Версия для печати

Қоянның біз білмейтін қыры қандай? Избранное

Пятница, 30 Декабрь 2022 05:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1311 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

4 c koyan

...Астрологтар қояндар жұмсақ, сүйкімді әрі нәзік жануар болғандықтан айналасына аса қауіп төндірмейтінін, сондай-ақ, оның өз жұбына қамқор, отбасына жанашыр тіршілік иесі екенін айтады. Дәл осы сипаттамаға сай жұлдызшылар «Қоян жылында отбасылық құндылықтар дәріптеліп, байланыс нығая түседі, түсініспеушілік азайып, демографиялық өсім байқалады» деп болжапты. Он жылдан бері қояндардың ас-суын беріп, тазалығын қадағалап келген Мәулен Темірәлиеваның айтқаны да астрологтардың сөздерін дәлелдей түскендей.

Әр ел өз жыл санауына сәйкес түрлі жорамалдар айтып, өткен жылдар шежіресіне қарай болжам жасап жатады. Бұйыртса, біз де бірер күннен соң Шығыс жыл санауына сай Барыс жылымен қоштасып, Қоянды қарсы аламыз. Бірақ біз болжам жасамай, Шымкенттің ерекше демалыс орындарының бірі — зоологиялық бақтағы жыл иесімен кездесіп, мамандармен тілдескенді құп көрдік.

Еліміздегі үш зообақтың бірі Шымкентте орналасқаны бір қуаныш болса, алып жатқан аумағы мен ондағы аңдардың сан түрлілігі жағынан бірінші орында екенін мақтанышпен айта аламыз.

Зообақтағы қоянның вольеріне Шымкент зоологиялық бағының экскурсовод-биологы Ләззат Мәуленова ертіп барды. Ауданы шамамен 30 шаршы метр тұрақта 20 үй қояны жүр. Вольердің жем-шөп беретін аз ғана аумағы бетондалса, өзге бөлігі қояндардың табиғатына сай ін қазуына ыңғайланып, топырақпен толтырылған.

– Бүгінгі таңда зообақта 187 бас қоян бар. Олардың жаңа туғандарының салмағы 40-80 гр аралығында болады. Ал ірісінің салмағы 10-11 кг дейін жетеді. Қояндар көжектейтін маусым таңдамайды және жұптасып өмір сүреді. Сондықтан вольерден әр жұп өзіне ін қазып алған. Ары қарай қазып, қашып кетпеу үшін 1-2 метр тереңдікте темір тор тасталып, қоршаудың іші топыраққа толтырылған. Бұл – қояндардың өз табиғатына сай тіршілік етуі үшін жасалған жағдай. Қояндар бір жылда 3-4 мәрте көжектейді. Әр жолы кемі 5-6 көжек дүниеге келеді, – дейді Ләззат Мұратбайқызы.

Зообақтағы аңдардың түрін көбейтіп, бір жануардың түрлі тұқымын алу үшін еліміздің өзге зообақтарынан бөлек көршілес Ресей, Өзбекстан елдерімен де байланыс орнатылыпты. Әр жануардың тіршілік ететін аумағына сай тұқымы бөлектеу әрі климатқа бейімделуі де өзгеше болады екен. Қазіргі зообақта өсіп жатқан 187 қоянның 20-сы көпшілік тамашалау үшін вольерге шығарылса, қалғаны виварий бөлімінде орналасқан.

Астрологтар қояндар жұмсақ, сүйкімді әрі нәзік жануар болғандықтан, айналасына аса қауіп төндірмейтінін, сондай-ақ, оның өз жұбына қамқор, отбасына жанашыр тіршілік иесі екенін айтады. Дәл осы сипаттамаға сай жұлдызшылар «Қоян жылында отбасылық құндылықтар дәріптеліп, байланыс нығая түседі, түсініспеушілік азайып, демографиялық өсім байқалады» деп болжапты.

Он жылдан бері қояндардың ас-суын беріп, тазалығын қадағалап келген Мәулен Темірәлиеваның айтқаны да астрологтардың сөздерін дәлелдей түскендей.

 – Қояндардың көбею процесін сырттай бақылап жүрсеңіз, ерекше қызық. Осы вольердің ішіндегі қояндардың өзі жұптасып өмір сүреді. Мұндағы әр қазылған ін – бір жұптың ортақ панасы. Қоян қашқан соң 1 айда көжектейді. Төлдейтін қоян алдын ала жүні түлеп, тазаланады. Алайда, көжектер бір айға дейін інінен шықпайды. Қояндар ініне жем-шөбін тасып жүреді. Көжектер 15 күннен кейін көзін ашып, 1 айда өздігінен сыртқа шығатын күйге жетеді. Олар есейген соң енесі емізбей, алшақтай бастайды. Сол кезеңде көжектерді виварийге апарамыз. Зообақтағы көжектер сәбіз, шөп, кебекпен қоректенеді. Азықтың түрін алмастырып, орамжапырақ, арпа, бидай да береміз, – дейді Мәулен Дәулетқызы.

Зообақ ветеринарлары да қояндардың күтіміне ерекше мән береді.

– Қояндарда кездесетін аурулардың алдын алу үшін жылына екі рет екпе салынады. Екпеден кейін 5-9 күн аралығында иммундық өзгерістер байқалады. Алайда, екпеде ешқандай емдік қасиет жоқ, тек қояндарда кездесетін ауруларға қарсы иммунитет қалыптастырады. Алғашқы екпе клиникалық сау көжектерге 30-45 күндік кезеңнен бастап салынады, – дейді экскурсовод-биолог Л.Мәуленова.

Бүгінге дейін зообақта үй қояны аталып кеткен фландир тұқымы өсірілсе, жуырда калифорния тұқымымен толығыпты. Дегенмен, қоянның бұл түрі вольерге әзір қосылмаған.

– Калифорния тұқымындағы қоян ерекше сүйкімді. Оның жұп-жұмсақ жүні мен әдемі бейнесіне қызығып, ветеринарлардың айтқан режиміне сай қадағалап жүрмін. Сырт келбеті де өзгелеріне қарағанда ерекше. Құлағы, тұмсығы, табаны мен құйрығы сұршыл қоңыр, ал дене бөлігі біркелкі ақ түсті. Бұл тұқым температура тұрақтылығын қажет етеді екен, яғни суыққа төзімсіздеу. Құлағы қысқа, 10 см жобасында. Осы ерекшеліктері өзін сондай сүйкімді етіп көрсетеді, – дейді Мәулен Дәулетқызы.

Мамандардың айтуынша, калифорния қояны – етті тұқым. АҚШ-та шиншилла, жаңазеландиялық және тау қоянын будандастыру арқылы пайда болған бұл тұқымның сүйектері жіңішке, бірақ мығым келеді екен.

Қоян жылында мегаполис зообағы қоянның жаңа тұқымын өсіруді қолға алып отыр. Ендеше, зообаққа келушілер 2023 жылы қоянның жаңа тұқымымен танысып, тамашалай алады деген сөз. Жұлдызшылар болжағандай, Қоян жылы әр отбасына бақ-береке, ынтымағымен келіп, көбеюді жазсын.

Последнее изменение Пятница, 30 Декабрь 2022 10:33