АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР Избранное

Среда, 23 Ноябрь 2022 04:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1439 раз

Кейбір ата-аналар тентектігіне басып, тыңдамай кеткен балаларын «қазір дәрігер ине салады» деп, ақ халаттылармен қорқытып жатса (мамандардың айтуынша, бұл дұрыс емес), ересектердің өздері медицина қызметкерлерінің ішінде тіс дәрігерінен қашқақтайтыны да жасырын емес. Көбісі үшін стоматологтың кабинеті – кіруге қорқатын қамалдай, ал тіс дәрігері ең бір жүрек жұтқан, міз бақпайтын маман иесі көрінетіні бар. Ал осы орайда адамның тісін ғана емес, бүкіл жақ пен ауыз қуысын, бет бөлігін емдейтін, қажет болса, мүдірмей ота жасайтын маманның бар екенін білесіз бе? Олар – жақ-бет хирургтары. Бұл жолғы әңгімеміз сондай дәрігердің бірі Жандос СҰЛТАНОВПЕН өрбіді.

826

 

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада жақ-бет хирургы болып қызмет ететін Жандос Әбдіәшімұлы – Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылының тумасы. Бұл маманнан сұхбат алу оңай болған жоқ. Себебі, қабылдауына кіретін адам көп. Таңертең 08:30-дан бастап кезекке тұрдық. Шұғыл көмек көрсетілетін науқастар бірінен соң бірі кіріп, ем шарасын алып жатты. Түске таман, адам аяғы саябырсығанда кабинетке кіріп, сұрағымызды қойдық. Арасында науқас келіп қалса, дәрігер дереу әңгімені тоқтатып, соған қызмет көрсетуге кетеді.

Хош, сонымен, хирург Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының стоматология факультетін оқып, тәмамдаған. Ал жоғары оқу орнындағы соңғы курстарда болашақ мамандар бейінді мамандықты таңдай бастайтыны белгілі.

– Академияда оқып жүріп, өзіме хирургия саласы жақын екенін байқадым, осы саланы таңдадым. Интернатурада жүргенде ауруханаларға, медициналық мекемелерге практикаға баратын едік. Сонда жүріп, хирургтардың операция жасауын көз алмай бақыладым, әр маманның іс-әрекетін, тәжірибесін кеудеме тоқи бердім. Оқуды аяқтаған соң жекеменшік стоматологияда істеп жүріп, біраз уақыттан соң хирургия саласына келдім, – дейді Жандос Сұлтанов.

829


Жас маманның бюджеттік медицина мекемелеріндегі еңбек жолы 2010 жылдан басталады. Сол кездегі Дулати көшесінде орналасқан амбулаторлық хирургия, травмотология және гинекология орталығына жақ-бет хирургы болып жұмысқа тұрады. Сонда 10 жылға жуық еңбек етеді.

– Халық арасында «ЦАХ» аталып кеткен орталық 2019 жылы екіге бөлінді: мекеменің жартысы Шымкент қалалық №2 ауруханаға, жартысы осы №1 ауруханаға ауысады. Содан бері осында еңбек етіп келемін, – дейді хирург.

Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана көп салалы медицина мекемесі саналады. Түрлі бөлімінде білікті мамандар еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

– Біздің бөлімге, атауы айтып тұрғандай, негізінен жақ-бет аурулары, жарақаттары бар адамдар келеді. Оның ішінде шұғыл жағдайлар да, жоспарлы емделетін дерттер де бар. Шұғыл жағдайлар, көбісіне түнгі кезекшілікте жиі болады. Мысалы, жол-көлік апатынан, соққыдан кейін зардап шеккендер немесе құрылыс саласында жарақат алған адамдар келіп, жүгініп жатады. Оларға ауруханамыздың қабылдау бөлімінде түнгі кезекшілікте болатын бір топ дәрігер көмек көрсетеді. Мысалы, мен де кезекшілікке түскенде жақ-бет бойынша көмек көрсетемін, – дейді кейіпкеріміз.

Қалалық №1 килиналық ауруханада, бұған қоса, жоспарлы емдеу шаралары да көрсетіледі. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүзеге асырылады.

– Науқас емханадан МӘМС шеңберінде жолдама алып, бізге келеді. Мысалы, ол емханада арнайы бейінді маман болмауы мүмкін. Солардың көмегі немесе кеңесі қажет болса, бізге жолдама беріледі. Оларға қызмет тегін көрсетіледі. Бұған қоса ауруханамызда ақылы да қызметтер көрсетіледі. Күніне орта есеппен 15-тен аса адам келеді. Себебі, Шымкент қаласы бойынша жақ-бет хирургиясы тек осы №1 ауруханада бар, – дейді Жандос Сұлтанов.

Бұл маманның өзі о баста бірге оқыған тіс дәрігерлерінен айырмашылығы – стоматологтар жасай бермейтін ота жасайды. Мысалы, адамның азу тісі немесе ақыл тісі ісіп кетті делік. Оны кез келген тіс дәрігері емдей бермейді. Себебі, жұлғаннан кейін асқынып кету қаупі бар. Сондай кезде жақ-бет хирургтары көмекке келеді.

– Ондай науқастар бізге келген соң, әрине, кері қайтармаймыз, емін көрсетеміз. Мысалы, жақ-бет дертінен бөлек, қосалқы аурулары бар адамдар болады. Ал енді бірінің ауыз қуысы ісіп, түні бойы мазасы қашып, таңертең ерте келеді. Қандай жағдай болса да ауруханамызда басшымыз Абылай Донбайдың қолдауымен көмек көрсетуге жағдай жасалған. Барлық отаны осында жасай береміз. Мысалы, өзіңіздің алдыңызда шыққан науқас алдында жедел іріңді гайморитпен лор-дәрігерге емделіп жүргенін айтты. Бірақ, нәтиже болмаған. Іріңді ошақтың басылмауына байланысты лор ол кісіні компьютерлік томографияға түсіргенде іріңге себепші – тіс деп тауып, сол негіздемемен бізге келді. Ол науқасқа осы жерде шағын ота жасалды, тісі жұлынып, зондпен тексергенде расында да тістің іріңдеп кеткенін анықтадық. Әзірге ауыз қуысын жуып, тазалап, енді жоспарлы операцияға дайындаймыз. Оны порталмен жоспарлап, бізге келеді, – дейді хирург.

Осы кезде дәрігердің қабылдауына кезекті пациент келді. Біз мамандардың жұмысына сәттілік тілеп, қоштасып шықтық.

Последнее изменение Пятница, 02 Декабрь 2022 10:57
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.