр.
Үлкен ұлы Мағжан Тілегенов 2012 жылдан бері су құбырындағы апатты қайта қалпына келтіру бойынша слесарь қызметін атқарады. Қызы Ақерке
Тілеген де Су құбыры және кәріз жүйесі басқармасында кеңсе менеджері болып істейді. Балаларын жастайынан еңбекке баулыған отағасы есейгенде су саласын таңдайды деп ойламапты. Ал ұлы Мағжан Тілеген осы жолды жалғастыруының себебі әкесін үлгі етумен байланыстырады.
– Әкем мен анамның бір-бірімен салаға қатысты пікірлесіп отырғанын көріп өстік. Жас күнімізден тұрғындарға су жеткізу, құрылыс жұмыстарының мәселесі жөнінде жиі естиміз. Маған әкемнің еңбектенуі мен өз ортасында абыройлы болуын үлгі болды. Есейгенде де осы саланы жақын тұтып, әкемдей болуды армандадым, – дейді ол.
Әулеттің келіні Назым Аманқұл – Шымкенттегі №124 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде тынымсыз еңбектеніп, ұжым мен әулеттің, қаланың мақтанышына айналған Нұрлан
Әкімов сынды білікті мамандар еліміздің экономикалық әрі әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз.