Версия для печати

БАРЫС ЖЫЛЫ БЕРЕКЕСІМЕН КЕЛДІ

Пятница, 30 Декабрь 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1122 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Өмір болған соң, айналамызда түрлі тағдыр иесін кездестіретініміз анық. Десек те, қазақтың «Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген қағидасына сай, барыс жылын ерекше қуанышпен қорытындылаған азаматтардың оқиғасын ортаға салуды жөн көрдік. Сонымен, оқырмандарымыз үшін Барыс жылы несімен есте қалды?

«Әрдайым қос тойымыз қатар келсін!»

a6252335-7033-4f2d-9076-545b826e351c

2014 жылы баспанасы жоқ жас маман ретінде үй кезегіне тұрдым. Кезегіміз жылжығанымен, ұзақ уақыт пәтер кілті бұйыра қоймады. 2021 жылы «Шаңырақ» бағдарламасымен көптеген жас отбасы баспаналы болғанын естіп, кезекті бір конкурсқа біз де құжат тапсырдық. Өтінім қабылданып, бізге оң шешім шықты. Баспана алу мүмкіндігі туған соң, бірден «Отбасы банкіне» бардық. Мамандар «Шаңырақ» бағдарламасының артықшылығын түсіндіріп берді. Бағдарламаның ең ұтымды тұсы сол – баспана құнының небәрі 10 пайызын алғашқы жарна ретінде құйып, жас отбасы ретінде 26 жылға дейін 5 пайыздық үстемақымен несие рәсімдеуге болады екен. Мүмкіндікті пайдаланып, тез қаражат жинап, қаладағы мемлекеттік бағдарлама негізіндегі салынып жатқан үйлерді қарастырдық. Бағдарлама аясында 1,5 миллион теңге, яғни, 10 пайыз жарнаны депозитке салып, өзімізге ұнап жүрген үйдің конкурсына қатыстық. Конкурстан өткен кезде отбасымызбен қуандық. Себебі, ұзақ жылдар пәтер жалдап жүрген жандар бұл сезімді жақсы түсінеді деп ойлаймын. Осылайша, Барыс жылы пәтеріміздің кілтін қолымызға алдық. Сонымен қатар, баспанамызға жасаған қадамымыз құтты болып, ұзақ күткен сәбиімізге аяғым ауырлады. Қоян жылында да қуанышымыз еселеніп, сәбиімізді қолға алып, отбасымыз толыға түспек. Әрдайым қос тойымыз қатар келсін! «Әрекет түбі – берекет» демекші, әр жас отбасы жақсылықтан үміт үзбей, келер жылы баспаналы болып, іші сәбилердің күлкісіне толсын деп тілейміз.

Мақпал САУРАНБЕКОВА,
Шымкент қалалық мәдениет,
тілдерді дамыту және архивтер
басқармасының баспасөз қатшысы

«Шаңырақтарыңыздан бесік жыры үзілмесін»

үшем

Әр отбасы былдырлаған баланың үнімен берекелі ғой. Тұңғышымыз Бекасыл биыл 13 жасқа толыпты. Ұзақ жылдар бойы жолдасым екеуміз сәби иісін аңсадық. Жақсылықтан үмітімізді үзбей, ем-дом алып, емханалардың есігін тоздырдық. Тұңғышымыз есейген сайын оның бауыры болғанын қаладық. Аллаға шүкір, Барыс жылы берекесімен келді. Жыл басында қабылдаған ем-домым нәтижесін беріп, жүкті болдым. Шымкент қалалық №14 емханаға жүктілік бойынша есепке тұрып, дәрігерлердің бақылауында жүрдім. Денсаулығыма байланысты көп күтім қажет болды. Сөйтіп, 38 жасымда қайта ана атандым. Шымкенттегі перинаталдық орталықта үшем дүние есігін ашты. Сәбилердің салмағы небәрі 1 480, 1 380 және 1 175 грамм болды. Мерзімінен бұрын туған шақалақтарды перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігерлері 1 ай бойы қарап, жағдайларын бақылауда ұстады. Жуырда ғана өз үйімізге оралдық. Сәбилерімізге Асылбек, Әмина, Медина есімін бердік. Қазір жағдайлары қалыпты. Қалалық №14 емханадағы және перинаталдық орталықтағы барлық ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Барыс жылы бізге осылай берекесімен, қуанышымен келді. Алдағы қоян жылы да әр қазақтың шаңырағына бақ-береке, қуаныш, ынтымақ әкелсін! Шаңырақтарыңыздан бесік жыры үзілмесін!

Жазира КӨШЕРБАЕВА,
Шымкент қаласының тұрғыны

 

 

«Ойда жүрген идеялар жүзеге асты»

 IK 0320

 

2022 жыл ауыр басталды ғой. Қаңтар оқиғасы, жақындардың проблемасы, қимас жандардың өмірден өтуі – бәрі-бәрі жаныңды ауыртады. Блокнотқа жазылған көп жоспар орындалмай қалды. Бірақ, барыс жылында шығармашылыққа ден қойып, ойда жүрген идеяларымды жүзеге асыра алғаныма қуанамын.

 Соның бірі – «Түркістан әйелдері» жобасы үш жыл бұрынғы «Тіршілік» деген жобамыздың жалғасы іспеттес болды. Бұл жобаны құрбым, журналист Жанерке Хұмар екеуміз барымызды салып жүзеге асырдық. Ауылдарды араладық. Кейіпкер іздедік. Оларды сұхбатқа көндіру де оңай шаруа болмады. Жаздай жүгірген жобамыздың көптен күткен кезеңіне де жетіп, қазан айының 1-7 аралығында Шымкентте «Түркістан әйелдері» фотокөрмесі өтті. Әдетте, әйел адамдарды үйге қарап, ас-су дайындап, бала тәрбиелейтін, үй тірлігінен аспайтын тұрмысын ғана көріп жатамыз. Біздің мақсат – әйелдер де түрлі жұмыс істеп, қоғамға, экономикаға, айналасына пайда әкелетінін мықты адамдар екенін көрсету және олар үйден тыста жұмыс істеп қана қоймай, үй шаруасын да қатар алып жүргенін ескеру.

 2020 жылғы II MediaCAMP Award, 2021 жылы III MediaCAMP Award байқауы карантинге байланысты онлайн өтіп, екі мәрте қашықтан марапатталған едік. Ал биыл IV MediaCamp Fest Алматыда офлайн өтіп, «Түркістан әйелдері» фотокөрмесін сонда қою туралы ұсыныс түсті. Құрбым екеуміз қуана-қуана өз жұмысымызды апардық.

 «Үркер» ұлттық бәйгесінің қорытындысы шығып, достармының қамшылауымен ойламаған жерден байқауға ұсынған «Түркістан әйелдері» медиажобасы «Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия (интернет БАҚ-тағы жоба)» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

 Шымкенттің Арбатындағы «19.06.cafe»-сінде фотографияға қызығатын жандардың басын қосып, авторлық фотокөрмелер ұйымдастырып жүрміз. Бүгінде ол жер қала тұрғындары арнайы іздеп келетін, пікір алмасатын жып-жылы бұрышқа айналды.

 Жуырда Түркістандағы «Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығында ÓzgeEpic creative hub-тың ресми ашылуы өтті. ÓzgeEpic creativ hab – халықаралық деңгейде заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық өнерді дамыту мен қоғамның мәдени санасын арттыруды, оған қоса дарынды, зияткер жастарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсететін кеңістік. Заманауи өнер кеңістігіне құрбым, журналист Жанерке, фотограф-дизайнер Шыңғыс Әбдіразақпен бірлесіп жасаған «Түркістан әйелдері» мен «Тіршілік» фотокөрмелері қойылды. Яғни, Барыс жылында еліміздің ірі қалалары – Шымкент, Алматы мен рухани астанасы Түркістанда көрмеміз өтті. «Үркер» ұлттық бәйгесінде есіміміз аталып, еңбегіміз еленді. Келер жылға да жоспар көп. Замандастарыма ешбір кедергіге мойымай, шығармашылықтарыңызды шыңдай түсіңіздер деймін. 

Әйгерім БЕГІМБЕК,
фотограф

 

Последнее изменение Пятница, 30 Декабрь 2022 10:21