БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ Избранное

Среда, 11 Январь 2023 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 985 раз

Еліміздің болашағы жастар болса, олардың сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Әр жас мамандығын дұрыс таңдап, оны игере алса, Қазақстанды дамытатын басты күш болары анық. Бүгінгі қазақстандық жастар заман талабына тез бейімделіп, олардың өршіл идеялары мен ерік-жігеріне қарап, еліміздің алар асуы биік екенін аңғаруға болады. Мәселен, Шымкент қаласы Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің оқушылары әлемдік деңгейде өз бағын сынап жүр. Кейіпкерлеріміз туралы аз-кем ақпарат берсек.

600

 

Қазір техниканың даму ғасыры, әсіресе робототехника саласына жастар тез икемделіп, олардың бірегей жобалары әлемді таңқылдыруда. Шымкент қаласы Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінің 11 «фмқ3» сынып оқушысы Мыңжасар Иманғалидың жобасы әлемдік олимпидада жоғары бағаланды. Оның робототехника саласына қызығушылығы бесінші сыныптан басталған.
— Бала кезімнен ата-анам құрастырғыш ойыншықтарды көп сатып алып беретін. Басқа ойыншықтарға қызықпадым. Өзім білім алған IT мектебінде «Информатика және робототехника» пәні болды. Пән мұғалімі Айнұр Бейсенбаева оқушыларды робототехника әліппесімен таныстырып, қызығушылығымызды арттырды. Достарыммен бірігіп, бірнеше жобаны қолға алдық. Біз құрастырған роботтар мектепаралық, қалалық көрмелерге қойылды. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық, – дейді Мыңжасар.
Гүлнәр Пошатаева шәкіртінің бойындағы қабілетін байқап, оны дамытуға көмектеседі. Шәкіртіне «RoboPark» курсына баруға кеңес берді. «Талант – тас жарады» деп текке айтылмаса керек. Иманғали Германияның Дортмун қаласында өткен «Word Robot Olympiad» байқауында алғаш рет робототехникадан әлем олимпиадасында екінші орынға ие болады. Қазақстан бұл олимпиаданың 2014 жылдан бергі қатысушысы. Биылғы іріктеу кезеңіне бүкіл әлем бойынша олимпиадаға 73 елден 15 000 команда қатысқан. Оның ішінен 365 команда финалда үздікке таласты.
— Мектепте робототехниканың базасымен таныссам, қыр-сырын «RoboPark» оқу орталығында үйрендім. Бүгінге дейін көптеген робот түрін жасадық. Соның бірі – емханадағы науқастарға көмек беретін робот. Ол пациентке керек-жарақтарын апарып, зеріксе көңілін аулайды. Оны біз командамен бірігіп Lego Education жинағымен жасадық. Роботты құрастыру үшін алты ай уақыт кетті. Басқа мемлекеттен келген оқушылардың роботтары мықты және жылдам болды. Десе де біздің робот басқалардан кем емес. Жасаған дүниеміз қазылар алқасының көңілінен шығып, 371 баллмен үздіктер қатарына іліндік,- дейді кейіпкеріміз.
Иманғали Мыңжасардың айтуынша роботты іске қосу үшін арнайы бағдарлама қондырғысы керек. Сол арқылы алгоритм жазып, соның блоктары арқылы іске асады. Кез келген роботта өзінің миы, яғни батареясы болуы керек. Оған қозғалтқыш бөліктерді қосып, сезетін сенсор қосылса робот өз жұмысын атқарады. Біздің кейіпкеріміз сөз кезегінде болашаққа деген жоспары Қазақстанның IT саласын дамыту екенін тілге тиек етті.

Батылдық – бақыттың жартысы

Шымкент қаласының тумасы Нұрдастан Садықов та жақында Әлем чемпионы атанды. Ол өткен жылдың желтоқсан айының 2-4 аралығында Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өткен комбат джиу-джитсу чемпионатынан алтын медалді қоржынға салған болатын.
— Жеңіс шыңына жету оңай нәрсе емес. Қиындықты жеңетін жалғыз нәрсе – еңбек. Көп еңбектенсең алар асуың да биік болады, - деді жас спортшы.
Әлемнің 8 мемлекеті қатысқан тартысты чемпионаттан Ө. А. Жолдасбеков атындағы №9ІТ лицей 11 «фмқ1» сынып оқушысы қатарластарынан оза шапты.

601


— Бұл спортқа 2019 жылы келдім. Ол кезде 8 сынып оқушысы едім. Ең алғашқы бапкерім – Берік Сарыбаев. Жаттықтырушым спорттың бұл түріне қызығушылығымды оятты. Қалалық және облыстық жарыстарға қатыстым. Дәл қазіргі таңда Түркістан облысының №5 Олимпиада резервінің спорт мектебінің аралас жекпе-жек үйірмесінің жаттықтырушысымын. 3 жылдың ішіндегі джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның 3 орын иегері атандым,-дейді ол.
Ұстаздарының айтуынша, Нұрдастан сабырлы, ашық, жолдастарының арасында беделді оқушы. Оқу озаты. Өзіне жүктелген кез келген тапсырманы жауапкершілікпен орындап, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрады. Жолдастары мен сыныптастарына әркез көмектесуге дайын.

P.S.

Бүгінде жастарымыздың бойынан отансүйгіштік қасиетті көп байқап жүрміз. Бұл – Отанымыздың келешегі кемел екенінің айғағы болса керек.

Айдана МҰХТАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЕМЕС, АҚШАЛАЙ »