Версия для печати

АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ Избранное

Пятница, 06 Январь 2023 06:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 852 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ұйымдастыруымен «Алаштың асыл перзенті» атты іс-шара өтті. Басқосу саяси қуғын-сүргін құрбаны, қазақ әліпбиінің негізін қалаушылардың бірі Әшірбек Үсеновтың 115 жылдығына арналды.

501

 

Жиынға М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әшірбек Үсеновтың туысы С.Әлібек, Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің директоры Г.Шардарбекова, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры М.Асқарова, директор орынбасары Г.Серікбаева және М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Г.Серікбаева іс-шара қонақтарын Әшірбек Үсеновтің өмір жолымен таныстырып, қиын-қыстау кезеңде әр қазақтың сауат ашып, әріп тануына өлшеусіз үлес қосқан Алаш азаматының көзсіз ерлігін баяндады.
Әшірбек Үсенов 1907 жылы Шымкент қаласына қарасты Қатынкөпір елді мекенінде дүниеге келген. 1925-1929 жылдар аралығында Сырдария округтік Қазақ педагогикалық техникумында оқып, қазақ-өзбек мектептерінің І санатты мұғалімі куәлігін алған. Ал, 1929-1932 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының «тіл-әдебиет» бөлімінде оқып, ары қарай білімін шыңдайды. 1931 жылы Ә.Үсенов Алматы қалалық кеңесі жұмысшы комитетінің VIII шақырылым мүшесі куәлігін алып, мемлекеттік қызметке де атсалысқан. Осы жылдары латын әліпбиінен хабарсыз қазақ азаматтарының сауатын ашуға бел буып, 1937 жылы Қазақстан мемлекеттік баспасынан ересектерге арналған «Әліппе» оқулығын жарыққа шығарған. Сонымен қатар, «Әдебиет хрестоматиясын» құрастырған. Ересектерге арналған латын қарпіндегі «Әліппе» 230 мың дана таралыммен шығып, Түркістан өлкесіндегі оқу ісі, халықты ағарту шараларын дұрыс ұйымдастыру үшін жергілікті ағартушы-қаламгерлер де жұмылдырылған. Сондай-ақ, 1925 жылы Ташкенттен Шымкентке көшіп келген соң, «Ақ жол» газетінде ағасы Сейілбек Үсенов, қаламгер Тәңірберген Отарбаевпен бірге өңірдің қоғамдық-саяси тіршілігіне үн қосып, журналистика саласында да қолтаңбасы қалған.
— Қызыл қырғын Алаштың асыл перзентін де айналып өтпеді. Әшірбек Үсенов «Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсылық жасап, Қазақ КСР-нің территориясында ұлттық-террористік, диверсиялық ұйымның мүшесі ретінде 1935 жылдан бері үздіксіз антикеңестік әрекеттерге барды», «Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Ілияс Жансүгіров, Даниал Исқақов, Әуелбек Қоңыратбаевтармен бірге Кеңес өкіметіне қарсы шықты» деген жалған айыппен абақтыға жабылған. Тұтқындалғанға дейін ҚазКСР халық-ағарту комиссариатында әдістемелік сектор басшысының орынбасары қызметін атқарған. Қудалаудың алғашқы легі басталғанда қызметінен кетіп, Алматыдағы №12 мектепте мұғалім болған. Әшірбек Үсенов 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының хатшысы Батнердің үкімімен алғашында 10 жылға сотталып, оған қоса 5 жылға барлық саяси құқықтарынан айрылып, дүние-мүлкі тәркіленген. Алайда, небәрі 8 айдан соң үкім өзгертіліп, 1938 жылдың 11 қарашасында ату жазасына кесілген. 1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталған, - деп Гүлмира Алдоңғарқызы Алаш ардақтысының тағдырын баяндап берді.

502


Ал, Әшірбек Үсеновтің туысы Сейдехан Әлібек мәлімет іздеу барысында ақпараттық қарама-қайшылықтар жөнінде көрген-білгенін және тікелей ұрпағының тағдырымен бөлісті.
— Әшірбек Үсенов 3 ағайынды болған. Үлкені – менің атам Әлібек, ортаншысы – Сейілбек және кенжесі – Әшірбек. Әлібек атамыз елде қалып, Сейілбек пен Әшірбек білім қуып, халық ағарту ісіне атсалысқан. Әшірбек атамыз Хабиба жеңгемізбен 2 ұл, 2 қыз өсірген. Үлкені Рабиға, Рахима, сосын Сырым мен Әзім. Әшірбекті үйінен тұтқындауға келген сәтке Әлібектің ұлы Мұсахан атамыз куә болған екен. Мектеп жасындағы баланың жанына Әшірбектің ұл-қызын қосып, тысқа шығарып жіберген. Кейіннен үйге кіргенде барлығының астаң-кестеңі шығып жатқанын айтып берген-ді. Жеңгеміз балаларды алып, өзінің туған жері Қарағандыға кетіп, өзге біреуге тұрмысқа шыққан екен. Сөйтіп қудалаудан аман қалған. Кіші баласы Әзім ерте жасында шетінеп кеткен. Өзіміз студент кезде Рабиға әпкемізді көрдік, жақында Әшірбектің немересі, Сырымның ұлы хабарласты, - деді Сейдехан Нұрмаханұлы.
С. Әлібектің айтуынша, Сейілбек Үсенов 1943 жылы ішек ауруынан, ал Әшірбек Үсенов 1939 жылы еңбек колониясында жазасын өтеу барысында қаза болды деген хабар келген.
— Алайда, бұл жалған хабар. Сейілбек пен Әшірбек атылып кеткен соң, араға біраз жыл салып хабар жолдаған. Дәл мұндай мәліметтер Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаевтарға қатысты да айтылып жүр. Алматыда тұтқындалған Әшірбектің не себепті Мәскеуде тергелгені әлі де түсініксіз. Іздестіру барысында Әшірбектің 1938 жылдың 11 қарашасында ату жазасына кесілгенін, Мәскеудегі Дон зиратында жерленгенін білдік. Оның сол зираттағы Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов бастаған Алаш арыстарының алғашқы легімен бірге атылғаны анық. «1935-1953 жылдар аралығында атылғандар» кітабына зер салсақ, «Казахская ССР» деген құпия тараудағы екінші категорияға енген арыстарымыздың арасында Әшірбек Үсеновтің есімі 14-ші болып тіркелген. Мұсахан атамыз тиісті орындарға хат жолдап жүріп, Сейілбекті 1957 жылы, Әшірбекті 1960 жылы толықтай ақтауға қол жеткізді. Енді аталарымыздың жанкешті ерлігі ел есінде сақталса екен дейміз, - деді С.Әлібек.
Тарихшылар қиын-қыстау, ел басына күн туған кезеңде «Халық жауы» атанып, қудалауға түскендердің басым көпшілігі іздеусіз екенін айтады. Оның басты себебінің бірі — бүтіндей бір әулеттің қудалаудың құрбанына айналуы. Тарихшылардың өзі елге танылған Алаш ардақтылары жайлы еңбектерді зерделей келе, іздеушісі жоқ, алайда елі үшін еңбек еткен ерлердің есімдерін кездестіріп жататынын алға тартып отыр.
Жиын соңында Сейдехан Нұрмаханұлы Әшірбек Үсенов жайлы архивтерден жинаған мәліметтер, фотосуреттер мен «Әліппе» оқулығының көшірмесін Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне табыстады.